«ЖАҢА ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ» ЖОБАСЫ
«ЖАҢА ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ» ЖОБАСЫ
Елбасының қатысуымен Шетелдiк инвесторлар кеңесiнiң 25-отырысы болып өттi. Елiмiзде кәсiбiн өрге домалатып жүрген отандық және шетелдiк компаниялардың жетекшiлерi мен ұлттық және халықаралық компаниялардың басшылары қатысқан алқалы басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдiк инвесторлардың құлағына алтын сырға ретiнде ұтымды ұсыныс жасады.
«Жаңа Ұлы Жібек жолы» жобасын жүзеге асыру керек. Өйткені біздің еліміз тарихи рөлін қайта жаңғыртқан Еуропа мен Азия арасындағы көпір іспеттес. Орталық Азия аймағындағы ірі тасымалдаушыға айналуы тиіс. «Мега-жобаны іске асыру нәтижесінде 2020 жылға дейін Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалын екі есеге арттырып, болашақта оны кем дегенде 50 млн. тоннаға жеткізу керек», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кету керек, «Еуразиялық алтын көпірге» айналудан Түркия, Ресей және басқа да елдер үмітті болып отыр. Демек еліміз шетелдік инвесторларды мақсатты іске жұмылдыру мүмкіндігін ұтымды пайдалануы керек. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды жобаны жүзеге асыруға қатысты бірқатар артықшылықтарды тізіп берді. «Біріншіден, бұл – оңтайлы жағрафиялық орналасуымыз. Еуразиялық континенттің нақ «жүрегінде» орын тебе отырып, Қазақстан Қытайдың, Еуропаның, Ресейдің, ТМД елдерінің ірі нарықтарын байланыстырады, Орталық Азия және Парсы шығанағы елдеріне апарар көлік бағдарларын қамтамасыз етеді. Бұл инвесторларға тиімді, өйткені оларға өндіріс пен тұтынушылар арасындағы байланысты кепілдендіреді. Мұнымен қоса «Солтүстік-Оңтүстік», «Батыс-Шығыс», «Оңтүстік-Шығыс Азия-Орталықазиялық өңір» ірі трансконтиненталдық бағдарлары дәл қазақ жері арқылы өтеді. Екінші артықшылық – жүк ағындарының ұдайы өсуі. Бұл ағындар екінші әлемдік экономиканы – ҚХР-ды Еуроодақ және ТМД елдерімен байланыстырады. Инвесторларды қызықтыратын үшінші тартымдылық – Кеден одағы елдерінің нарығына тікелей шығу мүмкіндігі.
Төртіншіден – қолайлы инвестициялық климат. Бесіншіден, саяси және экономикалық тұрақтылық. «Тәуелсіздіктің 20 жылында біз көпұлысты Қазақстанда бейбітшілік пен келісімді елеулі нығайта алдық. Бұл – әлемдік капиталды тарту үшін қажетті маңызды фактор», – деді Елбасы.
Елбасының жаңа мега-жобасына қанат бітіретін жобаның бірегейі – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трансконтиненталдық дәлізі. Бұл жоба 2015 жылға қарай межесіне жеткенде Қытайдан Еуропаға жүкті автокөлікпен жеткізу мерзімін теңіз жолымен салыстырғанда, 3,5 есе қысқартуға мүмкіндік беретіндігін тілге тиек етті. Ал көліктік-логистикалық хабқа кіретін төртінші жоба – темір жол желісінің өткізу қабілетін кеңейту болмақ. Осыған орай 1200 шақырымға жететін «Арқалық-Шұбаркөл» және «Жезқазған-Бейнеу» темір жолдары төселеді. Мұнымен қоса «Өзен-Түркiменстан-Иран-Парсы шығанағы» және «Қорғас-Жетіген-Каспийге дейінгі екінші темір жол өтпесі» темір жолдары салынып бітіпті.
Тағы бір жағымды жаңалық – әсем қала Алматы туризмнің ордасына айналады. Алматыда іскерлік белсенділікті, шетел азаматтары үшін қызмет көрсететін салаларды өркендету осы қаланың айналасында «Туристік хабты» қалыптастыру үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте инвестициялардың негізгі көлемі қысқы демалысқа арналған тау-шаңғы курорттары аймағын және жазғы маусымға арналған Қапшағай курорттық аймағын дамытуға бағытталатын болады. Оның үстіне үлкен әлеуетке ие Балқаш және Алакөл көлдерінің аймағы да салыстырмалы түрде алғанда жақын орналасқан.
Сонымен бірге, жиынды қорытындылаған Елбасы Шетел инвесторлары кеңесінің отырыстарын өткізудің жаңа тәжірибесін ұсынды. «Әрбір отырыста міндетті түрде қаралуға тиісті екі тақырыпты айқындауды ұсынамын. Оның біріншісі – инвесторлардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін Қазақстандағы инвестициялық саясатты жүзеге асыру. Бұл өз кезегінде тиісті мемлекеттік органдарға баға беруге мүмкіндік жасайды. Екінші мәселе – бұл қазақстандық өнімдерді пайдалануды арттыру. Бұл ретте технологияны дамытуға басымдық берілетін болады. Біздің инновацияны дамытуға көп назар аударып келе жатқанымызды білесіздер. Қазақстандық өнімдерді пайдалану саясатында жоғары технологиялық, ғылымға негізделген тауарлар мен қызмет түрлерінің үлесі үлкен болғанын қалаймыз. Осыған байланысты мен Шетел инвесторлары кеңесінің келесі отырысын инновациялық даму мәселесіне арнауды ұсынамын», – деді.
Елбасы басқосу соңында шетелдік компанияларды 4 аталым бойынша марапаттады. «Тікелей инвестиция салғаны үшін» аталымы бойынша – ENRC, «Ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік үшін» аталымы бойынша – BG Group, «Әлеуметтік-жауапты компания» аталымында – METRO Cash&Carry марапатталды. Ал бас жүлде «Теңізшевройл» компаниясына бұйырды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ