АТА ЖҰРТТЫҢ БІРІ ЕДІ...

АТА ЖҰРТТЫҢ БІРІ ЕДІ...

АТА ЖҰРТТЫҢ БІРІ ЕДІ...
ашық дереккөзі
304

Қазақтың ру-тайпалары Сібір жеріне (ескілікті атауы (Ібір-Сібір өлкесі) XIII-ХIV ғасырларда келе бастады. Қазіргі қазақтың аса үлкен тайпасы Арғын елі Есіл-Тобыл өзендерінің аралығын жайлап, кейіннен көп бөлігі шөбі ат бауырынан келетін, қыстауға да, жайлауға да аса қолайлы, қыста әрі ықтасын, сондай-ақ, қалың орманның арасы терісі бағалы аңдар мен құстарға толы Сібірге ендеп кіріп кеткен еді. Ертіс бойын жалпағынан жайлап, біразы кейіннен ішінара Сібірге таяп қоныстанды. Келе-келе орманды өлкенің байлығына және шөбінің шүйгініне, суының молдығына қызығып, сансыз малын осылай қарай өрістетіп жіберіп отырды. Таза ауа, мөлдір су, тұнып тұрған әсем табиғат мұндағы ел-жұртқа да жақсы әсер етіп, халық саны өсе бастады.

Орыстың атақты тарихшысы Н.Карамзиннің Сібір хандығы туралы кейбір жазбаларында Ермактың хандыққа тұтқиыл шабуыл жасауына дейін орманды аймақтың басқа ұсақ халықтарын есепке алмағанда, хандықты ұстап тұрған қазақ тайпалары 150 мың түтінге жуық болған деп жазады.

Сонда орта есептен 1 миллионға жуық қазақ жұрты сол кезеңде Сібір жерінде қоныстанды деп айтуға әбден болады.

Сібір өлкесіндегі жер-су атаулары түгелге жуық түркі тілінде болған, көпшілігі әлі де солай аталады. Мәселен Байкөл (Байкал), үнемі ырғалып, гулеп тұратын қалың орман (Ыбыр-Сыбыр тоғайы) кейін Сібір атанды. Аңғары кең өзен (Ангара), Енесай (суы мол) өзені Енисей, Обыр суы (Обь өзені), Саян таулары, Үркіт бекеті (Иркутск) Көшім хан тұсында іргесі қаланған. Тағы басқа толып жатқан атаулар Сібірдің бірнеше ғасыр бойы қазақ елінің өрмекті мекені, өлең төсегі болғандығын көрсетеді.

Кейіннен мұнда Көшімнің күресімен, күшімен хандық құрылды. Мұсылман діні келді. Хандық өркендеп-өсіп, бірнеше он жылдықта кереметтей қуатқа ие болды әрі дамыды. Самарқан, Бұхара жұртымен, Парсы, Қырым, Қытай елдерімен сауда-саттық күшейді. Сібір жерінің көпшілігі немесе толығымен сол бір мезгілдерде түркі, нақтылай айтсақ, қазақ атауларымен аталған.

Оны орыс ғалымдары мен жазу­шы­ларының біразы, зерттеушілері толығымен мойындады. Мәселен Челябинскіде тұрып жатқан жазушы, этнограф Юрий Башняков өзінің «Казахи южного Урала» деген еңбегінде көп нәрсенің басын ашып, бақайшығына дейін талдап береді.

Бұл еңбектен бірер мысал келтіре кетейік. Қазіргі Ресейдің Сібір жерінде тұрған Магнитогорск қаласы қазақтың Мангты (дұрысы Маңғыт) жұрты болғанын айтады.

«…Это место оказалось богатой железной рудой и русские служивые люди название Мангыт переделали в Магнит, а впоследствии на ее основе вырос город металлургов Магнитогорск».

Челябинск қаласының аты да алғашында қазақ атауы болған. Бұл арада Сләмбай атты әділ, турашыл төре тұрған екен. Жұрт әділдігіне, шындықты ғана айтатын бірбеткейлігіне қарап Сләмбайды Сләм би атап кеткен көрінеді.

Жазушы былай дейді: «Селимбая был судьей и нарекли его новым почетным именем Селяби (Слям би) стало называться даже в эпоху колонизации края не решились изменить название урочища Селяби и стало называться их крепость Селяби, транспортировано это название было впоследствии в Челябу»

Тағы бір сібірлік жазушы И.Кастаньенің «Древности киргизской (казахской) степи и Оренбургского края» атты еңбегінде Орынбор өлкесіндегі жер, су, орман, ауыл және көптеген аудан аттарының 90 пайызы осы кезге дейін қазақша аталатындығын айтады.

Сібірдің орасан байлығы қызықтырған Ақ Патша, 1582 жыл Ермакқа 840-тай казактарды басқартып, барлау, реті келсе жаулап алу үшін Сібірге тез арада аттандырып жібереді. Бұл кезде Көшімнің үлкен баласы Әли қалың қолмен алым-салық жинау үшін Орал тауының бергі бетіндегі Строгановтардың билеп-төстеп отырған жеріне басып кіреді. Көшімнің ордасы – Іскерді аз ғана қарауыл сарбаздар қорғап қалған болатын. Ойда-жоқта сау ете қалған Ермактың оқ-дәрілі қарумен қаруланған казактарын тоқтату мүмкін емес еді. Осы соғыстан кейін-ақ орталық Ресейден Сібірге орыс жасақтары бірінен-кейін бірі төгіле бастады. Сібірге дендеп кірген жасақтар өздерінің жеткен жеріне тұрақтап, бекініс қалаларын салуға кірісті. Тюмень (төменгі қала, Төмен), Тар және Тобыл жағасына салынған бекініс (крепость) қалашық Тобольск және тағы басқалар. Ақыры, 1700 жылға таман орыс жасақтары қазақтың Ыбыр-Сыбыр өлкесін тұтасымен жаулап алды.

Кезінде ұлы хандықты ұстап тұрған қазақ ауылдары мен қыстақтарын бірінен соң бірін, үнемі ойда-жоқта қоршап алып жойып жіберіп отырды. Сол мезгілдерде Сібірді мекендеп отырған миллионға жуық ешбір қорғансыз қазақ жұрты құртылып жіберілді. Оны тарихқа да кіргізбеді, жаздырмады да. Бұл Ұлы оқиға осылай өкінішпен аяқталды.

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

Серіктес жаңалықтары