БІЗ КІМДІ ҰЛЫҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК?
БІЗ КІМДІ ҰЛЫҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК?
Өткен аптада Мәскеудегi Чистопрудныйдағы Абай ескерткiшiнiң жанындағы Ресей оппозициясының «Оккупай Абай» акциясы таратылды. Айналасы бiр аптаның iшiнде қазақтың ұлы ойшылы Абайдың шығармашылығына, оның ғақылияларына деген ынта-ықылас артты. Елдегi кiтапханалар мен кiтап дүкендерi, «Меломан» сауда желiсi қызметкерлерi Абай шығармаларына сұраныстың күрт өскенiн айтады.
Әсiресе, алматылық орыстар Абай шығармаларын ресейлiк туыстарының тапсыруымен көптеп алып жатқаны мәлiм болған.
Абай – өз заманының озық ойшылы. Оның ғақылиялары мен философиялық өлеңдері ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының келбетін айқындап берді. Ол феодалдық күштердің қазақ қоғамындағы өктемдігін, теңсіздікті сынға алды.
«Байы – баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сыпыра қу.
Ақы берген,
Айтса көнген
Тыныштық іздер елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан,
Ақыл айтқан пенде жоқ» (Абай. «Бойы бұлғаң»).
Бүгінгі нарықтық қоғамның да сиқы осы. «Сыпыра жылмаң жел буаз.» (Абай). Әрине, бүгінгі қоғамның құндылықтары мен Абай заманының құндылықтарын салыстыру ессіздік дер біреулер. Бірақ, қазақ үшін не маңызды? Бүгінгідей жаһандану заманында Тәңірінің сыйы тәуелсіздікті сақтап қалу, қазақтың ұлттық бейнесін, ұлттық құндылығын жоғалтпау, қысқасы ел ретінде болашаққа жол тарту. Ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған ХІХ ғасырда да қазақ мұраты осы болатын.
Ендеше қазақтың бүгінгі зиялыларының, бүгінгі атқамінерлерінің мұраты неге Абай мұраты мен қазақ мұратымен қабыспайды? Олар әлемдік деңгейге, қала берді ресейлік деңгейге жеткенін мақтан тұтады. Қазақша сөйлеу, қазақ мәдениетін тұтыну олар үшін екінші сортты адамға айналу болып есептелінеді. Өз қағынан жерінгендіктен болар, олар ұлттың ұлысымен мақтана да білмейді. Абай айналасындағы саяси оқиға ұлы Абай арқылы қазақ халқының даңқын арттырды. Абайды туған дана халықты бұған дейін көзге ілмей келген үстем ұлт өкілдерінің қазаққа деген құрметі артты.
Алайда Абайды қазақтың өзінің атқамінерлері қаншалықты ұлық тұтады? Қаншалықты қастерлейді? Өзін қазақпын деп есептейтін әрбір азамат Абайды қастер тұтатын болар, бірақ оның шығармаларымен қаншалықты таныс? Белгілі ресейлік актриса Тина Канделаки Абай Құнанбайұлы жайында ақпараттарды іздестіре отырып, Мәскеудегі қазақтың көрнекті тұлғаларынан сұрастырып көрген екен. Белгілі кино режиссер Тимур Бекмамбетов Абай есімін естімегенін айтса, «А-Студио» тобының мүшесі Байғали Серкебаев «Тамаша ақын» деп естігенін және кітабын сыйға алғанын айтып ақталған. Дәл осындай жағдайдың қазақстандық орыстілді саясаткерлер арасында орын алмасына кім кепіл?! Қазақстандық ақпарат құралдарына сұхбат берген жазушы Герольд Бельгер:
– Әрине, олардың Абайды оқи бастағаны қуантады. Бірақ оны бізде оқымайтыны қынжылтады. Оны аз оқиды, оқыса да оған терең бойлай алмайды. Жыл өткен сайын Абайдың шығармашылығына ынтығатындардың саны құлдырап бара жатыр. Сол секілді Германияда Гете шығармашылығына ыстық ықылас танытушылар азайып барады, – деген екен.
Бүгінде Абай мектеп бағдарламасына енгізілген. Абай шығармашылығын оқытумен бірге соңғы он жыл ішінде ұлы ғұламаның туған күні 9 тамызда Абай ескерткішінің жанында «Абай оқулары» өткізіледі. Бірақ осы игілікті шараның насихатталуы, оған жұртшылықтың жиналуы аз, өз деңгейінде емес. Біздің билік Қазақстанның имиджі үшін көп шығын шығарады, спорттық шаралар мен тағы басқа іс қимылдар үшін орасан қаржы бөлінеді, алайда, Абай секілді ғұламаларымыз әлемге танытуда жасалып жатқан шаралар өз деңгейінде ме? Ресей жұртшылығы Абайдың кім екенін білу мақсатында интернетті ақтарып, Ресей дүкендерін шарлағанда ол жайлы орыс тіліндегі ақпаратты аз тапқан. Демек, біздің идеологиялық машинамыз ұлт құндылықтарын әспеттеу мақсатында жұмыс істеп отырған жоқ. Тіпті аяқасты Абай атын асқақтатқан Ресейдегі саяси оқиғаны да өз пайдасына пайдаланып, Абайды әлемге паш ету үшін арнайы қадамдар жасамады. «Темірді қызған кезде соқ» демеуші ме еді қазақ. Бірақ біздің мемлекеттік идеологиямен айналысушылар осы сәтті неге пайдаланбады?
Тәуелсіз Қазақстанның әлем алдындағы беделі де, имиджі де жоғары. Бірақ, әлемдік құндылықтардың ең бастысы – рухани құндылық екенін ұмытып кетеміз. Сол себепті де, өздерін әлемдік тұлға санайтын қазақтың серкелері қазақтың тарихына терең бойлағысы жоқ, өз қағынан өзі жеріген кейбір тұлғаларымыз қазақтың мұңын, мұратын, қала берді философиясын түсінбейді. Өзгенің шекпенін киіп, шенін алғанға мәз. Өз елінің ертеңгі тұғыры ойлантпайды. Қазақтың бүгінгі қасіреті де осы.
Есенгүл Кәпқызы