САЛТАНАТТЫ КҮНIҢМЕН, САРБАЗДАР!

САЛТАНАТТЫ КҮНIҢМЕН, САРБАЗДАР!

САЛТАНАТТЫ КҮНIҢМЕН, САРБАЗДАР!
ашық дереккөзі
238

Осыдан жиырма жыл бұрын – 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қорғаныс комитетiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi етiп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерiн құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрi етiп, С.Нұрмағамбетовтi тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерiнiң күнi болып қалды.

Алдағы уақытта бұл күн күнтiзбеде «қызыл күн» болып белгiленетiн болды. Себебi

7 мамыр – Отан қорғаушылар күнi. Бұл күн келесi жылдан бастап, мемлекеттiк мереке ретiнде аталып өтпек. Бұл жөнiнде Ақордада Елбасы, Қарулы Күштердiң Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы бұйрыққа қол қойды.

Осыған орай Үкіметке «Мерекелер туралы» Заңға толықтырулар енгізіп, көпке ұзатпай Парламентке жолдауды міндеттеді. Осылайша 7 мамыр қатардағы дата ретінде елеусіз қалмай, мемлекеттік мәртебеге ие болмақ.

7-мамыр – Отан қорғаушылар күнінде Елбасы қорғаныс саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген әскерилерге жоғарғы әскери атақтар берді. Сонымен бірге, сол күні Қорғаныс министрлігінде салтанатты жиын өтіп, жиында сөз алған Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков: «Осыдан тура 20 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қой­ды. Содан бері әскеріміз елмен бірге дамып, буыны бекіп, жыл сайын жауынгерлік қуаты артып келеді. Бүгінде біз еліміздің Қарулы Күштерін Тәуелсіздігіміздің се­нім­ді қорғаны деп мақтанышпен айта аламыз», – деген еді.

Қорғаныс министрлігіндегі сал­танатқа әскери қызметшілерді ме­­­­­рекелерімен құттықтауға Қа­­рулы Күштердің ардагерлері де келді. Әділбек Жақсыбеков тұң­­ғыштар тұғырында тұрған ардагерлерге салтанатты жағдайда ме­рейтой­лық медальдарды табыс етті. Салтанатты жиынға еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Армия генералы өз сөзінде әскери қызметшілердің алдына қойылған кез келген тапсырмалардың сөзсіз орындалатынына сенімін білдірді.

Отанымыз бен халқымыздың қауіпсіздігін еліміздің Қарулы Күштері қамтамасыз етеді. Ал әскери борышын өтеу – әрбір қазақ азаматының конституциялық борышы ғана емес, азаматтық парызы болып саналады.

Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан Республикасы, яғни қазақ жері. Туған өлкені, туған жерді сүю – ол ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Ең аяғы, жүгірген аң да, ұшқан құс та белгілі бір өңірді мекендеп қалады екен. Олар өзі мекендеген аймақтан басқа жерді жерсінбейтін көрінеді. Біздің де сонау бағзы дәуірлерден бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Осынау алып қазақ сахарасын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр қазақтың міндеті және азаматтық борышы. Өйткені Қазақстанда туып-өскен, қазақ жерінде тұратын әрбір отаншыл азаматтың Қазақиядан басқа Отаны жоқ.

Туған өлке деген сөздің түп-төркініне үңілсеңіз, оның қастерлі ұғым екеніне көз жеткізуге болады. Өйткені нағыз азаматтың Отаны – туып-өскен жері ғана емес, ол күнделікті отбасы, ошақ қасы, ауасын жұтып, суын ішкен, байлығын игілігіне жаратып отырған кең байтақ өлкесі, қазыналы қария мен ақ жаулықты анасы! Туған жер, Отан деген – біз үшін қойнауы қазынаға, өрісі малға толы ырысты атамекен, «атам күйеу, анам келін» болған қасиетті мекен.

Сондықтан Отан қорғаушылардың арнайы мерекеге айналдырғаны игілікті іс. Кеңестік кезең уақытында 23 ақпан – Отан қорғаушылар күні деп аталып, сол күнді жетпіс жылдан астам уақыт тойлап келгеніміз белгілі. Ол күндер баяғыда келмеске кетсе де, Бердіоңғаров сияқты бірқатар депутаттарымыз «23 ақпанды» күні кешеге дейін мереке санап жүрген. Тіпті парламент мінберінде, әріптестерін 23 ақпан мерекесімен құттықтағаны да есімізде. Бұл не, аңғалдық па, әлде кеңестік кезеңді аңсау ма? – деп талайлар таңғалған, зығырданы қайнаған.

Қалай десек те, біздің тәуелсіз ел атан­ғанымызға жиырма жылдан асып барады. Қарулы Күштеріміздің құрылғанына да – 20 жыл. Жиырма жыл бұрын дүние есігін ашқан тұлымшағы желбіреген бала бүгінде атпал азаматқа айналды. Тіпті олардың арасында талайы Отан қорғау сапында қарулы күштерде қызмет етіп жүр. Олардың Отаны – Кеңестік империя емес, Қазақия. Жиырмаға толып, ат жалын тартқан азамат кеңестік империя туралы еміс-еміс естігені болмаса, оның жүрегі Қазақстан деп, Қазақия деп соғады..

Биылдан бастап, қазақстандық әрбір жалынды жастың төл мерекесі болады. Ол – 7 мамыр. Қарулы күштер қатарында әскери борышын атқарған азамат та, қазақ елінде тұрып жатқан ер-азаматтар да, Отан қорғаушылар күнін айрықша атап өтіп, өз Отанын қорғауға, өз Қазақиясын қорғауға іштей қалыптасатын болады. Әрбір адамның жүрегінде нағыз патриоттық сезім осылай қалыптаса беретіні де сөзсіз.

Махамбеттің «Еңку-еңку жер шалмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме?» деп толғауы да тегіннен тегін емес шығар. Қазақ дейтін халықтың басына қиын-қыстау күндер түскен сәттерде қазақтың оғландары осындай жырмен намысын қамшылады, рухын асқақтатты. Сондықтан бүгінгі қазақтың, тәуелсіз Қазақияның ұрпақтарының патриот болмауға, Отанын сүймеуге хақысы жоқ! Отан қорғаушылар күні баршамызға қастерлі, айтулы күнге айналсын!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары