АЛТЫННАН ОЛЖА САЛҒАН АЛАШ ОҚУШЫЛАРЫ

АЛТЫННАН ОЛЖА САЛҒАН АЛАШ ОҚУШЫЛАРЫ

АЛТЫННАН ОЛЖА САЛҒАН АЛАШ ОҚУШЫЛАРЫ
ашық дереккөзі
248

Соңғы кезде елiмiздiң оқушылары халықаралық бiлiм сайыстарында жүлделi орындардан көрiнiп жүр. Биыл да ел сенiмiн арқалаған өрендер құралақан келген жоқ. Өткен аптада ғана бiздiң оқушылар жас өнертапқыштар мен оқымыстылардың Грузияда өткен 6-халықаралық олимпиадасында 12 медаль олжалап қайтты. Оның екеуi алтын. Ол ол ма, 46-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасынан түскен 1 алтын, 4 күмiс және 7 қола да бiздiң еншiмiзде.

Білім сайысында 30 мемлекеттің оқушы­лары бақ сынасқан. Ал еліміздің атынан бәйгеге 24 білімпаз қатысты. Олардың бәрін «сен тұр, мен атайындар» десек жарасар. Әсіресе, жеңіс тұғырына көтерілгендердің қатарында Алматы, Астана, Тараз қалаларындағы Қазақ-түрік лицейінің оқушылары оқ бойы озып тұр. Қоржынымызды да толтырып жүрген сол білімді жастар екенін айта кету керек.

Математика, биология, физика, жаңа компьютерлік технологиялар мен жаңа өнер саласы бойынша өткен білім жарысының нәтижесі бойынша қазақстандық оқушылар 5 қола, 5 күміс және 2 алтынды қанжығаға байлады. Ал Адихан Аян мен Марат Кәкімжанов математика мен биология саласынан бірінші орынды жеңіп алды. Міне, осыдан кейін еліміздегі білім ошақтарында, әсіресе қазақ мектептерінде білім сапасы нашар дегенге қалай сенесіз. Халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алып, өз білімдерін әлемдік бәсекеде таныта білгендердің 73 пайызы – қазақ мектебінің оқушылары. Қазақ тілінде білім беру сандық жағынан ғана емес, сапалық жағынан да жетіліп келеді. Былтыр «Алтын белгі» алған түлектердің 69,7 пайызы қазақ мектептерін тәмамдаған. Ал осы жетістікті көрсеткіштерді естіп, біліп жүрсе де, кейбіреулердің әлі баяғы түсініктен арыла алмай жүргені өкінішті. Өзіміздің қағынан жеріген әлдебір қаракөздер аралас мектептердің қазақтілді білім ошағына айналуына қарсы байбаламдап жатқанын көргенде ішің ашиды-ақ.

Еліміздің оқушыларының білім көкжие­гіндегі тағы бір жемісті жетістігі – Елорда төрінде өткен 46-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасына қатысуы. Бұл білім сайысына әлемнің 20-дан астам елінен 112 оқушы қатысты. Әлемнің білімді үздіктері бас қосқан олимпиаданың «үздік эксперимент» аталымында Тараз қаласындағы Қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы Қайрат Әшім жеңімпаз атанды. Білім сайысының қола медалін Медет Тәуекелов, Мұрат Сұлтанов, Богдан Загрибельный, Алдияр Адишев, Азамат Рысқұлбеков, Дархан Тұрсынхан иеленді. Ал күміс медальмен Әзім Аманжолов, Владимир Должников, Владислав Қамысбаев, Ернар Мыңтайдың қанжығасы майланды. Қазақстан қоржынына алтын медальді салған Қайрат Әшім 2011 және 2012 жылдары елімізде өткен химия пәнінен республикалық олимпиадада 2 мәрте топ жарған екен.

Оқушылардың жетістігіне жүрекжарды қуанышын білдірген Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков: «Бүгінгі осы залда отырған жастарымызға қарап, шын жүрегімнен қуанып тұрмын. Әр мемлекетте де әрқашан осындай талантты, дарынды, қабілетті де қасиетті, білікті де білімді жастарымыз көп. Жастарымызды іріктеуге, оларға ақыл-кеңес беруге, бағыт-бағдар сілтеуге, олардың кеудесіндегі шығармашылық әлеуетті сыртына шығаруға осындай олимпиадалар ықпал етіп, өзінің үлесін қосады», – деді. Айта кетейік, Халықаралық Менделеев олимпиадасы жыл сайын сәуір айының соңы мен мамыр айының басында өткізіледі. Ол Бүкілодақтық химия олимпиадасының заңды жалғасы. Онда жүлделі орындарға ие болған оқушы МГУ-ге немесе ТМД-ның кез келген жоғары оқу орнына тегін түсе алады.

Қалай десек те, еліміздің атын әлем­ге білім және спорт сайыстары паш ететін кезі көп. Әсіресе, қазақ бала­ларының интеллек­туалдық жағынан бас­қалардан ерек тұруы біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл арқылы әлем жұрты Қазақ елі ұландарының қара жаяу емес екенін мойындайтыны анық. Қазақ­тың қоңыр ауылында таланты мен дарыны ашылмай жүрген қаракөздер қаншама. Олардың ішінде Менделеев сияқты химиктер де, Жәутіков сияқты математиктер де баршылық. Тек сол бұлақтардың көзін ашу жағына көңіл бөлу керек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары