АЛАШ АНИМАТОРЛАРЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ
АЛАШ АНИМАТОРЛАРЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ
Теледидардың тәрбие құралы екенi сөзсiз. Алайда үйiмiздiң төрiнен орын алған «көк жәшiк» бүгiнде сол үдеден шығып отыр ма? Отандық телеарналар балалар үшiн қандай дүниелердi ұсынуда? Оның жас ұрпаққа берер тәрбиесi қандай? Мiне, осы сауалдарға келгенде тiлiмiз күрмелiп қалатыны рас.
Біз «Союзмультфильмнің» мультфильмдерін көріп өстік. Тілі орысша демесеңіз, кішкентай көрермендердің бәрі қызығып тамашалайтын. Бертін келе сол өнімдер қазақшаланды да. Бірақ онда қазақы, ұлттық болмыстың иісі де жоқ. Осы жағына келгенде әттеген-айға тағы да салынамыз. Әрине, соңғы он жыл ішінде еліміздің анимация саласында там-тұмдап дүниелер жасалуда. Сан бар жерде ғана сапа бар. Әзірге отандық мультипликаторлар мен аниматорлар жарыққа шығарған өнімдер саусақпен санарлық.
Әңгімеміздің басын Ресейден бастадық қой. Сол Ресей бүгінде отандық мультфильмге айрықша көңіл бөлуде. Мәселен мұндағы аниматорлар орталығына үкіметтен жыл сайын тұрақты түрде 300 миллион доллар қаржы бөлінеді екен. Мұнымен қоса жақында ел жастарының болашағына алаңдаған Ресейдің Ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиев: «Кеңестік мультфильмдерді отандық экранға кері қайтару керек. Өйткені адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиеленетін кеңестік мультфильмдер бүлдіршіндерді дұрыс бағытта тәрбиелейді» деген мәселені көтерді. Ұлттық өнімді қолдауға келгенде ішкен асын жерге қоятын ресейліктердің күткені де осы болатын. Олар «Біз басқа елдердің өнімдерін құрметтейміз, бірақ орыс қоғамы үшін біздің Иван Царевич аса құнды» деп ұлттық өнімді насихаттауға құштар. Ал көрші Қытайда 20 анимациялық орталық бар көрінеді. Бүгінде біздің экранды Қытайдың өнімдері жаулап бара жатқаны байқалады. Тіпті кейбір мультфильмдері қытай тілін үйретуді мақсат еткен. «Қазақстан» телеарнасында қазақша дыбысталып, көрсетіліп жүрген «Ни Хао, Кай-Лан!» мультсериалы бүлдіршіндерге әрбір заттың қытай тіліндегі баламасын айтып отырса, «Дора мен Боти» мультфильмі ағылшын тілін үйретеді. Бала не нәрсені де сіңіріп алуға бейім. Қазір кез келген баладан осы мультфильмнің кейіпкері туралы сұрасаңыз, тақылдай жөнеледі. Осыдан кейін мультфильм – идеологияның ерекше құралы дегенге келіспей көріңіз. Бір өкініштісі, өзіміздің төл туындыларымызды дәл осылай қашан дәріптер екенбіз?!
Ал қазақ елінің отандық мультфильмдерді өмірге әкелуіне не кедергі? Мемлекет тарапынан қаржылық қолдау жоқ па, әлде біздің шығармашылық ұйымдар өскелең балғындарымызды біржола ұмытты ма? Екінің бірі. Әлде, бізде мультфильмге кейіпкер боларлық батырлар жыры, аңыз-әңгімелер тапшы ма? Осы жерде басқа басқа, қазақ кеңінен көсіліп, мақтануына болатын шығар. Құдайға шүкір, қазақта анимация сияқты айрықша өнер туындыларына кейіпкер бола алатын ержүрек Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қабанбай, Бөгенбай сынды батырларымыз, Абылай хан, Тәуке хан сияқты хандарымыз, қиын жерден жол тапқан орақ тілді шешендеріміз мен билеріміз жетерлік. Ол ол ма, анимациялық өнімге нағыз кейіпкер боларлық Желаяқ, Таусоғар, Толағай сынды образдарды қайда қоясыз? Одан қала берді, эпостық жырларға арқау болған Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Қыз Жібек пен Төлеген, Бекежан мен Қодарлар сынды образдар ше? Егер осылардың бәрінен сериалды мультфильмдер жасасақ, біздің қаракөздер Шрек, Өрмекші адамды емес қазақ батырларының атын жатқа біліп өсер еді!
Бір өкініштісі, анимациялық фильмдер шығаратын арнайы жеке мекеме жоқ. Қазақстан аниматорлары қауымдастығының президенті Ғали Мырзашев: «Аниматорлар қауымдастығын құрдым. Бірақ әзірге Үкімет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Әрине, қаржы бөлінбей жатыр деп айта алмаймын. Бар. Бірақ мардымсыз. Тұрақты түрде көмек болғаны жөн. Сонда ғана жақсы туындылар дүниеге келеді» десе, қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдар: «Қазақфильм» жылына бар-жоғы жарты сағаттық мультфильм шығарады. Бұл өте аз. Бізге күніне тым болмаса, он минуттан өнім шығаруымыз керек. Біздің қолымыздан ештеңе келмейді, өйткені біз тек суретімізді саламыз, ал оны «тірілтетін» адамдар басқа. Ең алдымен, мультфильм жасайтын үлкен студия керек. Ол студияға жылына екі-үш сағаттық мультфильм шығаратындай қаражат бөлінуін, маман даярлау мәселесін Үкімет шешуі тиіс», – дейді.
Демек, әлі де болса мемлекет тарапынан қолдаудың аздығы айқын сезіледі. Онсыз да қыл үстінде тұрған отандық мультфильмге қазір көңіл қоймасақ, ертең қолымызды сермеп қалатынымыз айтпаса да түсінікті.
АЛДАР КӨСЕ ТУРАЛЫ
МУЛЬТФИЛЬМ КӨҢІЛДЕН
ШЫҚТЫ МА?
Алдар Көсе десе, алдымен Шәкен Айманов түсірген «Алдар көсе» фильмі көз алдымызға келеді. Ондағы Алдар сомдаған образ да жүрекке жақын. Бай-манаптарды алдап соқса да, жинаған дүниесін жоқ-жітіктерге үлестіретін Алдардың ақкөңілділігі, аңғалдығы, адамгершілігі өзіне ынтықтыра түсетін.
«…Мен Алдармын, Алдармын Сақалымды талдармын. Сақал түгіл мұрт та жоқ,
Шайтанды да алдадым», – деп келетін шумақты жатқа білмейтін бала жоқ. Бірақ та осындай тамаша кейіпкердің мультфильмге сұранып тұрғанын соңғы жылдары ғана аңғарғанымыз өкінішті. Иә, Алдар Көсеге арнап біршама анимациялық мультфильмдер жарыққа шыққаны рас. Кейбір мамандардың пікірінше, бұлардың образы Шәкен Аймановтың Алдарынан мүлдем алшақтау.
Десек те, қазір отандық мультфильмдердің тамырына қан жүгірді. Алдар Көсеге арнап жекеменшік студиялар да мультфильмдер шығаруда. Бұл образды бұған дейін «Жебе» студиясы жасаса, кейінірек Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасының тапсырысымен жарияланған байқауды «Azia animation» бірлестігінен «Краус» деген жеке кәсіпкер жеңіп алып, сериялы 85 мультфильмді өмірге әкелді. Алдарға арналған мультфильмдердің сериялық жағынан көлемдісі де осы. Оған бастапқы кезде 60 млн. теңге жұмсалған көрінеді. Әрине, «Біткен іске сыншы көп» демекші, бұл өнімге де қарсы пікір айтқандар баршылық. Мәселен «Жебе» студиясының бастығы Керімбек Ниязбаев: «Бұл өнімнің техникалық жағынан сөзім жоқ. 3D үлгісінде анимацияны керемет үйлестірген. Әсіресе, тілді үйрету әдістемесі ретінде қолдануы таптырмас ой. Ал идеялық-көркемдік жағы көңіл көншітпейді. Әттеген-айы, бұл жерде сценарий жазған адам қазақтың аңызын қалай болса солай бұрмалаған. Қазақта әйел адам ерекше қастерленеді. Сонымен қатар оның отбасындағы орны да ескеріліп отырады ғой. Ерлі-зайыптылардың шәлкем-шалыс келіп қалғандарын балаға көрсетіп, біз не ұтамыз, неден ұтыламыз?» дегенді айтыпты. Ендігі біреулер «Мұндағы Алдар Көсені таза қазақтың кейіпкері деп айту қиын. Алдар Көсе орыстың Буратиносына, ал байдың кемпірі Шректің шешесіне ұқсап кеткен» депті. Ал өнімге тікелей тапсырыс берген Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахетов: «Ұлттық кейіпкерлерімізді анимациялау үшін тендер жариялағанбыз. Бірнеше аниматордың ішінен ең төменгі бағаны ұсынған «Краус» ЖК болды. 10 минуттық көлемдегі әр мультфильмге 2 млн. теңгені құрайтын мемлекеттік тапсырысты жеңіп алды. Кәсіби аниматорлар, ағайынды Краустар іске кірісісімен-ақ, «Қазақфильмнің» мультфильм саласының мамандары мұндағы персонаждарды толықтай талқылады. Дидар Амантай бастаған кәсіби топ аталған анимацияның жарыққа шығуын қолдады. 3D үлгісіндегі әрбір мультфильмнің соңында балаларды оқыту бағдарламасы бар. Шын мәнісінде, отандық анимациямыз үшін жақсы жетістік деп есептеймін. Сапасы жоғары болғандықтан, жан-жақтан сұраныс көбейді. Ә дегеннен «Мир» телеарнасы қызығушылық танытқан-тын. Бүгінде ТМД елдері экранына ағылшын-орыс тілдерінде тәржімаланған нұсқасы жол тартты. «Балапан» балалар арнасы, «Алматы» мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы да өз кезегінде бұл мультфильмдер топтамасын эфирден беруде. Мемлекеттің қаржысына түсірілгендіктен, барлық телеарнаға тегін үлестірудеміз», – дейді.
Бүгінде Алматы қаласының балабақшалары «Алдар көсе туралы ертегілерді» тегін тамашалауда. Қуаныштарында шек жоқ. Тіпті «Алдар Көсенің» 85 сериясын көрген 10 жастағы балам да: «Бұған дейін мұндай мультфильм неге түсірмеген? Маған қатты ұнады. Жалғасын тауып әкеп берші…» дегенде, көптеген балалардың ұлттық өнерге шөлдеп жүргеніне көзім жеткен. Шын мәнінде, оның жалғасын тапқанына қуанамыз.
Әрине, кем-кетіксіз дүние болмайды. Бұл бастама ғана. Алдағы уақытта өткеннен сабақ алатынымыз көп. Әзірге қолдағы барға қанағат етпеске амалымыз жоқ.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ