ПЕТРОПАВЛ: ЖЕР ҚАЗАҚСТАНДЫКІ ДЕСЕК ТЕ...

ПЕТРОПАВЛ: ЖЕР ҚАЗАҚСТАНДЫКІ ДЕСЕК ТЕ...

ПЕТРОПАВЛ: ЖЕР ҚАЗАҚСТАНДЫКІ ДЕСЕК ТЕ...
ашық дереккөзі
277

Еліміздің солтүстігіндегі қақпа – Қызылжар (Петропавл) қаласына барудың сәті түскен еді. Жұрт аузында жүрген Қазақстанның солтүстігіндегі бес қаланың бірі де, бірегейі. Бұл қаланың Қазақстандыкі екендігіне Солженицын, Дугин, Горбачев және Жириновскийлер күмән келтіріп, жиі мәлімдеме жасады. Алайда, бұл мәлімдемелерге құлақ асылмады. Тарихи әділдік орнап, Қазақстанның солтүстік қақпасы айқындалды. Шекараларымыз нығайтылды. Әйтсе де, Петропавл атауын Қызылжармен алмастыру жайлы әңгіме көтерілгенде, оған қарсы болушылардың дені оның себебін мұндағы орыс ұлты өкілдерінің жаппай көшіп кететіндігімен түсіндірген еді.

Петропавлға ұшақ та сирек қатынайды, Алматы мен Астанадан аптасына екі-үш рет «Skat» әуекомпаниясының 50 кісілік «Bombardier-200» әуе кемесі қатынайды екен. «Эйр Астана» бұл өңірге ұшақ ұшырмайды. Бірақ соған қарамастан, Петропавл әуежайы халықаралық деген атауға ие. Өйткені Қазақстанның қиырында жатқан шағын қала Ресейге тиіп тұр. Кезінде қазақтың тарихи мекені болған Омбы Қызылжардан 250 шақырым қашықтықта ғана. Ұшақтан түсісімен көзіңізге «Петропавлдықтар – Елбасының тірегі, петропавловцы – опора главы государства» деген қазақ-орыс тілдеріндегі үндеу көзге оттай басылады. Шағын ғана әуежайдың ғимараты да қарапайым. Қабылдау мүмкіндігі де шектеулі екендігі байқалады. Әуежайдан қонақ үйге дейін такси бізді мың теңгеге жет­кізіп тастады. Күн желемік, даладағы ауа температурасы 12 градусты көрсетіп тұр. Қызылжардағы алғашқы күнімізде байқағанымыз – қаланың тазалығы, екіншісі Алматыдағыдай қол көтеріп кез келген машинаны тоқтатып, қалаған бағытыңа жол тартуға мүмкіндік жоқ. Таксилер тек арнайы шақыртумен келеді, әрі арзан. Қызмет көрсету орнында негізінен орыстар басым екен. Қазақтардың өзі қазақша тіл шығара қоймайды, бірен-саран болмаса. Кейбірі «Сіздер солтүстіктің қазақтары орыс боп кетті» деп ойламаңыздар, мұнда да намысын от қарыған азаматтар жетерлік», – деп ақталады.

ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІМЕН ӘҢГІМЕ

Қызылжарда «Абылайханның ақ үйі» деп үкіленген, қазақ тарихында маңызы ерекше Абылайханның резиденциясы бар екен. Резиденцияға бас сұғып, Абылайханның қазақ тарихындағы алар орны, ол қолданған заттар, Аңырақай шайқасы, мұражайдағы экспонаттар жайында білудің мүмкіндігі туды. Екі қабаттан тұратын мұражай үйінің бірінші қабаты музей әкімшілігіне, екінші қабаты мұражай экспонатына арналған. Әуелі Екатерина ІІ патшайым бұл жерге Абылайханға арнап екі қабатты үй салдырған екен. Кейін патшалық Ресей Абылайханның тозығы жеткен ордасын лазаретке айналдырған. Бірақ соған қарамастан жергілікті халық бұл мекенді «Абылайханның ақ үйі» атап кеткен. 2007 жылы қараусыз қалған лазарет реконструкция­дан өткізіліп, Абылайханға арналған мұражай ретінде қайта жасақталған. Музей үйінің алдында Абылайханның ескерткіші менмұндалайды. Төрт бөлімнен тұратын мұражайдағы экспонаттар да бай тарихтан өзгеше сыр шертеді екен. Алайда Аңырақай шайқасында маңызды рөл атқарып, бүкіл қазақтың қолбасы болған Әбілқайыр хан мен XIX ғасырдың бірінші жартысында он жыл бойы қарнымызды аштырды.

«Абылайханның ақ үйінен» шық­қаннан кейін арнайы шақы­рыл­ған таксиге отырдым. Таксистің машинасындағы Ресей Федерациясының туы көзіме түсті. Отырар отырмастан одан машинасында неге Ресейдің туы жүргенін, неге Қазақстан азаматы ретінде мақтанышпен Қазақстан туын алып жүруге болмайтынын сұрадым. Ол өзіме бірден дүрсе қоя беріп, «Сіз нациссіз бе?» деген сауал қойды. Мен «нацист» емес екенімді, алайда Қазақстан азаматы ретінде елдің мемлекеттік рәміздеріне құрмет білдіру қажеттігін айтып едім, ол бұл жайында ары қарай сөз қозғамауымды өтініп, бір-біріміздің көңіл күйімізді бұзбай-ақ қояйық деді. Мен оның көңілімді Ресей туын асқақ көтеріп жүргені арқылы-ақ бұзғандығын айттым. Соңында ол бұл туды біреулердің сыйға ұсынғанын, сол себепті де машинасына іліп қойғандығын айтты. «Ал неге оның қасында Қазақтың туы жоқ?» деген сауалымызға оны ешкім сыйламағандығын айтып ақталды. «Мен қазақша жақсы білем» деген еді таксист, бірақ межелі жерге жеткенше бір ауыз қазақша тіл қатпады. Түсіп бара жатып, «қазақша сөйлемедіңіз ғой» деп едім, «сіз қажетсінбедіңіз ғой» деді.

Осы әңгімені жанымдағы әріп­тес­теріме айтқанымда олардың да бірнеше таксиден сондай көріністің куәсі болғандығын естідім. Осы сәтте біздің жиі айтатын отарсыздандыру саясаты Балтық жағалауы елдеріндегідей тәуелсіздік алған сәттен жүргізілгенде, бүгінгідей шабаданын жинап, кетуге дайын тұратын, сөйте тұра Қазақстандағы жұмақ өмірді тастағысы келмейтін, алайда Қазақстанның тәуелсіздігін мойындағысы келмейтін азаматтар легі қалыптаспас еді-ау деген ой қылаң берді.

ВОКЗАЛ НЕГЕ

РЕСЕЙДІҢ ҚОЛЫНДА?

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей Петропавлды жұртшылықтың Ресейдің бір бөлшегі ретінде сезінетінін оның темір жол вокзалына барғанда көрдік. 20 жылдан бері еліміздің солтүстігіндегі осы бір стратегиялық обьект Ресейдің меншігінде екен. Біз ұйымдастырған семинар-тренингке қатысуға келген астаналық әріптесіміз пойыздан қалып қоя жаздағанын айтады. Өйткені оның билетінде Мәскеу уақыты көрсетілген. Жиырма жыл бойына Астана уақытымен сапар шегіп үйренген оған бұл түрпідей тиіпті. Бұл бізді Қызылжар вокзалына баруға мәжбүрледі. Әуежайдан гөрі вокзал ғимараты көрікті екен. Анадайдан мен мұндалап тұр. Вокзалдағы сағаттардың барлығы Мәскеу уақытын көрсетеді. Ақпараттар екі тілде жазылған. Әрбір кестенің астына «бағыттар Мәскеу уақытымен» деп жазылған. Қызылжардан Көкшетауға сапар шекпек боп билет алып тұрған Әйгерім бізге өз мұңын шақты. Оның айтуынша ол Петропавлға бірінші келіп тұр. Билет алуға келгенде кассирлердің барлығының орыс болғандығы себепті оларға барар бағытын да, алар билетін де дұрыс түсіндіре алмай тұрғанын айтады. Шынында да вокзалда билет сатып отырған кассирлердің арасынан тек орыс ұлтының өкілдерін ғана кездестірдік. Біз пойыздар неге Мәскеу уақытымен жарияланатынын білмек болып, кассирлердің біріне сауал қойған едік. Ол бәлкім Петропавл вокзалы Ресейдікі деп айтпақ болып шатасты ма, «земля Российская» деп қойып қалғаны, біз қайыра сұрап едік, сұрағымызға жауап беруден бас тартты.

Біз вокзал тарихын білмек ниетпен вокзал кезекшісінің көмекшісіне бас сұқтық, ол өздерінде ешқандай мәліметтің жоқтығын, ертең технологқа жолығуымызды сұрады. Технолог Оңтүстік Орал темір жол басқармасына баруымызға кеңес берді. Футболдың добындай анда мұнда тебіліп жүріп, әйтеуір басқарма бастығының бірінші орынбасарына жолықтық. Петропавл вокзалының ресми атауы – «Ресей темір жолдары» ААҚ Оңтүстік-Орал темір жолы «Жолдың Петропавл бөлімшесі» ДП. Жол бөлімшесі бастығының І орынбасары Сергей Глуховский бізге вокзал туралы ақпарат беруден қашқан жоқ.

– Біздің вокзалда бүгінде 6 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Ұжымымыз интернационалды, әр ұлттың өкілдері бар. Біздің мекеменің жартысы Ресей территориясында, жартысы Қазақстан территориясында орналасқан. Заңды түрде біз Оңтүстік Орал темір жолына қараймыз. Қазір «Ресей темір жолы» ААҚ-ының құрамына кіру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Теміржолдың 77 шақырымы Ресей территориясында, 190-дайы Қазақстанда. Қазақстанда жеті станция, Ресей аумағында 4 cтанция бар. Петропавл вокзалына 16 жолау­шылар, 80 жүк пойызының паркі, 150-160 транзит жүк пойыздары қарайды. Бұл Транссібір магистралінде орналасқан. Бұл үкіметаралық келісім негізінде жүзеге асқан. Сіз білетін шығарсыз, біз бір мемлекетпіз, әрине бір мемлекет деуге келмейтін шығар, біртұтас Кедендік одақ құрдық, біртұтас Экономикалық одақ құруға бет бұрдық. Президенттеріміздің бұл саясатын біз қолдаймыз. Біздің мекемеміздің қызметкерлерінің 99 пайызы Қазақстан азаматтары, 1 пайызы Ресей азаматтары. Олар мұнда ықтиярхатпен тұрады, жұмыс істеуге лицензиялары бар. Айлық жалақы теңгемен төленеді. Орташа жалақы – 130 мың теңге. Біздің Ресей темір жолы әлеуметтік бағыттағы мекеме. Сол себепті де бүкіл әлеуметтік жеңілдіктер сақталған.

– Кезінде вокзалды Қазақстан темір жолына беру жөнінде әңгімелер болған дейді.

– Вокзалдың заңдық иесі жөнінде әңгімені түсіндіре кеткім келеді. Бұл екі елдің үкіметаралық келісімі негізінде жүзеге асып отыр. Мұндағы мүлік пен вокзалдың өзі Қазақстанның меншігінде болып келді. Яғни территория, локомотив, вагондар, жол, вокзалға тиесілі дүниенің бәрі Қазақстандыкі еді. Үкіметаралық келісімде дүние-мүлікті алмасып пайдалану жағы айтылған. Қазақстан аумағында 4 участок әкімшілік тұрғыдан Ресеймен байланысты болды. Шекара сызылғанда ол теп-тегіс болмайды ғой. Ал теміржол құрылысын салғанда, ол тура жолды таңдайды. Ресейде де сондай төрт участок бар. Егер жаңылмасам, бұл 435 шақырымға созылады. Сол секілді Қазақстан темір жолы Ресей аумағына өтіп кетеді. Сол себепті екі ел президенттерінің және үкімет басшыларының өзара келісімі бойынша мүлікті алмасып пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұған жердің қатысы жоқ. Жер тек жалға беріледі. Биыл дүние – мүліктің бәрін Ресей темір жолына өткізу жөнінде жұмыс жасалып жатыр. Биылғы жылдың соңына қарай бұл процедура аяқталмақ. 2012 жылдың 1 шілдесінен Петропавл вокзалы «Ресей темір жолы» ААҚ-ның филиалы ретінде қайта жасақталады. Өйткені бұрын біз РФ жол қатынастары министрлігіне қарап келдік. Қазір ондай министрлік жоқ. Ал 6 жыл бойына Петропавл вокзалы «Ресей темір жолы» ААҚ құрамына ене алмай келді. Оның себебі – өзіне тиесілі дүние-мүлкі болмады. Өйткені біз Қазақстанның заңды тұлғасы болып келдік. Қазақстан темір жолына бағынбасақ та, дүние-мүлкіміз Қазақстандыкі болғандықтан, олармен де жұмыс істеуге тура келді.

– Жалпы, Қазақстан ішіндегі пойыздар да Мәскеу уақытымен жүреді екен. Ал вокзалда тек қана Мәскеу уақыты көрсетіліп тұр. Онымен қатар Қазақстан уақытын көрсетіп қоюға неге болмайды? Оның себебін түсіндіріп бере аласыз ба?

– Екі еларалық келісім бойынша, біз тек Мәскеу уақытына бағынамыз. Біз транзиттік вокзал болғандықтан, соған бейімделеміз. Біздің үкімет осы вокзал арқылы транзиттік пойыздардың көптеп жүргенін қалайды. Тек былтырғы есеп бойынша біздің Петропавл жол бөлімшесі бюджетке 4 миллиард 600 миллион теңге көлемінде салық аударды. Біздің вокзал арқылы Орталық Азиядан еңбек мигранттары көптеп қатынайды. Біз оларды жол ортасында Қазақстан уақытымен шатастырудың қажеті қанша деп ойлаймыз. Өйткені олар үнемі Мәскеу уақытына бағынады.

– Кешеден бері вокзал территориясын төңіректеп жүрмін. Ондағы күзетшіден бастап, сізге дейінгі аралықта бірде-бір қазақ ұлтының өкілін көре алмадым. Жалпы, қызмет көрсету орындарында қызметкерлерге екі тілді білу міндеттелмеуші ме еді?

– Біз жұмысқа қабылдау кезінде ешқандай ұлтына, тіліне және дініне назар аудармаймыз. Біздің мекеме – интернационалды. Бізде отыздан артық ұлттың өкілдері қызмет етеді. Солтүстік өңір болғаннан кейін бұнда орыстілділердің саны басым екенін айтқан жөн. Бізде немістер көп. Дегенмен бізде мемлекеттік тілді үйренуге деген талпыныс басым. Арнайы бағдарламамыз бар, менің өзім қазақ тілін үйрету курсынан өткенмін. Сертификатым бар. Ал менің бала-шағам 4 тілде сөйлейді. Соның бірі – қазақ тілі.

– Іс-қағаздары қай тілде жүргізіледі?

– Компания Ресейдікі болғаннан кейін, іс-қағаздары орыс тілінде жүргізіледі. Бірақ біздің аудармашыларымыз бар. Қазақстан ішіндегі құжаттарды екі тілде жібереміз. Мен осы жерде тудым, осы жерде білім алдым, өстім. Бұл мекенді жақсы көрем, қимаймын. Мен өзім әскерден кейін Ресейде бір-екі жыл қызмет еткенім бар. Соңғы жылдары Ресейден бұдан да жоғары лауазымды қызметке шақыртулар алдым. Алайда бас тарттым.

– Кешіріңіз, ендігі сауал жеке өзіңізге қатысты. Былтыр Петропавлды Қызылжарға ауыстыру жайында мәселе көтерілгені белгілі. Сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Ең бірінші кезекте тарихқа көз жүгіртейік. Мұнда Абылайханның резиденциясы болғанын да білем. Дегенмен Петропавл дегеніміз – Петр мен Павелдің қамалы ғой. Меніңше, оны Қызылжар атауымен ауыстырудың қандай қажеттілігі бар. Біріншіден, оған қаншама қаржы кетеді, шығын шығады, екіншіден бізде ұлтаралық келісім өте жоғары деңгейде. Мұндай атмосфераны бұзу кімге тиімді. Мүмкін келесі ұрпақ оны өзгертетін де шығар. Бірақ әзір ерте.

Ербақыт Амантай «Алаш айнасы» газетінің Қызылжардағы меншікті тілшісі. Және осы мәселені көтерген алғашқы журналистердің бірі. Алайда, жазғанына ешкімнің назар аудармағанын, реакция танытпағанын айтады ол:

– Вокзалға барған сайын билетті ұсынып жатып, кассир қыздар Мәскеу уақытымен дегенді ескертіп жатады. Себебін сұрасақ, «вокзал Ресейдің меншігінде» деген жауап аламыз. Сол себепті де осы тақырыпта мақала жазуды мақсат еттім. Әрі бұған ықпал еткен тағы бір мәселе, осы Петропавл вокзалында жұмыс істейтін бір жігіт ұлты қазақ болғандықтан жұмыстан шығарғалы жатыр деп шағым айтты. Сонымен қоса, Петропавл вокзалында қос азаматтыққа қатысты көптеген оқиғалар тіркелді. Көптеген азаматтардың Қазақстанның да, Ресейдің де азаматы болып жүргені анықталды. Солардың басым көпшілігі осы темір жол қызметкерлері болып шықты. Қос азаматтыққа Қазақстан да, Ресей де жол бермейтінін білесіз. Бірақ соған қарамастан көптеген қызметкерлер екі елдің де жәрдемақысын, зейнетақысын алып келген. Оның үстіне, Петропавл вокзалы пойыздың келіп-кетуін тек қана орыс тілінде жариялайды. Қазақшасын анда-санда айтады, алайда өте сауатсыз жарияланады. Кассаға барып билет алайын десеңіз қазақша ешкім жауап бермейді. Осының бәрін зерттеп, облыстық жол департаментіне бас сұққанымда олар екі еларалық келісім осылай дегенді айтты. Бірақ осы мәселені республикалық деңгейде көтергеніммен оған мән берген, назар аударған ешкім болмады. Содан бері де 3 жыл өтіп кетті. Қазір бұған да етіміз үйреніп кетті.

– Жалпы, Қызылжар Кеңестік кезеңдегіден еш ауытқымаған сияқты. Былтыр Петропавл атауын Қызылжарға ауыстырамыз дегенде өре түрегеле қарсы тұрушылар басым болып еді. Қазір бұл мәселе қандай да бір деңгейде көтеріле ме?

– Былтырғы тәжірибе көрсетіп бергендей, әуелі халықты бұған дайындау қажет екендігі байқалды. Содан бері Қызылжар атауын иеленген обьектілер көбейді. Петропавл қаласының өзіндегі «Кожзавод» атты шағын аудан «Қызылжар» атауына ауыстырылды. «Есіл-Богатырь» деген футбол клубы «Қызылжар» атауымен атала бастады. «Қызылжар» атты қонақүйіміз бар, «Петропавл су» атты коммуналдық мекемені де «Қызылжар» деп атау қолға алынған еді. Әлі нәтижесі болмай жатыр. «Қызылжар нұры» атты қалалық газетіміз шыға бастады және «Қызылжар» медиа холдингі жасақталды. «Сәлем, Қызылжар» атты таңғы телевизиялық бағдарламамыз бар. Сөйтіп, әйтеуір халықтың санасына қаланың аты Қызылжар екенін түсіндіру мақсатында осындай шаралар жүргізіліп жатыр.

Тақырыпқа орай:

Парламент Мәжілісінің 2008-2011 жылдағы шақырылымының депутаты болған, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов бұл жөнінде 2008 жылы депутаттық сауал жолдаған. Оның мәтіні былай:

«Солтүстік Қазақстан облысында аты да, заты да дардай Оңтүстік Орал теміржолының Петропавл бөлімшесі деген ұйым бар. Өзі Ресейге қарайды, орталығы Челябіде. Челябі қайда, Петропавл қайда? Таңырқайтын түгі жоқ, ескі одақтың шаңырағы шайқалып, жетпіс жылда жиған-тергені бөліске түскен кезде «сүйегі біздікі, еті сіздікі» деп бере салсақ керек.

Жақсы, халықаралық практикада екі жақты мемлекетаралық қатынастармен реттелетін мұндай жағдайлар кездесетін де шығар, солай-ақ болсын делік. Бірақ… осы бірақтың сыртында көп мәселе тұр. Біріншіден, аталмыш теміржол бөлімшесі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің аумағында орналасқаннан кейін осы елдің заңдарын белден басуға болмайтынын түсініп, өз қызметінде жергілікті тұрғындардың, яғни қазақстандықтардың мүдделерін ескеріп отырулары керек қой. Іс жүзінде олай болып отырған жоқ.

Олардың бәрін тізбектемей-ақ, мұнда билеттердің қай бағытқа болсын, Ресей тарифтері бойынша сатылатынын айтсақ та жеткілікті. Мысалы, Астанадан Петропавлға дейін билетті бір бағаға алсаңыз, қайтарда одан едәуір көп төлейсіз. Не үшін екені белгісіз. Ресей поезы болса бір сәрі ғой, кәдімгі Алматыдан Петропавлға қатынайтын «Жетісу» поезының бағасы да осылай аяқ астынан қымбаттап шыға келеді. Осындай жағдайға тап болғандар таңырқайды да қояды. Ал қалтасы жұқалар болса, поезға Петропавлдан 40-50 шақырым жердегі Қазақ теміржолына қарайтын Смирново поселкесіне келіп отыруға мәжбүр болып жүр.

Кезінде Петропавлда осы бөлімшенің өз ауруханасы, мектебі, балалар бақшасы басқа да әлеуметтік нысандары болатын. Оларды ұстап тұруды шығынсынды ма екен, бәрінен құтылды. Теміржолшылардың саны азайған жоқ. Олардың басы ауырып, балтыры сыздағандары қала ауруханаларына барады, сол сияқты балалары жергілікті мектептерде оқиды, жергілікті балабақшаларда тәрбиеленеді. Демек, бүгін бар салмақ қала бюджетіне түсіп отыр. Соған орай бөлімше түскен пайдасынан бөлісіп жатса бір сәрі-ғой. Есек дәме болмай-ақ қояйық, бір тиын татырмайды. Ол ол ма, салығын дұрыс төлеп отырғанына да менің күмәнім бар. Өйткені өз басым тексерушілер келе қалғанның өзінде «үй ішінен үй тігіп отырғандардың» барлық құжаттарды олардың алдына жайып сала қоятынына сенбеймін.

Осы ұйымға қатысты тағы бір сорақылық – мұнда Қазақстан азаматы бола тұра Ресей азаматтығын алғандардың саны жылдан жылға көбейе түсуде. Мұны қалай түсінуге, қалай бағалауға болады? Біздің Ата Заңымызда «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деп анық жазылған. Оны елемеуге, орындамауға кімнің хақысы бар?! Қалталарына қос-қостан төлқұжат салып алып, тайраңдап жүргендерді кім тәртіпке шақырады?»

Жарасбай Сүлейменов бұл депутаттық сауалына Қазақстан Үкіметі тарапынан арнайы жауап алғанын айтады. Олардың да берген жауабы біреу – екі еларалық келісім шарт солай. Біздің білуімізше, өзге мемлекеттің меншігіне де, жеке меншікке де өтпейтін стратегиялық төрт обьект бар. Немесе солай болуға тиіс. Олар: әуе жолдары, темір жолдары, байланыс және энергия. Алла бетін аулақ қылсын, өйткені екінші бір мемлекетке шабуыл жасағанда, жау ең бірінші осы төрт обьектіні басып алуды көздейді екен. Петропавлдағы демалыс саябағында Ленин мен Горькийге орнатылған алып ескерткіш бар екен. Оның қасында Тәуелсіздік аллеясындағы Мағжан Жұмабаевқа орнатылған ескерткіш баланың ойыншығы секілді көрінді.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ,

«Түркiстанның» арнаулы тiлшiсi

Алматы – Петропавл – Алматы

Серіктес жаңалықтары