БУЫН АУРУЛАРЫ ЖАСТАРҒА ДА АУЫЗ САЛУДА
БУЫН АУРУЛАРЫ ЖАСТАРҒА ДА АУЫЗ САЛУДА
Бүгiнде буын ауруларының дендеп кетуi әлем елдерiн алаңдатып отыр. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, халықтың 48 пайызы буын және сүйек ауруларынан зардап шегетiн көрiнедi. Буын ауруларының iшiнде ең көп кездесетiн түрi «остеоартроз» деп аталады. Бұл аурудың ең бiрiншi кезеңi – шемiршекаралық майдың таусылуы. Оны бiз «тiзе ауруы» деймiз.
Ревматологиялық аурулардың ішінде тізе ауруы, жалпы, аурудың 80 пайызын құрайды. Ал әлем бойынша 60 жастан асқан адамдардың 80 пайызы остеоартрозға шалдыққан. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артпаса, кемімей отыр. Сондықтан да дабыл көтеріп, дер кезінде дерттің алдын алу кезек күттірмейтін мәселе. Осыған орай, Алматы қаласында өткен ревматологтардың І Еуразиялық конгресіне жиналған отандық және алыс-жақын шет елдердің 15-ші мемлекетінен келген мамандар аталған дертті емдеуде жаңа технологияларды енгізу, ревматологиялық ауруларды емдеу тәсілдері, ревматологиялық қызметтің дамуы сияқты күрделі жайттарды талқыға салды.
Бір айта кетерлігі, елімізде осы уақытқа дейін ревматология саласына жеткілікті көңіл бөліне қойған жоқ. Ревматологиялық аурулар қатарына жататын 100-ден астам аурудың түрлері бар. Негізі осы уақытқа дейін Денсаулық сақтау министрлігінің нормативті құқықтық базасы бойынша, ревматология саласындағы қызмет түрлеріне арнайы бұйрық болмаған. Сондықтан осы уақытқа дейін емдеу орындарында қанша ревматолог маман болу керектігі, ауруханаларда қанша төсектік орын осы буын ауруларынан зардап шегетіндерге арналуы да нақты көрсетілмей келді. Мәселен, Алматы облысы бойынша кешегі күнге дейін бір ғана ревматолог болса, ал ревматология бөлімшесі атымен жоқ. Ақтөбе мен Қостанай облысында да тап солай. Дүниежүзі бойынша таралуы жағынан ревматология аурулары үшінші орында. Ал оны емдейтін мамандар жоқтың қасы. Статистикаға сүйенсек, елімізде 1000-ға жуық кардиолог маман болса, ал практикалық ревматолог дәрігерлердің саны – 83 қана екен. Бұл дегеніңіз – 200 000 Қазақстан азаматына бар-жоғы бір ғана ревматологтан келеді деген сөз. Буын аурулары институтының директоры Ғалымжан Тоғызбаевтың пікірінше, 2010 жылы ел аумағында небәрі 79 ревматолог маманы болса, өткен жылы 160 ревматолог тіркеліп, облыстық, қалалық емханалар мамандармен толыққан. Бүгінде Буын аурулары институтында айына қырық-елуге жуық науқас ем қабылдайды. Қазіргі кезде институты осы дертке шалдыққан науқастарға тиімді көмек көрсету үшін алғышарттарды жасап, министрлік назарына ұсынған. Сондай-ақ әлем бойынша соңғы реабилитациялық қондырғыларды қолдана отырып, жоғары сапалы медициналық көмек көрсету көзделуде. Тіпті, бұрын-соңды ден қойылмайтын ревматология саласы 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына да енгізілді.
Ревматологиялық аурулардың кей түрі ауру салдары жөнінен әлемде онкологиялық аурулармен тең саналады. Шетелдерде ол аурулардың біреуінің емі – 20-25 мың доллар көлемінде. Яғни ревматологиялық аурулардың емінің құны, негізі, қымбат саналады. Мәселен, мемлекет тарапынан ревматоидты артритті емдеу үшін орташа көлемде 270 мың теңге бөлінеді деп есептеп шығарған. Дәрілері де қымбат.
Бұл тұрғыда еліміздің бас ревмотологы Ғалымжан Тоғызбаев: «Елімізде 160 мыңға жуық адам остеотрозбен ауырады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен ревматология саласының құқықтық базасы қалыптасты. Айта кету керек, он жылдан бері мұндай құжат елімізде болмаған. Қазіргі таңда ел аумағындағы емханалар ревматология кабинеттерімен толығып, арнайы бөлімдер ашылды. Біз Маңғыстау облысында тәжірибелік жобаны іске асырдық. Артрит дертіне шалдыққан 25 науқасты, остеотроз дертіне шалдыққан 250 науқасты гендік инженерия арқылы алынған дәрі-дәрмекпен тегін емдеуге кірістік. Біздің тәжірибеміз өзге елдерге үлгі болып отыр. Жоба Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында жүзеге асуда», – дейді. Инженерия арқылы науқасты емдеудің бір жылдық құны 1,5 миллион теңгені құрайды. Маңғыстау облысындағы жобаға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Сәтті өтсе, бұл тәжірибе алдағы уақытта бүкіл елімізде қолға алынбақшы. Басты міндет – науқасты мүгедектікке ұшыратпай, дертті ерте кезден анықтап, ем-дом жасау. Ол үшін дәрі-дәрмекпен ғана емес, реабилитациялық жолмен емдеу қажет.
Отандық және әлемнің түкпір-түкпірінен келген мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Мәскеу қаласының ревматологияны ғылыми-зерттеу институтының өкілі Евгений Насонов та буын ауруларын ХХІ ғасырдың созылмалы дертіне жатқызады. «Ревмотологиялық дерттің зардабы жүрекке де әсер етуі мүмкін. Ресейде ревматологиялық дертке шалдыққан науқастар диспансерлік тізімге ілінеді. Қазір науқасты дертінен түбегейлі айықтыруды қолға алудамыз. Сондықтан да бізге, ревматологтарға үлкен міндет артылып отыр. Бұған мамандар ғана емес, мемлекет те атсалысуы керек» дегенді жеткізді.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ