АЛҒАШҚЫ ҰШАҚҚА – ХИУАЗ ЕСІМІ
АЛҒАШҚЫ ҰШАҚҚА – ХИУАЗ ЕСІМІ
Биыл «Эйр Астана» авиакомпаниясына – 10 жыл. Он бес жылдық мерейтой қарсаңында, «Эйр Астана» авиатасымалдаушысы өзінің алғашқы ұшағына қазақстандық әйгілі ұшқыш Хиуаз Доспанованың есімін бермек. Embraer 190 авиалайнеріне әйгілі ұшқыш батыр қыздың есімін беру рәсімі алдағы жылы шілде айында ұшақтың авиакомпанияның иелігіне берілуінен кейін өтетін болады.
Биыл Хиуаз Доспанованың туғанына 90 жыл толады. Халық қаһарманы, қазақтың батыр қызының 15 мамыр туған күні. Фашизммен қарсы соғыста жан аямай күрескен, батыр апамыздың өмірден өткеніне де көп болған жоқ. Қазақтың ержүрек қызын еске алу мақсатында «Эйр Астана» әуе компаниясы осындай игі қадамға барып отыр.
Хиуаз Доспанова әуеге 300-ден астам самғаған екен. Қайсар қыз жау нысандарын бомбалап, ерліктің ерекше үлгісін көрсете білді. Қазақ қызының ерлік жолы туралы қалдырылған жазба деректер бойынша Хиуаз қызмет еткен полк Оңтүстік майданда, яғни Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан екен. Бірнеше рет өлім аузынан қалған ержүрек, батыр қыз талай марапаттарды да иемденді. Бірақ өкінішке қарай, қазақтың әйгілі ұшқыш қызына Батыр атағы берілген жоқ. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, яғни 2004 жылы оған Халық қаһарманы атағы берілді. Қазақтың тұңғыш ұшқыш қыздарының бірі Хиуаз Доспанова 2008 жылы өмірден озды. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», ІІ дәрежелі Суворов, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Хиуаз апамыздың әуедегі ерліктерін бүгінгі ұрпағы аңыз қып айтады. Қас дұшпандарымен жан аямай күресіп, елін, жерін жаудан қорғаған батыр қыздың ерлігі ұмытылуға тиіс емес. Ұмытылмайды да. Осы орайда, «Эйр Астана» әуе компаниясы ұшқыш қыздың мерейтойы қарсаңында, оның есімін алғашқы ұшақтардың біріне беруге ниет етіп отырғаны, құптарлық жайт.