967
ПЕЙIЛ МЕН НИЕТ
ПЕЙIЛ МЕН НИЕТ
>«… Итен ағамен танысқаныма он шақты жылдай боп қалса да, тек соңғы кездерде ғана етене араласып, жақын білісе бастадық. Ол бірден-ақ бауырына тартып бәйек боп, құшағын аша ұмтылып, төсіме төсін басып, көптен көрмеген туысындай қуана қауышатын жан боп шықты. Кездескеннен-ақ оның адамдарға деген жанының жомарт, жүрегінің дархан екенін бағамдайсың. Пейілі пейіштей кең, ниеті сүттей аппақ…»
Көрнекті ақын Темірхан Медетбек Итен ағасына деген жылы пікірін осылай бастайды. Иә, Итен Қарымсақұлы ұзақ жылдар бойы көп журналистердің тісі бата бермейтін, өресі жете бермейтін құқық тақырыбына қалам тербеді. Оның кез келген мақаланы жазғанда да біліп, тінін тарқатып, керек кезінде қоясын ақтарып, бір селкеу түсірмей, әр сөзін қаққан шегедей етіп жазатындығын айтады. «Оның негізгі тақырыбы – құқық тақырыбы. Бұл тақырыпты алдыңнан көкорай шалғынды кең жайлау көргендей көсіліп те, думанды той ішінде жүргендей шешіліп те жазуға болмайды. Бұл тақырыпты жазғанда әр сөйлем, әр сөзің түгілі, әр нүкте, әр үтіріне дейін жауаппен қарауың керек. Сондықтан әр сөзің мен әр тыныс белгісіне дейін қарауыл қойып сөйлемесең болмайды. Өйткені, ол тақырыпта, негізінен, Адамның қиын да күрделі тағдыры сөз болады. Итен Қарымсақұлы осындай ауыр тақырыпты ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарып келеді» деп ой толғайды ақын Темірхан Медетбек. Осы бір күрделі, қиын тақырыпқа ұзақ жылдар бойы қалам тербеген журналистің бірде-бір мақаласы дау тудырмапты. Бірде-бір мақаласына шағым түспепті. Демек, бұл қарымды журналистің білгірлігін, біліктілігін көрсетсе керек. «…Мен мектеп қабырғасында оқып жүргенде журналистік өмірге ден қойдым. Қазақта «Талапты ерге нұр жауар» деген аталы сөз бар емес пе?! Алға қойған мақсатым орындалды. Әлі есімде 8 сыныпта, яки 1955 жылғы 29 мамыр күні Сырдария аудандық «Коммунизм таңы» газетінде тұңғыш мақалам жарық көрді. Онда мен 16 жаста едім. Содан ерінбей-жалықпай барлық газеттерге мақала жазып, жан-жаққа жібере беретін едім. О заманда ауылдағы нағыз өмір, қайнаған қым-қуыт тіршілік жөнінде кез келген газетке жаңалықтарды жолдасаң болды, жазуға бейімің барын танып, редакциядан бауырына тартып хат келеді, ананы жаз, мынаны жаз деген жылы сөзбен тапсырма береді, ақыл-кеңестер айтады. Жас тілшілермен байланыс жақсы еді. Қат-қабатта жөн-жобаны да түсіндіріп, мақаланы қалай жазу керек екенін де миыңа құя салады. Сондайда көңілің өсіп, марқайып, қанаттанып кетесің…» деп жазады ардагер журналист Итен Қарымсақұлы өзінің алғашқы журналист болып бастаған кезеңі туралы. Мұның бәрін неге тілге тиек етіп отырмыз? Жуырда республикаға белгілі журналист, «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына – 20 жыл» мерекелік медалінің иегері, белгілі журналист Итен Қарымсақұлының «Қоңыр қалам» атты еңбегі жарық көрді. Бұл кітапта белгілі журналистің белгісіз қырлары, ұзақ жылдар бойы жазылған, баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары, эсселері, қаламдас әріптестерінің естелік-сырлары топтастырылған. Ол ұзақ жылдар бойы құқық тақырыбына қалам тербеді. Оған себеп, алғаш рет 1996 жылы Алматы қалалық прокуратурасында қала прокуроры, генерал М. Қалиевтің бастамасымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қолдауымен тұңғыш баспасөз қызметі құрылады. Сөйтіп сол қызметке Итен Қарымсақұлы тағайындалады. Арада бір жыл өткен соң, 1997 жылдың көктемінде Алматы қаласының прокуроры болып тағайындалған генерал Е.Мерзадиновтің бастама көтеруімен, оның бірінші орынбасары И.Д.Меркельмен бірге прокуратураның тұңғыш құқықтық, танымдық басылымы «Прокуратура хабаршысы» атты екі тілде шығатын газетін шығаруға қол жеткізеді. Ол турасында автор өзінің кітабында: «Меніңше, ең бастысы заңды құрметтеу, заңға бағыну, сосын заң талаптарын мінсіз орындау қажет. Сонда ғана құқымыз қорғалады, одан кейін әділет пен ақиқаттың мерейі әрқашан үстем болмақ. Осыншама жылдар бойы құқық тақырыбына өзек болған, жазылған сөздер жүрекке дарып, санаға сіңген, тайға таңба басқандай ойлар туралы табан тіреп айтатын әңгімелер көп. Бір сүйсінерлігі, заңымыз жақсы, ол өмір талабына сай үнемі толығып, жаңғырып жатыр. Бірақ салғырттық пен бейқамдық, қу құлқын көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың өзін өзін қазақбайшылық тәрізді жаман әдетке ұрындырып, заңды белден басып, одан қалды көз көріп, құлақ естімеген қылмыстар жасап, сау басына сақина тілеп алғандар көп. Бір сөзбен айтқанда, тәртіпті нығайту, құқықты қорғау, заң бұзушылықтың жолын кесу керек» дейді. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің түлегі. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған журналист 1989 жылы «Еңбек ардагері» деген атаққа ие болады. «Есіме алсам, әлі бәрі күні кеше тәрізді. Ауылдағы он жылдық мектепті бітірдім, еңбекке араластым, әскерге алындым, содан соң тағы да бұралаңы көп тіршіліктің қамымен екі қолға бір жұмыс дегенім жоқ, бірыңғай журналистік жолға түстім, ғұмырыма қаламды серік еттім» дейді өзі туралы ой толғағанда автор. Қоңыр қаламның иесі, қоңыр кісі атанған Итен Қарымсақұлының «Қоңыр қалам» кітабы алты бөлімнен тұрады. Өткен жылдарғы сан қилы кезеңдерде жазылған журналистік еңбек пен үздік ізденістің жемісін осы кітаптан көруге болады. Әрі автордың жүріп өткен жолы да кітаптың негізгі арқауы. «Дүниеде ой айтылуы қиын, айтылған ой өлмейді» деген екен Ғабит Мүсірепов. Сол айтқандай, Итен Қарымсақұлының әрбір жылдарда айтылған ойлары да ұмытылуға тиіс емес. Ол ойлардың көбі кітап болып көрініс тапқан екен. Оған ендігі бағаны беретін оқырман болар. Ендеше, оқырманның қолына қоңыр кітап жол тартты.
Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ