СИМПОЗИУМ САБАҚТАРЫ

СИМПОЗИУМ САБАҚТАРЫ

СИМПОЗИУМ САБАҚТАРЫ
ашық дереккөзі
249

Соңғы санаулы жылдардың iшiнде қоғам өмiрiнiң барлық салаларында дерлiк терең, түбегейлi өзгерiстер орын алды. Бұл өз кезегiнде дiн мен дiни құбылыстардың өзiнде де терең өзгерiстерге алып келдi. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде өткен «Қазiргi әлемдегi ислам: даму барысы мен болашағы» атты халықаралық ғылыми симпозиумда осы жайттар сөз болды.

Еліміздегі діни бірлестіктер ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты нығайтуға үлес қосуда. Қазақ даласынан исі мұсылман әлемі мен түркі дүниесінің мәдениеті мен ғылымына, ойлау жүйесіне өзгерістер әкелген Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұн, Хұсаддин Сығанақи және т.б сынды ойшылдар шыққан. Қазақ даласынан шыққан ғұлама ғалымдар ислам әлемінің танымдық ойлау мәдениетіне, өмірлік мұраттарға қозғау салып, ислами жаңғыру мен рухани оянуы үдерісіне серпін берді. Елбасының ұсынысымен еліміз төрт құрлықтағы 57 мемлекетті біріктіретін Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету барысында бейбітшілік, ынтымақтастық және даму деген күллі ислам әлемі үшін ауадай қажет жасампаздық, тыныштық, ғылыми-техникалық прогресс, жаңару мен өркендеу ұстанымдарын ту еткені белгілі. Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлігі кеңесінің 38-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы ислам әлемі өркендеуінің негізінің бірі – бұл жаңа идеялардың алға жылжуына қабілетті интеллектуалдық элита тәрбиелеу және әлемдік деңгейдегі университеттерді ашу керектігін айтқан болатын. Сонымен бірге, мұсылман уммасы үшін дамудың шикізаттық бағытынан индустриялық-инновациялық бағытқа көшу маңызды болып отыр. Әлемде исламға қатысты болып жатқан жағдайлар мұсылман уммасының бір бөлігі ретінде Қазақстанды толғандырады. Ислам діні мен мәдениеті Қазақстандық қоғамда аса маңызды рөл атқарды. Ел халқының 70 пайызынан астамы мұсылман. Елімізде 2300-ден аса мешіттер, медреселер мен ислам оқу орындары жұмыс жасайды.

Симпозиумда қазіргі әлемдегі исламның өркендеуі, ислам елдерінің әлемдік қауымдастыққа интеграциялануы, мемлекет пен діннің арақатынасы, ислам әлеміндегі саясат пен экономиканың өзекті мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ, исламдағы қазіргі кезеңдегі ағымдар мен әлеуметтік-экономикалық модернизация үдерістері, жаңа жаһандық мүмкіндіктер мен қауіптер жағдайында ислам елдеріндегі мемлекет және азаматтық қоғам дамуының мүмкін сценарийлері мен модельдері, ислам әлеміндегі әлеуметтік қатынастарды үйлесімді өрбіту мен дағдарысты жағдайды жеңу модельдерін іздеу жолдары талқыға ұсынылып, пленарлық мәжіліс және «Қазіргі әлем және ислам», «Орта Азия аймағындағы ислам», «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық және мәдени жаңғыруындағы исламның рөлі», «Түркиядағы модернизациялық үдерістер және ислам» тақырыптарында секциялар жұмыс жасады.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары