«МЕН – ӨЛЕҢМІН, ӨЛЕҢДЕ КІНӘ БАР МА?!.»
«МЕН – ӨЛЕҢМІН, ӨЛЕҢДЕ КІНӘ БАР МА?!.»
Әрбір ақынның шығармашылығының жалпы өрісінен, оның лирикалық қаһарманының бейнесінен авторының тұлғалық бітім ерекшелігі, дүниеге деген көзқарасы мен психологиялық портреті менмұндалап тұратыны айқын. Роза Сейілхан замандасымыздың жырларын парақтағанда, оның өлеңдері таң шығындай мөлдір лиризмге, адами һәм шығармашылық еркіндікке мәңгі ынтызар жүрек лүпіліне, туған жерге тамыры байланған перзенттік махаббатқа, қаймағы бұзылмаған шұрайлы тіл мен көркем де кестелі тіркестерге мейлінше бай екеніне сүйсіндік. «Бүгінгі поэзия жанрында қалам тербеп жүрген ақын қыз-келіншектер жаны нәзік бола тұра, өмірді батыл әрі еркін жырлайды. Розаның өлеңдерінен де осындай шынайылық байқалып тұрады. Оның лирикадан пәлсапа туғыза алатындығы, ой-өрімдері мен ақындық, адами тағдырын өзіндік мұңымен өре білетіндігі қуантады» дейді ол туралы ақын ағасы Ғалым Жайлыбай.
Қызылсай
Қызылсай, қызыл өңір, қызыл құмдар,
Төріңді мекен еткен Қызырың бар.
Қайран сол, балалық шақ бақытты еді-ау,
Өзіңде қап кеткендей қызығым бар.
Қызылсай — қызыл мекен, қызыл арай,
Биікте саған тіпті қызығар Ай.
Үйірін көп бөкеннің қызықтаушы ем,
Қалған ба, енді соның ізі қалмай.
Қызылсай, қызыл алап, қызыл бәрі,
Суың бал, шөбің шүйгін, тұзың дәрі.
Жәудіреп топ киіктің жанарындай,
Көңілдің қиын болды бұзылғаны.
Жалғыз үй, жалғыз отар, жалғыз үміт,
Қарайтын күн күлімдеп, таң қызығып.
Білдім бе, білмедім-ау, сол бір сәттің,
Кетерін көз алдымнан мәңгі үзіліп.
Қызылсай, болдың арман,
Елесің бар,
Мен оны сүйіп өтем сенесің бе Ар!
Әкемді менен, сенен алып кеткен,
Өмірге өле өлгенше егесім бар.
Қызылсай, қызыл алап, қыналы сай,
Сол шақтың тәттісін-ай, тым алысы-ай.
Әкетіп бара жатыр екеумізді,
Өмірдің өзгермейтін бір ағысы-ай.
Қызылсай, сұрайыншы, күйің қалай?
Қоштасу өзіңменен қиын қалай.
Топ киік ол да кетті сені тастап,
Өзіңе жалғыздықтың бұйырғаны-ай.
***
Поэзиядағы әйел жаны таңырқатпай, тамсандырмай қоймайды. Алмағайып тағдырдан, бұралаңы көп өмірден өз жолын, өз болмысын іздеген, нәзік иығына әйелдік пен азаматтық жүгін қатар артқан ақын даусы… Махаббат пен ғадауатты жырлаған әйелдік ғазалдардың бір ғажабы, бала қолымен салынған риясыз суреттей көз тартып, тау бұлағындай сусаған жанның шөлін қандырардай.
Жарық әлем, мен саған шын құмармын,
Сүрінермін, құлап ап, бір тұрармын.
Жапырақтай сарғайып, күз келгенде,
Көктем келе қайтадан құлпырармын.
Мен өлеңмін, өлеңде кінә бар ма,
Жарық күннің жетелер шуағы алға.
Түсініксіз бір жәйтті жиі өткерем,
Көз көрмейтін кеткім кеп бір аралға.
Тамшыларын үйірді жанарға мұң,
Өзімді іздеп өзімнен таба алмадым.
Бақытымды бағамдай алмасам кеш,
Үмітімді жалғай гөр, ақ арманым.
Мен әйелмін, мұңаяр жабыққанда,
Қанатым жоқ қайтейін қалықтарға.
Мен ақынмын, шарасыз ақын жанын,
Не жетеді шіркін-ай, жары ұққанға.
***
Лирика – сағымдай сырғыған ғажайып бір сәтті қағаз бетінде қайта тірілтіп, мың құбылған дүниенің әзелгі көркемдігі мен жүрек шымырлатар тұмса сұлулығын қайта тани алатын ақынның ерек қасиеті десек болар. Бұл қасиет Розаның да қаламына қанат бітіргендей екен… Жан-жүрегін ақтарып, ғаламға жайып салуда, дүние сыры мен өзін-өзі тануда ақын қыз аянып қалмайды. Сезім мен парасат сүзгісінен өткен тұма жырды қағазға ақтару — ақындық мұраттың бір қыры болса, екінші қыры — оқырманының жан-дүниесін толқытып, өзі ауырған дерттің шоғын оның жүрегіне де түсіре білуі болса керек. Розаның өлеңдері бұл қасиеттен де ада емес.
Өзің едің кінәлі еткен мені,
Көрінбей-ақ кетіп ең көптен бері.
Сен екеуміз қоштасқан сол көктемнің,
Қаншама рет сарғайды көк көйлегі.
Болғандай-ақ бақытты мен де, сен де,
Күн өтуде сенсіз де, келмесең де.
Жамандыққа қимаймын неге екенін,
Ұрсып тұрып жеккөріп жерлесем де.
Бұл не сезім өзім де ұға алмаған,
Құлағымда ызыңдап жыларман ән.
Ендігәрі жолыңды күтпеймін деп,
Қайран сертім, алданған, мың алдаған.
Мен өмірге, өмір де құмар маған,
Сәттік күлкі, сәттік ой, мұнарлаған.
Сені биік қоюшы ем бәрінен де,
Ал биіктер көп екен шыға алмаған.
Жақсылықтар келер-ау еселеніп,
Бәрін, бәрін ұғындым өсе келіп.
Көк көйлегін кимеген көктем қанша,
Келген сайын төбемнен көше ме бұлт.
***
Жусанды топырағы мен әрбір бел-белесі балалық пен тазалығыңның белгісіндей болған — қайран ауыл!.. Розаның атамекен ауылға деген сағыныш-назы арман қуып, қалаға кеп орныққан әрбір дала баласының кеудесіндегі сезім қылдарын шертіп өтері сөзсіз…
Бара алмаймын ауылға,
Барар едім…
Бақытымды сол жақтан табар едім.
Бәлкім сонда от болып жанар едім,
Тамшы болып мөлтілдеп тамар едім.
Ағын судай тасып бір ағар едім.
Сырқаты көп анама,
Бауырға да,
Ініге де, сіңліге алаң едім.
Бара алмаймын ауылға
Барар едім…
Мен ауылда жүргенде Самал едім,
Алынбайтын мәңгілік Қамал едім.
Әлі сонда жүргенде кім біледі,
Періштеге өзімді балар едім.
Кінә тақпас ол үшін маған елім,
Бара алмаймын ауылға,
Барар едім.
Түк бергем жоқ, ауылға. Ауыл – маған
Өлең берді, бұрқаған, дауылдаған.
Жүрегіме от берді жалындаған,
Сезім берді ақылға бағынбаған.
Ауыл аман болсыншы
Тауым аман,
Ауылдағы аңқылдақ
Қауым аман.
Таудың қызы екенім рас болса,
Бір биікке шығармын,
Жанымда аман.
Мен бір бұлтпын,
Түнерсе жауындаған.
Жақсылығы көңілде арындаған.
Өз жерінде жүрсе де өгейсітіп,
Жүк көтеріп арқасы жауыр болған.
Жертөленің сызы өтіп кетсе дағы,
Төменшектеп тауы бір шағылмаған.
Сондадағы біреуге жағынбаған,
Сондадағы біреуге шағынбаған.
Білсеңдер ғой, білсеңдер
Ауылдастар!
Бүгін менің жерім жоқ ауырмаған.
Сендер бірақ білмей-ақ өтсе деп ем,
Ақын қыздың хәл-күйін ауырлаған,
Бара алмаймын ауылға
Барар едім…
***
Жалаң жарнамадан бойын аулақ ұстап, жарқылдақ пен дулы да шулы топтан саяқтау жүретін, қарапайым ақын қыздың жырлары осындай… Розаның жырларынан дауылдай буырқанып жатпаса да, теңіз түбіндегі ағыстардың шымыр иіріміндей тереңдікті, қоңыр мұңды тербеген қоңыр мінезді, әлемді жүрегімен құшуға даяр мейірім мен кеңдікті байқадық. Қаламдас қаракөзге өнер мұхитына сапар шеккен ақ кемесінің желкенін шабыттың самалы тербей берсін дегіміз келеді.