«БАТЫР БАЯНҒА» ГАННОВЕРДЕ КӨМЕКТЕСЕ МЕ?!

«БАТЫР БАЯНҒА» ГАННОВЕРДЕ КӨМЕКТЕСЕ МЕ?!

«БАТЫР БАЯНҒА» ГАННОВЕРДЕ КӨМЕКТЕСЕ МЕ?!
ашық дереккөзі
214

Жұмахан Әбдiқадыровтың есiмi көпшiлiк қауымға «Батыр Баян» фильмiмен танылды. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанының желiсi бойынша түсiрiлген бұл фильм әлi күнге кино экраннан түспей келедi.

Қазақ көрерменіне Баян боп таныл­ған жан осыдан бірнеше жыл бұрын шығар­машылық сапарда жүргенде жол-көлік апатына ұшырап, мүгедек болып қалған еді. Тағдырдың салғанына не шара?! Апаттан кейін, сахнада ойнай алмай қалған актер театрдан кетіп, Тараз қаласының ше­тіндегі автотұрақтардың біріне қарауыл боп қызметке орналасады.

Бұдан кейін де бірнеше рет сахнаға да оралып көрді. Бірақ апаттан қалған зардаптың орны жазылар болмады. Сынған сүйек болса, оның да икемге келер түрі жоқ. Бірнеше рет дәрігердің де алдын көрді. Емшіге де барды. Талай мәрте операция үстелінде де жатты. Баянның ендігі үміті – шетелдік дәрігерлерде. Шет елде ота жасатса, жазылып кетуге де мүмкіндігі бар екен.

Бұл жөнінде баспасөз беттерінде де жиі жазылды. Актердің басындағы жағдайдан хабардар болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында оған қажетті қаражатты бөлуге пәрмен беріпті. Аталмыш соманы актердің жанұясына Қазақстанның Тұңғыш Президенті қоры аударды.

Бұл жөнінде нақтырақ білгіміз келіп, актер Жұмахан Әбдіқадыровтың жары, талантты актриса Гүлшат Қыпшақоваға телефон шалған едік. Гүлшат апай қаржының бөлінгенін, ол үшін Елбасыға деген ал­ғы­сының шексіз екендігін жеткізді.

Бұған дейін де бір миллионға жуық қаржы жинақталған екен. Ол қаржыны аударуға Қазақстан театр қайраткерлері одағы себепкер болыпты. Одан бөлек, туыс-туғандар, дос-жаран көмек қолын соз­са керек. Олардан жиналған азғана қаржы Жұмахан ағаны шет елде емдеуге жетпеген соң, отандық дәрігерлердің көмегіне сүйенген екен.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Батыр Баян» фильмінің алғашқы дубльдері басталар кезде түсіру алаңына арнайы келіп, шығармашылық жұмысымызға ақ жол тілеген болатын, – дейді Гүлшат апай. – Елбасы үмітін режиссер де, актерлер де ақтады. Енді, міне, сол фильмдегі басты рөлді ойнаған Жұ­махан тағдыр тауқыметіне ұшы­рап, мүгедек болып қалған кезде Президент тағы да көмек қолын созып отыр. Бүгінде жұбайымның атына ашылған есеп-шотқа Президент қорынан 5 млн. теңге қаражат келіп түсті. Біз мұны қазақ театры мен кино өнеріне деген елдік қам­қорлық деп білеміз».

Әзірге Жұмахан ағаның көңіл күйі жақсы. «Елбасы өзі қолдап, қаржы бөлінгеннен кейін, көңілі марқайып жүр. Баспасөзге, телеарналарға деген алғысым шексіз. Бұ­қаралық ақпарат құралдары жабылып, Жұмаханның жағдайын айтып, мақала жазды, телеарналардан көрсетті. Солардың арқасында деп ойлаймын, Жұмаханның тағдыры Елбасының құлағына жетті», – дейді Гүлшат апай.

Денсаулық сақтау министрлігінен хабарласып, ағаның денсаулығына қатысты құжаттардың бәрін алдыртқан екен. Гүлшат апай: «Біздің негізгі арманымыз – Ганновер деген қалаға бару. Сол жақта білікті дәрігерлер бар. Дүниежүзіне әйгілі клиника да бар екен сонда. Қаншама адамдардың сонда барып, аяғынан тұрып кеткені туралы естіп жатырмыз. Мүмкін болса, сол Ганноверге барсақ деп ойлаймыз», – дейді.

Егер бұған жағдайлары келіп, әрі сол жақтан мықты дәрігерлер табылып жатса, Жұмахан ағаны алып баруға дайын екенін де айтады. Білікті дәрігерлердің көмегімен азаматы аяқтан тұрып жатса, Гүлшат апайдың қуанышында шек болмас еді. Әзірге құжаттар әзірлену үстінде. Дәрігерлерді іздеу жағын да ұмытқан жоқ. Ғаламтор арқылы білікті, білгір дәрігерлер іздеп, хабарласқысы келетінін де жасырмайды.

Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Ганновердегі атақты клиникадан дәрігерлер табылар болса, Жұмахан ағаның емделуіне де мүмкіндік болар еді. Талантты, дарынды азаматтың ендігі тағдыры білікті, білімді дәрігерлердің қолында.

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары