«ЭЙР АСТАНА» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНА — 10 ЖЫЛ

«ЭЙР АСТАНА» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНА — 10 ЖЫЛ

«ЭЙР АСТАНА» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНА — 10 ЖЫЛ
ашық дереккөзі
222

Осы уақыт аралығында компания екi жүз мыңнан астам рейс жасап, 16 миллионнан астам жолаушыны тасымалдаған. Елiмiздегi ең iрi әуе компаниясы өз қызметiнiң он жылдығына байланысты жаңа маршруттардың тұсауын кеспекшi.

Өткен жылы «Эйр Астана» әуе компаниясы Орталық Азияның бірнеше қалалары мен Ресейдің Самарасы және Грузия астанасы Тбилисиге жаңа рейстер ашқан болатын. Компания енді өз жолаушыларына тоғыз халықаралық бағытқа жаңа рейстерді ұсынуда. Сондай-ақ, биыл компания су жаңа 7 әуе кемесіне тапсырыс беріп отыр. Жаңа ұшақтар 16 сағатқа дейін созылатын рейстерді шектеусіз орындап, АҚШ, Австралия мен Африка мемлекеттеріне тоқтаусыз қатынауға мүмкіндік береді. Ал тәжірибе арттыру мақсатында «Эйр Астана» ұшқыштарын АҚШ пен Ирландиядағы арнайы колледждерде дайындық курстарынан өткізуде. Биыл тағы 60 ұшқышты шетелде оқыту мүмкіндігіне қол жеткізген.

«Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостердің айтуынша, компания соңғы он жыл ішінде мемлекеттік бюджетке 249,9 млн. АҚШ доллары сомасы мөлшерінде салық төлемдерін төлеген. «10 жыл авиация бизнесі үшін үлкен кезең емес. Дегенмен, осы 10 жылдың ішінде біз сенімді, әрі дүниежүзілік стандарттарға сәйкес әуе компаниясын құрдық. Біз өз жетістіктерімізді мақтан тұтамыз. Болашақта бұдан да биік белестерді бағындырып, жолаушыларымыздың көңілінен шығуға тырысамыз», – дейді ол.

Әрине, қазір қатынастың кез келген саласында тарифтер бағасы көтерілді. Тілші қауымы әуе компаниясы бұл мәселені қалай шешіп жатқандығы туралы сауал тастағанда, «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер мырза: «Әлемдік авиациялық индустрия авиа­отын бағасының шарықтауынан қаржылық дағдарысты кешуде. Сондықтан да қызметтер мен тарифтердің тамаша деңгейін ұсынатын әуе компаниялары ғана аман қалады. Соған қарамастан әуе компаниясы жаңа бағыттар ашуды жалғастыруда. Айта кету керек, «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшу бағасы басқа компанияларға қарағанда төмен әрі қауіпсіз» деп жауап берді.

Таяуда «Эйр Астана» әуе компаниясы 26 ұшаққа көбейді. Ағымдағы жылдың соңына дейін ұшақ өндірушілерден тағы екі Embraer 190, екі Airbus А321 және Airbus А320 ұшағы келеді деп күтілуде. Ал 2020 жылға дейін әуетасымалдаушы флоты 43 әуе кемесінен тұрады. Компанияның маркетинг және сату жөніндегі вице-президенті Ибрахим Жанлы елдің айтуынша, компания бүгінде әлемнің жүздеген халықаралық компанияларымен қоян-қолтық жұмыс істейді. Жаңа халықаралық әуе бағдарларының ашылуы туризм саласын, елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға серпін беріп, сондай-ақ, отандық әуежайлардың табысын ұлғайтуға мүмкіндік туғызатыны сөзсіз.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары