ТАБИҒАТҚА ТАБЫНАТЫН ЕЛ
ТАБИҒАТҚА ТАБЫНАТЫН ЕЛ
Осыдан 300 жылдан астам уақыт бұрын жапонның ұлы ақыны Мацуо Башио: «Табиғатпен үйлесiм тауып, жылдың төрт мезгiлiнен сұлулықты көре бiлген адамға ғана рухани кемелдiк пен жан көркемдiгi тән», – деп жазса, осыдан үлгi алған жапон халқының туған жерiн қастерлеп, қоршаған ортаны мейлiнше қамқорлыққа алатыны аңызға айналған. Қазақ жерiнiң, ту-талақайы шығып, жыл сайын өртке оранып жатқанын көру әрбiр ойлы адамға ауыр қасiрет. Осындайда баршамыз кiндiк кескен жерiн үнемi аялайтын жапон халқынан үлгi алсақ қой дегiмiз келедi.
Жеті мыңға жуық аралдан тұратын жапон архипелагының жалпы көлемі 378 000 шаршы шақырым. Бұл жер бетіндегі құрлықтың небары 0,3 пайызы болып табылады. Халықтың 98 пайызы Хоккайдо, Хоншю, Шикоку, Кюшю деген төрт ірі аралды мекендейді. Бұл төртеуі негізгі жер саналады. Төртеуінің арасын көпірлер мен су асты тоннельдері жалғап жатыр. Мысалы солтүстіктегі Хоккайдо мен Хоншюдің аралығын дүниежүзіндегі ең ұзын көлік тоннелі – Сэйкан байланыстырса, Хоншю мен Шикокуді Сэтонайкай (Ішкі жапон теңізі) арқылы өтетін үш ірі көпір қосады. Ал Хоншю мен Кюшюдің ортасында екі тоннель мен бір көпір бар. Жапония ертеден-ақ теңізге батқан аралдардың орнын толтыру мақсатында жер көлемін кеңейтудің бірегей технологиясын іске қосқан. Аз да болса үлкейген аралдардың арасында Нагасакидегі Дэдзима мен Токио шығанағына он жылда төселген Юмэношима бар. Жапондар жасанды аралдарды стадион, мұражай, жылыжай, бақтар салуға пайдаланады. Осакадағы Кансай әуежайы да теңіз үстіне төселген. Жапонияның жағаға жақын экономикалық аймағының ұзындығы 200 миль, дүниежүзі бойынша жетінші орынды иеленеді. Елдің жағаға жақын экономикалық аймағы өз территориясынан он есе үлкен. Жапонияның жағалау сызығы Англиямен салыстырғанда екі есе ұзын. Жеріне шығанақ, жартыаралдар мен жартасты жағалау тән күншығыс еліндегі биік таулардың көбісі Хоншю аралына шоғырланған. Ең үлкен теңіз бассейні саналатын Тынық мұхиттың Курошио ағысы Жапонияның оңтүстік жағалауын шайып жатыр. Оның жалғасы болып табылатын солтүстік Тынық мұхит ағысының су мөлшері секундына 50 миллион тонна болады. Жеріне жылына шамамен 600 миллиард тонна жаңбыр мен қар жауатын Жапония дүниежүзі бойынша жауын-шашын ең көп түсетін мемлекет ретінде белгілі. Тұз мөлшері өте аз жер асты сулары табиғи ауыз су ретінде пайдаланылады.Жапония – жер бетіндегі табиғаты бұзылмаған күйі сақталған санаулы елдің бірі. Жерінің 70 пайызы таза орманды алқап саналады. Оңтүстіктегі Окинава жағалауынан бастап, солтүстіктегі Хоккайдоның шетіне дейін мәңгілік жасыл ормандар көмкерген. Бұл жөнінен дүниежүзінде Финляндия мен Швециядан кейінгі үшінші орында тұр. Жапонияның орманды жерінің көлемі Ресеймен салыстырғанда екі есе үлкен. Бірақ өндіріске қажет ағаштың тек 20 пайызын ғана өз ішінен алады. Қалған 80 пайыз ағашты Америка, Канада, Ресейден сатып алады. Жапондар жасыл алқаптарды сақтап қалуға барынша тырысады. Ел аумағында үлкен кеңістікті алып жатқан, жалпы саны жиырма сегізге жететін ұлттық табиғи бақ бар. Әйгілі Фудзияма тауы «Фудзи-Хаконэ-Идзу» ұлттық табиғи бағының құрамына кіреді.
1950 жылы 400-ден астам ағашқа «Ұлттық табиғи ескерткіш» деген дәреже берілген. Көптеген ағаштарға жасы мен тарихи маңыздылығына байланысты ерекше қамқорлық жасалады. Оның ішінде Якушима аралындағы 3000 жылдан астам уақыттан бері тамырын кеңге жайған алып криптометрия бар. Бұл елде өсімдіктердің генетикалық қорын сақтап қалуға үлкен көңіл бөлінеді. Митодағы ботаникалық орталықта «Ұлттық табиғи ескерткіш» дәрежесіне ие атақты алпыс ағашқа қатысты генетикалық материал сақтаулы. Қазіргі таңда осы көрсеткішті екі есеге ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Кейінгі отыз жылда орманды алқаптар 41 пайызға ұлғайған. Жапон жерін аралағанда ғимараттар мен үйлер таудың үстінде емес, етегіндегі жарлауыт жерде салынғанын көруге болады. Қанша ұрпақ алмасса да қасындағы орман-тоғайға қол тигізбей, үйін жол жағасындағы тар жерден қозғамаған. Жеке мүддесі үшін кеңінен көсіліп, жасыл желекті отау әрекеттері мүлдем кездеспейді. «Таудағы ағашты орынсыз отапты» деген ақпаратты естімейсіз. Ормандардың 44 пайызын жылдам өсетін криптометрия алып жатыр. Бұл елде ауыл шаруашылық мақсатында орманды алқаптарды пайдалану көзделмеген. Егінін де атадан қалған алақандай жерге егеді. Үш жүз жыл бұрын жазылған егіншілік туралы ғылыми еңбек сақталған. Сондай көне кітаптар мен археологиялық деректер негізінде күріш, арпа, тары, бұршақ, шалқан, қияр, сұлы мен арпа жапондарға 30 мың жыл бұрынғы Дзйомон дәуірінде белгілі болғандығы анықталған. Арал халқы архипелаг климатына сай ауыл шаруашылығымен айналыса отырып, табиғатқа зиян тигізбеу, жерді тоздырмау мәселесін ұдайы есте ұстайды. Жапон жерінің 14 пайызы ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланылады. Солтүстіктің негізгі өнімі картоп болса, оңтүстігінде қант құрағы шығады. Жердің 1,6 пайызы ғана мал жайылымына арналған. Жапонияда Еуропа елдерімен салыстырғанда жайылым жерді өте тиімді пайдаланады. Мысалы, Швейцариядағыдай малды тауға айдамайды. Жапон тауларының етегін ну орман ағаш көмкеріп тұр. Мемлекеттік қорықтары, ұлттық табиғи бақтары, демалыс аймақтары көп бұл елде «Табиғатты қорғаудың жалпы ұлттық жүйесі» жасалған. 1946 жылғы жер реформасынан кейін өзге дәнді дақылдарға арналған егістік алқабы күрішке арналған жерден бөлініп берілді. 1950-1970 жылдар аралығында күріш көлемі 9,5 миллионнан 13 миллион тоннаға көбейген кезеңде де табиғи су көздері мен құнарлы жерлерге зияны тимеген. Бүгінде Жапония өз елінің күрішке деген сұранысын 102 пайызға өтеп отыр. Картоптың 85 пайызы, көкөністің 86 пайызы, жемістің 47 пайызы, еттің 56 пайызы, сүт өнімдерінің 72 пайызы, бидайдың 7 пайызы өз өнімі болып табылады. Жапонияда күріштің мыңнан астам түрі бар. Солтүстік шығыстағы Тоухоку күріші ең құнарлы саналады. Жапония теңіз жағасында отырса да, балықтың 40 пайызын сырттан алады. Балық қорын, теңіздегі өсімдіктер әлемін сақтап қалу үшін осындай қадамға барған Жапония қолдан балық өсіретін шаруашылықтардың санын арттыруда.«Гүлдiң ұлысы – Сакура, жiгiттің төресi – самурай» деген мақал бар. «Сакураның тарихы – самурайдың тарихы» деген нақылдың да мәнi ерекше. Жүздеген жыл бұрын самурайлар өз қолымен отырғызған сакура ағаштарын бүгінгі ұрпақтары аса маңызды табиғи мұра ретінде күтімге алған. Мысалы, көсем Сайго Такаморидiң (1827-1877) кезiндегi Киомидзудэра ғибадатханасы маңындағы сакура бағын атауға болады. Ежелгі Хэйан кезеңінде сакура гүлдегенде ел көсемдері Оукай (сакура кеңесi) деп аталатын мәжілісті мәуелеген бақта өткізгендігі туралы деректер бар. ХVII-ХIХ ғасырдағы Эдо дәуiрiнде өмір сүрген император Сакурамачидің халқын табиғатты қастерлеуге үндеген «Сакурамачиинбоучюгокайвака»,«Сакурамачиингошю», т.б. әдеби кiтаптары да сақталған. Оның сакураны сүйгенi соншалық, көктемде алқызыл сакура гүлдерiнен сарайы көрiнбейдi екен. Мемлекет қайраткерi Накаока Шинтароу (1838-1867) «Тоубакугононихон» деген стратегиялық еңбегiн Киотодағы Рйоудзэн ғибадатханасы маңындағы «Мэйдзи кезеңi» деген бақта жазған. Накаока Шинтароудың сүйегi аталмыш бақ орналасқан ғибадатханада деседі. Өмiр бойы сакураны жырлап өткен самурайдың бiрi – Хиджиката Тошидзоудың (1835-1869) «Тойотама хайкушю» деген жыр жинағындағы 41 хайкудың 30-ы көктем гүлiне арналған. Хишиката жырлаған атақты Маруяма тауындағы сакура бағы ХIХ ғасырдың соңындағы соғыстан кейiн қурап қалған екен. Сакураноишя (сакура дәрiгерi) деген атқа ие болған Сайноу Тоуэмон жаңадан көшеттер отырғызып, бақтың қайта гүлдеуi үшiн барын аямапты. «№15-шi сакура шырақшысы» ретiнде ел бiлген Сайноу Тоуэмонның сакурасы бүкіл Жапонияға белгілі.
«Адам табиғаттың әміршісі емес, оның бір бөлшегі. Сондықтан қоршаған ортаға құрметпен қарап, өсімдік атаулыны аялау керек» деген жапон танымындағы ұғымды ұлт болмысының әр қыры көрсетіп тұр. Жапон паспортының сыртқы бетіндегі хризантема таңбасынан бұл мемлекеттің табиғатты ерекше қастер тұтатыны байқалады. Император әулетінің де символы – ежелден қасиетті саналатын хризантема гүлі. Өсімдіктер әлемін киелі санау бағзыдан бастау алып, бүгінгі заманға дейін жалғасын тапқан. «Кокинвакашю», «Манъйошю» жыр жинақтарындағы табиғат сұлулығын бейнелейтін өлеңдер әр жапонның жүрегінде. Мың жыл бұрынғы «Макуроносоуши» кітабында Сэй Шйоунагон деген қаламгер жылдың әр мезгілінің көркемдігін суреттеп, қоршаған ортаны қадірлеп, кейінгі заманға бұзбай жеткізуді ұрпақтарға өсиет етсе, хайкудың атасы, жапон поэзиясының асқар тауы Мацуо Башйо (1644-1694) жазған мына жолдар да ұрпақтардың есінде: «Табиғатпен үйлесім тауып, жылдың төрт мезгілінен сұлулықты көре білген адамға ғана рухани кемелдік пен жан көркемдігі тән». Жапон философиясындағы Сэцугэкка (Қар, Ай, Гүл) ұстанымы ұлттық болмыстың айнасы екендігі шүбәсіз. Цукими – Аймен сырласу, юкими – қар қиыршықтарын тамашалау, ханами – сакура саясында бас қосу сияқты бүгінге дейін жалғасқан дәстүрлер күншығыс халқының табиғаттың қадір-қасиетін ұға білетін ел екендігін білдіреді. «Алмасқан жыл мезгілдерінің көркемдік белгісі болып табылатын Қар, Ай, Гүл жапон түсінігі бойынша жалпы сұлулықтың символы, яғни тау, өзен, шөп, ағаш пен сан-алуан табиғат құбылыстарының, адам сезімінің де символы болып табылады» деп, ХХ ғасырдың атақты жазушысы Кавабата Ясунари де жазған. Ақын Фудзиварано Тэйка 1214 жылы «Он екі айдың гүлдері мен құстары» деген өлеңдер циклын жарыққа шығарған. Ақын әр айға өсімдік пен құсты таңған. Өсімдік күнтізбесін жасаған Фудзиварано Тэйка табиғатты танудың көркемдік құпиясына бойлау хақында еңбектер жазған. Жапонияда табиғат сұлулығын ұқпайтын кісі тас жүрек саналып, ондай пенделерге сенім артуға болмайды деп есептейді. Табиғатты құрметтеудің айқын белгісі ретінде ресми хаттардың әр айға тән сәлем беру сөзімен басталатынын айтсақ та болады. Хат иесі жыл мезгіліне сәйкес хатты алушының ұжымына өркендеу мен гүлдену тілеген бейнелі тіркестермен бастап барып, негізгі мәселені баяндайды. Хаттың қандай түрі болса да табиғатпен байланысты сөздер жазылған үлгіні сақтайды. Ұлт мәдениетінің символдарының бірі – икэбана деп аталатын гүл безендіру рәсімі мен гүлзар бақтар қоршаған ортамен үйлесімділікте тіршілік етудің айқын көрінісі болған. Жапонияға 250 жылдық «жабық мемлекет» жүйесін орнатқан Токугава Йэясу шйогун (қолбасшы) мен одан кейінгі Хидэтада, Йэмицу сияқты көсемдер елдің гүлденуі жолында зор еңбек сіңірген. Бұл тұлғалардың тұсында ел астанасы Эдо (Токио) гүлді қалаға айналған. Алтын қағазға бейнеленген «Эдодзубйоубу» түрлі-түсті картасында камелия гүлі көмкерген император сарайы суреттелген. Шйогун бастаған әмірші даймйолар мен самурайлар ел шаһарларының сан-алуан гүлге тола болуын қадағалап, бау-бақша күтіміне саясаттан тыс уақытын бөлген. Бес жүз жыл бұрынғы гүл-гүл жайнаған Эдоның Канъэйдзи ғибадатханасының алды, Одзидегі Асукаяма, Токионың ортасынан ағып жатқан Сумида өзенінің жағалауы бүгінде көз тартады. Бұл аймақтарда сегізінші шйогун Токугава Йошимунэнің бұйрығымен отырғызылған сакура, жапон алхорысы, азалия, глициния әлі де жұпар шашып тұр. «Әр өсімдіктің Құдайы бар» дейтін күншығыс халқы алақандай жердің жерұйық болуы үшін аянбай еңбектенуде. Қай аймағына барсаңыз да тұп-тұнық көл, мөлдір бұлақ, қанша ғасыр өтсе де суы сарқылмаған, буырқанған өзен мен ну орманды көресіз. Жапон халқы өзен-көлдің таза сақталуына үлкен мән береді. Жапон қоғамына тән ұқыптылық пен тиянақтылықты суды таза ұстауынан да көреміз. Мысалы Жапонияның орталығындағы Шига префектурасында орналасқан ең үлкен көл Биваға құятын өзеннің бірі Хариэ-Окава Шинасахичйоу деген ауылдан ағып өтеді. Осы Хариэ өзенінің бастау суларын ел тұрмыста пайдаланады. Үйлер тығыз орналасқандықтан, су ауланың ішіне тартылған. Кейбір үйлерде бұлақ ас бөлмесінің ішінен ағып жатыр. Ауылдың жоғарғы тұрғындары төменгі жақтағы үйлерге бұлақ суы мөлдір күйінде жету үшін оның тазалығына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан бұлақ суы өзенге тұп-тұнық күйінде жетеді. Кір жуып, қоқыс төгіп жатқан ешкім жоқ. Хариэ суының тазалығы соншалық» балықтар еркін жүзіп жүр. Салқын бұлақты әрі ауыз су, әрі тоңазытқыш ретінде пайдаланатын ауыл әйелдері күн ыстықта таза ыдысқа салынған көкөністерін де салып қояды екен. Жапонияда су тартудың бұндай жүйесін кабата деп атайды. Бұлақ жағасынан тек тұнық суда ғана өсетін байкамо деген ақ гүлдерді көреміз. Кабатаның суын жергілікті зауыт сакэ өндірісіне, ал шаруалар күріш егістігіне де пайдаланды. Шаруашылықтар да азық-түлік өндірісіне Хариэнің бастауынан су алады. Жағада отырған 110 үй тіпті ыдыс жуған майлы суды да кабатаға төкпейді. Бұл ауыл қалдық майды сабын жасауға пайдаланады. Табиғат берген суды тұнық күйінде сақтап отырған Хариэ ауылы Жапониядағы ең үлкен көл Биваның таза болып қалуына осылайша үлес қосуда.Жуандығы 10 метр болатын кәрі ағаш Орталық Жапониядағы Гифу префектурасының Мотосу шаһарында жұпар шашып тұрғанына 1500 жылдан астам уақыт болыпты. Кәрі ағашқа қамқорлығын қашанда аямайтын жапондар 1949 жылы бұтақтары жерге салбырап, құлау алдында тұрған ағаштың тамырына жабайы жас сакураның тамырын қосады. Қайта бой түзеп, көктем туа ақшыл-қызғылт гүлдерін ашатын сакура аяқ астынан соққан тайфуннан қисайып қалады. Уно Чйо деген табиғат жанашырының бастамасымен жерге салбыраған бұтақтарға ағаш тіреуіштер қойылады. 1968 жылы он бес ғасырдың куәсі болған сакура айрықша күтімге алынады.
Асано Акихито деген қала тұрғыны 1994 жылдан бері осы сакураның қасынан шықпайды екен. Кәрі ағашты жеке күтімге алған мейірбан жан күн сайын бақ орналасқан Нэодани ауданына келіп, суғару, тіреуіштерді бекіту, топырақты құнарландыру жұмыстарын жүргізеді. Асано қыста қардан бұтақтар сынбау үшін арнайы демеуіш тростар іледі. Қасиетті ағашпен өз кәсібін байланыстырған фотосуреткер Фудзивара Хакурю бұл сакураны ең алғаш жеті жасында көріпті. «Ойнап жүріп, ағаштың тамырына жабайы жас сакураның тамырын қосып жатқанын көрдім. Жүрегімде осы ағашқа деген сезім пайда болды. Содан 15 жасымнан үздіксіз суретке түсірумен келемін», – дейді, «Ниппония» деген басылымға берген сұхбатында Фудзивара сан. Ол 1977 жылдан бастап сакураның әр бұтақ, күлтесіне дейін бақылап келеді. Эдо Хиган сакураларымен салыстырғанда бұл ағаштың әр бүршігінен алты гүл шығатынын байқаған. Суретшінің айтуынша, әр жеті жылда бір рет сакура өте көп гүл береді екен. Шілде айында сакураның келесі жылы қалай гүлдейтінін білетін Фудзивара сан түсірген суреттерінен ғылыми нәтижелер шығарады. Каллиграфиялық суреттерін қағаз орамға жазып отыратын көрінеді. Ағаштың бір күнгі жағдайын қағазға түсіріп, қасына күлтесінің суретін де салып қоятын жапон азаматы бүгінге дейін он орам (он том) қолжазба дайындапты. Он бірінші орамда 1500 жылдық тарихы бар сакураны жаһандық жылынумен байланыстыратын тұжырымдармен түйіндемек.Фудзивара сан мен Асано сан сияқты табиғат жанашырлары кәрі сакураны күтіп-баптап жатқанда, «Сантори холдинг» компаниясының Ботаникалық бағында ғалымдар көгілдір раушанды өсіре алмай әлек боп жатқан. Гүлдің жаңа түрін шығару оңай болмаса керек, бұл іспен генетик ғалымдар он төрт жыл бойы үздіксіз айналысыпты. «Көгілдір раушан» деген ұғым бұрыннан бар, бірақ ондай гүлдің қайда өсетінін ешкім білмеген. Шет ел ғалымдары қызғылт раушанның көгілдір түсті болуы үшін біраз әрекет еткенмен нәтиже шықпаған. Ал жапон ғалымдары ботаника тарихындағы бұндай жаңалықты генетикалық модификация көмегімен ашқан. Азық-түлік пен сусындар шығарумен айналысатын «Сантори холдингс» компаниясы өндіріске пайдалану үшін өсімдіктерді зерттеуді қолға алған. Микро ағзаларға қатысты биоинженерияны пайдаланатын компания ғалымдары гүлдің көгілдір түсті болуына ерекше мән берген. Раушан гүлінде көгілдір түс беретін дельфинидин пигментін тудыратын ген болмайтын көрінеді. 1991 жылы ғалымдар сәндік өсімдік шырайгүлдің (петуния) генін раушанға енгізеді. Бірақ гүл көгілдір боп шықпайды. 1996 жылы көбелекгүлдің көгілдір түсті генін қызғылт раушанға салады. Осындай ізденістердің нәтижесінде көгілдір раушан 2004 жылы жайқалып шығыпты. Таңғажайып раушан 2009 жылы сатыла бастайды. Мамандар раушанның жаңа түріне «Овация» (Орындалатын арман) деген атау тағыпты.
Әрине, ХХ ғасырдағы экологиялық ластану қаупі күншығысты айналып өтті деуге болмайды. Мэйдзи (1868-1912) кезеңінен басталған индустриализация экологиялық жүйенің бұзылуына әсер етті. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіру кезеңінде Жапония экологиясы бұзылған елдердің тізіміне енудің алдында тұрған. Ел Үкіметі қолға алған қатаң шаралардың нәтижесінде ластану деңгейі төмендеп, өндіріс қалдықтары азайды. Экологияны оңалту шаралары 1990 жылдарға дейін жалғасты. Жоғары деңгейдегі шен иелеріне де экологияға үлес қосу жөніндегі талаптар қойылған. Осыдан біраз жыл бұрын Токио мэрінің лауазымына қала экологиясын қалпына келтіретін ең тиімді жобаның авторы тағайындалған болатын.
1997 жылы Климаттың өзгеруі жөніндегі конвенцияға қатысушы мемлекеттердің конференциясы Жапонияның Киото қаласында өтті. Конференция нәтижесінде қабылданған Киото хаттамасының мақсаттарының бірі 2008-2012 жылдың аралығында дамыған және дамушы елдердің алты түрлі улы газдарды шығаруын азайту болатын. Жапония хаттаманы 2002 жылдың маусым айында ратификациялады. 1971 жылы құрылған Қоршаған орта жөніндегі басқарма 2001 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі болып құрылды. 1967 жылы қабылданған Қоршаған ортаның ластануын бақылау туралы негізгі заң табиғатқа қамқорлық жасау жауапкершілігін мемлекеттік мекемелерге жүктейді. Осы заң аясында мемлекеттік мекемелер қоршаған ортаның ластанбауы үшін іс-шаралар атқарады. 1993 жылы «Қоршаған ортаны қорғау туралы заң» күшіне енді. Бұл құжаттар мемлекеттік және халықаралық деңгейде ірі жобаларды жүзеге асыратын мекемелердің жауапкершілігін күшейтеді. Жапонияда 1990 жылдары қоқыс өртейтін пештен шыққан канцерогендік диоксинге қатысты қоғамдық наразылық туғаны белгілі. Осы оқиғадан соң жапон ғалымдары диоксиннің гормондық тепе-теңдікке зиян тигізетін химиялық улы зат екендігін тауып, нәтижесінде «Диоксиннің тарауымен болатын ластанудың алдын алу шаралары туралы заң» жасалды. 2000 жылдан бері қоқысты өңдеуге қатысты да заңдар қабылданды. Ең маңызды құжаттың бірі «Экологиялық бейімделген қоғам» туралы заң. Бұл заң негізінде қалдықтарды азайту көзделген. Бүгінде Жапония тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды өңдеуден алдыңғы орында келеді. Бұл елде қоқыс шығарудың да өз ережесі бар. Қоқыс урналары тамақ қалдықтарын, пластик бөтелкелерді және өртенетін заттарды тастауға арналып, бөлек-бөлек қойылған. Жапонияда азық-түлік, ораулар, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары мен автокөлік қалдықтарын өңдеудің көрсеткіші 1989 жылы 4,5 пайыз болса, 2000 жылы 14,3 пайыз болған. 1972 жылы шыққан «Табиғатты сақтау туралы заң» табиғи бақтарды қорғауға арналған. Су құстары мекендейтін көлдерді қорғауға алу үшін Жапония 1980 жылы Рамсар конвенциясына қол қойды. 1992 жылы әлемдік маңызы бар мәдени және табиғи мұраларды сақтау мақсатында «Дүниежүзілік мұралар конвенциясына» қосылған болатын. Жапонияның жасыл мемлекет болып қалуына мемлекеттік емес ұйымдар мен Жапон жабайы құстар қоғамы, Жапон табиғатты сақтау қоғамы сияқты мекемелердің үлесі зор.