354
«ШЕБЕР-2012»: ШЕБЕРЛІК ШЫҢЫНА БАСТАЙТЫН ЖОЛ
«ШЕБЕР-2012»: ШЕБЕРЛІК ШЫҢЫНА БАСТАЙТЫН ЖОЛ
Қазақы бояу, ұлттық болмыс, заманауи үдерiс пен жаңашылдық самалы ескен «Шебер-2012» байқауы ұлттық құндылықтарды келешек ұрпаққа аманат еттi.
Тарихи тағылымы мол шаралардың бiрi – ұлттық құндылықтарды насихаттауға негiзделген дүниелер. Алматыдағы Әбiлхан Қастеев атындағы Мемлекеттiк өнер мұражайында Қазақстанның «Шебер-2012» республикалық қолөнершiлер байқауының жеңiмпаздарын марапаттау рәсiмi өткiзiлдi. Этнографиялық және классикалық музыка концертін тыңдаған жұртшылық байқауда бақ сынаған отандық шеберлердің жұмыстары қойылған көрмені тамашалады. 2009 жылдан бері төртінші рет өткізіліп отырған «Шебер» байқауының ерекшелігі сол, еліміздегі қолөнер кәсібін дамытуға оң ықпал етіп, есімдері елге беймәлім дарынды қолөнершілерді іздеп табуға, оларға қолдау көрсету арқылы қазақстандық БАҚ-та насихат жұмыстарын жүргізеді. Бұл қазақы салт-дәстүр мен тұрмыс-тіршілікке негізделген ұлттық құндылықтарды қандастар санасында қайта жаңғыртуда таптырмас құрал екендігі анық. Негізі «Шебер» байқауы – «Our Heritage» қоғамдық қорының ҚР Мәдениет министрлігімен, UNESCO және Орталық Азиядағы «Еуразиялық қормен» серіктесе отырып, «Шеврон» компаниясының бастамасымен 2006 жылдан бері қолға алынған «Қазақстандағы қолөнер мен дәстүрлі кәсіпшілікті қайта жаңғырту» бағдарламасының бір бөлігі. Бағдарламаның нәтижесінде Қазақстанның алты облысынан қолөнерді қолдау мақсатындағы 7 үкіметтік емес ұйым мен Қазақстанның 2 қолөнершілер одағы құрылды. Еліміздегі және шет мемлекеттердегі қолөнершілер беделін арттырып, мәдени, рухани құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізуді көздейтін Қолөнершілер одағы үздіксіз дамуды мақсат етеді. «Қазақстандағы қолөнер мен дәстүрлі кәсіпшілікті қайта жаңғырту» бағдарламасы жүзеге асырылған алты жыл ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл туралы журналистер қауымымен ой бөліскен «Our Heritage» қоғамдық қорының президенті Айгүл Бекқұлова: «Өткенге көз жүгірте отырып, көп нәрсенің түбегейлі өзгергенін, қолөнершілер қауымының жаңа бетбұрысқа бағыт түзегенін байқаймыз. Күні кешеге дейін бір-бірімізді танымайтынбыз, ал бүгін бірімізді біріміз дос пейіл, жақтас көңіл және біртұтас дүниенің бір бөлшегі сезінеміз. Қарым-қатынас орнатып, кеңес сұрап, ортақ жоспарлар құруға деген талпыныс пайда болды. Бірліктің күшін сезіне бастадық. Ғаламдық мәселелерді бірге көтеріп, мемлекетпен келіссөздер жүргізуді қолға алдық Осының нәтижесінде Қазақстанның қолөнершілер одағы дүниеге келді», – дейді. «Шеврон» қолдау көрсеткен бұл бағдарламаның арқасында талай қыз-келіншек нәпақасын қолөнерден тауып отыр. Мәселен, «Шебер-2012» байқауы шеңберіндегі көрмеге бұйымдарын ала келгендердің бірі Тамара Кәпқызы апамыздың негізгі мамандығы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болса да қазіргі кәсібі – қолөнершілік. Құрақ көрпе, шәлі тоқу. «Кейінгі кездері адамдардың қолөнерге деген көзқарасы өзгерген. Оның қадірін түсінген. Қазір құрақ көрпелер матасына, көлеміне, жұмысы мен сапасына қарай бағаланады» деген Тамара апайдың айтуынша, бір көрпенің құны 10-15 мың теңгенің көлемінде екен. Қолөнершіліктің ішкі нарықтағы бәсекелестік мәселесіне тікелей қатысы бар екені анық. Күмістен авторлық эксклюзивтік зергерлік бұйымдарды жасаушы Икрамжан Рафиков базардағы Таиланд, Үндістан, Қытай, Италия мен Ресей өнімдерін отандық тұтынушылар аса жоғары бағаламайтынын айтады: «Кез келген бұйымды жасау үшін қазақы дәстүрді, салт пен тұрмыс-тіршілікті, қазақы менталитетті жете түсініп, сезіну қажет. Ол үшін қолөнершінің кіндік қаны Қазақ топырағында жатуы шарт. Біздің отандық бұйымдар шетелдік шеберлерге қарағанда құндылау. Басқа елдің бұйымдары көбінесе көп мөлшерде шығарады. Ал біздегілер – эксклюзивті заттар. Уақыт өткен сайын тұрақты тұтынушыларымыздың саны артып келеді». Икрамжан шебер бұйымдарды халықтың әлеуметтік деңгейіне қарай жасайды екен: «Қымбат адамдарға сыйлық жасағысы келетін немесе қаржылық жағдайы келетін клиенттерімізге арналған өнімдеріміз 50-75 мыңнан басталады. Алайда бұдан арзанырақ тұратын күміс жүзікті 5 мың теңге, сырғаны 5-8 мың теңге көлемінде сатып алуға болады». Семейдегі «Айша Бибі» мәдени орталығын басқаратын Боқпасарова Айман апа қазақы ою-өрнекті жастарға 10 жылдан бері үйретіп келе жатыр: «Біз әсіресе, жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне, құлақтары нашар еститін мүгедек балаларға үйретуге көбірек көңіл бөлеміз. Құрақ көрпеден бастап, «Шеврон» компаниясының бастамасы инновациялық тәсілмен киіз басу өнеріне көштік. Семейліктердің ұлттық қолөнерді үйренуге деген құлшынысы жоғары. Орта мектептердегі, жоғары оқу орындарындағы еңбек пәнінің мұғалімдері алдымен өздері игеріп алып, сосын шәкірттерін баулуда». Айман апаның айтуынша, сатылымға шығарылатын ересектер мен балаларға арналған киіз бұйымдары жоғары сұранысқа ие. Өйткені адам ағзасына пайдалылығы, жылылығы мен беріктігі тұтынушыларға ұнайды. Қолөнерші Нұргүл Дәлелханқызы 10 жыл бойы қыз-келіншектерге арналған сөмке, жіптен тоқылған киімдер мен бас киімдер т.б. жасаумен айналысыпты. Үш жыл бұрын бір орында тапжылмай отыратындықтан аяғы, кейде тізесі сырқырап ауыра бастағандықтан, аяққа жайлы да пайдалы әрі жайлы дүние іздейді. Таба алмағасын 100 пайыз таза қой жүнінен дайындалған жіптен аяқ киімді 6 ай бойы тоқуға кіріседі. Үйге киетін сүйретпелерден бастап әдемі шәркейлер, туфлилер мен қысқа қоныш етіктерді таза жіптен әрі қазақы оюлармен тіге бастаған Нұргүлдің де тұрақты клиенттері көбейіп келеді: «Өнімдеріміздің сапасы тапсырыс берушінің қалтасы мен қаржысына байланысты. Қымбат төлеген клиенттерімізге аяқ киім тігуде табанды, жіпті, оюды ең қымбатынан таңдаймыз». Сапаны жақсартуда Нұргүлдің қолданатын өз тәсілі бар. Мәселен, бұйымды иесіне тапсырғаннан кейін бірнеше уақыт өткенде қайта хабарласып, аяқ киімнің артықшылығы мен кемшілігін тізбектейді. Сынға құлағы түрік келіншектің табысқа жетуіне осы еңбекқорлығы оң ықпал еткені анық. Өйткені алды 10 мыңнан басталатын жіптен тоқылған етіктерін танымал адамдар мен бірге қалталылар, тіпті шет елдерге іссапарға шығатын дипломаттар көптеп сатып алады екен. Алғашқыда білетінін 500 қызға арзан ақшаға үйреткен ол іске бейімі бар жеті қызды қарамағына алып, тапсырыс бойынша өнім өндіруге кіріскен. Алматыда арнайы дүкені бар. Жүйке мен еңбекті талап ететін қолөнер заттары уақытты да талап етеді. Балалар мен ересектерге арнап киізден аяқ киімдер тігетін қолөнерші Үрира Жақыпова 1 бұйымға 3-4 күн кететінін айтады. «Шебер-2012» байқауын ұйымдастырушылардың айтуынша, отандық қолөнершілерден 193 өтініш түскен. Байқау жұмыстарын отандық өнертанушылар, суретшілер, UNESCO мен «Шеврон» компаниясының өкілдерінен құрылған арнайы комиссия сарапқа салған. Әділқазылар алқасының жұмыстарына атсалысу мақсатында германиялық зергер, қолөнер бұйымдарының дизайны бойынша халықаралық кеңесші, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған бірқатар қолданбалы өнер байқауларға әділқазылық етуші, World craft council кәсіби мүшесі Мартина Депмпф және АҚШ-тың Санта Фе қаласындағы Халықаралық халықтық кәсіпшілік жәрмеңкесінің үйлестірушісі Мэлин Оуэн арнайы шақырылыпты. Нәтижесінде, қолөнер бұйымдарының байқау талаптарына сай келген 29-ы ғана мәреге жетіпті. Сонымен, «Мұрагер» номинациясында – Жолаушы Тұрдығұлов, «Жоғарғы шеберлікте» – Гүлнар Қожамжарова, Болат Байбеков, Илья Казаков», «Асыл ұстаз» – Майра Нұрке, «Озат іскер» – Алмас Мұстафаев, «Жоғарғы сапа» – Татьяна Гусьева, «Жаңашылдық» — Мәлік Мұқанов, «Дарынды бастау» номинациясында Алмас Мұқажанов, Нұрғали Оспановтар жеңіске жетті. Есесіне, «Төлтумалық» номинациясы бойынша жүлдегер анықталған жоқ. Өйткені өтініш білдірген қолөнершілердің бірде бір еңбегі талапқа сай болмапты. Бәйгеде үздік келгендер Үндістандағы Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Бас ассамблеясына сапар шекпек. Аталған шараға Жер шарының түкпір-түкпірінен 800 қолөнерші қатысатын көрінеді. Сондай-ақ, шеберлердің салтанатты кешінде Ерікқали Көкенов пен Әбілхан Асылбай ұлттық қолөнердің ұмытылып кеткен әдістерін қайта жаңғыртқаны үшін марапаттау сыйлықтарын иеленді. Былтырғы байқаудың жеңімпаздары Малайзиядағы арнайы білім беру орталықтарында шеберлік сабақ алып қайтыпты. Малайзия, Шри-Ланка, Әзірбайжан, Тайвань, Үндістан, Австралия мен Тайландтан жиналған әріптестерімен бірге Куала-Лумпурдегі «Kraft Center» қолөнершілер орталығын, керамика, ағаштардан бұйым жасайтын шеберханаларды, қытай өнерінің антикварлық галереясын, малайзиялық «Tenmoku pottery» керамикалық бұйымдар дүкенін, халық қолөнершілігі музейін т.б. аралаған қазақстандық қолөнершілердің алған әсері мен үйренгендері көп. Тәжірибе алмасуды мақсат ететін «Шебер-2012» байқауының ұйымдастырушылары аталған шара шеңберінде шетелдік қонақ Мартина Демпфтің қатысуымен шеберлік сабақтарын өткізді. Былтырғы байқау барысындағы тренингтерде малайзиялық шебер, қолөнер бұйымдарының сапасы бойынша халықаралық сарапшы Эдрик Онг отандық қолөнершілерге кәсіби біліктілікті арттыруда бірқатар кеңестер беріпті. Мәселен, оның «тамыр-таныстан, туған-туыстан жаңа өнімдеріңізге баға беруді өтініңіз, пікірлер жинаңыз», «қолөнер бұйымдарына қатысты арнайы анықтама жасап, бұйымыңыздың шынайы бағасын салыстыру мен саралау арқылы бекітіңіз», «бөлшек саудаға өнімдеріңізді шығарғанда арасына жаңаларын да қосыңыз, бұл сұраныс деңгейін анықтайды», «сынға құлағыңыз түрік болсын, тұтынушыларға не ұнайтынын сын арқылы табыңыз» т.б. ақыл-кеңесіне қызықпағандар кемде-кем.Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ