ӨНЕР ҚҰРБАНДЫҚТЫ ҚАЛАЙДЫ ЕКЕН, —

ӨНЕР ҚҰРБАНДЫҚТЫ ҚАЛАЙДЫ ЕКЕН, —

ӨНЕР ҚҰРБАНДЫҚТЫ ҚАЛАЙДЫ ЕКЕН, —
ашық дереккөзі
293

дейдi Ж..Шанин атындағы Оңтүстiк Қазақстан облыстық драма театрының ардагер актрисасы Айша АБДУЛЛИНА.

Оңтүстiктiң аптапты ыстық күнi. Бiрақ жасыл желекке оранған шырайлы Шымкент қаласын әдемi бiр әуен баяу тербетiп тұрғандай. Iздеген мекен-жайымызды лезде тауып берген көлiк жүргiзушiге рахметiмiздi айтып, апамыздың үйiн бетке алдық.

Үшiншi қабатқа көтерiлiп, есiктi қақтық. «Бұл кiм« деген нәзiк үнмен есiктiң сылдырай ашылғаны да қосарлана шықты. Алдымызда өзiмiз iздеген, сәл еңкiш тартқан аққұба, әдемi әже. Жас кезiнде ұзын бойлы, аққұбаның әдемiсi болғаны көрiнiп-ақ тұр. «Сырлы қасықтың сыры кетсе де, сыны кетпеген». Бiздi төрге бастады.

– Әңгiменi шай үстiнде бастаймыз ба, жоқ әңгiме соңынан асықпай отырып iшемiз бе,– деп жылы шырайлана күлдi. Бiз өте асығыс екенiмiздi, кетерде нан ауыз тисек те жететiнiн айттық.

– Олай болмайды, мен етiн молдау ғып қуырма жасап қойдым, Үмiтхан келемiз деп ескерткен, (Үмiтхан Алтаева – «Оңтүстiк Қазақстанның» тiлшiсi) – деген Айша апамыз қолындағы аппақ орамалымен көз қиығын сүрте үстел басына жайғастық.

– Өткен жолы да арнайы iздеп келiп, жолыға алмай кеткем. Бiшкекке кетiпсiз, танысып-амандасудан басқа бұйымтай жоқ,– дедiм.

– Иә, Бiшкекте көзiмнiң ағы мен қарасындай жалғызым – Айгүлiм тұрады. Сонда болып қайттым. Дүниеде, мына жалғанда жалғыздықтан жаман ештеңе жоқ. Құдайға шүкiр, соның амандығын ғана Алладан жалбарына тiлеп, ғұмыр кешiп жатқан жағдай бар. Жас болса тоқсаннан асып барады. Жанымда сенiмдi ешкiм жоқ, «алып кетемiн, көшiрiп аламын» деп ол да қоймайды. Мен де көне қоймай жүрiп жатырмын. Барамын ғой, бармағанда не iстеймiн. Бiрақ…

Айша әжейдiң әжiмдi маңдайынан сәл-пәл дiрiл байқалып, иегi ендi болмаса кемсеңдей жөнелетiндей үнсiздiк орнады. Ойын бөлмеуге тырысып бiз отырмыз.

– Өзiм алматылықпын, қала жанындағы Талғар ауданының Қызыл Ту (қазiргi Белбұлақ) елдi-мекенi бар, сонда 18-жылдың ақпан айында дүниеге келiппiн. Жолдасым Қарқаралы жақтан, өнер тұнған Арқадан едi. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының екi жылдық студиясын бiтiрiп, 1947 жылы оңтүстiкке кеттiм. Өзiмнен екi жас үлкен ағайым болды, тiптi артист боламыз деген ойымыз да жоқ болатын. Күйсандықты керемет жақсы көрдiм, онда нақышына келтiре ән салу арман болды. Осы арман жетелеп, театр студиясына әкелген-дi. Қаладағы қазiргi Ахмет Байтұрсынов атындағы қазақ мектебiнiң түлегiмiн, емтихан тапсырдық, ән салдырды, қазақша өлеңдер оқытты. Қойшы, әйтеуiр, қабылдау емтихандарынан сүрiнбей өтiп, қабылдандым ғой. Бiрақ жасым толмағандықтан 1916 жылы туылған деп, құжаттарымды өзгертуге тура келдi. Ағайымды бiр жылдан кейiн Ленинградтағы театр училищесiне жiбердi де, мен қалып қойдым.

Сол жылдары драма театрдан опера бөлiндi де, Күләш апаларымыз сонда ауысты. Құрманбек, Қанабек, Күләштар нағыз өнер тарландары едi. Олар ауысып кеттi де, «әжептәуiр даусың бар, сен бiзге керексiң, Күләштардың орнын басатын кiсi керек», – деп менi қалдырды. Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмiрзақов, Серке Қожамқұлов сияқты өнер шеберлерiнiң мектебiнен өтiп, тәрбиелендiк.

Менi әжем асыраған. Екi ұл, бiр қыз шешемiзден ерте қалып, үлкен кiсiнiң тәрбиесiнде болдық. Әкем Төкебай iсмер- тiгiншi едi. Ол заманда ателье жоқ, ердiң де, әйелдiң де киiмдерiн тiгiп, ауыл-елге iсмерлiгiмен аты мәлiм болған. Менiң атым – Бибiғайша едi. Анам қатты сырқаттанып жатып: « Мен қайтқан соң, ер азамат қашанғы жүрер дейсiң, ұлдар ештеңе етпес, Бибiғайшаны өгей шешеге телмiртпей, алып кет», – деп әжеме берiп жiбередi. Бойжеттiк. Мектеп бiтiрдiк.

Содан 1937 жылы тұрмысқа шықтым. Ол кезде той жасау деген жоқ. Әйтеуiр, құда түсiп келдi. Қыстың күнi, екi жастық, екi көрпенi қол шанаға салып, алды да кеттi. Ол жылдардың тарихын өздерiң де бiлесiңдер ғой, бiраз уақыттан соң сол зұлмат бiздiң шаңырағымызға да жеттi. Жолдасым Әнуарбек өте бiлiмдi, мәдениеттi жiгiт едi. Ертерек Алматыға көшiп келген отбасының үлкен ұлын халық жауы деп ұстап әкеттi. Тағы бiр қайнағам да ұсталып кеттi. Оның әйелi екi баласымен бас сауғалап, Өзбекстан жаққа қашып кеттi. Күйеуiмдi жұмыстан шығарды, бiраз уақыт қамап, әбден тексерiп, түк таппаған соң босатты, әйтеуiр. Жұмыс жоқ. Енем, қайнағаларым, қайным, екi қарындасы бар, бәрiмiз бiр бөлмелi үйде тұрып жаттық. Театрдан үй бермейдi.

Өнер деген қашанда бәсеке, тартыс екенiн сол жылдары анық байқадым. Түр-сымбатың да, бойыңдағы қабiлет-қарымың да бар, бiрақ, көре алмаушылық, қызғаншақтық деген мысқылдап араға кiрген соң, қоғамның қай саласы болса да кертартпалық орнайды екен. Талай жыл еңбек етiп, пәтер ала алмауымның бiр шетi осында да жатыр. «Сен тұр, мен атайын» жiгiттер тұрғанда, бөтен ортадан күйеу табуымның өзi де бiраз жылдар жол байлау болып келдi. Осындай жағдайлардың кесiрi болды ма, әйтеуiр екеумiз ұзақ отаса алмадық. Ажырасып тындық…

Айша апайдың әңгiмесiн бұзғымыз келмесе де, уақыт шiркiннiң бұғауына бағынып қалған заман ғой. Асығыстық таныттық.

– Оңтүстiккке қалай келдiңiз,– деп көкейдегi сұрақты қойдық.

– Әлгi 1947 жылы драма театрында жүрген кезiмiз. Оңтүстiкте өнерiмен аты жер жарып тұрған сылқым да сұлу Жұмабике Серiкбаева деген актриса болды. Қазақ драматургтерi түгiл, сахналанған шет ел шығармаларын да керемет ойнайтын. Сол актриса аяғы ауыр болды да, бiр спектакльге мен шақырылдым. Ә.Әбiшевтiң «Достық пен махаббат» пьесасына шақырылдым. Бiр айға жiберiлгенмiн. Келдiм. Жасыратыны не бар, ол кезеңде театрдың әлеуметтiк жағдайы өте нашар. Киiмге, декорацияға қаржы табу үшiн бiрнеше ай гастрольге шығу керек болды. Осындай себептермен спектакль қойылмады, бiз ел, ауыл аралап, жолсапарға шықтық та кеттiк. Сөйтiп, бiр-екi айдан соң ғана сахналанды.

Сол бойы осы өңiрде қалып қойдым. Кейiн әжем мен қызымды көшіріп алдым. Алғаш келген кезде қонақүйде болдым да, атақты Жұмат Шаниннiң iнiсi Әкiш, әйелi Мәкiш, баласы Қасымхан: «Қонақүйде не iстейсiң, бiздiң үйден де орын табылар», – деп көшiрiп алды. Аядай ғана бөлме. Көңiлдерi кең, пейiлдi азаматтар едi. Одан театрда қызмет iстейтiн Мұхамедияров ағамыз шақырып, сол үйдi паналадық. Кейiн пәтер алдым да, тұрақтап қалып қойдым.

– Күләш апай қандай кiсi едi? Шәкен аға қандай едi?

– 1944 жылы майданға өнер сапарымен бiрге бардық. Әскери машина – сахнамыз. Жауынгерлердiң көңiлдерiн көтерiп, елдiң сәлемiн ән-биiмiзбен жеткiзiп бағамыз. Күләш жаратылысынан ерекше сәнi мен әнi келiскен керiм, әйел затының әдемiсi, көрiктiсi едi. Мiнезi қандай, жiбектей сызылып тұратын-ды. Маған көзқарасы тым өзгеше болды. Операға ауысып кеткен соң, «Еңлiк-Кебектi« мен еншiлеп қалдым. Алғашқы рөлiм де осы болды. Алғаш сахнаға шығатын күнi қасымнан бiр елi қалмай, көп демеу жасады. «Көйлегiңдi көп ұстай берме, көрермендерге қарама, қорықпа», – деп сахнадағы жүрiс-тұрысыма дейiн бақылап, жөн сiлтеген. Шекспирдiң, Бальзактың, Гогольдiң шығармаларында басты-басты рөлдердi сомдадым. Қазақ әдебиетiнiң классиктерiнiң дүниелерiн де шығардық қой. Алпыс жасыма дейiн қазақ драматургиясындағы қыз-келiншектердiң бәрiн ойнадым. Тоқсан жасқа жеткенше сахнадан кетпей жүрдiм ғой. Әлдекiмдер сияқты режиссерлерге де өкпем жоқ. Ал режиссерлiгiнен гөрi актерлiгi мықты болатын Шәкеннiң. Қалжыңбас, әзiлқой, өзiне жарасымды едi. Қазақ өнерiнде өзiндiк орны бар, осынау асыл азаматтармен бiрге сахналас болу, қатар жүрiп-тұру үлкен мектеп болды бiзге. Шәкенмен көптеген жолсапарларда бiрге болдық. Айтары жоқ, тума талант, әңгiмешiл, сырбаз да сымбатты кiсi едi. Көпшiл, ұйымшыл, жанындағыларды әдемi әзiлiмен баурап, үйiрiп әкететiн-дi.

– Өзiңiз айтпақшы, ол тұстары сахна мектебi әбден қалыптасқан, биiк деңгейде болды ғой, сахна мәдениетi болды. Қазiр ше?

– Кейiнгi толқында, көңiлдерiне келмесiн, үйренейiн, осылардан бiлiп алайын дегеннен гөрi өзiмшiлдiк басымдау ма деп қаламын. Аналарының құрсағында жатып бәрiн бiлiп- көрiп келгендей тоқмейiлсу, менмендiк қасиеттер басым. Әрине, бүгiнде алпыс-жетпiстiң маңайындағыларда iшкi мәдениеттiң жоғалмағаны, үлкен өнер шеберлерiнiң алдын көргендерi байқалып тұрады. Бiздiң өкшемiздi қуып келе жатқан толқыннан мұндай өрескелдiк байқалмайды.

Бүгiнде осы бiр ибалы толқынның актер-актрисалары өзiмдi күн сайын болмаса да, апта аралатып iздеп келiп, өздерiне шақырып, жалғызсыратпайды. Кез келген мереке-жиындарына алып кетiп жатады. Театрмен байланыс, Құдайға шүкiр, үзiлген жоқ. Басқосу сайын жүрiп жатқан спектакльдер жайлы ой-пiкiрiмiздi бөлiсiп, ортаға салып отырамыз. Айжан, Раушан, Күлшат, Құпия сынды актрисалар жиi iздеп тұрады. Олар талантты, қабiлеттi. Адами қасиеттерi жоғары.

Таетрға облыс басшылығы тарапынан да жасалып жатқан қамқорлық ерекше. Драма театры мен опера театрының кейiнгi жастарына жатақхана типтес пәтерлер бөлдi. Қазiр жағдай әлдеқайда жақсарды ғой. Оның үстiне, театр басшылығында да бiлiмдi, бiлгiр азаматтар отыр. Бастарбек Пiрiмбетов көпшiл, ұйымшыл басшы. Ерғали Оразымбетов сияқты мықты режиссерлер бар. Ақсақал Қалмырзаев, Сапар Өтемiсов, Ошат Рахимовтар – театрдың бүгiнгi ақсақалдары. Алда театрымыздың 80 жылдығы келе жатыр.

– Жаныңызға жақын немесе көңiлiңiзге қаяу түсiрген кейiпкерлерiңiз бар ма?

– Кейiпкерлерiмнiң бәрiне жатсынбай, жасандылықсыз табиғи енуге тырыстым. Кез-келген пьесаны оқып-танысқан соң, қай жерде, қай қалада жүрсем де сомдайтын кейiпкерiме ұқсас жандарды iздей жүретiнмiн. Бiреудiң күлгенi, ендi бiреудiң жүрiс-тұрысы, сөйлеу мәнерi дегендей, адам адамға ұқсай бередi ғой. Өзiм танитындардың да бойынан ұқсастық iздеп, үнемi iзденiс үстiнде жүремiн. Сондықтан болар, бәрiне бiрдей қарағандықтан образдарым өзiме жақын болды. Осыдан бiрнеше жыл бұрын «Бақытсыз кемпiр» деген клипқа түстiм. Келiсуiн келiсiп алдым да, соңынан қатты ауырдым. Өзiмнiң замандастарымды, қарттар үйiнiң тұрғындарын көрiп, олардың жүздерiнiң жабырқағандарын, көздерiндегi мұңды көрiп, жүрегiм ауырды.

– Алғашқы режиссерiңiз жайлы айтыңызшы…

– Ғайнижамал Хайруллина деген қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш режиссер болды. Керемет талапшыл, қатал, өз шаруасына берiлген тиянақты едi. «Шоқанды» қойды. «Жазықсыз айыптыларда» өзi сомдаған кемпiр бейнесiн маған бердi. Бальзактың «Өгей шешесiнде» ойнадым. Ғайниға дублёр болдым. Жұмабике тағы да аяғы ауыр, қызды ойнайтын адам жоқ. Мен екеуiн қалай қатар алып жүремiн. Содан кейiн жасанды түсiк жасатып, Жұмабикенiң өзi қызды алып шықты ғой. Осындай да оқиғалар бастан өткен. Ол кезде жастықпен бiлiп те жатқан жоқпыз. Қазiр ойласам, өнер құрбандықты қажет етедi екен. Сахна үшiн осындай құрбандыққа бару дегенiңiз, тек қана өнерге өлермендiкпен қарайтын нағыз талант иелерiнiң қолынан ғана келедi…

Елуiншi жылдары ғана театрға көлiк, онда да кәдiмгi жүк таситын мәшина берiлдi ғой. Ал оған дейiн шанамен де, атпен де гастрольге шыққан кездерiмiздiң өзi талай хикая. Бiр жер қабылдаса, екiншi бiр ауыл қабылдамайды. Қабылдаған күнде де қайбiр жағдайлары келiсiп отыр дейсiң, бiз түгiл өздерi iшетiн ас-сулары тапшы. Әсiресе, қыстың күндерi декорация жамылғыларды жамылып, бүрсең қаққан кездерiмiз де болған. Сонда деймiн-ау, жағдай талғамаймыз. Спектакльдерiмiздi қойып, сауық-сайранмен жүре беремiз. Жалпы, үлкен қалалардағыдай емес, облыс театрлары әлi күнге шейiн жанкештi тiрлiк жасап келедi десем, артық айтқандық емес.

– Апа, тоқсаннан асқан адамға ұқсамайсыз, жетпiстi де қимас едiм… Өзiңiздiң асылдығыңыз ба, әлде өнердiң құдiретi ме екен?

– Қайдағы, мыжырайып-ақ қалдық қой. (Күлiп алды. Ақжарылқап күлкiнiң ар жағында өткенге деген қимастық, сағыныш тұнып тұрғанын байқау аса қиынға соқпас едi).

– Осы жасыма дейiн кiсiнiң алдын кесiп, не ғайбаттап өсек айтып, бiреудiң жанын жаралаған емеспiн. Көре алмаушылық көрiп жүрсем де, солардың бiрде-бреуiне жамандық ойламаған жанмын. Жан-дүниең жақсылықпен салтанат құрғанда адам жақсы тұрмыс, жақсы ғұмыр кешер деп топшылаймын. Тағдырым оңай болған жоқ. Кәрi әже, жетiм баланы ешкiмге жаутаңдатпаймын деп тiстелеп жүрiп жеткiздiм. Өмiрде болсын, өнерде болсын жалғыздық дегенiңiз, әсiресе, әйелдiң жалғызбастылығы қай кезде де оңай болмаған. Ол мейлi бiр бала тапсын, жоқ он бала тәрбиелесiн, ананың аты ана. Сол қасиеттi атқа кiр түсiрмей, адалдықтан аттап кетпей, арың мен жүзiңдi таза сақтағанда ғана қоршаған ортаңа да қадiр-қасиетiң болады. Көпшiлмiн. Қолымдағыны бөлiп жегендi жақсы көремiн.

Үш немерем мен төрт шөберем бар, барым да нарым да солар. Көшiрiп алғылары келедi. Ал мен қимаймын, тiптi кеткiм жоқ…

Иә, көптен көңiлiмiзде жүрген актрисаны көрiп, әңгiмесiн тыңдап, марқайып қалдық. Әппақ жүзiндегi әжiм сызықтары, өзi айтқандай, тағдырының аса оңай болмағанын дәлелдеп, тереңдей түскен секiлдi. Сырлы да құнды жылдарының оңтүстiк өңiрiнде өткенiн, өнерден тапқан ләззаты театрмен екi ортада әлi де салтанат құрып тұрғанын, көш басын Бiшкекке бұрса, солардан ажырап қалатынын ойласа, әдемi жүзiнiң көлеңкесi сәл-пәл қалыңдай түседi екен. Өскен орта, өскен өңiр… «Тiршiлiгiмнiң сәнi мен мәнiне айналған бұл өңiрдi қиып кету оңайға соқпаса да, көш басын жанымның жалғыз жалауы болған Айгүлiме, қас-қабағымды бағып отырған күйеубалаға, ендiгi қызығы мен шыжығы – немереден тараған шөбереге асықпағанда не iстеймiн», – дедi тағы да қимастық ұялаған Айша анамыз бiзбен жылы қоштасып тұрып. – Мүмкiн, Ыстықкөлге де iздеп келер күн туар, – дедiк бiз де ана көңiлiн жұбатып…

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ, газеттiң арнаулы тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары