МҮГЕДЕК БАЛА. МЕШЕЛ МЕДИЦИНА
МҮГЕДЕК БАЛА. МЕШЕЛ МЕДИЦИНА
Сүндетке отырам деп соры қайнап қалған 5 жасар балақайдың келер күнi бұлыңғыр. Күтпеген жерден мүгедек атанған бүлдiршiнге шет елде ота жасалуы тиiс. Бiрақ ол сәттi өткен күннiң өзiнде бала белсiздiкке ұшырап, ұрпақ сүйе алмай қалуы әбден мүмкiн.
Ислам дінін қабылдаған қарағандылық бір отандас өзімен бірге 5 жастағы екі егіз ұлын да сүндетке отырғызуды көздейді. Бірақ бұл бастаманың соңы ақ халаттылардың кесірінен опық жегізген жайтқа ұласты. Отандық телеарналардың біріне сұхбат берген баланың анасы: «Хирург бізге ештеңе айтқан жоқ. «Баланың бір жерін бүлдіріп алдым» деді де, «Жедел жәрдем» шақырды. Сөйтсек, дәрігер баламның «шүметейінің» басын түгел кесіп алған екен» дейді. Дәрігерлер кесіліп қалған мүшенің бөлігін орнына қайта тіккенмен, ота нәтижесіз болды. Осы оқиғаға байланысты өз ісіне жауапкершіліксіз қараған дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанмен, «абайсызда болған жайт» деп табылып, іс жабылды, дәрігерге сот кешірім жасады.
Осылайша, сүндетке отырғысы келген бес жасар балақай дәрігердің кесірінен мүгедек боп қалды. Сап-сау баланы Айдың, Күннің аманында мүгедек еткен дәрігер тек сыйақы мен екі айлық жалақыдан қағылыпты. Артық қылам деп жүріп тыртық қылған әріптестерін аурухананың басшылығы да қорғаштап бағуда. Қарағанды қаласындағы №4 емхана директорының орынбасары Маргарита Засухинаның: «Ол – сауатты маман, тәжірибелі хирург. Бұл – біздің емханадағы бірінші оқиға. Кез келген дәрігер қателіктерге бой алдыруы мүмкін» деп ақталуы, оның онша селт етпеуі бізді шынымен-ақ таң қалдырады. Желкілдеген көк құрақты көктей солдырған, мүгедек еткен дәрігердің жұмысын алаңсыз жалғастыруға моральдық тұрғыда құқығы бар ма? «Қолыммен істегенді мойныммен көтеремін» деп өз еркімен отставкаға кетуге оның батылы неге жетпеді? Сәтсіз өткен операцияның салдарынан белсіздікке ұшырап, ұрпақсыз қалу қаупі төнген бүлдіршіннің кейінгі тағдыры не болмақ? Анасының айтуынша, жарақат жазылудың орнына уақыт өткен сайын ушығып бара жатқан көрінеді. Ауруы жанына батқан ол қазір ақ халаттыларды көрсе, берекесі қашып, айқайға басады екен. «Бала бойында психологиялық ауытқушылықтар пайда болуы мүмкін. Ал кейін өсіп, ержеткенде белсіздікке ұшырап, бала сүймей қалуы мүмкін», – деп мәлімдеген уролог маман Николай Скрыль қамыққан ата-ананың көңілін одан сайын алаңдатып отыр. «Баланың денсаулығын түзеу үшін Түркияға барып 10 мың доллардың көлеміндегі қаражатқа ота жасату керек» деген олар әлгі дәрігер еңбек ететін аурухананың үстінен сотқа шағым түсіріп, Түркиядағы отаға қажетті соманы ауруханадан өндіріп алуды көздейді. Тағдыры осылайша кенеттен тәлкекке түскен жас шыбықтың келер күні қандай болары беймәлім.
Өкінішке қарай, дәрігерлерге қатысты немқұрайдылықтар мен келеңсіздіктер қарағандылық балақаймен бітпейді. 2011 жылдың желтоқсанында Алматыдағы №1 Жедел медициналық жәрдемнің Н.Өпекова деген дәрігері тірі нәрестені өлі деп тауып, жарық дүниенің есігін енді ашқан қызылшақаны жер қойнына беруге асығыпты. Анығында, үйінде босанып қалған аяғы ауыр әйелдің шала туған шақалағын «өліп қалды» деп, баланы пакетке салып, әкесінің қолына ұстатқан. Бірақ жаны жаралы әке сәбиінің тамыры бүлкілдеп әлсіз ғана соғып жатқанын байқап қалып, дереу ауруханаға асығыпты. Бірнеше күн бойы ауруханадағы темір төсекке таңылған сәби әупіріммен аман қалды. Ал әлгі «Жедел жәрдем» дәрігерінің үстінен тәртіптік және әкімшілік шаралар бойынша жаза қолданылып, ол жұмысынан қуылды.
Міндеттерін «аттың жалында, түйенің қомында» орындайтын кейбір ақ халаттыларға қатысты тағы бір сорақылық, Алматыда туберкулездің ауыр түріне шалдыққан бір азаматты дәрігерлер 1 ай бойы сергелдеңге салған. Мамандардың айтуынша, осы бір айдың ішінде әлгі отандас кем дегенде 10-15 адамға туберкулез жұқтыруы әбден мүмкін. Негізі заң бойынша еліміздегі кез келген емхана өкпе дертіне шалдыққандарды жасына, жынысына немесе тұрғылықты жеріне қарамастан, тегін қабылдауға міндетті. Алайда ауруға ұшыраған азаматқа дәрігердің қабылдауында болғаны үшін ақша төлеткен. Ол аз болғандай, тексеруден кейін оны тұрғылықты тіркелген жеріне, яғни Жезқазғанға жолдаған. Өкпесінен кінәрат табылған әлгі азаматты «Аман-саулық» ҚҚ-ның көмегінің арқасында тегін медициналық тексеруден өткізген дәрігерлер жақын маңдағы ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерге орналастырыпты. Бірақ қолында барлық тексеру нәтижелері бар және өкпе дертінің ауыр түріне шалдыққаны анық көрсетілген құжаттардың барлығына қарамастан, азаматты ауруханаға қабылдаудан бас тартқан осы диспансердің қабылдау бөліміндегі дәрігер жауапқа тартылған жоқ. Есесіне, туберкулездің ашық түріне шалдыққан науқас қоғамдық көлікте бір ай бойы сенделуге, анығы, сау адамдарға жұқтыруға мәжбүр болды. Тағы бір сорақылық, Алматыда бірнеше айдан бері сот есігін тоздырумен жүрген ақтөбелік 7 ана «қатерлі ісікпен ауыратын балаларымыз дәрігерлердің кесірінен С гепатитіне шалдықты» дейді. Республикалық Қан орталығы қызметкерлерінің үстінен сотқа шағым түсіргендер балаларына келтірілген залалды 10 млн. теңгеге бағалап отыр. Медицинада «мейірімді қанішер» деп атаған С гепатиті адамды байқатпай өлтіреді. Бауыр рагіне шалдыққандардың көпшілігіне осы дерт себеп. Сотқа шағымданғандардың арызы сот тарапынан қанағаттандырылған жоқ. Себебі «дәрігерлердің кінәсін дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз және Қан орталығы тарапынан ешқандай заң бұзушылық жіберілмеген». Құқық қорғау органдарына қайта шағымданған аналар «ақтөбелік 7 баланың бір мезгілде С гепатитіне ұшырауы мүмкін емес әрі бұл ауру тұрмыстық жағдайда жұқпайды, тек қан құю арқылы ғана енеді» деп отыр. Қан құю мәселесінде жиі қылаң беретін даулардың соңы кейде сан соқтыратын жағдайларға әкелетіні белгілі. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын қан құюда жіберілген кемшіліктер салдарынан Оңтүстік Қазақстан облысында бірнеше қатерлі ауыр, ХХ ғасыр дерті – ВИЧ/СПИД-ке шалдыққаны белгілі. Балалардың кейбірі бүгінде өмірімен қоштасқан, ал кейбірінің кейінгі тағдыры не болары белгісіз.
Біз келтірген дәлелдер – отандық медицина саласындағы былықтардың бір бөлшегі ғана. Гиппократқа ант беріп, адамдар денсаулығын аялауға міндетті ақ халаттылардың басым бөлігі жемқорлыққа белшеден батуы, параға әбден құнығуы, жұмыстарына жауапкершіліксіз қарауы, талай адамның тағдырын тәлкек етуі қынжылтады бізді.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ