ОРАЛМАНДАРДЫҢ ОБАЛЫНА ҚАЛЫП ЖҮРМЕЙМІЗ БЕ?
ОРАЛМАНДАРДЫҢ ОБАЛЫНА ҚАЛЫП ЖҮРМЕЙМІЗ БЕ?
Зұлмат жылдарда қуғын-сүргiнге ұшырап, елiн тастап босып кеткен қандастарымыздың тарихи Отанына керi қайтып жатқанына да 20 жылдың жүзi болыпты. Деректерге сүйенсек, тәуелсiздiк алғалы берi елiмiзге келген оралмандардың саны 850 мыңға жуықтаған. Бiрақ бұл нақты сан емес. Қазақстанда қанша оралман бар деген сауалға статистика мамандарының өздерi де мардымды жауап бере алмайтын көрiнедi.
Соңғы кездері «қазақ көші тоқтап қалды, келушілердің легі азая бастады» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Мұның себебін көші-қон саясатының тыңғылықты түрде дұрыс жоспарланбағанынан іздеу керек сияқты. Шын мәнінде, тарихи Отанына оралуға әзір отырған қандастарымыз шетелде әлі де көп дейді білетіндер. Ал еліміздің көші-қон саясатында көзге ұрып тұрған кемшіліктер аз емес. Құжат алудағы кедергілер мен қиындықтар, шетелден көшіп келген жоғары білімді азаматтың өз Отанына келгенде алған білімінің кәдеге аспай қалуы, шаруашылық жүргізуге, жеке кәсіппен айналысуға жағдай жасалмауы.
Үкіметтің 2011 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен 2011-2014 жылдары жыл сайын 10 мың отбасыға квота бөлінеді деп бекітілген болатын. Үкімет енді бұл қаулыны кері қайтарып алыпты. Осыған сәйкес оралмандарға берілетін квота белгілі бір мерзімге дейін тоқтатылған. Шымкент қаласына көшіп келген бірталай қандастарымыз осы мәселеге байланысты қатты алаңдаушылық білдіріп, көші-қон полициясының алдын айналшықтап жүр. Олардың білгісі келетіні мемлекет қолдау көрсетіп, оралман ретінде квота бөле ме, жоқ па деген сұрақтың жауабы. «Тарихи Отанымызды аңсап келгенде осылай тағдырдың тәлкегіне салып қойғандары несі»,– деген реніштері де жоқ емес.
«Квотаны беруде де тиісті орындар неше түрлі қитұрқылықтарға барады» дейді оралмандар. Шыны керек, қай жерде мол ақша жүреді, сол жерде жемқорлықтың да қанат жая бастайтыны ешкімге жасырын емес сияқты. Расымен де, көші-қон саласын жемқорлықтан алыс дей қою қиын. Бұған оралмандар арасындағы әңгіме мен еліміздің әрбір өңірлерінде қолға түсіп жатқан көші-қон полицейлері мен делдалдардың істері куә. Бұл жағдай айтылып та, жазылып та жүр. Әсіресе квота алуға ниеттілерге «көмектесеміз» деген желеумен екі арада жүретін делдалдардың барын ешкім жоққа шығара қоймас.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанға көшіп келген оралмандардың басым бөлігі ОҚО-ға қоныс тепкен. Былтыр өңірімізге 15000 оралман келсе, биылғы 4-5 айда олардың саны 3000-ға жетіпті. Барлығы да облысымызда тіркеліп, оралман мәртебесіне ие болған. Дегенмен «мәртебелі» қандастарымыз еліне келіп өгей ұлдың күйін кешетін кезі де бар. Олар Отанына келерде осы квотаны алып, жағдайын жақсартып алмаса да, ең болмағанда үйлі-жайлы боламыз ғой деп белді бекем буып келетіні белгілі. Келгенде алдынан күтіп тұрғаны мына жағдай. Осыдан кейін алыстағы ағайындарымызды өкпелетіп алмаймыз ба деген сұрақ туындайды.
Оралмандарға қатысты қиындық тек квота мәселесімен ғана шектеліп тұрған жоқ. Еліміздегі қағазбастылық та олардың әбден ығырын шығарған. Шеттегі қазақтар елімізге келіп тіркеуге тұрып, Қазақстан азаматтығына қол жеткізу үшін бас-аяғы бір жыл уақытын жұмсайды екен. Егер елдегі осындай бюрократия қандастардың қанын осылай «қайната» берсе, осыдан кейін мұнда кім келеді?
Мәселен 1954 жылы атақонысынан ауып, тар жол тайғақ кешуден өткен қазақтар Түркияға барғанда, жергілікті билік органдары қандастарымыздың құжаттарын еш қиындықсыз рәсімдеп берген екен. Басқа жеңілдіктерді айтпағанның өзінде, оларға қоғамдық көліктерде тегін жүруге де жағдай жасапты. Арнайы бейімдеу орталықтарын ашып қоюы да үлкен көмек болғаны анық. Сондай бауырмал Түркия елінен оралған қандастарымыз Қазақстанға келіп, мұндағы қағазбастылық «жүйеге» таңғалатынын айтады. Қазақстанның Түркия мемлекетіндей көмек көрсете алмауы, расында да, қатты қынжылтады.
Жасыратыны жоқ, шеттен келген ағайындарды орыстілді жерлестеріміз «орысша білмейсіңдер» деп айыптайтын көрінеді. Онысымен қоймай, жұмыс та ұсынбайды екен. Осындай жағдайға тап болған кейбіреулер кері қайтып кетіп жатқанға ұқсайды… Себеп сол, қағазбастылықтан ығыр болған.
Айтса айтқандай-ақ аталмыш қағазбастылықтан тек оралмандар емес, жергілікті халықтың да әбден ығыры шыққан. Әсіресе Халыққа қызмет көрсету орталығына барған сайын жүйкеңнің жүндей түтілетіні бар. Жап-жас қыздар отырып алып, бір қағазға он рет жүгіртеді. Оның үстіне не орысша, не қазақша жақсы сөйлей алмайтын қыздардың мінездері түйеден түскендей, шетінен дөрекі. Осындайда «халықпен жұмыс жасайтын қызметкерлерге бақылау, түсіндіру жұмыстары неге жүргізілмейді екен ?», – деп налисың.
«Елім» деп келгенде өзекке тепкен кейбір қандастарымыздың тірлігі мен сөздері жаныңды осылай қинайды. Шақырарымызды шақырып алып, жатжұрттан келген, жергілікті жердің заңынан, өмір сүру дағдысы мен әдет-ғұрпынан хабары аздау қарадомалақтарымызға қырын қарағанымыз иманды еліміз, қонақжай қазағымыз үшін ұятты-ақ жағдай. Онсыз да тақырға шыққан қамыстай аз қазақтың санын көбейте алмай жатқанда Отанын сағынып келген, елін аңсап келген оралман бауырды тентіретіп қойғанымыз саналылыққа жатпаса керек. Оралмандардың мәселесін шешетін шен-шекпенділер бұдан былай олардың обалын көбірек ойласа екен деп тілейміз.
Сіз не дейсіз?
Уәзира Артықбаева,
оралман:
– Мына көші-қон полициясына күнде келеміз. Бар үмітіміз осы квотаға тіреліп отыр. Қазақстанға былтыр көшіп келгенбіз. Сол уақыттан бері квота ала алмай сандалып жүрміз. Отбасымның бар арманы Қазақстанның азаматы атану. Пәтер жалдап, көрінгеннің босағасын сағалап, ілінген жұмысты істеп, күнімізді әзер көріп отырмыз. Күйеуім мүгедек. Жағдайымыз бұдан әрі қалай боларын ойласам мазам қашады.
Балтабек Абылаев,
ОҚО ІІД көші-қон полициясының бастығы:
– Квота қашан бөлінеді деген сұраққа келсек, ол қазір уақытша тоқтатылып отыр. Неге екенін айтайын. Квотаны облыстар бойынша дұрыс бөлу мәселесі Үкіметте қайта қаралып жатыр. Қарап біткен соң ғана біз осы мәселеге қатысты нақты жұмыс істеуге кірісеміз.
Оңтүстік Қазақстан облысы