ОРАЛМАН МӘРТЕБЕСІ БІР ЖЫЛҒА ЖАРАМДЫ

ОРАЛМАН МӘРТЕБЕСІ БІР ЖЫЛҒА ЖАРАМДЫ

ОРАЛМАН МӘРТЕБЕСІ БІР ЖЫЛҒА ЖАРАМДЫ
ашық дереккөзі
358

Редакциямызға хат жазған өзбекстандық Әметов Әли, 2011 жылы қараша айында Қарақалпақстаннан отбасымен көшіп келгендігін айтады: «Менің 2 ұлым және 1 қызым отбасымен Қазақстан азаматтары. Ал жұбайым екеуміз және 1 қызым Өзбекстан азаматымыз. Осы үшеумізге Қазақстан азаматтығына құжаттарымызды қабылдамай жатыр.Себебі белгісіз. Бізге Өзбекстан елшілігінен Өзбекстан азаматтығын тоқтату туралы анықтамасын алыңдар деген қосымша талап қойды. Осы талап орынды ма? Ұлтымыз қазақ. Осы мәселені қалай шешемін? Кімге хабарласуым қажет?» делінген хатта. Біз осыған орай, оралмандар мәселесін жан-жақты терең талдау мақсатында Алматы қалалық Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ержан Алтаевты әңгімеге тартқан едік.

– Ержан Нұрсұлтанұлы, 2011 жылдың қараша айынан бастап Қазақстан Рес­публикасы оралмандардың азаматтық алуын біршама күрделендіріп жіберген еді. Қазіргі бізге жетіп жатқан әңгімеге қарағанда, ол мәселе шешімін тапқан секілді. Осы жайында түсіндіріп бересіз бе?

– 2010 жылдың соңына қарай Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін реформалауға байланысты оралмандар мен босқындар, Қазақстаннан баспана іздеушілер ісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен Ішкі істер министрлігіне өткізілді. Бұл жұмысты кімнің реттейтініне қарамастан, оның тоқтатылған заңнамалық нормалар негізінде жүзеге асырылатынын еске салғым келеді.

Бүгінде тарихи мекеніне оралған этникалық қазақтар бірінші кезекте оралман мәртебесін, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға және көші-қон квотасына қол жеткізіп, еңбекке орналасуға мүдделі.

ҚР Президентінің 2011 жылдың 22 шілдесіндегі Жарлығы бойынша «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңа редакциясына қол қойылды. Осыған орай оралмандармен жұмыс істеуде де біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. «Оралман» түсінігінің өзі кеңейтілді. Оралман – Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін шет мемлекеттерде тұрақты тұрып келген, Қазақстанға тұрақты тұру мақсатында қоныс аударған этникалық қазақ. Демек, шетелден қоныс аударған қазақ, тиісті тәртіптер негізінде мәртебесін анықтап, соған сай куәлікке қол жеткізген адам оралман болып саналады.

Оралман мәртебесін алу үшін отағасы немесе отбасының кәмелет жасқа толған бір мүшесі Көші-қон полициясы басқармасына өтініш жасай алады. Өтінішпен қоса, өмірбаян, өтініш иесінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарының (төлқұжат, кәмелетке толмаған балаларының туу туралы куәлігі), төмендегі құжаттардың: некеде тұрғаны туралы куәліктің немесе ажырасқаны туралы куәліктің, аттестат, диплом, әскери билет немесе еңбек кітапшасының (оралман мәртебесін алуға сай ма, жоқ па, соны анықтау үшін көрсетіледі) көшірмесі қоса тапсырылады. Өтініш иесінің және оның отбасы мүшелерінің мәліметтері «Оралман» электронды базасы арқылы тексеріледі. Бұл оның Қазақстанның басқа да өңірлерінде тіркелген, тіркелмегенін анықтау үшін қажет. Егер, оның басқа өңірлерде тіркелгендігі анықталатын болса, екінші тіркеуге алынбайды. Ондай жағдайда өтініш беруші құжаттарын бұған дейін өткізген жерден жаңа тіркелу орнына ауыстыру жөнінде Көші-қон полициясы басқармасына өтініш бере алады. Өтініш беруші керекті құжаттарды қажетті деңгейде өткізе алмаған жағдайда ғана қабылданбайды.

Оралман куәлігі отбасындағы әрбір кәмелетке толған мүшеге беріледі. Кәмелетке толмаған балалары өтініш берушінің куәлігіне тіркеледі.

Оралман мәртебесі тек бір жылға ғана жарамды. Оралман және оның отбасы мүшелері тарихи отанына тұрақты тұру мақсатында келгенін ескере отырып, олар бір жылдың ішінде жеңілдетілген түрде құжаттарын Қазақстан Республикасы азаматтығын алуға өткізу керек. Егер бір жыл ішінде оралман мәртебесінде болған азамат Қазақстан Респуб­ликасы азаматтығын алуға өтініш білдірмесе, оның оралман мәртебесі тоқтатылады да, жай этникалық қазақ дәрежесінде қалады. «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңа редакциясында этникалық қазақ ретінде, бұл – шетелдерде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адам деп анықталған. ҚР территориясына келген этникалық қазақтар есеп-шотында 1 миллионнан астам қаржы бөлу қажет делінген жалпыға бірдей таралған міндеттен босатылады және ҚР азаматтығын жеңілдетілген түрде алуына құқығы бар.

ҚР азаматтығын жеңілдетілген түрде алу дегеніміз – олар басқа шетел азаматтары секілді Қазақстан аумағында бес жыл тұрақты тұруға міндетті емес.

– Ал, келген елінің азаматтығынан шық­қа­ны жөнінде анықтама талап етілетін болды деп еді. Бұл мәселе шешімін тапты ма?

– Алматы қаласына келген этникалық қазақ және оның отбасы мүшелері ҚР азаматтығын алу үшін тіркелген жеріне орай аудандық көші-қон полициясы бөлімшелеріне бара алады. 2011 жы­­лы Алматы қаласы бойынша ҚР азаматтығын 1503 шетел азаматы қабылдаса, соның – 59­3 -і­ оралмандар. 2012 жылдың басынан бері – 10 оралман азаматтығын қабылдады. Оның – 5-і Қырғызстаннан, 5-і Ресейден. Азаматтықты қабылдаған оралмандардың санының бұлай азаюы – 2011 жылдың тамыз айынан «ҚР азаматтығы туралы» заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға орай, оралмандарға ҚР азаматтығы жеңілдетілген түрде беріледі, алайда келген елінің азаматтығынан шыққаны жөнінде анықтама талап етілетін болды. Бұл үлкен қиындыққа душар етті. 2012 жылдың 27 сәуірінде Елбасы «ҚР жемқорлық құқық бұзушылыққа жол беретін әртүрлі заңнамалық актілер мен нормалардың арасындағы қайшылықтарды болдырмау мақсатында кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» №15-V заңына қол қойды.

Бұл заң аясында «ҚР азаматтығы туралы» заңға да өзгертулер енгізіліп, этникалық қазақтар мен олардың ұрпақтары үшін қажетті құжаттар қатарынан келген елінің азаматтығынан шыққаны жайлы анықтаманы көрсету туралы талап сызылып тасталды. Енді этникалық қазақтар келген елінің азаматтығынан шыққаны жайлы анықтаманы әкелмей-ақ, құжаттарын өткізе алады. Өтініш үш ай бойы қаралады. Үш айдың ішінде оралман азаматтыққа қабылданған, қабылданбағаны жайлы жауап ала алады.

– Ержан Нұрсұлтанұлы, сүйінші ақпаратыңыз үшін рахмет! Бұл оралмандарды қуантып тастайтын болды. Сондай-ақ, жақында ІІМ оралмандарға бөлінетін көші-қон квотасының тоқтатылғанын мәлімдегені белгілі. Оралмандарға берілетін жәрдемақы осымен тоқтатыла ма? «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы жайында түсіндіре кетсеңіз…

– «Халықтың көші-қоны» туралы заң бойынша, көші-қон квотасы – ҚР Үкіметі анықтаған заңдық нормалар негізінде әлеуметтік көмек көрсетілетін оралман отбасылардың саны. Көші-қон квотасы ең алғаш 1993 жылы енгізілді. Бұл квотаға енген отбасылар мемлекеттің қолдауына ие болды. Соңғы жылдары жыл сайын тоқтатылып келген көші-қон квотасы орындалмай келді. 2011 жылы республика бойынша, көші-қон квотасы тек 40 пайызға ғана орындалды. Алматы қаласы бойынша – 46 пайыз. 2012 жылы ҚР үкіметі көші-қон квотасын тоқтатты. Қазіргі сәтте Үкімет оралман отбасыларына көрсетілетін әлеуметтік кепілдендірілген жәрдемақының механизмін анықтап жатыр. Бәлкім, бұл мәселеде шет мемлекеттердің іс-тәжірибесіне терең бойлау қажет секілді.

Сонымен қоса, оралмандар «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатыса алады. Бұл бағдарламаның мақсаты – халықты өнімді және тұрақты еңбекпен қамту арқылы олардың өмір сүру деңгейін көтере алады. Бұл бағдарламаның басты мақсаттарының бірі – атаулы әлеуметтік көмек көрсету.

Бұл бағдарлама аясында мемлекеттік қолдаудың төмендегідей түрлері көрсетіледі: оқу мәселелері жөнінде кеңес, еңбекке орналастыру, психологиялық бейімдеу, кәсіби деңгейін көтеруге арналған курстарда тегін оқыту, оқуға материалдық көмек беру, мамандығына сай келетін жұмыс орындарын іздеу, жұмысқа орналасуына көмектесу, сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесіне жіберу, жас­тар тәжірибесіне жіберілген жастардың еңбекақысын төлеу.

Жұмыс іздеуші, әлеуметтік жәрдемақыға мұқтаж, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысуды қалайтын оралмандар, толығырақ мәлімет алу үшін Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығына (телефондары: 291-03-12, 2-91-73-30) хабарласуына болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары