739
ҰЛТТЫҚ РӘМІЗДЕРДІ ҰЛЫҚТАУ
ҰЛТТЫҚ РӘМІЗДЕРДІ ҰЛЫҚТАУ
Соңғы кезде әнұранымыз бен туымызды қорлап, аяқасты ету деректерi жиiлеп кеткенi рас. «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң» демекшi, бүкiл әлем алдында масқара болған кезiмiз – Кувейтте өткен нысананы көздеу жарысында спортшы Мария Дмитриенконың әрекетi едi. «Борат» фильмiндегi «қазақстандық әнұран» деп көрсетiлген сайқымазақ әуен ойналғанда әлгi спортшымыз бақыттан басы айналғаны соншалық, қолын кеудесiне қойған күйi әуендi тапжылмай тыңдап тұрған бейнесi көз алдымыздан кеткен жоқ.
Бұдан бұрын Францияда өткен жарыста еліміздің ескі әнұраны ойналса, Қостанай облысында бір шарада әнұранның орнына шетелдік әнші Рикки Мартиннің әні қойылып, шарасыздық күй кештірген болатын. Ол ол ма, Атырау облысында қандастарымыздың тумен күл-қоқыс тасып жүргендерін де көріп, бетіміз күйген. Адам жанына патриоттық рух беретін негізгі идеологияның қайнар көзі – рәміздер емес пе?! Ендеше неге елімізде мемлекеттік рәміздер мен нышандарға деген құрмет төмендеп барады? Жасыратыны жоқ, біз бұған дейін бұл мәселеге ұсақ-түйек ретінде ғана қарап келгеніміз рас. Егер Кувейтте әлгіндей сорақы көрініс болмағанда, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде жүре беретін бе едік, кім білсін?! Дүйім жұрт алдында мазақ еткен әнұран үкімет мүшелерінің де қам-қарекет етуіне итермелеген сияқты. Тіпті, Туризм және спорт агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев бұдан былай спортшылардың әнұранды жатқа білуі керектігін және Лондонда өтетін олимпиадада бұл мәселеге мұқият болатындығын айтқан болатын. «Әрине, қазақша білмейтіндерге әнұранды жаттаудың қиын екендігін түсінемін. Бірақ та екі шумағын жаттап алуға болады ғой. Лондонға аттанардан бұрын спортшыларымыздың әнұранды қаншалықты білетіндігін тексеру үшін тест өткіземіз. Адамгершілік кодексінде туды қалай құрметтеу және өзіңді қалай ұстау жөнінде нақты жазылған. Ал егер әнұранның орнына басқа әуен қойылса, қолды кеудеден алып, жаттықтырушылар дереу қарсылық білдіріп, тоқтатуға күш салуы керек», – деді Талғат Ермегияев. Шын мәнінде, әнұранның орнына кез келген әуенді ойнату біріншіден, жарысты ұйымдастырушылардың кінәсі, екіншіден, өз мемлекетінің әнұранын жатқа білмейтін спортшылар мен жаттықтырушылардың өрескел кемшілігі. Егер спорттық сайыста топ жарып, Қазақстанның атын асқақтатып жүрген ұлтжанды спортшы болса, мұндай сорақылыққа шыдай алмас еді. Бар кілтипан – еліміздің атынан әлемдік аренаға шығып жүрген басқа ұлт өкілдерінің әнұранды білуге және оны айтуға деген құштарлығының жоқтығында жатыр. Әрине, Кувейттегі жағдайдан кейін Азия олимпиадалық кеңесінің президенті шейх Аль-Сабах ресми түрде кешірім сұрады. Тіпті нысана көздеу бойынша Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Галина Корчмаға сөгіс те жарияланды. Бір өкініштісі, Туризм және спорт агенттігі әу баста спортшылардың әнұранды білуін қатаң қадағаласа, барша жұрт алдында мынадай ұятқа қалмайтын ба едік. Бұл біздің жоғары биліктің мемлекетшілдік санаға деген көзқарасын аңғартса керек. Лондон олимпиадасы да таяп қалды. Әлгіндей бейбастық әрекеттерден кейін алдағы байрақты бәсекеде спортшыларымыздың аузына құм құйып, үнсіз тұруы тіптен ұят. Олардың әнұранға деген құрметін сол кезде байқайтын боламыз. Біраз дауға айналған мемлекеттік рәміздер мәселесін Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл мырза да көтеріп, Үкімет басшысына, Мемлекеттік хатшы мен Бас прокурорға депутаттық сауал жолдаған-ды. Ол Талдықорған қаласындағы облыс әкімдігі мен Атыраудағы облыстық Көлік прокуратурасы мекемесінің маңайын жинаған топтың мемлекеттік Тумен қоқыс төккеніне намыстан жарылардай болғанын айтып, Азия ойындарында Тудың аяқ астында тапталғаны, Қостанайда Әнұран орнына Рикки Мартиннің әнінің қойылып кетуі, Кувейттегі жарыстың марапаттау рәсімінде әлдебіреудің сайқымазағы айтылғаны сияқты ұяттылау жайттарды тәтпіштеп тізіп берген. Сондай-ақ депутат «Қылмыстық кодекстің» 317-бабында ҚР мемлекеттік Туын, мемлекеттік Елтаңбасын немесе Әнұранын қорлау 200 айлық есептік көрсеткіш пен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе бір жылға дейінгі бас бостандығынан шектеуге жазаланады делінген. Бұл күлкілі мәселе. «Сондықтан 2013 жылы «Қылмыстық кодексін» жаңарту үрдісінде ең бірінші кезекте 317-баптағы қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуымыз керек» деген болатын. ҰЛТТЫҚ РӘМІЗДІ ҚОРЛАСАҢ, САЗАЙЫҢДЫ ТАРТАСЫҢ! Мемлекеттік рәміздердің осылайша қорлануы Парламент депутаттарына қос жаңа заңның жобасын мақұлдауға түрткі болды. Биыл еліміздің мемлекеттік рәміздерінің қабылдануының мерейтойлық жылы. Осыдан 20 жыл бұрын 4 маусымда Елбасы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы және Әнұранының тұңғыш рет заңнамалық мәртебесін айқындайтын Заңға қол қойды. Осы мерейтой қарсаңында үлкен қолдауға ие болған құжат күшіне енген күннен бастап еліміздің мемлекеттік рәміздерін қорлағандар қатаң жазаға тартылатын болады. «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының бастапқы жобасында екі бірдей жаңалық болған. Ол – «Мемлекеттік Туды және Мемлекеттік Елтаңбаны дайындау қызметін лицензиялауды жою». Бұған қарсы болған депутаттар бұл норманың алынуына айтарлықтай күш салды. Себебі, лицензиялауды алып тастаған жағдайда стандарттар сақталмай, мемлекеттік рәміздерді жасауда салғырттық танытушылар көбейеді. Сондықтан да депутаттар мемлекеттік рәміздерді дайындау қызметін лицензиялауды шарттауды көздейтін түзетулер енгізді. Ал конституциялық Заң жобасының екінші жаңалығы – жеке нотариустардың мөрлерінде бұдан былай міндетті түрде Елтаңбаның болуы. Тіпті, елтаңбалы мөр өзіміздің ғана емес, шетел азаматтарының құжаттарында да тұруы тиіс. Жаңа Заңға сәйкес, стандартты бұзғандарға ең төменгі жалақының 1-ден 500-ге дейінгі көлемінде айыппұл салынады. Ал мемлекеттік нышандар мен рәміздерге байланысты стандарттарды қадаламаған жағдайда жеке тұлғаларға ең төменгі жалақының 50 есеге дейін, ал ұйымдарға 500 есеге дейінгі көлемінде айыппұл салынбақ. Мемлекеттік нышандар стандартын бұрмалағандарға қолданылатын жазаның ең ауыр түрі – бір жылға дейін бас бостандығынан айыру. Айта кететін бір жәйт – Қазақстанның рәміздер мен мемлекеттік нышандары көбінесе Қытайда жасалады. Ақша үнемдегісі келетін мекемелер кейде сол елдің арзан қызметіне жүгінуі де мүмкін. Сондай жағдайда Қытай жағы рәміздеріміз бен нышандарымызға сәйкес стандарттарды сырып қойса, қайтпекпіз? Мемлекеттік рәміздердің ұлттық стандартқа сай келуін қадағалау Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің құзырында. Қазіргі кезде бұған дейінгі қолданыстағы рәміздер мен нышандардың қалай жасалғаны, оның стандартқа сәйкестігі жаппай тексеріліп жатыр. Ұлттық рәміздің қорлануы – ұлттық намыстың қорлануы. Қазақ халқы Тәуелсіздіктің нышандарын көздің қарашығындай сақтауы керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар – халқымыздың мақтанышы, ең киелі құндылығымыз. Ендеше, бұдан былай біздің ұлттық рәміздерді ешкімнің де қорлауға қақысы жоқ!Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ