АРМАН ОРЫНДАЛАР КҮН КЕЛЕР

АРМАН ОРЫНДАЛАР КҮН КЕЛЕР

АРМАН ОРЫНДАЛАР КҮН КЕЛЕР
ашық дереккөзі
218

>«Еріне қарап елін, тасына қарап тауын таны».

Б. МОМЫШҰЛЫ

Бірде жазушы ағамыз Бақтияр Әбілдаевпен әңгіме-дүкен құрдым. Қызды-қызды әңгіме үстінде мен ол кісіден: «Сіз осы барлық жағынан келіскен: ақындығы, жазушылығы, шешендігі, әрбір сөзін нақыл сөзбен түйіндеп отыратын шеберлігі, болған оқиғаларды дәлме-дәл есте сақтап айтатын, ойланбай шешім қабылдамайтын, егер қателік жіберсе мойындай білетін, ұлттық намысын жоғары қойған, өзге ұлттар мен ұлыстарды да бір Алла жаратқан адамзаттың балалары деп қарайтын, олардың намысына тимеген ұлылығы, бір бойында бар, жан дүниесі таза жанның кім екенін білесіз бе?», – деп сұрадым.

– Түсіндім, – деді ол кісі менің ойымды оқып отырғандай мақұлдап. – Ол батыр атамыз Бауыржан Момышұлы емес пе?

Ағамыздың ойланбастан дәл тапқанына ризашылығымды білдірдім де, әңгімемді әрі жалғадым.

– Неге деп айтқаным артық болар, дегенмен жылдар жылжып өткен сайын өз басымда қай нәрсеге болсын асығу, үлгеру деген пендешілік пайда болды. Солардың ішінде әсіресе, шұбарланған тіліміздің жолға қойылып, ол қашан өміріміздің өзегіне айналар екен деген тынымсыздық жанымды жегідей жеуді шығарды. Қайда жүрсең де былдырлаған бөтен сөздер. Тіпті күндердің бір күні ағылшын тілінде сөйлеп кетеміз бе, қайдам?! Мұны кінә деп айтайын десең, себеп-салдары жоқ. Неге десеңіз, компьютердегі сайттардың басым бөлігі ағылшын мен орыс тілінде. Бұл дұрыс та шығар, иә дұрыс дейік. Орыс пен ағылшын тілін меңгеруде алға басушылық бар, ал қазағымыздың тілі неге табандап қалуы керек?! Қазағымыздың тілін неге бірінші орынға қоймаймыз. Бізді кім тұсап отыр? Құдайға шүкір, оны тез меңгерте алатын мамандар жеткілікті ғой. Тек талап жоқ. Тіл туралы заңымызды барлық аймақта толыққанды орындау жоқ. Оған бөлінген қаражатты нағыз мамандарға төлеп, солардан қатаң сұралмайды. Неге? Сөйтіп, іс-қағаздарымыз бен өндірістегі, оқудағы, сайттардағы болсын жазу-сөйлесу мәдениетіміз барынша қолға алынбайды екен. Тілге келгенде өгіз жүріске түскеніміз қандай өкінішті!

Бізде тек ұлттық телеарналар («Қазақстан», «Хабар») мен газет-журналдар ғана (оның да қазақ тілділері) ана тіліміздің оралуын хал-қадерлерінше насихаттап отырады. Бұл – өте аз. Ал өзге телеарналардан Тіл заңының орындалуы неге қатаң талап етілмейді? Осындай күйініштер әрдайым ойлантпай қоймайды екен. Содан ба, кіммен болсын ұлттық тілімізді-ділімізді қорғаған, қорғап жүрген айтулы ағаларымыз бен азаматтарымыз жайында әңгімелескім келеді де тұрады.

Сол жанашырдың бірі, әңгімеміз жарасқан Сіз боп отырсыз. Бауыржан Момышұлы туралы, ол кісінің қазақ тілін қорғағаны туралы жақсы сыр қозғар сұхбат болсын деп сөз тартып жатқан жайым ғой, ағасы. Әсіресе қайнаған соғыс жылдарында да, бейбітшілік кезінде де қазағын қызғыштай қорғап, айта жүріп, талмай жазып кеткен нағыз жанашыр Баба аталарымыздың бірі де, ірісі де сол кісі емес пе?!

Әңгіме өзінен-өзі арнасынан асқан көк­тем­нің тасқын суындай лек-легімен лықсып сала берді.

– О, Құдайдың құдыреті, егеменді ел болғанымызға мың да бір шүкіршілік етемін, – деп әріптес аға мұңын шаққандай сөзге араласты. – Осының барлығы өзгеге қиянаты жоқ қазағымыздың бойындағы асыл қасиеттердің алуандығынан бір Алланың берген бағы шығар!..

– Дегенмен, өзіңіз айтыңызшы, біздің жерге кімдер көз тікпеді, қай ғасырда болмасын шабуыл жасау тоқталды ма, тіпті соңғы ХХ ғасырдың өзінде КСРО қаншама жерімізді қиып-қиып, көршілес елдерге оп-оңай бере салды емес пе?! Мәскеу сол жерлерімізді әуелі уақытша берілсін деп алып, қазақты жанши берді ғой, орталықтың бұл қитұрқы саясаты олар үшін тиімді болды, сөйтіп әне-міне дегенше өз жерлеріндей қандарына сіңіріп ала қойды. Ал ата-бабасының ежелгі жерінде тұратын қандастарымыз бүгінгі күні шет елде тұратын қазақтар боп шыға келді. Ойласаң жүрегің ауырады. Бұл Кеңес үкіметінің жасаған зор қиянатының бірі ғана ғой.

Егемендік алған соң да қайтара алдық па? Жоқ! Барына шүкір деп қазіргі таңдағы барымызды Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың арқасында шегаралап, бекітіп алдық.

– Иә, шүкіршілік дейік. Алланың қолдауына мың да бір рахметімізді айтып, осы қалған жеріміз ұрпақтарымызға бұйырсын деп тілеуін тілейік, бауырым.

– Айтайын дегенім, – дедім мен. – Ендігі жерде Отанымыздың қара топырағын қорғап қалатын жас ұрпақты барынша дұрыс жолға салып тәрбиелеп отыру, оны қорғаудың мықты діңгегін өсіру біздің міндет болуы тиіс. Мұны Президентіміз Н.Назарбаев әрқашан айтудан жалықпайды. Бұл айтулы – парыз. Мұндай бостандық, егемендік бізден бұрынғы ұрпақтарда болды ма?!

– Дұрыс айтасың, Дархан айтса айтқандай туған қазағын дүние жүзіне танытқан КСРО тұсында бірден-бір нағыз қазақ Баукең екені рас. Бауыржан Момышұлы тектес мінезді де, білімді азаматтар дәл бүгінгі күндерден бас­тап биік Кабинеттерде, Әкімдіктерде отыратын болса ғой, әттең! Дана Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы бүтін­дей жүзеге асар еді! Бізде тежегіштер (тормоздар – намыссыз – өз тілін білмейтіндер дегенім ғой) әлі де жетіп артылады, осыны айтамын да, жігерім құм болады, – деп, үнсіз қалды, қапаланған күйде.

Бақтияр аға, жаңа айттыңыз, – дедім бұл үнсіздікті сейілтіп. – Өте дұрыс айтасыз. Елбасы қазақтың шұбарланған тілін барлық жағынан жетілдіру үшін Конституциямыздан бастап белгілеп, заңдастырып бергені бәрімізге аян. Ал оны нақты жанашырлықпен жергілікті басшылар қолға алып жатыр ма? Әрине, жоқ. Шөлдеген, тегіс емес егістіктің су ішкеніндей, ойдым-ойдым. Есептерді қабылдайтын орталықтар талап етпеген соң тіл өрби ме? Жоқ! Әйтеуір, науқаншылдық дәрежесінде мезгіл-мезгіл өткізілетін орашолақ іс-шараларды ұйымдастырып қоя салатын басшылар көп. Базар немесе кітаптар сататын дүкендерге барсаң самсап тұрған тек орыс тіліндегі кітаптар. Қазақшалары саусақпен санарлықтай, керегіңді май шаммен іздесең де таппайсың. Әрине, осындай жаны ашымастың нанын жеп жүрген «жанашырлардың» осы салада отыруларына не жорық?! Олардың қарны тоқ болса болды. Мұндайда еріксіз Баукең сынды ғұламаларды еске аласың.

– Бірде Баукең Кубаға сапар шегеді. Фидель Кастроның шақыруымен. Оның Бостандық аралы – Кубаға баруының өзі тұтқиыл нәрсе ғой. Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабында Баукең кітаптың бас қаһарманы. Бұл кітап бүкіл Куба революционерлері мен жастарының, тіпті Ф.Кас­троның күнбе-күн оқитын сүйікті кітабына айналған екен.

Бауыржан Момышұлы ол жаққа ешкімге айтпастан, нөкерсіз, тосын туристік сапармен 1963 жылдың қараша айында барады. Кубада қайнаған ыстық. Сонда: «Қап, мына қапас ыстықта әскери киіміңізді неге кидіңіз?» дегендерге, «Атам қазақ жазғы шілдеде қабат-қабат шапан киген, оқасы жоқ», – деп жа-уап берген екен.

Трапқа табаны тиісімен Баукең оң қолын жоғары көтеріп, әуежайға жиналған жұртқа ізет білдіреді де, «Сәлем саған, қаһарман Куба!» – деп қазақ тілінде саңқ етіп үн қатып, қолын қылыштай бір сермеп тастайды.

Сөйтіп, Кубаға келген көп туристер ішінде жалғыз Момышұлы ғана танымал болып шығады. Ол кісінің Кубаға барып қайтуының өзі Куба халқында аңызға айналады. Баукеңнің кім, қандай тұлға екенін барынша ашып жазған Әзілхан Нұршайықов атамызға мың да бір алғыс.

Біздер келер ұрпақтарға осындай қазыналы кітаптарды Конфуций ілімін игергеніндей терең оқытуымыз керек.

Елбасының да көксегені осы! Біз – әрбір отбасы осыны ұғынып, ұрпақтар санасына сіңіруіміз керек.

– Иә, – деді Бақтияр аға, – осы жақында теледидардан жас баланың әңгімесін тыңдадым. Ол 12 – 13 жасар бала көрінеді, «Барыс» мектебінде оқиды екен. Ол сөзінде: «Мен Бауыржан Момышұлының, Шәкәрімнің, Суворовтың т.б. кітаптарын өте сүйіп оқимын, әсіресе баба-атаға айналған Баукеңнің барлық кітаптарын, ол кісі туралы жазылғандардың бәрін оқи отырып рахаттанамын», – деді. Білесің бе, сонда менің төбем екі елі ғана көкке жетпей қалды.

– Бұдан кейін Асанқайғы атамыздай көргеніңіз бен­ одан ал­ған әсе­рі­ңізден соң қайғыра бер­меумізге болады екен-ау, – дедім мен күліп. – Оның үстіне Елбасымыз Жолдаула­рында әрқашан айтудай ай­тып келеді. Соны орындау парыз емес пе? 2030 жылға қарай қазақстандықтардың 100 пайызы қазақша сөйлейді және бұл мақсаттың орындалатындығына үміттеніп, тәубе етейік.

Дархан ЖАБАЕВ,

Қаржы полициясының қызметкерi

Серіктес жаңалықтары