АЛАШ АТЫН АРДАҚТАҒАН КIТАПТАР

АЛАШ АТЫН АРДАҚТАҒАН КIТАПТАР

АЛАШ АТЫН АРДАҚТАҒАН КIТАПТАР
ашық дереккөзі
327

1992 жылдың көктемi. Тәуелсiздiктiң таңы атып, билiк органдары, басқару аппараты, баспасөз, партия, бәрi-бәрi «қайта құрудың» шын мәнiнде екiншi кезеңiн өткiзiп жатқан кез. Күлтөбенiң басын шаң қылып, әр тұстан тәуелсiз ұйымдар, қоғамдық қорлар, түрлi партиялар бой көрсете бастады. Жаңа Әдiлет министрi марқұм Н.Шәйкенов 4 сәуiр күнi бiр топ зиялы қауымды жинап, «Бөбек», «Елiм-ай», «Арыс» қорларының басшыларына ресми тiркеу куәлiгiн тапсырды. Сол тұста «Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтiн «Арыс» қоғамдық қорын» ұйымдастырған Қазақ ССР Ғылым академиясының Тiл бiлiмi институтының жас ғалымы һәм «Ана тiлi» апталығының тiлтаным бөлiмiнiң меңгерушiсi болып жүрген жас журналист Ғарифолла ӘНЕС болатын. Мiне, аталмыш қор содан берi үзiлiссiз, тоқтаусыз жұмыс iстеп келедi.

Тәуелсіздік туы көтеріліп, өткен тарихымыздағы солақай саясат құрбаны болған тарихи тұлғаларға назар аудару күшейіп тұрған шақ-тұғын. Біз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қаламгерлер рухын ұлықтау орайындағы парызымызды орындау жолын ойластырған едік (ол кезде мен Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметінде болатынмын). Осы уақытта бізге Ғарифолла Әнес келді. Ол кейінгі жылдарда ғана еркін айтыла бастаған Алаш тақырыбымен ерекше шұғылданып жүрген жас әдебиетшілердің бірі болатын. Бір топ пікірлес жігіт арнайы бірлестікке ұйысыпты. Саяси қуғын-сүргін жылдары репрессияланған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттемек ниетте екен. Ғарифолла сол мақсаттарының мәнісін түсіндірді. Біздің алға қойып отырған идеямызды жүзеге асыру – өзі ұйымдастырған қоғамдық қордың алғашқы абыройлы ісі болар еді деп санайтынын айтты. Болашақ ұлан-ғайыр жоспарларын жүзеге асыруды Жазушылар одағы ғимаратының ішкі қабырғасына естелік тақтаны өз қолдарымен орнатудан бастамақшы екен. Бізге бұл ниет қатты ұнады. Ұзамай, олар жасаған тізімді хатшылықта қарап, мақұлдадық. Тағы аз уақыттан соң, сталинизм құрбанына айналған қаламгерлердің қаралы тізімі мен қастандықтан мерт болған тұлпар бейнеленген символикалық барельеф-тақта қаламгерлер үйінің кең дәлізі қабырғасынан орын алды. Осы игілікті іс Ғарифолла басқарған қоғамдық қор атқарып келе жатқан иманды шаруаларының сәтті жолашары болды. Арада өткен жиырма шақты жыл ішінде қор ұжымы әлденеше ондаған қолжазбаны қилы мұрағат қоймаларынан жинастырып, өз баспасынан жарыққа шығарды. Түрлі салалар бойынша толымды деректер мен әр қиырдағы аймақтар шежіресін жинақтаған бірнеше энциклопедиялық кітап дайындап, бастырды. Солардың ішіндегі өз алдына бір төбе көрнекті кітаптардың бірі – қор жанындағы баспадан шыққан «Алаш. Алашорда» энциклопедиясы (құрастырушылар: филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Әнес пен тарих ғылымдарының кандидаты С.Смағұлова).

Кітап екі бөлімнен тұрады. Оның негізгі бөлімінің материалдары алфавиттік ретпен орналастырылыпты. Бұл бөлімнен Алаш қайраткерлері жайындағы өмірбаяндық мәліметтерді, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы, автономияның үкіметі Алашордаға қатысты ұғымдар мен тү­сініктерді, сол замандағы ұлттық басы­лымдар хақындағы кеңестік дәуірдің бір жақты идеологиясы, тоталитарлық саясаты беймәлім еткен мағлұматтарды оқимыз. Мұндағы энциклопедиялық мақалалардың бәрі тәуелсіздік жылдары жан-жақты зерт­теліп, нақтыланған деректерден тұрады. Олардың көпшілігіне бұрын жабық жатқан, бүгін де сирек кездесетін тарихи суреттер қоса берілген. Жалпы, кітапта Алаш қозғалысына түрлі дәрежеде қатысқан 287 адам туралы мақала, анықтама, нақты мәлімет бар.

Қазақ баспасөзі дегенде, шын мәніндегі ұлттық басылым міндетін 1917 жылы жеке-дара «Қазақ» газеті атқарғаны мәлім. Оған дейінгі газет-журналдар – Ташкенттегі «Түркістан уәләятының газеті» (1870–1882), Омбыдағы «Дала уәләятының газеті» (1888–1894), Троицкідегі «Қазақ газеті» (1907), Петербургтегі «Серке» газеті (1907), Орда (1911–1913) мен Оралдағы (1913) «Қазақстан» газеті, Троицкідегі «Айқап» журналы (1911–1915) – әрқайсысы өз уақытында қызметін белгілі дәрежеде атқарған да, әр кезде әр түрлі себеппен жабылған болатын. Ал «Қазақ» газеті 1913–1918 жылдарғы күрделі кезеңде – Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңынан бастап, империядағы ұлт-азаттық көтеріліс пен революциялық өзгерістер дәуірінде Орынборда үздіксіз шығып тұрды. Ол жұрттың көзін ашқан, Алаш қозғалысының мың-сан қатысушылары мен тілекшілеріне рухани нәр берген. Шамшырақша бағыт-бағдар көрсеткен. Және, әрине, азаттық үшін саналы күрес жолына түскен азаматтарға мінбер болған еді.

Осындай ерекше тарихи қызметі бар газетті «Арыс» қоры жоғарыда аталған энциклопедиямен қатар бүгінгі оқырман назарына қайта ұсынуды қолға алған екен. Әр нөмірінде басылған титімдей хабарына дейін қалдырмай, түгелдей бүгінгі емлеге түсіріп жаңғыртып, газетті өз қалпында оқуға мүмкіндік жасапты. Әзірге газеттің екі жылдық тігіндісін: «Қазақ» газеті. 1913», «Қазақ» газеті. 1914» деген атаулармен екі кітапқа топтастырып «Арыс» баспасынан шығарған (құрастырушылары: тарих ғылымдарының кандидаты С.Смағұлова, филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Әнес, ғылыми қызметкер Т.Замзаева). Алғашқы жинаққа газеттің 1913 жылғы 2 ақпанда жарық көрген алғашқы нөмірінен бастап жыл бойы шыққан 44 саны, келесісіне – оқырманмен 1914 жылы жүздескен 47 саны түгел берілген көрінеді. Осылай, ыңғайы, әйгілі тарихи үнпарақтың 1918 жылы жабылғанға дейінгі барлық нөмірі келешекте алдымызға түгелдей тартылмақ. 1913 жылғы 2 ақпанда жарық көрген алғашқы санында шығарушы (Ахмет Байтұрсынов) оқушы жұртшылыққа «газеттің керегі қандай екендігін» жалпақ тілмен, көңілге қонымды түрде, төрт тармаққа – газет: «1) халықтың көзі, құлағы һәм тілі; 2) халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жұртқа қызмет етеді; 3) халыққа білім таратушы; 4) халықтың даушысы» деп бөліп және оларын таратып түсіндіріп өткен. «Қазақ» газетінің осы жария етілген ұстанымдар үдесінен шығып тұрғанына, оның 1913–1914 жылдарғы барлық 91 нөмірі енгізілген аталмыш қос жинақпен танысқанда, көзіміз жете түседі. Газет қазақ халқының ата-бабасынан мұра етіп, ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан жер-суы қалайша тарылып, тағдырлы, өмірлік мәселеге айналғанын және «заманың түлкі болса, тазы боп шалудың» жолдарын басты тақырыбының бірі етті. Мәселен, «қазақ пайдасындағы жерлерден мұжыққа қанша жер кесіп беретіні» жайындағы Жер министрінің 1913 жылғы сметасында көзделген жоспарды газет өзі дүниеге келген бетте жариялады. Қазақ жерін отарлаудың бір белесінен сыр шертетіндіктен, соны шола кетейік.

Үкімет 1913 жылы Торғай облысы Қостанай үйезінен 135 мың; Ақмола облысының Омбы, Қызылжар, Көкшетау үйездерінен 125 мың; Семей облысы Кереку (Павлодар), Семей, Өскемен үйездерінен 50 мың десятина мөлшердегі қазақ жерін Ресейдің орталық аудандарынан көшірілетіндер үшін алмақшы. «Бұрын мұжыққа кескен жерлерге жалғас… …Ертіс бойындағы жерлерден кеспекші». Жетісу облысында (Пішпек, Лепсі үйездерінен) 80 мың; Сырдария облысы (Шымкент пен Әулиеата үйездерінің құбыла жағындағы жерлерден) мен Ферғана облысында (Әндіжан үйезінен) 90 мың; Тобыл губерниясында (Қорған, Тоқалы үйездерінен) 20 мың; Томск губерниясында (Алтай округінен) 90 мың десятина жер мұжық үшін кесілмек. Бұларға қосымша, отырықшы болуға бекінген қазақтарға үкімет 1913 жылы кесіп беретін жер мөлшерін де (баршасы 400 мың десятина) газет таратып жазған. Империяның отарлаушылық әрекеттері күшейген сайын қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы шиеленісе түскені белгілі. Көшпенділердің ғасырлар бойы қоныс еткен иеліктері уыстан шығып, өрістері тарыла бастаған. Аталмыш екі жинақтан осынау аса маңызды жер-су тақырыбының қазақ қоғамдық өмірінде еш толастамай, әр қырынан сөз болып тұрғанын көреміз. Екі жинақ бойы қазақтың дәстүрлі экономикасының жай-күйі, өзгеріске ұшыраған тұстағы ахуалы, қала салуды, яғни отырықшы болуды, сондай-ақ көшпенділік салтта қалуды таңдағанда тиетін жер нормалары, орыс заңдары, земство және қазақ қауымы, сондай-ақ олардың арақатынасы өмірдегі нақты деректермен өріліп сөз болады. Жинақтарда әйгілі Щербина экспедициясы есептеріне сүйеніп жазған Әлихан Бөкейхановтың («Қыр баласы») жерді пайдалану жайындағы танымды мақалалары мол.

Газет Мемлекеттік дума және қазақ мәселесі туралы, жер-су дауы орайында Думадағы Мұсылман фракциясымен қызметтестік, 1914 жылғы маусымда және желтоқсанда өткен мұсылман съездері жөнінде де жазып тұрған. Ел мүддесін кеңінен қарастырып, талқыға салу қажеттігін көтеріп, сол орайда әр аймақ өкілдерінің бас қосу мүмкіндіктері турасында пікір алысылған.

1913–1914 жылдарғы «Қазақ» газеті үкіметтің орыстандыру саясатын, отарланған қазақты шоқындыруды көздеген іс-әрекеттерін де әшкерелейді. Қазақ халқының қараңғылығын сынайды, ел болып қалу шарттарын тізбелеп, оқу-ағарту, тәрбие жайларын назардан түсірмей, халықты өнер-білімге үндейді. Қазақ тарихы мен әдебиетінің, тілінің, мәдениетінің мәселелерін үнемі жазып, өлеңдер, әңгімелер жариялайды, білім жарысына түсушілерге, роман жазушыларға бәйге белгіленгенін хабарлайды. Рухани тыныс-тіршілік қырларын, бастауыш мектептерді көбейту қажеттігін сөз етеді.

Оқырмандарын алғашқы сандарынан бастап газет сыртқы жағдайлардан үнемі хабардар етіп отырған. Ресей мен шет мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар, шетел жайында мәліметтер, Балқан соғысы, Бірінші дүниежүзілік соғыс, соғыстағы темір жолдың рөлі, Ресейдің соғысқа кіруі, астана атының Петербургтен Петроградқа өзгертілу себебі хақында жазған. Осы қос жинақта үздіксіз көзге түсетін бір жәйт – газет Ресейдің түрлі қалаларында оқып жүрген қазақ жастарын ұдайы назарда ұстап, оларға материалдық жәрдем көрсетуді тұрақты түрде ұйымдастырып отырған екен. Мерзімді басылымның Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов тәрізді негізгі жазушылары да, өзге жекелеген белсенді авторлары да жоғарыда аталған мәселелер бойынша оқырмандарға қажет ақпарат жеткізіп қана қоймай, олардың қоғам тыныс-тіршілігіне саналы көзқарасы қалыптасуына ықпал етті.

Тәуелсіздік жылдары Алаш қозға­лысының қазақ тарихындағы рөлі жаңаша бағалана бастағаны белгілі. Алаш атымен жария болған алғашқы қазақ автономиясының мемлекеттілігіміз тарихында маңызды орын алатынын бүгіндері барша азамат түсінеді. Ал қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің өркениет талабына сай жаңаша жаңғыруында баспасөздің, әсіресе, «Қазақ» газетінің рөлі елеулі болғаны мәлім. Сондықтан бұлар жайында тереңірек және жан-жақты білуге әркім ынталы. Осы ынтызарлықты өтеуге тілге тиек етулі кітаптар зор үлес қосады.

«Арыс» баспасынан шығып жатқан еңбектер, солардың ішінде, әсіресе, жоғарыда аталған энциклопедиямен бірге «Алаш мұрасы» сериясымен жарық көріп келе жатқан «Қазақ» газеті» жинақтары ізденімпаз және білімқұмар оқырман көңілінен шығары сөзсіз. Газеттің алғашқы екі жылғы тігіндісі, міне, араб графикасынан қолданыстағы әліпбиге аударылып, бүгінгі оқырманның пайдалануына қолайлы түрде көпшілік игілігіне ұсынылды. Алда әлі төрт жылдың тігіндісін жарыққа шығару ісі бар. Және олардың төрт кітаптан асып түсері кәміл, өйткені аптасына бір мәртеден екі жыл бойы жарық көріп, көпке танымал болған газет 1915 жылдан бастап бір аптада екі реттен шыға бастаған.

Биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған «Арыс» қоғамдық қоры мен баспасына қолға алған жоба кітаптарын ойдағыдай етіп дайындап, оқырман игілігіне тоқтаусыз ұсына берулеріне тілектестігімізді білдіреміз.

Бейбiт

ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы

Серіктес жаңалықтары