ҚУҒЫННАН КӨЗ АШПАҒАН...

ҚУҒЫННАН КӨЗ АШПАҒАН...

ҚУҒЫННАН КӨЗ АШПАҒАН...
ашық дереккөзі
938

Қазақтың ардақты азаматы, «Алаш» партиясының мүшесi Садық Аманжолов туралы сөздi, алдымен оның арғы тегi, шыққан жерi, туған-туыстары төңiрегiнен бастағым келедi. Немере қарындасы ретiнде бұл жайлар маған жақсы таныс.

Садықтың әкесі Аманжол – Аюкенің бесінші ұлы. Ол ержетіп, есейген кезде елден кетіп, Алматы қаласына келіп Валиев деген саудагер татарға жұмысқа жалданады. Ол өзінің адал еңбегімен сол татардың сеніміне кіреді. Еңбекқор, еті тірі, адал Аманжолға сол татар жалғыз қызын қосып, батасын беріп кеткен екен. Аманжолдан Садық өмірге келеді. Аманжол жаз айларында елге барып, жайлауға шығып, екі баласын туыстарымен таныстырып, олардың жат болып кетпеуін қадағалап отырған. Баласын өзінің туып-өскен жерінің табиғатымен табыстырып, елжанды етіп тәрбиелейді. Садық Қазан қаласына барып оқуға түскеннен кейін Аманжол баба Қаратұрық елді мекеніне, туыстарының арасына көшіп барады. Садық Аманжолұлы 1885 жылдың 25 желтоқсанында Алматы қаласында өмірге келеді. 1907 жылы Алматы қаласындағы ер балалар оқитын гимназияны бітіріп, сол жылы Қазан университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1912 жылы бітіріп шығады. Садыққа сол жылдары елден қомақты көмек беріп тұрған – менің атам Ақпанбет. Ақпанбет Құрманалыұлы ол кезде елде би болған. Құрманалы – Аюкенің төртінші ұлы. Ақпанбет пен Садық бір жылдың түлектері. Екеуі егіздердей әр кез бір-біріне көмектесіп, ақылдасып, бірі ауылда, бірі қалада өз туыс-жарандарына тірек болған. Садық оқуды бітірісімен Алматыға оралып, осы қаланың аймақтық сотына судья болып орналасады. 1914 жылы емтихан тапсырып жоғарылап, Лепсі аймағы бойынша Аягөз (Сергиополь) қаласына жұмысқа ауысады. Сол жерде қызмет істеп жүрген кезінде Аягөзде тұратын Сафа Насыров деген татардың қызы Файза апамызға үйленеді. Ол апамыздың әкесі – екі мәртебе Меккеге барып келген, дінге қатты сенетін үлкен молда болған адам. Аягөзге қызмет бабымен ауысқан Садық Әлихан Бөкейхановпен танысады. Сол жылдары қазақ еліндегі оқыған азаматтардың барлығы дерлік Алаш партиясын қолдағаны, оның құрамына мүше болғандары жайлы тарихтан бізге белгілі. Ел егемендігі үшін күрестің ой-идеясын қалыптастырған сол Алаш азаматтары екенін де білеміз. Әлиханмен жақсы таныс Садық та сол партияның белсенді мүшесі, әрі заң қызметкері болғандықтан, Алаш партиясы және Алашорда үкіметінің құжаттары мен алдағы бағдармаларын жазуда белсене атсалысқандардың бірі болған. 1917 жылы ақпанда Ақ патшаны құлатып, орнына билікке Уақытша өкімет келген кезде Ә.Бөкейханов бастаған Алаш азаматтары қазақ еліне саяси дербестік алып беру үшін күресті. Желтоқсан айында Орынборда өткен қазақтардың екінші съезінде Ә.Бөкейханов басқарған Алашорда ұлттық үкіметін құрады. Қазақ елі өздерінің болашағын оқыған, жоғары білімді он бес Алаштың азаматтарына табыстаған екен. Солардың бірі – Жетісу аймағынан сайланған Садық Аманжолов еді. Қазан төңкерісінен кейін Ресейде Ленин басқарған жұмысшы-шаруалар үкіметі орнайды. Одан кейін бұрынғы Ақ патшаның боданы болып келген елдімекендерде алғашында аймақтық жұмысшы шаруалар үкіметі орнай бастайды. Орыстардың негізгі мақсаты – Ресейдің қол астында бағынышты болып келген елдердің жеке мемлекет құрып, егеменді ел болдырмау еді. Қазақ жері мен Орта Азия олар үшін жер асты, жер үсті байлықтың көзі ғана. Сонымен, қазақ елі саяси дербестікке қол жеткізе алмай, Ленин мен Сталин бастаған жаңа бағытта жүргізілген саясат әсерінен бодандықтың шеңберінен шыға алмай қалады. Қазақ жерінде құрылған Алашорда және Түркістан үкіметтерінің өмірі ұзаққа бармайды. 1918 жылы қазақ жерінде демократиялық қоғам құруды аңсаған және осы мақсатпен Ақ патшаға қарсы күрес жүргізген саналы да сауатты қазақтың нар тұлғалы ұлдары, Алаш партиясының мүшелері биліктен аластатылып, қуғын-сүргінге ұшырайды. Халықтың көп бөлігі шетелге босуына тура келеді. Оған себеп болған тағы бір жағдай, Ақ патша құлағаннан кейін Жетісудағы көбіне казактардан тұратын әскерлер жергілікті елді мекендерді тонап, өртеп, маза бермей, қазақ ауылдары бейбіт өмір сүруден қалады. Алашордашылар жазалаушыларға қарсы елден жасақ жинауға мәжбүр болады. Сол кезде Садық ата да әскер қатарына «үйретуші» ретінде алынған. Себебі заң факультетінде оқығандар әскер ғылымын да меңгерген. Сол ұрыстардың бірінде Садық жараланған екен. Ал Отыншы Әлжановты казактар қамап, үймен бірге өртеп жібереді. Қару-жарақпен жөнді қамтамасыз етілмеген, соғысуға үйретілмеген ел ішінен жинақталған қазақ азаматтары казактардың қарулы күшіне қарсы тұра алмайды. Кейбір тарихшылар бұл жағдайды большевиктерге қарсы соғысты деп жазып қалдырған. 1919 жылы осы уақиғаға байланысты Алаш азаматтары ақталды да. Сол кезде Садық атаның басына да қара бұлт үйіріле бастайды. Ол заң қызметкері болғандықтан, күні бұрын жағдайдың қиындағанын сезіп біледі. Садық атаның амандығын тілеген Ақпанбет атам бауырын 1918 жылдың күзінде, жараланғаннан кейін, отбасымен бірге Қытай жақтағы керей руына көшіріп апарады. Қытай жерінде де Садық атамызға тыныштық болмайды. 1922 жылы Құлжа қаласында «қызылдардың жансызы» деген сылтаумен үйінде тінту жүргізіліп, түрмеге жабады. Түрмедегі үш айы үш жылға татиды. Сол кезде төрт жастағы бала болса да қызы Рая тәтенің есінде мәңгілік сақталғаны – әкесіне түрмеге барғандағы көрінісі. Әкесінің мойнына ағаштан жасалған қамыт кигізіп, аяқ-қолын ұзын, жуан темірден жасалған шынжырмен құрсаулап тастағаны. Ақпанбет атам ауылдағы қарт әкесіне баласының, немерелерінің амандығын жеткізіп тұрады. Ақпанбет атамның сол жердегі керей рулары арасындағы беделінің арқасында, сол жақтағы қазақ билерінің кепіл болып араласуымен Садық ата түрмеден тез арада босап шығады. Түрмеден босанарда атаны дұнған (мұсылман) мешітіне апарып, «қызылдар туралы екінші үгіт жүргізбеймін» деген ант айтқызып, содан кейін босатады. Ол кезде Садық атаның үйелмелі-сүйелмелі үш қызы, бір ұлы болады. Ал апамыз болса бесінші қызын жаңа босанып отырған кезі екен. Ол апаның жас босанып отырғанына, Садық атаның түрмеден әлсіреп шыққанына қарамастан, Ақпанбет атам үлкен арба жалдап, жасырын түрде жолға шығады. Себебі сол кезде Садық атаның әкесі Аманжол баба әл үстінде жатады. Әбден қартайған бабаның арманы өмірге келген жалғыз немересін көру, өлерінің алдында жалғыз баласына батасын беріп қалу еді. Асығып, суыт жүріп келе жатқандағы жолда болған оқиға жайлы Рая әпкем есіне былай алады. «Қытаймен шекарада таудан екпіндеп, сарқырап құлай аққан үлкен өзендер көп кездеседі. Солардың бірінен өте бергенде арбаның бір жақ дөңгелегі шығып кетеді де, арба қисая кетеді. Арбаның үстінде бес кішкентай бала мен жаңа босанып отырған апамыз отырған. Жаңа туған қызы қытайлардың талдың сабағынан тоқылған жайдақ бесігінде жатады. Бесік арба қисайған кезде сусып-жылжып барып, суға ағып кетеді. Сонда Ақпанбет атам өзеннің жағасымен жүгіріп отырып, бесіктің тұсына жақындағанда өзенді кешіп барып судан алып шыққан екен». Енді сол өзеннің ортасында болған екінші уақиға: менің атам Ақпанбет бойы аласа, кішілеу адам болғанымен қимылы өте ширақ, сөзі өткір, дауысы зор болатын. 1922 жылы күз кезінде екі атаның да жастары 37-де, екеуінің де мүшелге толар кездері екен. Екі атаға Алланың жіберген сынағы. Арбаның дөңгелегін салу керек, арба ағысы қатты тау өзенінің ортасында қисайып тұр. Арбаның үсті бос емес, үстінде жүк және бес жас бала мен ана отыр. Менің атам арбаның қисайған жағын, дөңгелекті кигізгенше, иығымен тіреп тұрады. Елге жеткенде Аманжол баба баласы мен немерелерін тосып жатқандай, көзайым болып, мауқын басып, екі-үш күннен соң мәңгілік тұрағына разы болып аттанған екен. Садық ата әкесінің қайтыс болғаны және өзінің де түрмеден әлсіреп шыққанына байланысты 1922 жылы ел ішінде қыстап шығады. Ал 1923 жылдың наурыз айында Алматыға келіп, облсотқа судья болып қызметке орналасады. Көп кешікпей облсот төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Осы жұмысын 1928 жылға дейін атқарған. Алматыға келіп орналасқан кездегі бес бөлмелі, ауласы кең жер үйі сол кезде қаланың ең шетінде болады. Көшенің алғашқы аты Сенной көшесі, екінші аты Пас­тер көшесі, қазіргі аты Мақатаев көшесі, 8-үй. 1924 жылы Алаштың бұрынғы мүшелері қайтадан бірігіп, егеменді ел болуды, жеке дербес үкімет құруды ойластыра бастайды. Сол жылдары аймақта аса беделді қызмет атқаратын Жуаныш Барибаевпен Садық ата жақсы қарым-қатынаста болған әрі көрші тұрған. Алаштың мүшелері көбінесе Садық атаның үйіне жиналатын болған Алаш азаматтарының ықпалы арқасында қазақ елі – Қазақ Автономиялық респуб­ликасы статусына ие болып, қырғыз деген аттан біржолата құтылады. 1928-30 жылдары ел басына, әсіресе Алашқа мүше болып кірген қазақтың білімді, оқыған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарына қара бұлт тағы да үйіріле бастайды. Бұл жолы қаладағы зиялы азаматтар ғана емес ауылдағы бай мен биге де большевиктер қамшы үйірді. Садық ата бір орталыққа бағындыру саясатымен, көшпенділердің малын тартып алуға белсенді қарсы шығады. Қазақтардың күн көрісі болып отырған қолындағы малын алғанда, олардың аштан қырылатынына көзі жеткен атамыз, алдымен егін егуді үйретіп, отырықшылдыққа біртіндеп көшіру керектігін айтады. Сол үшін атамызды 1928 жылы сайлауға қатысудан, дауыс беру мүмкіндігінен аластайды. Алаш азаматтарының көбісі «халық жауы» деген қара тізімге ілігеді. Садық ата 1928 жылы жайлауға ең соңғы барғанында ағайындарын жинап алып: «Малға қарайламай, өздерің аман болыңдар, бала-шағаларың аман болуы үшін Қытайға қоныс аударғандарың жөн», – деп кеңес берген екен. Сол кездегі бауырларының басына төнген қара бұлтты көре білген атамыздың соңғы ақылы осы болады. Енді Садық атаның 1928 жылдан кейінгі өміріне көз жіберсек. Ол атамызға «халық жауы» деген жала тағып, Қазақстанда жұмыссыз қалдырады. Садық ата Мәскеуге шындық іздеп барады. Ол кезде Тұрар Рысқұлов Кеңестік халық комиссариаты төрағасының орынбасары болып қызмет істеген (бұл жұмысты 1926-1937 жылдар аралығында атқарған), сол азаматтың арқасы болар деп ойлаймын, атамыздан «халық жауы» деген жаланы алып тастайды. Атамыз өзі заң қызметкері болғандықтан, жазба түрінде еш құжат жазып қалдырмаған, себебі бір қауіп төне қалса жақын адамдарына кесірі тиіп кете ме деген болуы керек. Садық ата 1928 жылы 13 қаңтарда Мәскеуден жіберілген нұсқау бойынша Алматы аймақтық сотына қайтадан орналасады. Осы жұмысын 1930 жылдың 15 тамызында Алматыдағы аймақтық сот таратылған кезге дейін атқарған. 1930 жылы 18 тамызда Москваға жұмысын ауыстырып, онда «Мособлстройсоюз», «Мосстройпром» заводында заң қызметкері ретінде кеңесші болып, осы жұмысын 1931 жылдың желтоқсанына дейін істейді. Осы жылдың 21 желтоқсанында Садық ата Мәскеуден тікелей берілген жолдамамен Қырғыз АССР-ы, Бішкек қаласындағы аймақтық Министрлер Кеңесіне аға консул болып ауыстырылады. Осы жұмысын 1937 жылға дейін атқарған. 1937 жылдан бастап қызметтегі лауазымы жоғары, білімді азаматтарды қаралап, оларға жала жабу тағы басталады. Оны іске асырып жүрген НКВД болатын. Сол кезде Садық ата бала-шағасымен Таразға көшіп келеді. Ол жерде білімі жетерлік, тәжірибесі мол, дәрежесі жоғары деңгейдегі судья бола тұра жұмысқа орналаса алмайды. Садық ата ары қарай көшіп, Ташкентке барып паналайды. Ташкеннің ең шеткі көшесінен ескірген екі бөлмелі үйді сатып алады. Ташкентте Садық ата жай судья болып қалалық тамақ және сауда өнеркәсібіне жұмысқа орналасады. Әркез өз жұмысына адал болған ата­мызға сауда төңірегінде қызмет істеу оңай болмаған. 1918 жылдан бастап қуғын-сүргінді үш дүркін басынан өткерген атамыздың денсаулығы 1937 жылдары нашарлай бастайды. Жұмысы да өзінің көңілінен шықпаған адал адамға, тай- құлындай ойнақтап өскен туған жерден, елден алыстағаны жасы елуден асқан атама оңай болсын ба? 1941 жылы 22 маусымында Ұлы Отан соғысы басталады. Дәрігерлік оқуды бітірген үш қызы да майданға аттанады. Атамыздың сырқаты асқынып, күзге қарай 1941 жылы желтоқсанның бесінде 56 жасқа толар шағында, өмірден озады. Бұрынғы кезде Алаш партиясының мүшелері отыздай деп жазылып жүретін. Ал қазіргі кезде солардың он шақтысы ғана ел есінде, оларға қалаларда ескерткіш орнатылып, көшенің және мектептің аты берілген. Мерейтойлары аталып өтіп жатады. Олардың мұражайлары да халқымызды тәуелсіздікке тәрбиелеуге зор үлес қосуда. Менің арманым, Садық атаның туған жері – Алматыда бір көшенің аты беріліп, ескерткіш орнатылса, әруағы разы болар еді дегім келеді. Садық ата Ташкент қаласына өз қалауымен, өз еркімен кеткен жоқ. Ол өмір соққысы, сол заманның ызғарлы желі Алаштың азаматтарын өз еліне тұрақтатпай шетелге кетулеріне мәжбүрледі. Алаш қайраткерлерінің арасында Алматы қаласында туып-өскендері бірен-саран ғана. Екеу болса, соның бірі Садық Аманжолов.
Естелiктi жазған немересi Бибигүлсiн САҒЫМБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары