«СӘУЛЕЛI СӨЗДIҢ ШУАҒЫ»
«СӘУЛЕЛI СӨЗДIҢ ШУАҒЫ»
Түбi бiр түркiнiң баласы – қазақ пен түрiктiң ортақ қуанышына айналған қос кiтаптың тұсаукесер рәсiмi өттi.Өткен аптада Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде «Сәулелі сөздің шуағы» атты әдеби кеш өткізілді. Кештің ұйымдастырушысы – Жазушылар одағы мен Халықаралық «Диалог Еуразия» Платформасы. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі ақын Нұрлан Оразалиннің түрік тіліндегі «Yanık Yürek» («Қоздағы шоқ», «da» баспасы, Стамбұл) атты жыр жинағының Түркияда жарық көруіне және танымал түрік жазушысы, Халықаралық «Диалог Еуразия» Платформасының теңтөрағасы Харун Токактың «Олар таңның атуын күте алмады» («Ан Арыс» баспасы, Алматы) атты әңгімелер жинағының қазақ тілінде басылып шығуына арналған әдеби шараға Қазақстан мен Түркияның белгілі қаламгерлері қатысты. Аталған кітаптарды түрік және қазақ тіліне аударған – жазушы-аудармашы, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мәлік Отарбаев.
Түркия Жазушылар одағының төрағасы, түріктің белгілі жазушысы Ибрахим Ұлви Йавуз, түрік ақыны Йавуз Бүлент Бакилер, Халықаралық «Диалог Еуразия» Платформасының Бас хатшысы Исмайыл Таш арнайы келіп, қос қаламгерге ыстық лебіздерін білдірген тұсаукесер рәсімін филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы жүргізді. «Түркияда түркітілдес ақын-жазушылардың еңбектері жарық көріп тұратын «Гүлдесте» атты басылым бар. Негізі қазақ ақын-жазушыларының еңбектері бұған дейін де түрікшеге аударылған болатын. Бірақ олар оқырмандар жадынан шығып кеткен еді. Нұрлан мырзаның «Қоздағы шоқ» кітабын түрік тілінде оқыған сәтте өлеңдерден ғашықтық, сүйіспеншілік, азап, қуаныш пен қайғыны естідік. Жан-жүрегімізбен сезіндік. Көңілдерге қатты әсер етті. Түркия Жазушылар одағы тарапынан 2 жылда бір рет Халықаралық ақындар мүшәйрасы өткізіліп тұрады. Мысалы 2009 жылы Косовода ұйымдастырдық. Ал 1993 жылы бұл шара Алматыда ұйымдастырылған болатын. Екіжақты қатынастың нығаюына әрі дамуына осы кеш мұрындық болғаны анық. Келесі мүшәйраны Болгарияда ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз» деген Ибрахим Ұлви Йавуз мырза түркі әлеміндегі бірлікті күшейту үшін тығыз әрі үздіксіз араласу қажеттігін айтты: «Бүгінгі әдеби кештен түйгенім, түркі халықтары арадағы байланыс үзілмес үшін, салт-дәстүрімізді насихаттау үшін шығармаларды тәржімалау арқылы бір-бірінің әдебиетінен хабардар болып отыруы тиіс. Ал келешекте түркілердің аудармашысыз түсінісуі үшін қазіргі түрік тілін ортақ тіл ретінде қабылдап, үйрену қажет. Халықтардың қарым-қатынасында тіл, діл, дін, әдебиет, мәдениет, өнер өте маңызды. Батыс өзінің мәдениетін әлемге қалай таратып жатыр? Әншілері арқылы. Өнер мен әдебиетті пайдалана отырып, талай нәрсені насихаттауға болады».
Тіл мәселесіндегі түйткілдерге қатысты сөз қозғаған Йавуз Бүлент Бакилер: «Кезінде ортақ әліппесі болған түркі халықтарының бір-бірінен алшақтағаны соншалық, әрқайсысы өз алдына 29 әліппе түзді. Қайталап айтамын, 29! Түркі бірлігіне нұқсан келтіруді мақсат еткендердің көздегені де осы болатын. Екі күн бұрын Қазақстанның әуежайына ұшақ қонғанда бір жазуға көзім түсті. Жанымдағы полицейден оның қандай сөз екенін сұрағанда «дәліз» деп жауап берді. «Дәліз» түрік тілінде де – «дәліз». Тек әліппенің әртүрлі болуынан мен сөзді оқи алмадым, түсіне алмадым. Меніңше, түркітілдес халықтарға ортақ әліппе құрып, сосын ортақ тіл таңдауымыз керек. Түріктердің саны 74 миллион адамға жақындады, сондықтан түркілердің ортақ тілі де қазіргі түрік тілі болса деп ойлаймын» дей келе, бұл ұсынысты түркітілдес ақын-жазушылардың көпшілігі қолдайтынын жеткізді: «Әлбетте әр ұлттың өкілі өзінің ана тілін ұмытпауы тиіс. Түрік тілі жалпы жиындарда ортақ қатынас құралы ретінде пайдаланылады». Әдеби кеште алғашқылардың бірі болып сөз алған қазақ жазушысы Қалихан Ысқақ қазақ пен түрікке ортақ тарих пен рухани байланыстар туралы ой толғады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ