942
ШОНА МЕКТЕБIНIҢ БҮГIНГI ТЫНЫСЫ
ШОНА МЕКТЕБIНIҢ БҮГIНГI ТЫНЫСЫ
Сонымен тағы бiр оқу жылы артта қалды. 2011-2012 оқу жылын аяқтаған оқушылар қанаттарын самғап, болашақ өмiрге қадам басуға даяр. Армандарын үкiлеп, жүректерi лүпiлдеп сын сағатты тағатсыздана әрi қорқа күтуде. Ендi аз күннен кейiн барлық мектеп түлектерi үшiн ҰБТ (ұлттық бiрыңғай тестiлеу) басталмақ.
Қазақстанның ірі мегаполисі аталған Алматыда жалпы білім беретін 180 мектеп бар. Соның 50-і ғана таза қазақ тілінде білім береді. Демек, төрттің бірі ғана. Қалғандары аралас мектептер, ұлт мектептері және орыстілді білім ошақтары. Қаладағы қазақ мектептерінің санының аздығы жайында біз бұған дейін де талай әңгіме өрбіткенбіз. Жыл сайын оқу жылы аяқталысымен, алдағы оқу жылына дейін ата-аналар сабылып балаларын беретін мектеп, соның ішінде қазақ мектебін іздеп табанынан таусылатыны бар. Жыл сайын балаларын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналардың саны өсіп келеді. Керісінше, орыс мектептерінде білім алушылардың саны азайып барады. Оның бір себебі – орыс ұлтының өкілдерінің көбі, әсіресе жастарының Ресейге жаппай қоныс аударуы болса, екінші себебі – ата-аналардың балаларын қазақша оқытуға жаппай ден қоюы. Айталық, биыл Қазақстанда 160 мың оқушы мектеп бітірсе, оның 121 мың 44-і ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Олардың 82 мың 377-сі қазақ мектебінің түлектері болса, 38 мың 667-сі орыс мектебін бітіргендер. Демек ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірушілердің 70 пайызға жуығы қазақ мектебінің түлектері. Яғни қазақ тілінде білім алуға деген талпыныс жыл өткен сайын артып келеді. Бұл – қазақ мектебінде оқу сапасы төмен, онда білім дұрыс берілмейді деген ұшқары пікірлерге берілетін жауап. Шындыққа көзімізді жеткізе түсу мақсатында Алматыдағы Шона Смаханұлы атындағы мектепке арнайы ат басын бұрып, ондағы оқу барысымен танысуды жөн көрген едік. Мектеп 800 балаға арналған. Алайда бүгінде онда 1126 бала екі ауысыммен оқып жатыр. Биылғы түлектердің саны 60-тан асады. Шона Смаханұлы атындағы мектеп-гимназия 1983-1984 оқу жылында қазақ мектебі болып ашылды. Оған дейін бұл орыс мектебі болған. Оның қазақ мектебіне айналуына қазақтың белгілі жазушысы, сатирик Шона Смаханұлының еңбегі зор болған. Сол жылдары қазақтар көп шоғырланған Тастақ шағын ауданында қазақ мектебі болмаған екен. Жалпы қалада қазақ мектебінің аз кезі. Сол кезде қоғамдық бастаманы көтерген Шона Смаханұлы қазақ мектебінің ашылуына мұрындық болған еді. Ол әуелі осы аудандағы тұрғындардың қолын жинап, балалардың қазақ тілінде білім алуына мүмкіндік жасауды мақсат етеді. Шона Смаханұлы атындағы №62 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бейбітгүл Демеуова: – Мектепке1991 жылдан бастап Шона атамыздың есімі берілді. Шона Смаханұлын мектеп оқушыларына таныстыру үшін жыл сайын сынып оқушыларын мектепке қабылдау салтанатты рәсімі Ш. Смаханұлының туған күніне қарсы 1 қазанда өтеді. Бұл гимназия күні деп аталады. Сол күні ертеңгілік өткіземіз, балалар Шона Смаханұлының өлеңдерінен, сықақтарынан үзінділер оқиды. Сол күні оларға гимназия оқушысы деген арнайы билет тапсырылады, – дейді. Әңгімеге араласқан оқу ісінің меңгерушісі Ләйла Байымбетова: – Биыл 1126 баламен оқу жылын аяқтап отырмыз. Мектептің жалпы үлгерімі 66 пайызға көтерілді. Былтырғыдан 4 пайыз жоғары. Биылғы оқу жылының өзінде мектепте аудандық, қалалық, республикалық олимпиадаларда оқушыларымыз табысқа жетіп отыр. Екі оқушымыз Алматы қаласы әкімінің «Үркер» төс белгісімен марапатталды. ҰБТ нәтижесі де жылдан-жылға артып келеді. Былтырғы оқу жылында 64 түлек түлеп ұшып, оның барлығы да студент атанды. Соның 50 пайыздайы мемлекеттік грант иегері атанды, – дейді. Бейбітгүл Нұрахметқызы жалпы мектептің білім беру үрдісінің өте жақсы екендігін айта отырып, жыл өткен сайын бұнда оқуға ынта білдіретіндердің саны артып келе жатқандығын жеткізді. Жыл сайын 1 сыныптан 4 сынып ашылады. Жоспар бойынша 3 сынып ашылуы керек. Әрі әр сыныпта – 30 баладан. Жалпы, мектеп-гимназияға балалардың қабілет қарымына қарай, гуманитарлық пәндерге бейімі бар балаларды таңдап алу қажет болса, Қазақстан аумағында мектептердің жетіспеушілігі салдарынан мұндай мүмкіндік аз. Сол себепті де ең әуелі сол аумаққа қарасты, аудандардың, учаскелердің баласын қабылдау міндеттеледі. Содан кейін ғана баланың қабілетіне, ата-ананың қалауына қарай балаларды қабылдауға мүмкіндік бар. – Жыл сайын біздің гимназияда оқуға құштар балалар саны артып келеді. Біз ең әуелі осы аумақта тіркелген, біздің мектепке қарасты отбасылардың әрқайсысының үйіне барып, балаларын оқуға жіберуін қадағалаймыз. Содан кейін ғана өзге өтініштерге құлақ асамыз. Алайда біздің аумаққа тіркелгендермен-ақ оқушы саны толып қалады. Басқа жақтан келген балаларды қабылдауға орын бола бермейді, –дейді Бейбітгүл Нұрахметқызы. – Барак Обама Америка Құрама штаттарының президенті болғанда, Қазақстаннан бір оқушының оның инауграциясына қатысуға жолдама алғанын білесіздер. Сол біздің мектептің түлегі. Гуманитарлық гимназия болғандықтан №62 мектепте ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Оқушылар 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін ағылшын тілін үйренеді. Оның сыртында факультатив ретінде француз және араб тілдері оқытылады. Қалған пәндер бағдарлама бойынша үйретіледі. Дегенмен мектеп ұстаздарының Білім және ғылым министрлігіне айтар назы да баршылық. – Біздің бағытымыз қоғамдық гуманитарлық бағыт, тілдерді және қоғамдық пәндерді көбірек оқытады да, жаратылыстану пәндері екінші деңгейде қалып қояды. Бірақ, ҰБТ тапсырған кезде балаларымыздың барлығы қоғамдық пәндерді таңдамайды. Техникалық ЖОО-лаға баруды көздейтіндер де бар. Алайда олар физика-математика мектебін бітірген балалармен бірдей деңгейде ҰБТ тапсырады. Демек, мұндайда кім жеңеді? Сол саланы тереңдетіп оқыған балалар жеңеді ғой, әрине. Сол секілді жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқыған мектептің түлектері қоғамдық пәндерді таңдағанда, оларға да арнайы бағдарлама жасалмаған. Бізде физика-математика аптасына 1-2 сағат қана өтетін болса, физика-математика мектептерінде ол 7-8 сағаттан үйретіледі. Және топтарға бөлінеді, бізде керісінше. Сол себепті де ҰБТ-ны дайындау барысында оны әртүрлі топқа бөлсе, жалпы білім беретін мектептерге, гимназияларға арналған арнайы бағдарлама болса жөн болар еді, – дейді оқу ісінің меңгерушісі Ләйла Байымбетова. Әріптесінің бұл ойын құптаған Бейбітгүл Демеуова республикалық, халықаралық олимпиадаларда да осындай үрдістің қайталанатынын айтады. Сондықтан білім беруде гуманитарлық бағыт пен техникалық бағытта оқытылатын балалардың деңгейі ескерілсе дейді ұстаздар. Міне, Алматы қаласындағы бір қазақ мектеп-гимназиясының бүгінгі тынысы осылай. Бұл балаларын қазақ мектебіне беруден жүрексінетін талайларға үлгі-өнеге болары анық. Ең бастысы, қазақ мектептерінде білім төмен, жағдай нашар деген желсөздің өтірікке айналғанын түсінер кездің жеткені. Балаңызды қазақ мектебіне беріңіз, ата-ана, ұтылмайсыз, ұтасыз!Есенгүл Кәпқызы