ГҮЛГЕ ОРАНҒАН АЛМАТЫ

ГҮЛГЕ ОРАНҒАН АЛМАТЫ

ГҮЛГЕ ОРАНҒАН АЛМАТЫ
ашық дереккөзі
471

Өткен аптаның соңғы сенбiсi күнi ару Алматы қаласы гүлге оранды. «Туған жердiң гүлi неткен көп едi», – деп көрнектi жазушы Әбiш Кекiлбаев студент кезiнде туған жердiң гүлдi алқабын өлеңге арқау еткен екен. Расымен де, қазақ даласы гүлге бай. Әсiресе, Алатау етегiндегi әсем Алматы апорттың ғана емес, гүлдердiң де Отаны iспеттi. 26 мамыр күнi «Астана» алаңында Мәдениет жылы аясында ұйымдастырылған «Алматы – гүл қала» атты екiншi гүлдер фестивалi өттi. Аталмыш шараға оңтүстiк астананың барлық гүл өсiрушiлерi мен қала тұрғындары қатысты. Қонақтар түрлi гүл шоқтарынан жасалған көркем туындылар мен өсiмдiк бақтарын тамашалады. Фестивальдiң ұйымдастырушылары – Алматы қаласының әкiмдiгi мен Nicole және Agency Asia Direct гүл өсiретiн компаниялары.

«Қаламыз жер шарының керемет бұрышында орналасқан, бұл берекелi аймақ, сондықтан да бiз қаламызды одан әрi көркейте түсу үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасауға тиiспiз», – дейдi Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов.

Алматыны гүлмен көмкерудiң де өзiндiк себебi бар. Бұл қаланың экологиялық жағынан таза болуына да септiгiн тигiзедi. Қаптаған көлiктен шығатын газдармен уланған қаланы күл-қоқыстан, улы заттардан арылтудың бiрден бiр жолы да осы – тал егiп, гүл отырғызу.

«Гүл қаланы» ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл шараны өткiзудiң де өзiндiк мақсаты бар екен. Аталмыш фестиваль арқылы ару қала Алматыға гүл қала мәртебесiн қайтару бiрiншi кезекте тұр. Қазақстанның мәдени кеңiстiк аумағын кеңейту, қала тұрғындары мен қонақтарын таза қала шеруiне шақыру, фестивальдi жыл сайын өткiзудi дәстүрге айналдыру да басты назарда.

Алматы қалалық табиғи ресурстар басқармасының орынбасары Қайрат Әбдiрәсiловтiң аталмыш шараға бай­ланысты пiкiрiн сұрағанымызда: «Биылғы жылғы конкурста шетелден келген сарапшылар төрелiк етедi. Осыған орай, әдiлқазылар алқасының ережесi бойынша 80 пайызы гүлден жасалған композициялар мен 20 пайызы техникалық жабдықтарға арналады. Кәсiби және әуесқой мамандар еңбектерiн көрсетiп, сол туындылар арасында конкурс өтедi», – деп жауап бердi.

Астана алаңында қойылған гүлдерде сан жоқ. Тiптi, алаң шағын гүлдер патшалығына айналған ба дерсiң. Әсiресе, Алматы белгiсi бар алты метрлiк гүл кiлемге сүйсiнбеген жан жоқ шығар. Гүл кiлем екi мыңға жуық хризантемадан жасалған. Бұл туындыны тоқу үшiн хризантема гүлдерi арнайы Голландиядан жеткiзiлiптi. Алаңды жағалай орналасқан гүл өсiрушiлердiң дүңгiршектерi сан алуан гүлдер түрiн ұсынды. Гүл мерекесiнiң көркiн келтiрген флористердiң, яғни гүлден көркем туынды жасаушылардың байқауы екенiн айта кетуiмiз керек. Әр ауданнан келген 40-қа жуық флористер сан мыңдаған гүлдерден Алматының көрнектi орындары мен ұлттық құндылықтарымызды бейнелеп, тұрғындарға қуаныш сыйлады. Гүл мен өсiмдiктерден жасалған туындылардың ешқайсысы да бiр-бiрiне ұқсамайды. Әрқайсысы өзiндiк өрнекпен, өзiндiк пiшiнмен жасалынған.

Гүлдер қаласы алаң алдындағы саябақ пен Панфилов көшесiн қамтыды. Мереке күнi жас натуралистерге қолданбалы өнерден сабақтар өткiзiлiп, қолөнер бұйымдарынан жәрмеңке ұйымдастырылды.

Алаң төрiнде фестиваль қонақтарына арнап, 18 ландшафттық композиция ұсынылды. 9 бақ «хай-тек» мәнерiнде безендiрiлген: су, жер, ауа, және басқа бау-бақша композициялары. Өзге 9 композиция әлемнiң түрлi тiрi табиғатын көрсетедi – сол аймақта ғана өсетiн саванналар, тропиктер мен шөлдердiң табиғи ландшафтық пейзаждары жасалды. Әр табиғи аймақта экзотикалық балықтар, Латын Америкасы мен Мадагаскардан әкелiнген көбелектер және тасбақалар орналастырылған.

Ал «Алматы – гүл қала» фестивалiнiң бас серiктесi Наталья Потапова биылғы жылғы фестивальдiң өзiндiк ерекшелiктерi бар екенiн айтады. «Биыл бiз фестиваль қонақтарына ұсынылатын экспозицияларды көбейттiк. 9 дизайнерлiк, 9 ландшафтты ұсынып отырмыз. Яғни су мен нуды, шөл мен тасты кiшi көлемде жасап, елiмiзде жоқ гүл мен ағаштарды әкелдiк. Сондай-ақ, мұнда 100-ге жуық тiрi тропикалық көбелектерi бар «Көбелектер» бағын көрсетiп отырмыз».

Қалалық әкiмдiктiң мәлiметiне қарағанда, гүл қала фестивалiне Еуропа, Азия, Оңтүстiк Америка елдерiнен арнайы екi метрлiк эуфорбиялар, пальмалар, жыртқыш өсiмдiктер, агавалар мен алып кактустар жеткiзiлген. Гүлдер фестивалiнде ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкеден сирек кездесетiн өсiмдiктердi де сатып алуға болады. Фестиваль аясында суретшiлер Н. Төреханов пен Э. Казарянның «Биiк арман» және «Гүлдер және өмiр» деп аталатын арт-инсталляциясы ұйымдастырылды.

Кеш барысында балалар мен ересектерге арналған сахналық қойылымдар қойылды. Ойын-сауық бағдарламаларды «Королевства пластики» және «АРТиШок» театрының әртiстерi ұйымдастырған екен. Апалы-сiңлiлi Ғаббасовалардың балет өнерi мен «Өмiр қаласы» деп аталатын театрландырылған қойылымы да салтанатты шараға жиналған қонақтардың көңiлiнен шыға бiлдi. Сол күнi театр және цирк әртiстерiнiң мерекелiк концертi де ұйымдастырылды. «Бiз – өмiрдiң гүлiмiз» атты балалардың сурет көрмесi, «Гүл модасы» дефиле-шоуы және танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелiк концерттiк бағдарлама гүл фестивалiне келген қонақтарға көтерiңкi көңiл-күй сыйлады.

Жас флорист, «Жас натуралистер» стансасының флористi Қарлығаш Самыратбаева: «Гүлдердiң барлығы да өте әдемi, көздiң жауын алады. Бiздiң туындыларымызды жасау үшiн көптеген жапырақтар қолданылды. Мұнда ұсынып отырған туындыларымыздың барлығы да балалардың қолымен жасалған еңбектер», – дейдi.

Мерекелiк шараның соңы гүлмен көмкерiлген көлiктердiң шеруiне ұласты. Көлiктер шеруi кешкi сағат 18.00-де Республика алаңынан Астана алаңына дейiн жалғасты. Оңтүстiк астана тұрғын­дары гүлмен көмкерiлген әлемге саяхат жасады. Алматы гүл қала атына лайық болды. Гүлден өрнектелiп жасалған туын­ды­лар адам жанын жадыратып, жүректерге жылылық сыйлады. Қала тұрғындары үшiн бұл күн үлкен мерекеге айналған едi.

«Бүгiнгi гүлдер фестивалi қаламыздың гүл қала атына лайық екенiн дәлелдегендей болды. Жайнап тұрған гүлдердi көргенде ерекше сезiмге бөленесiң. Бұл шара барша алматылықтарға қуаныш сыйлады. Фестиваль әрi қарай жалғасын тауып, жыл сайын дәстүрлi түрде өткiзiлсе деймiн», – дейдi оңтүстiк астана қаласының тұрғындарының бiрi Мадина Керiмқұлова.

Белгiлi жазушы

Қуанышбай Құрманғали:

Үлпiлдек, аппақ тұр бақбақ,

Қып-қызыл маңай гүл қаптап.

Қып-қызыл шоқты басардай,

Баса алмай тұрмын қырға аттап, – деп жырға қосқан екен.

Сол айтқандай, Астана алаңында өткен гүлдер фестивалi көркемдiктiң, сұлулықтың символына айналды. Гүлмен көмкерiлген, апорты самсаған Алматының байырғы әсем келбетiн қайтару жолында гүл қала фестивалiн ұйымдастырушылардың осынау iс-шарасы жиналғандардың жүрегiне төте жол тапқаны күмәнсiз.

Гүлзина БЕКТАСОВА,

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары