Қазақстандағы ашаршылық: Сұрапыл зұлматқа берiлген саяси баға

Қазақстандағы ашаршылық: Сұрапыл зұлматқа берiлген саяси баға

Қазақстандағы ашаршылық: Сұрапыл зұлматқа берiлген саяси баға
ашық дереккөзі
1019

Елбасы Н.Назарбаев биыл 1932-1933 жылдары болған алапат ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтуге қоғамның назарын ерекше аударған. Осыған орай Астанада «Қазақстандағы ашаршылық: халық қасiретi және тарихи тағылым» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция болды. Оған Қа­зақстан Респуб­ли­ка­сының Мем­ле­кет­­тiк хатшысы Мұх­тар Құл-Мұхам­мед­, Парламент депутат­тары­, сондай-ақ Қа­зақ­стан Республикасындағы шетел елшiлiк­терi­нiң, мем­­лекеттiк органдардың, ғылыми ұйымдар мен жо­ғары оқу орындары өкiлдерi мен АҚШ, Австралия, Фран­ция, Германия, Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбек­стан және Қазақ­станның жетекшi ғалым зерт­теу­шiлерi қатысты.

Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед ғасыр апатынан жапа шеккен елдің 80 жылдық тарихынан түйер тағылым әлі де мол екенін айтса, ал тарихтың осы бір қасіретті кезеңін зерттеп жүрген отандық және шетелдік ғалымдар қазаққа бағытталған қызыл қырғынды «адамзат қасіреті» деп бағалады.

Биыл ашаршылық алапатына – 80 жыл. Біз жыл сайын 31 мамырды саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтеміз. Ол да дұрыс. Бір өкініштісі, сол бір зұлмат жылдары қазақтың басына келген ашаршылық нәубетінен сырт айналып жүрдік. Кейбір тарихшылар осы күнді «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» ретінде белгілейік деген пікірін айтып-ақ келеді. Алайда біздің тарих парақтарында ақтаңдақ ретінде мәңгі жазылып қалған ашаршылық тақырыбына оншалықты қалам тербей бермейтініміз өкініш ұялатады. Әлі күнге құлыптаулы жатқан сол замандағы құжаттардың бетін нық әрі батыл қадаммен аша алмай келеміз. Қазақтың көшбасшы, көсемсөзші Алаш қайраткерлерінің ашаршылық нәубеті жайында жазып кеткен дүниелерін де тарихқа ашық енгізбеуіміздің астарында не жатыр? Тарих – бұрмалауды сүймейді. Бүгінгі ұрпақ тек қана шындықты біліп, шынайы тарихты оқуы керек. Қазір КСРО-ның мұрагері болып табылатын Ресей сол зұлматты жылдармен байланысты көптеген деректер мен құнды материалдарды құпия ретінде сақтап, жария­ламай отыр. Ал бұрынғы КГБ-дан қалған мұрағаттарға біздің ғалымдарды жолатуы да екіталай. Иә, алапат аштыққа 80 жыл толған уа­қытта бірталай жабулы қазанның беті ашылып, оған жаңаша көзқарас қалыптасуы керек еді. Тіпті кеңестік режимдегі биліктің аз ұлттарды жер бетінен түп-тұқиянымен жойып жіберу саясатын ұстанғаны туралы құжаттарды сөйлетуге келгенде неден қорқамыз? Қазақтан басқа, қаншама ұлттардың өкілдері ашаршылықтың құрбаны болды. Бүгінде сол зұлмат жылдарда 10 млн. адамынан айрылған Украина кеңес коммунистерінің бұл қылмысына «геноцид» деген баға берген. Ал біз ашаршылық құрбандарына деген құрметімізді жақында ғана ашылған еңселі ескерткіш арқылы білдіріп жатырмыз. Оған да тәубе… Коммунистік идеология үс­тем­дік еткен кешегі Кеңес Одағы сияқты тоталитарлық мем­лекетте ашаршылық тақы­ры­бы мүлде зерттелмеді, ақи­қ­а­тын айтар болсақ – оны зерттеуге тыйым салынды. Сондықтан ашар­шылық туралы шындық Кеңес Одағы тарихындағы ақ­таң­дақтар там-тұмдап ашыла бастаған өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында ғана айтыла бастады. Сол кезде көр­нек­ті қазақ тарихшысы, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев бас­таған, академиктер Кеңес Нұр­пейісов, Мәлікайдар Асыл­бе­ков, профессорлар Мақаш Тәтімов, Жұлдыз Әбілғожин, Қайдар Ал­дажұманов, Мәмбет Қойгелді, Бүркітбай Аяған, Хангелді Әб­жанов, Талас Омарбеков сынды ғалымдардың мақалалары мен ғылыми-зерттеу еңбектері қазақстандық тарихнама ғылымында жаңа тақырыпты қалыптастырып, бұдан кейінгі зерттеулерге кеңінен жол ашты. Елбасы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев 1995 жылдың 24 наурызында өткен Қазақстан халықтары Ассам­блея­сының бірінші сессиясында: «Кеңес Одағының барша тарихы халықтардың құқықтарын аяққа басушылық пен тікелей қырып-жою секілді көптеген келеңсіз жайлардан тұрады. Бұл – 1920-1930 жылдардағы миллиондаған адам қырылған аштық. Қазақ­тардың саны жартысына дейін қысқарса, орыстар мен басқа ха­лықтар миллиондаған адал ең­беккерлері мен жігерлі жандарынан айрылды. Көптеген ұлт­тар­дың генофондына орасан зор зиян келді», – деген болатын. Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Дүниежүзінің әртүрлі ел­де­рі­нен келген Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын арнайы зерттеумен айналысатын ғалым­дар оның қалай пайда болып, қандай зорлық-зомбылықтармен жүзеге асырылғанын, қан­ша­лықты орны толмас қасіреттерге әкелгенін жан-жақты талдап жүр. Сондықтан мен кей­бір концептуальды мәселелерге ғана тоқтала кетуді жөн көрдім. Біріншіден, ашаршылық бү­кіл Кеңес Одағының қасіретіне айналды. Қазақстанмен қатар, Украина, Беларусь және Ресей Федерациясының Еділ бойы, Орталық қаратопырақты аймақ, Орал, Батыс Сібір мен Солтүстік Кавказ өлкелерін қамтыды. Бірақ ашаршылықтан ең көп зардап шеккен Қазақстан болды. Екіншіден, жаппай ұжым­дас­ты­рудан қазақ, украин, орыс хал­қының өкілдерімен қатар жоғарыда аталған өлкелердегі басқа да көптеген ұлттың өкіл­дері қасірет шегіп, құрбан болды. Сондықтан бұл бір ғана ұлттың емес, бүкіл мемлекеттің трагедиясына айналды. Үшіншіден, күштеп, зорлық-зом­бы­лық­пен жүзеге асырылған ұжымдастырудан Ресей, Укра­ина және Қазақстанда 7 миллионнан астам адам құрбан болды. Ашаршылықтан ең­ көп қы­рыл­ған қазақтар еді. Төртіншіден, ұжымдастыру науқаны халықтың ашу-ызасын туғызып, бүкіл Кеңес Одағы бой­ынша 6000-нан аса түрлі толқулар мен көтерілістерге ұлас­ты. Және оның бәрі аса зор қаталдықпен, репрессивті ма­ши­на­ның күші­мен басып-жаншылды. 1933 жылы белең алған қуғын-сүргін біртіндеп, 1937-38 жылдардағы сталиндік жаппай репрессияға ұласты. Бесіншіден, күштеп ұжым­дас­тыру ауыл шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қа­лып­тасқан уклады мен тәжі­ри­бесін талқандап, ел экономи­ка­сы­ның, әсіресе, ауыл шаруашы­лығының тұралауына әкеліп соқтырды. Міне, осы жоғарыда атал­ған­дарды саралай келе, Кеңес Ода­ғында 30-шы жылдары орын алған ашаршылық трагедиясына ешбір қарусыз, соғыссыз, то­талитарлық жүйенің қолымен жасалған адамзат тарихының XX ғасырдағы ең үлкен, ең қасіретті гуманитарлық апаты деп баға берген жөн. Ендеше, Астана төрінде тұр­ғызылған ескерткіш қанды қасап құрбандарына тәуелсіз ұрпақтың мәңгілік тағзымы болса, бүгінгі халықаралық ғылыми-прак­ти­ка­лық конференция халық тари­хы­ның ең қаралы кезеңін жан-жақ­ты зерттеп, зерделеп, жас ұр­пақ­тың санасына мәңгілік қал­ды­ратын тағылым беру үшін өткізілуде», – деді. Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуында сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев сол нәубет жылдарындағы тарихтың қара жолағының шынайы беті ашылмағандығын айта келе, оның ақ-қарасын ажырату жас ғалымдардың еншісіндегі шаруа екендігін тілге тиек етті. «Ресей, Украина, Белорусь жерлерін қамтыған алапат аштық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Бір белгілісі, сол нәубетте ең үлкен шығынға ұшыраған қазақ халқы. Тек 1932-33 жылдары ең кемі 1,5 млн. қазақ аштықтан ажал құшты. Одан бөлек 200 мың қандасымыз жер аударылып кетті. Мұны әлі зерттеу керек. Біз қазір сол кезде есеп-шоты өзіне пайдалы басшылардың есебімен қарап келеміз», – деді. Сондай-ақ Елбасының: «1929-1933 жылдардағы аштық қазақтың 40 пайызға жуығын қырып салды. Егер аштық болмағанда, қазір біз 45-50 миллион болатын едік!» деген пікірін де жұрт жадынан шығарған жоқ. Оның өкінішке толы арманын естіген шетелдің ғалымдары да бұл тақырыпқа ерекше мән беретіндігін байқатып қалды.
АШАРШЫЛЫҚ: ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАР «ГЕНОЦИД» ДЕП ҚАБЫЛДАУДА
 

Астана қаласында өткен «Қазақстандағы ашаршылық: халық трагедиясы және тарих сабақтары» атты екі күндік халықаралық жиында бас қосқан Батыс елдерінің тарихшылары Қазақ елі басынан кешкен ашаршылықты терең зерттеуге ерекше ынтызар екендіктерін білдірді. Мәселен АҚШ-тан келген ғалым Сара Камерон: «Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған бұл зұлмат «геноцид» тұрғысынан таразылануы мүмкін!» деген мәлімдеме жасады. Талай уақыттан бері жабық тақырыпқа түрен салып жүрген шетелдік ғалымдардың жиған-тергені де көп екен. Олар қазақ тарихшы-ғалымдары ашып айтпаған мәселелерді бүкпесіз жайып салды.

«Қазақтың ашаршылығы – жеткілікті түрде зерделенбеген зерттеу өрісі болып табылады. Оны білу Қазақстанға және қазіргі заманғы қазақстандық қоғамға қатысты түсінікті кеңейтуге ықпал етпек. Біз қазақ бас­тан кешкен ашаршылық жайында көп жайтты зерттеуге тиіспіз! АҚШ-та «геноцидті зерттеу» қарқынды дамып келеді» деген С.Камерон Кеңес Одағы ыдырай бастаған кезде жарияланған архивтік материалдардың бірқатарын тізіп берді. Мәселен Марта Брилл Олкоттың 1981 жылы жарияланған «Қазақстанда ұжымдастырудың басталуы» атты мақаласы америкалық оқырманға қазақ ашаршылығы туралы кеңірек мәлімет береді. Бұл зерттеу кейінірек, яғни 1986 жылы Роберт Конксевттің «Қасіреттің жемісі» атты еңбегінің жарық көруіне ықпал етіпті. Мұны білетіндер кітаптың едәуір бөлігі украиндік «голодоморға» арналды десе де, әуелі бұл аштық алапаты Қазақ елінен басталғандығына ерекше екпін түсірген екен. Қазақ жастары тәуелсіздікке қол жеткізу үшін алаңға шығып, басын бәйгеге тіккен жылдары АҚШ ғалымы ашаршылық туралы зерттеу еңбектерін жариялап үлгерген. Бұл кезде кеңестік өктем саясаттың қазаққа жасаған басқыншыл әрекеттері жайында еңбек жазбақ түгілі, айтқың келетін бірауыз сөзің де амалсыз іште өлетін. Бәлкім, қазіргі қазақ ғалымдары ашып, кіре алмай отырған Ресейдің мұрағаттар құлпын батыстың мүмкіндігі мол ғалымдары сол кезде-ақ ашып үлгерген шығар, кім білсін? Қалай десек те, батыс ғалымдарының қазақ ашаршылығын зерттеу ісіне сол кезде-ақ кірісіп кеткені көрініп тұр. Бұған Стивен Виткрофт пен Р.Дэвистің 2004 жылы жарық көрген «Аштық жылдары: кеңестік ауыл шаруашылығы, 1931-1933» еңбектері дәлел бола алады. Ол ол ма, Изабелла Охайонның 2006 жылы, ал Николла Пианчеллоның 2009 жылы шыққан кітаптары толықтай қазақ ашаршылығын талдаудан тұратын көрінеді. Мұнымен қоса көптеген ғалымдар қазақ тарихшыларының еңбектеріне сүйене отырып, ашаршылық туралы монографияларды дайындау үстінде екен. Ал Ресей және Еуразияның зерттеу бағ­­дарламасы бойынша Халықаралық бей­­бітшілікті қолдау жөніндегі Карнеги қорының жетекші ғылыми қызметкері Марта Брилл Олкот 1970 жылдардың ортасында ашаршылық алапатын зерттеуге бел шеше кіріскендердің бірі. Ол Ленин кітапханасынан 1920-1930 жылдары аралығындағы мерзімді басылым беттерінде жарияланған және мұрағат қорында сақталған құжаттарға қол жеткізіпті. Бірақ қазіргі таңда берілген мүмкіндік тарихшылар алдында тұрған міндеттерді шешуді жеңілдетудің орнына, күрделендіріп жібергенін жасырмаған Марта Брилл Олкот екі ұсыныс айтты. «Ұжымдастыру мен ашаршылықты жан-жақты зерттеу үшін Қазақстанда жүргізілген саясатты Кеңес Одағының бүкіл аумағында жүргізілген саясатпен байланыстыра қарау керек. Кремль басшылығы Кеңес одағының әртүрлі аймақтарының мәдени және экономикалық қажеттіліктерінің ерекшеліктеріне назар аудармағаны белгілі. Қазақстан халқын ұжымдастыру кезінде тиісті шаралар қабылдамауын осыдан-ақ аңғаруға болады. Сталин мен оның маңайындағы топ ұжымдастыру мен ашаршылықтың салдарынан болған апатты аса маңызды мәселе ретінде қарамады. Бұл – империялық биліктің үлкен кінәсі. Сондықтан да осыған дейін белгісіз болып келген нақты жағдайларды ашып, бүгінгі ұрпаққа ашаршылық ақиқатын жеткізу – тарихшылардың биік парызы», – деді. Тарихшы-ғалымдарды «КСРО-дағы ашар­шылық.1924-1934 жж.» Құжатты ха­лық­аралық сериясы редакциялық алқасының мүшесі Елена Тюринаның ортаға салған пікірі елең еткізді. «1932 жылы ауыл халқы аштықтан қырылып, Қазақстанда өте ауыр жағдай орын алды. Қазақтар Ресей мен Қытайдың көршілес өңірлеріне үдере көшті. 1932 жылғы 2 сәуірде шаруалардан Бүкілодақтық Орталық Атқару комитеті төрағасының атына түскен шағымда: «Аш-жалаңаш бұқараның балаларымен талғажау іздеп, жолдарда шыбындай қырылып жатқандығы» туралы айтылады. Бұған Қазақстанда қысқа мерзім ішінде жүргізілген ұжымдастыру басты себеп болды. 1932 жылдың ақпанында ұжымдық шаруашылықтардың 87 пайызы, жекелердің 51,8 пайызы малынан түгел айрылғанын айтады. Өмір бойы дәстүрлі түрде мал өсірумен айналысқан көшпелі халық күшпен отырықшыландырылып, қарамағындағы малынан айрылды. Бір айта кетерлігі, Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясы 2009 жылы ХХ ғасырдың 30 жылдары алапат аштық орын алған бұрынғы КСРО рес­публикаларында болып, аштық тарихы туралы құжаттардың түпнұсқаларымен танысып, жіті зерттепті. Сол бойынша аталмыш ұйым 2010 жылы қабылдаған №1723 резолюцияда адам құқықтарының ауыз барғысыз дәрежеде бұзылуына алып келген сталиндік тоталитарлық жүйені айыптаған. Тіпті осы резолюцияның 6-тармағында: «Қазақстанда миллиондаған жан жаппай аштықтан қырылды. Құрбан болғандардың саны бұрынғы КСРО халықтарымен салыстырғанда анағұрлым артық. Бұл алапат аштық қазақ халқының ең үлкен қасіреті ретінде есте қалады» делінген екен. Міне, еліміздің тұрғындары қазақ же­рінде болған аштыққа үлкен қасірет деп баға берген осындай резолюцияның қабылданғандығынан бейхабар. Әрбірден соң қазақ тарихшылары емес, Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясы өкілдері құлшыныс білдіріп, зерттеу жүргізуі қай-қайсымызға да үлкен ой салатыны анық. Франция Ұлттық ғылыми зерттеулер­ ор­талығының аға ғылыми қыз­мет­кері Изабель Огайон да зерттеу жұ­мыс­та­рында Голощекиннің билікке келуін оты­рық­шылдандыру саясатымен байланыстырады. «Отырықшылдандыру идеологиясы қазақтардың дәстүрлі шаруашылық және әлеуметтік тәжірибелерін ауыстырумен ұштастырылды. Қазақ шаруаларының алға қарай дамуын мал бағудан егін салуға немесе отырықшы мал шаруашылығына өту және рулық құрылымдарды жоюды әкімшілік бағыттау әдісімен жүзеге асыру көзделді. Мал өсірумен айналысатын қазақтар үшін ең ауыр соққы 1931 жылы шарықтау шегіне жеткен жаппай ет дайындау науқаны болды. Егер аштықтан бір миллион үш жүз мыңдай адам немесе республика халқының үштен бірі қырылса, мал басы қырық бес миллионнан сегіз миллионға дейін кеміді. Сөйтіп, отырықшылдандыру мал басының апатты жағдайда жетіспеуінің салдарынан малшаруашылық экономикасына қайта орала алмай, түгелдей мемлекеттің көмегіне тәуелді болып қалған босқындардың көшіп-қонуына ұласты. Бір миллиондай қазақ көрші республикалар мен басқа елдерге кетуге мәжбүр болды. Ақиқаты сол, қазақ жеріндегі аштық басқа Кеңестік елдермен салыстыруға келмейді. Иә, Украинада 7 миллиондай кісі көз жұмды. Ол халықтың 15 пайызы. Ал, мұнда қазақтың 80 пайызы қырылып қалды. Мұны әдейі қазаққа бағытталған геноцид дей алмаймыз, алайда салдары геноцидтен асып түсті», – деді. Ал екі жылдан бері қазақ тарихын зерттеп жүрген неміс тарихшысы Роберт Киндлердің: «Мені таң қалдырғаны – қазақтардың өз жақынын, туысын, бауырын сақтап қалу үшін үлкен құрбандықтарға барғаны» дегенін естігенде көзімізге жас кел­генін жасыра алмаймыз.
ОТАНДЫҚ ТАРИХШЫЛАРДЫҢ ПАЙЫМЫНАН…
 

Ғалымдар бір ауыздан «аштық туралы ақиқат – тарихты тануға, түсінуге жұмыс істеуі тиіс. Трагедияны – саясаттың тоқпағы етуге болмайды» дегенді баса айтты. Белгілі тарихшы Талас Омарбеков: «Бүкілодақтық санақтардың көптеген кемшіліктері бар. Осыны ескермей тек бүкілодақтық санақты басшылықа алып, есеп шығарып жүрген әсіресе шетелдік тарихшылар. Олар әдетте 1 миллион мен 1,5 миллионның арасында қырылған қазақтар деп көрсетеді. Бұл тіптен шындыққа келмейді. Бұл қазақтың жартысына жуығын қамтымайды. Қазақтар қырғынның алдында 4 миллион 800 мың адам болған. Оның жартысына жуығы қырылғанын ескеруіміз керек» десе, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған: «ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жүргізілген индустрияландыру және ұжымдастыру саясаты, большевиктердің волюнтаристік саясатының нәтижесінде орын алған жаппай ашаршылық іс жүзінде әрбір қазақстандық отбасыға әсер еткен және қазақ ауылының өміріндегі аса ауыр оқиға болды. Алайда ұзақ уақыт қазақстандықтар, отандық тарих ғылымы 1928-1932 жылдардағы бұл алапат аштық туралы айта алмады. Себебі Қазақстанның тарихы, жалпы Кеңестер Одағының тарихы сияқты тоталитарлық жүйе тұсында терең идеологияландырылды. Тек Тәуелсіздік тұсында ғана Қазақстанның тарих ғылымы 30-жылдардағы алапат аштық туралы құпияны толық ашуға мүмкіндік алды», – деді.

Ал жазушы Смағұл Елубай «Алматы ақшамы» газетіне берген сұхбатында адам жанын түршіктіретін деректерді айтады. «Маған бір оқиғаны марқұм Молдабай Әбдіров деген ақсақал айтып еді: «ҚазПИ-де студент едік. Институт залының президиумында Голощекин бастаған республика басшылары: «Бес жылдықтың жоспары керемет орындалды. Ура-ура! Жасасын, коммунистік партия!» деп айғай салып, ұрандатып отырды. Күн ыстық болғандықтан, залдың есігі ашық тұрған еді. Жиналысқа қатысып отырған студенттер ашық тұрған есіктің ар жағындағы жолда аштықтан бұралып, құлап жатқан қазақтарды көріп, жылап отырдық. Мыналар неткен көрсоқыр, қаныпезерлер еді», деп жылап отырдық» дегені есте. Міне, осы бір эпизодтың өзі Голощекин басқарған саясаттың қазаққа қарсы бағытталған қылмыстық, шовинистік сипатын көрсетеді. … Тоболин деген комиссардың бір үлкен жиында: «Қазақ – көшпелі халық. Олардың тұрмыстық деңгейі социалистік құрылысқа келмейді. Сондықтан олардың жойылуы тарихи заңдылық», – деп ашықтан-ашық мәлімдеуі сол қылмыстық саясаттың көрінісі. … ҚазПИ-дің алдында қазіргі Панфиловшылар саябағы тұр ғой. Сол саябақта болған бір оқиғаны Мәриям Хакімжанова апамыз өз естелігінде: «1932 жылы біз техникумның студентіміз. Түні бойы аштан өлген адамдар паркте, қала көшелерінде жиналып қалады. Таңғы алакеуімде студенттерді шығарады. Біз өліктерді арбаға тиеп алып, қаланың сыртындағы сайға апарып төгіп тастаймыз. Студенттердің күнделікті жұмысы осылайша қаланы аштан өлгендерден тазарту болды. Бір күні қыздар болып, өліктерді арбаға тиеп жүргенімізде паркте ағашқа арқасын сүйеп, тіп-тік бір ірі шал отырғанын көрдік. Басында тұмақ, үстінде белін буып алған тон. Өзі қимылсыз. Біз өліктерді жинап жүргендіктен, тірі отырған адамды көріп шошып кеттік. Жақындап келіп қарасақ, өліп қалыпты. Үңіле қарағанымызда, бір қолында қысып ұстаған домбырасы, екінші қолын кеудесіне қысып ұстаған екен, тонның ішкі жағынан кішкене нәрестенің басы қылтияды. Ол да өліп қалған. Яғни аштық меңдеген шал тік отырып өліп кеткен», – деп жазады. Міне, осы екі көріністен-ақ қазақтың басынан өткен ауыр жылдарды көз алдыңа елестетуге болады. Қандай қасірет, қандай нәубет десеңізші?! Бірақ неге біз 4,5 миллион қазақты қырып салған аштықты қолдан жасаған геноцид демейміз? Біле білсек, украин мемлекеті бұл жөнінде арнайы қаулы қабылдап жатыр. Ал біз нәубет жылдарға тек шолақ белсенділер ғана кінәлі деумен келеміз. Бүгін біз Қазақстан тарихын­дағы ең ауыр парақтарды аштық. Алапат ашаршылықтың 80 жылдығы сұрапыл оқиғалардың түп­кі мән-жайын зерттеп, сараптап, талдап, оны ортаға салумен ғана шектелмейді. Әрбірден соң Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішті еліміздің әр өңірінен ашу керек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары