МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҮКІЛІ ТҰҒЫРЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҮКІЛІ ТҰҒЫРЫ
Тәуелсіз Қазақстанның елдігі мен теңдігін, азаматтығы мен егемендігін танытатын мемлекеттік рәміздері – Тәуелсіздіктің қасиетті нышандары бар.
Мемлекеттік Рәміздер – еліміздің тәуелсіздігін паш ететін, әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Ұлтымыздың рухын, салт – санасын, халқымыздың қаһармандығы мен даналығын, болашаққа арман – тілегін, үмітін жеткізетін киелі құндылықтар. Қасиетті Отанның өзі Мемлекеттік Тудан, Елтаңба мен Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасады. Міне, осыған орай, 1 маусым күні Алмалы ауданы Әкімдігі мен Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапхана-бөлімшесінде ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдығына арналған «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздіктің үкілі тұғыры» атты салтанатты патриоттық кеш өткізілді. Аталмыш шараны өткізудегі мақсат – тәуелсіз еліміздің ертеңгі тұтқасы болар жастардың бойына отансүйгіштік, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және жастарды бабаларымыздың ақжолтай аманаты – қасиетті тәуелсіздікті сақтай білуге, ҚР рәміздерін қастерлеуге тәрбиелеу болып табылады.
Оқу залында «Әлем таныған жасампаз Қазақстан!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне еліміздің сан қилы тарихы туралы, Ата Заңның шығу тарихымен, Мемлекеттік рәміздер, ҚР Конституциясы, Тәуелсіздік шежіресі, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның асқан асулары, жетістіктері мен жарқын болашағы туралы кітаптар, құнды құжаттар, фотодеректер мен мерзімді басылым ақпараттары қойылды. Экраннан Тәуелсіз Қазақстан, Елбасы, Мемлекеттік рәміздер туралы деректі фильмдер мен слайдтар көрсетілді.
Салтанатты кешке арнайы шақырылған қонақтар: ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – Оразақын Асқар, тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Әлімғазы Дәулетхан, философия ғылымдарының кандидаты, философия және саясаттану институтының аға ғылыми қызметкері – Аманжол Мейірманұлы және Алматы қаласы Қазақстан Халқы ассамблеясының этномәдени орталықтарының өкілдері мен жоғары оқу орнының студенттері аталмыш тақырып бойынша ой бөлісті.
Осы мерейлі мереке қарсаңында кітапхана меңгерушісі, Мәдениет қайраткері Сағын Иманбаева кітапхананың тұрақты серіктестері, көп жылдардан бері бірлесіп шығармашылық жұмыстар жасап келе жатқан ұлттық мәдени орталықтарды арнайы дайындалған дипломдармен марапаттап, осы кештің жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан зиялы қауымдар мен өнер көрсеткен жастарға өзінің ыстық ықыласын білдіріп, арнайы кітапхана атынан құнды сыйлықтар табыс етті.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Ұлтымыздың рухын, салт – санасын, халқымыздың қаһармандығы мен даналығын, болашаққа арман – тілегін, үмітін жеткізетін киелі құндылықтар. Қасиетті Отанның өзі Мемлекеттік Тудан, Елтаңба мен Әнұраннан бастау алады. Олай болса, рәміздер – біздің еліміздің, Қазақстанымыздың бет бейнесі, біз үшін биік, біз үшін қастерлі нысан. Сол нысанымыздың 20 жылдығы құтты болсын! Тәуелсіздігіміздің Көк байрағын желбіреткен Тәуелсіз Қазақ елінің самғау жұлдызы биік болсын.
кiтапхана қызметкерi