МЕРЕЙIНЕН ҮРЕЙI БАСЫМ ҰБТ

МЕРЕЙIНЕН ҮРЕЙI БАСЫМ ҰБТ

МЕРЕЙIНЕН ҮРЕЙI БАСЫМ  ҰБТ
ашық дереккөзі
246

Көптiң көңiлiн күптi еткен ұлттық бiрыңғай тестiлеу (ҰБТ) басталып кеттi. 121 мың түлек маусымның 1-i мен 15-i аралығында елiмiздiң 154 орталығында бағын сынауда. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейтiн айтулы сәттiң нағыз қызған шағы осы.

Түлектерге түрпідей көрінетін ҰБТ-ның қолданысқа енгеніне де тоғыз жыл болыпты. Осы уақыт ішінде білім сынағының бұл әдісі тиімді ме, жоқ па, деген сұрақтың маңыздылығы арта түскен. Әу баста ҰБТ-ны «бісміллә» деп енгізіп жібергенде, мамандар «Бұл сынақ – жемқорлықтың тамырына балта шабады» деп нық сеніммен айтқан болатын. Иә, ҰБТ-ны басында-ақ жемқорлыққа қарсы амал ретінде қолдансақ, бұл үдеден шығуға болатын еді. Сонда ғана жүзден жүйріктер ғана оқу орнына түсіп, тамыр-таныстық деген атымен жоғалар ма еді, кім білсін?! Ал бірақ тоғыз жыл бойы мерейінен үрейі басым ҰБТ ешбір айқай-шусыз өтпепті. Оған жыл сайынғы орын алып жатқан оқиғалар дәлел бола алады. Алысқа бармай-ақ, былтыр Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында №163 орта мектеп түлектерінің ҰБТ-дан жаппай жоғары балл алғаны мәлім. Мемлекеттік құпия ретінде сақталатын тест жауаптарын басқа емес, министрліктің айналасындағылдардың жария еткені аян болды. Ол ол ма, қайбір жылы еліміздің Оңтүстік өңірінің түлектеріне дайын жауапты 1 мың АҚШ долларына саудалаған да министрліктің өз ішінен шыққан «жаулары».

Қазақстанда тестілеу жүйесінің енгізілуі 1992 жылдан басталды. Сол жылы орта мектеп бітірушілер мен олардың жоғары оқу орнына түсудегі білім деңгейін айқындау мақсатында Республикалық тестілеу орталығы құрылды. Тестілеу алғашында жаңаша ақпарат технологиялар әдісімен жоғары оқу орнына түсу емтиханы ретінде пайдаланылды.

1995 жылдан бастап барлық жоғары оқу орындары студенттерінің білім сапасын ағымдағы және аралық бақылауда тестілеу жүйесін кеңінен қолдана бастады. 1999 жылы орталықтанған кешенді тестілеудің енгізілуі талапкерлердің білім сапасын бағалаудың әділ болуына және мемлекеттік білім гранттары мен кредиттерді білімге сәйкес бөлуге жол ашты. Ал 2004 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді.

Күні бүгінге дейін толықтырулар мен өзгерістер жиі енгізілетін сынақ әлі бір ізге түскен жоқ. Жыл сайын түлектер үшін бір жаңалық. Не оқуға түсетін межелі балл өседі, не тәртіп қатаңдатылады. Биыл тіпті министрлік ҰБТ сұрақтарының базасы жаңартылғанын, оған логикалық сұрақтардың енгізілгенін айтты. Ал «ҰБТ-ға өзгеріс енгізілді» дегенді естіген түлектерден маза қашқан. Әу баста оқуға түсу балы 40-45 болса, қазір ұлттық жоғары оқу орындары үшін 70 баллдан кем болмауы тиіс. Министрліктің жаңадан құрылған Білім саласына бақылау жөніндегі комитетінің бас сарапшысы Қайырғали Рақымжанов: «ҰБТ – лоторея емес, бұл түлектердің мектеп қабырғасында алған білімі мен ұстаздың білігін тексеретін тәсіл. Оны әлемнің 120 елі әртүрлі әдіспен қолданады», – депті. Жөн делік. Әлемдік елдермен теңесеміз деп осы тәсілді таңдағанымыз рас. Ресейде де талай жылдан бері дау туғызып келетін ЕГЭ (бірыңғай мемлекеттік емтихан) бар. Бірақ Ресейдегі бірыңғай мемлекеттік емтихан әр пәннен бөлек тестілеу түрінде өткізіледі. Алайда дәл біздегідей қобалжу, абыржу, тіпті жылап-сықтау оқиғалары аса байқалмайды. Бәлкім, бұл мемлекеттің сынақты жан-жақты зерттеп, қажеттісін ғана алып жаратқандығында жатқан шығар, кім білсін?

Бұл күндері мектеп түлектерінің жүрегі ерекше дүрсілдеп соғуда. Сын сағатта білімін таразыға салып, ата-анасы мен ұстаздары артқан сенімді ақтауға тырысқан шақ. Алайда түлектердің айтуынша, министр Бақытжан Жұмағұлов биыл ерекше қолға алған ҰБТ-ның сұрақтары қиындатылған. Бәз-баяғыдай «шпаргалка» алып кіру де мұңға айналған. Тіпті ұялы байланыс желісін жоятын қондырғылар да қойылған. Бәрі қатаң түрде тексеріліп, кіргізіліп жатыр. Бір аптаның ішінде еліміз бойынша межелі 125 баллды үміткерлердің екеуі ғана алған. Ал мамандар болса биылғы талаптың қатаңдатылуы жоғары балл жинауға кері әсерін тигізетіндігін айтып жүр. Әйтсе де, кейбір ақпарат құралдары ҰБТ науқаны қарсаңында сынақ сұрақтарының жауабы қызу саудаланғандығын жеткізсе де, министр Жұмағұлов сынақтың өз ойындағыдай өтіп жатқандығын айтып қалды. Десе де, қазір қандай да бір қорытынды айту қиын. Алда әлі бір апта уақыт бар. Одан кейін кешенді тестілеуге қатысатын колледж студенттерінің жыры басталады… 2013 жылы пилоттық жоба, яғни ҰБТ-ны мектептен кейінгі тапсыру және ЖОО-ға түсу тестісі деп екіге бөліп жүргізу жоспарланған. Ол толықтай 2015 жылы аяқталмақшы.

Біз «ҰБТ бізге не берді?», «Жалпы, ҰБТ тәсілі керек пе?» деген сауалдарды ортаға салып көрдік.

Рахман Алшанов, Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті:

– Бұрын оқуға түсер кезде «Аға, менің балам бар еді…» дейтіндер көп болатын. Ал тестілеу соған қарсы бір амалдың түрі. Бірақ тест сұрақтарын жасаудың өзінде кемшіліктер бар. Кеше ғана «Алтын белгінің» саны күрт өзгеріп кетті. Бір-екі жылда мектепте білім сапасы көтерілуі мүмкін емес қой. Жасанды екені көрініп тұр. Екіншіден, олимпиада жүлдегерлеріне жеңілдік жасалады деп еді, олардың саны да өсіп кетті. Мұның бәрін реттеу керек. Шын мәнінде, ҰБТ-ге кіресің де, тапсырасың, білімің болса грантты иемденесің. ҰБТ – жемқорлықты жоюдың бір жолы. Бәрін жояды деп айту қиын. Министрлік тәртіпті күшейтті. Биыл бұрынғы жылдарға қарағанда көп нәрсе жақсартылды. Әйтпесе түлектер техникалық құралдың көмегімен сұрақты салып жіберіп, бес минутта жауабын алып отыра беретін. Әділ болсын, білімділер ғана өтсін деген талап қой. Ал білімді болсаң, неден қорқасың? Өзің оқыған пәндердің сұрағына жауап беруге болады ғой. Кеше біреу «балам бір сұраққа жауап бермеді» деп жатыр. «Сұрақтар қиын болып кетіпті. Баламды аяймын» дейді. Неге аяу керек? Қарапайым мектеп бағдарламасындағы сұрақтар емес пе? Әрине, бірен-саран олқылықтар кездеседі. Ал бұрын алдына келген талапкерге ойына келген сұрақты қойып, әдейі құлататындар кездесетін. Дәл қазір ҰБТ-дан басқа тәсіл көріп отырған жоқпын.

Ғалия Әміртаева, мұғалімдер мен оқытушылардың «Ар-намыс» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– ҰБТ білімді тексерудің бір түрі. Бірақ бұл тәсіл арқылы толық тексереді дей алмаймын. Мұны біз шетелден алып отырмыз. Ақыры алған екенбіз, бүкіл технологиясын бірақ енгізу керек еді. Тек суырып қана алдық. Әр мемлекеттің өз ерекшелігі бар. Қазақ балалары алғыр, білімге құштар. Соны ескере отырып, мемлекетімізге тән ерекшеліктерді көрсеткеніміз дұрыс. Сосын мектеп түлектерінің бәрін бір мезетте бір жерге топырлатып, тығып тастаймыз. Бұл дұрыс емес. Біреуі қиналады, екінші біреуі ауырып қалады. Сынақ мектепте бөлек, оқуға түсер кезде бөлек болу керек. Жалпы, өзім мектепте жемқорлық болады деп айта алмаймын. 11 жыл 5-ке оқыған бала кішкене қиналып жатса, көмектесемін. Себебі баланың еңбегін, қалай оқитынын білемін. Мұны жемқорлық деуге болмайды ғой. Ең көп дегенде олардың мұғалімге беретіні – бір қорап конфет қана. Біріншіден, оқушылардың алдында мұғалімдердің беделін түсіріп отыр. Әр жоғары оқу орны өзіне қажетті адамды өзі таңдауы керек. Бүгін тапсыра алмаған балаға екі айдан кейін бе, алты айдан кейін бе, қайта тапсыруға мүмкіншілік беру керек. Мәселен шетелде солай ғой. Еуростандартқа көшеміз десек, солай ету керек. Екіншіден, биылғы ҰБТ бойынша тарих пәнінен сұрақтар көп өзгеріске ұшырады. Өте қиын болғанға ұқсайды. Кейбір мектептер математикадан есептерін шығарып үлгермеген. Сондықтан алдымен мектептің оқу базасын жөндеп, содан кейін ғана қатаң талап пен міндет жүктеуі керек сияқты. ҰБТ – жемқорлықты тыймайды. Былтыр Жаңақорғанда не болды? Жылда осындай оқиға тіркеледі. Сосын тағы бір айта кететінім, ҰБТ-да бес пәннің бірі – орыс тілі. Түлектер оған уақыт бөліп, жауап береді. Бірақ бұл есептелмейді. Не оны есептеу керек, не болмаса мүлдем алып тастау керек. Одан да олар сол уақытта математиканың есептерін шығарсын. Ал негізі басқа жерге қарағанда, Алматы қаласының түлектерінің балы жоғары болады.

Аида, ата-ана:

– Қазақтілді білім ошағын тәмамдаған түлектерге орыс тілінен тест тапсырудың қажеттілігі қанша? ҰБТ-ға қазақтілді мектептің түлектері үшін неге орыс тілін кіргізгеніне аң-таңмын. Онсыз да абыржыған олар көп уақытын жоғалтып алады. Тым құрыса, орыс тілінің жауаптарын есепке алса, мейлі ғой. Сондықтан да ҰБТ-дан орыс тілін алып тастасын немесе оның жауабын есепке алсын. Әйтпесе, бұл нағыз әділетсіздік. Қызым ҰБТ-ға күндіз-түні дайындалды. Биылғы сұрақтар қиын деп ұстаздары шошытып қойған. Ол математикаға дайындала ма, тарихты оқи ма, әлде орыс тілін қайталай ма? Ананы-мынаны шолып шыққан болады. Бірақ көңілінде бір күдік бар. Меніңше, талапкердің уақытын алатын орыс тілін сынақтан мүлдем алып тастау керек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары