ӨСКЕМЕНДЕ ӘНҰРАН АЙТҚАН КЕШ

ӨСКЕМЕНДЕ ӘНҰРАН АЙТҚАН КЕШ

ӨСКЕМЕНДЕ ӘНҰРАН АЙТҚАН КЕШ
ашық дереккөзі
260

4 маусым – Қазақ ұлттық рәмiздерiнiң күнi. Биыл мемлекеттiк рәмiздерiмiздiң қабылданғанына тура жиырма жыл толады екен. Жиырма жыл iшiнде қазақтың ұлттық рәмiздерiнiң қасиетi мен киесiн болашақ ұрпақ зердесiне қаншалықты сiңiре алдық? Қасиеттi туымыз көкке желбiреп, қанында ұлттық намысы бар талайдың делебесiн қоздырса, киелi Елтаңбамыз көңiл көкжиегiн кеңейтiп, Әнұранымыз асқақтағанда, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейiн көзге жас үйiрiлiп, Тәуелсiздiгiмiз үшiн Аллаға мың да бiр тәуба дейтiндей деңгейге жете алдық па?

«Жеттік» деп кеудемізді қағайық десек, соңғы кездегі Әнұранға қатысты келеңсіз оқиғалар соңғы кезде жиілеп кетті. Қостанайда, Кувейтте Әнұранымыздың орнына қайдағы сайқымазақ музыкалар орындалған. Өкініштісі сол, біздің елдің атынан бас жүлдеге ие болып тұрған спортшының Әнұранды білмейтіндігі, спортшының ұлттық намысының жоқтығы қинады. Олар қайта оралысымен, елімізде Спорт және туризм министрлігі тарапынан спортшыларға Әнұранды білуді міндеттеу туралы әңгіме қозғалып кетті.

Ұлттық рәміздердің 20 жылдығы қарсаңында Алматыда алаңда ірі концерт болып өтті. Ұлттың ұлылығын паш ететін ұлттық рәміздерге деген назар енді аударылып, оны ұлықтау енді қолға алына бастады. Кеш те болса қимылдадық. Ештен кеш жақсы деген. Осы ретте ұлттық рәміздерімізді жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында Көк туымызды желбіретіп, көшенің көрнекі жерлерінен қадап қою жайында пікірлер жиі айтыла бастады. Осы ретте Астана әуежайындағы кіреберісте жайқалған туымыздың мұндалайтыны бар. Оны түрік ағайындарымыздың қол ұшын созуы арқылы орнатқан екенбіз. Бұл – еліміздегі ең үлкен Ту. Ені – 15, ұзындығы 30 метр болатын бұл байрақ «Атамекен» кешенінде тігілген. Бұдан кейінгі үлкен Көк ту Өскеменде желбіреп тұр екен. Жақында жолымыз түсіп шығыстың шырайлы қаласы – Өскеменге барған едік. Өскеменге аяқ тірегеннен кейін жергілікті халықтан Өскеменнің өзге қалалардан келген қонақтарға ұсынар қандай сыйы барын сұрастыра бастадық. Елдің аузына әуелі Абылай хан шыңындағы “Қазақстан” монументі түсті. Ислам Әбішев қала әкімі қызметін атқарып тұрғанда, қолына бірінші алған ісі – Өскемен тұрғындары өздерінің Қазақстанның, Қазақ Елінің азматы екенін мақтанышпен сезінуі үшін, ұлттық патриоттық сезімдерінің жоғары болуы үшін осы кешенді салуды қолға алған екен.

Кешен ел арасында “Қазақстан” тауы деген жанама атқа да ие. Оның қанша метр биіктікте орналасқаны туралы ақпаратты ешқайдан таба алмадым. Жергілікті ақпараттардың басын қосқан www.altaynews.kz сайтындағы мәліметтер бойынша, Өскемендегі Красин кенті жақтағы Аблакет тауының ең ұшар басына тұғыр орнатылып, оған көк байрағымыз тігіліп, баурайына үлкен әріптермен «Қазақстан» деп жазылған. “Аспанмен тілдескен жалау мен жарқыраған жазу қаланың қай тұсынан болсын көзге оттай басылып, мен мұндалап, елдігімізді айғақтап, рухымызды асқақтатып тұр. Ұрпақ бойына ұлттық патриотизмді ешқандай насихатсыз-ақ, тек осындай символикалар арқылы сіңіруге болады екен. Былтыр жазда Конституция күні қарсаңында «Қазақстан» жазуы және мемлекеттік Ту жаңартылды. Ол жерге электр желісі тартылды, енді жазу мен байрақ түнде де көрініп тұрады. Сондай-ақ, жалау саптың ұзындығы 40 метрге дейін көтеріліп, тудың көлемі ұлғайтылды. Енді өскемендік көк байрақ – еліміздегі ең үлкен тулардың бірі. Оның ені – 6, ұзындығы – 12 метр. Ал, «Қазақстан» деген тау баурайына жазылған үлкен жазу елімізде тек Өскеменде ғана бар” делінген онда.

Кешқұрым “Өскемен” қонақүйінен Абылай шыңын бетке алдық. Такси тау етегіне жеткізіп салғаннан кейін, арнайы жасалған баспалдақтар арқылы “Қазақстан” жазуын бетке алып, жаяу көтерілдік. Кемінде 500 метрдей жоғары көтерілгеннен кейін аталған кешенге де жеттік. Анадайдан мен мұндалаған Қазақтың қасиетті көкбайрағы желбіреп, тамырыңдағы ұлттық рухыңды шымырлатып, осындай алып мекенді иеленген ата-бабаларымыздың қасықтай қаны қалғанша, білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған қасиетті Атақонысынан айналады екенсің. Қазақ елінің ұлттық рәміздерінің барлығы айшықты да айбарлы түрде бейнеленген. Ту, Елтаңба, Әнұран және бүкіл Алтай еліне айбар шашып, көкірегіңді мақтаныш сезім билейді екен. Тау баурайында қашалған “Қазақстан” сөзі де көңілді көкке өрлетіп әкетті. “Қазақстан” кешеніне жеткен біздің топ Қазақ елінің әнұранын орындап, еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуын тіледі.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары