3227
ХАН БАРАҚ. СҰЛТАН БАРАҚ. БАТЫР БАРАҚ...
ХАН БАРАҚ. СҰЛТАН БАРАҚ. БАТЫР БАРАҚ...
Кез-келген халықтың тағдыр талайында тарихи ағымдарға тигізген ықпалы жағынан әртүрлі әрекеттерімен белсенділік танытқан ортақ есімдер жетерлік. Мұндай ортақ есімді тұлғалар біздің халқымыздың тарихында да болған. Мәселен, Қазақстанның тарихына қатысты жылнамаларда бірнеше Әбілқайыр, Жәнібек, Есім, Тәуке, Уәли атты адамдар кездеседі. Тек Барақ есімді адамдардың сарғыш тартқан жылнамаларда із тастағандарының ғана толық емес саны әзірше жетеу болып жүр.
Сондықтан да болар, Барақ жөнінде аңыз-әңгімелер қозғала қалса, «қайсысы еді» деген сұрақ алдымен туады. Осыған орай, сол Барақтар жайлы азды-көпті сөз қозғауды жөн көрдік.
Бұлардың ең көнесі 14 ғасырда өмір кешкен Алтын Орданың ханы (1422-1426) Барақ хан. 16 ғасырдың ортасында Ташкент аймағының билеушісі болған Әбілқайыр ханның екінші баласы – Барақ хан. Барақ Жанұзақұлы – шамамен 17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырдың басында қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданы аймағында туған батыр. Әкесі Жанұзақ түйепалуан болған деседі. Барақ қазақ жерін қалмақ басқыншыларынан азат етуге белсене араласқан. Барақ батыр Сатыбалдыұлы – Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі. Барақтың батыр атағы 18 жасында торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңіп шыққан соң әйгілі болған. Бұл Барақ 1785-1892 жылдары Сырым Датұлы бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күресте оның оң қолы бола білген. Барақ Тұрсынұлы – қазақ сұлтаны. Шыңғыс ханның тұқымы. Жәдік әулетінен. Әкесі Тұрсын хан. Ағасы Күшік Орта жүз ханы болған. 18 ғасырдың ортасынан бастап Барақ Кіші жүз ханы Әбілқайырдың бақталасы болған. Ақырында ол қапысын тауып Әбілқайырды 1748 жылы өлтіреді. 1750 жылы Әбілқайырдың кегін жоқтаушылар Барақты екі ұлымен бірге у беріп өлтіреді. Міне, осы Барақтарды ауыз екі әңгімелерде алмастырып та, ауыстырып та атаймыз. Ал тарих дегеніміз – жеке адамдардың өмірбаянының тізбегі емес. Жылнамалар бетін сілемдеген адамдардың барлығы тарихқа тұлға бола алмайды. Өйткені, олардың ішінде еліне қорған болғаны да, туған халқына бұғалық тастап, сүліктей сорып дәніккендер де жоқ емес. Тарихи ізденістің бағыт-бағдары халық өмірінің өткенін шындық негізде талдап, прогресшіл салауатын сүзу, тағлымын алу, алға беттеген, аяққа орамды болған кезеңдерін бүгінгі күн талабына бағалаумен орайлас. Бұл жәйт, өткен дәуірдің тарихи тұлғаларының саяси және қоғамдық дидарын анықтаудың басты шарты. Сондықтан да Барақ ныспылы адамдардың барлығының ғұмырбаянына тоқтала беруден аулақпыз. Тек тақырыбымызға орай, Шығыс Қазақстанда туған екі Барақ туралы ертелі кеш жинаған деректерімізді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Тарихтағы көп Барақтардың ішінде қалың қара орман қара қазақтан шыққан Барақтар да бар. Солардың бірегейі 18 ғасырдың айтулы батырлары Бөгенбай мен Қабанбайдың үзеңгілес досы, «Көкжал» атанған Көкжарлы Барақ. Бұл Барақ 1701 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданының жерінде туып, сол ғасырда жорықта ерлікпен қаза табады. Кейбір деректерге қарағанда бұл Барақтың әкесі Шүрек. Осы Барақтан тарайтын ұрпақтардың кейбірін бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Күршім және Жарма аудандарынан кездестіруге болады. Халқымызға сіңірген ерен еңбегіне қарамай осы батырдың аты тарих тарауынан өзіне тиісті бағасын ала алмай жүр. Бүгінгі елдің бұл Барақ жөнінде бар білетіні Қыдырмолла Әбілбекұлының «Қабанбай» және Үмбетей жыраудың «Бөгембай өліміне» атты дастандарында Барақты суреттейтін тұстары ғана. Мысалы, ел ортасына баяғыдан танымал болған Әділбекұлының «Қабанбай» дастанында Көкжал Барақ Қаракерей Қабанбайдың айнымас серігі болып жырланады. Қабанбай үш жүздің баласына жоңғар шапқыншылығы туралы хабар тастағанда көмекке алдымен атой салып келген осы Барақ. Осыған орай дастанда: Бұл хабар талай елге кетті тарап, Халықта бар ғой батыр келер қадақ. Жау шапты елдің шетін дегеннен соң, Келіпті Көкжарлыдан Көкжал Барақ. – деген жолдар айғақтаса керек. Ал Тарбағатайдың Аягөз өзені басталатын Ақшәулі шыңының маңында болған қазақ пен қалмақ батырларының жекпе-жегінде қалмақтың Шоян деген батырын Барақ жер қаптырғанында Қыдырмолла Әбілбекұлы осы дастанында төмендегідей кестелейді. Бөгеліп тоқтамады, шықты Барақ, Сауыт киіп, найзасы, қару жарақ. Қалмақпен бара сала күш сынасты, Батырды кетті салып, тұрмай қарап. Салса да найза кірмеді денесіне, Екі елдің ер өлмейді егесіне. Шойын қаққан шоқпармен ұрды Барақ, Қалқанын талқан етіп төбесінен. Еңкейіп сонда қалмақ төмен бұқты, Бұрқырап аузынан шықты миы. Жау тұрса да қорықпайтын батыр Барақ, Шоянды еңгезердей жерге жықты. «Батыр да бір оқтық», – деген ғой. Қалмақтармен соғыс аяқталған соң Абылай бастаған шағын жасауыл Алатау қырғыздарына жорыққа шыққан. Мұны кезінде Ш. Уәлиханов та жазған. 1770 жылдардағы сол жақтағы шайқастардың бірінде Көкжал Барақ қырғыздың Тоғалақ деген жас батырымен жекпе-жекте шәйіт болады. Келесі жекпе-жекке шыққан Барақтың шәкірті Сарыжомарт Танаш Тоғалақты өлтіріп, ағасының кегін қайтарады. Бұл шайқас Алатаудың Түйіскен деген алқабында болған. Соғыста қазаға ұшырағандардың барлығын Абылай бір жерге көмдіріп, ал Бараққа жеке күмбез салдыртқан. Әрине, содан бері өткен 240 жылдан астам уақыт ішінде ол күмбездің орны да қалмаған. Ендігі әңгіме өзегі – Барақ Солтыбайұлына ойысады. Мәселен, қазақ даласында ұзақ айдауда болған поляк революционері Адольф Янушкевич 1846 жылы Аягөз жерінде Барақпен кездескені туралы өз күнделігінде. «Барақ сұлтан Шыңғысханнан тарайтын хандардың ұрпағы. Ол әлі де дер шағында. Бұл жүзінен нұры төгілген және бойын кереметтей күш билеген айбынды адам. Дала Геркулесінің бойына табиғат асқан ақыл мен қайсар мінездің үстіне жүрек жұтқан батылдықты да сыйлаған. Феодалдық заман баронының ұлы есепті, ол серілік дәстүрінде тәрбиеленген. Садақты одан ешкім дәл атпаған, асауларды одан тез ешкім үйретпеген, ауыр тасты одан гөрі ешкім оңай көтермеген. Оның тұтқиылдан шүйлігулері тау кландарының Шотландия қыраттарына жасайтын шабуылдарын еске түсіреді. Вальтер Скотт романдары қаһармандарының есімдері секілді оның атын естіп-ақ дала қарақшылары жылыстап қашады. Талай ақын Лепсі сыртындағы тайпаларды өз аузына қаратқан оның даңқын талай жырға қосқан. Елдегі жағдайлардың өзгеруіне байланысты қазір де ол қаннен қаперсіз, қару-жарағының бәрін тастаған», – десе, енді бірде ол туралы: «Қазір ол 35 жасында зеңбіректі дөңгелегімен қоса бір қолымен қозғайды», – деп жазады. «Жақсы да болсаң қарағым, Жаман да болсаң қарағым. Солтыбай төре бере ме, Артық та туған Барағын,» – деген ол ішіндегі мадақ та осы Бараққа арналған. Бұдан алдымен түйеріміз – Барақ Солтыбайұлы төре тұқымы, сұлтандар әулетінен екендігі. Иә, Барақ Солтыбайұлы туралы ел арасында нарративтік (әдеби-қиял) деректер көп-ақ. Бұл ретте алдымен Барақ есімі өзімен замандас Дулат Бабатайұлының (1802-1880) өлеңдерінде жиі көрініс береді. Барақ туралы Жанақ пен Орынбай ақындардың да айтқандары да мол. Әйгілі «Біржан – Сара» айтысында да Барақ Сара аузынан 19 ғасырдың Құнанбайынан атақ дәрежесі кем емес, еңсесі биік, ел адамы ретінде келісті кестеленеді. Рас, мұндай мол нарративтік деректердің басты кемшілігі – оларда Барақ Солтыбайұлы қашан туып, тіршілік дүниесінде қанша жыл өмір кешіп, неше жасында дүние салғандығы туралы дәйекті деректер бола бермейді. Өйткені, нарративтік деректердің болмысынан аңғарылатындай онда әдеби-қиял үстем болатынын ескерсек,онда Барақтың туған жылы мен өмірден өткен жылы бүгінге дейін анықталмай жатқаны жасырын емес. Осыған орай, Барақ Солтыбайұлы қақында қолымызға ертелі-кеш түскен аздаған тарихи деректерді барынша екшеп, саралау, талдау мақсатын ұстана түстік. Тарихи деректер дегенде алдымен алға тартар нысанамыз – Аягөз еліне біршама етене жақын, аягөздік, сегіз қырлы, көрнекті қоғам қайраткері Сабыржан Ғаббасов (1889-1918) «Тарих қазақ жайынан» атты мақаласы. Ол «Айқап» журналының 1915 жылғы 6-ы санында жарияланыпты. Байыппен бағамдап оқыған кісі бұл мақалада Аягөз өңірінің татымды тарихына шындап тап болады. Тіпті, бұл мақалада оқырман Барақ Солтыбайұлы туралы біршама дәйекті деректерге де қаныға алады. Ендеше, сол деректерге көз жүгіртелік. Мақалада алдымен 19 ғасырдың екінші жартысындағы жаңа әкімшілік басқарымға сәйкес Аягөз округінің құрылуы жайлы сындарлы әңгіме өрістеп, осы округте әр кезде кімдердің аға сұлтан (мақалада хан) болғандығы байыппен баяндалады. Бақсақ, 1861-1862 жылдары Аягөз округінде аға сұлтандық қызметті Барақ Солтыбайұлы атқарған. Ал бұған дейін ол ел арасында батырлығымен мәшһүр болған. Мұны осы мақалада келтірілген белгілі Жанақ ақынның мына бір шумақ өлеңі айғақтаса керек. Шұбарым, арғымағым, кер маралым, Өз заңымша, пәлкәуник, жандаралым. Бала күннен бас болған мың сан қолға, Баласы Солтекемнің ер Барағым! Жасың бар жиырмада, жылың сиыр, Жайлайды Бексұлтаның ол бір қиыр. Жас күніңде талпынып талап қылып, Тайлағыңда атанмен болдың үйір. Бұл жырға қарағанда Барақтың қас батыр атанғаны жастық шағында болса керек. Ал Барақтың аға сұлтан болып сайлануы да осы мақалада нақты деректерге негізделе әңгімеленеді. Ел арасында батырлығымен де, ақылдылығымен де ерте көзге түссе де Бараққа аға сұлтандық қызмет көпке дейін бұйырмайды. Себебі, адалдығымен қара қылды қақ жаратын әділділігімен әйгіленген Барақтан жерлестері көп реттерде қаймығатын. Сөйтіп, одан өздерін аулақ ұстап, сайлау кездерінде оны бұл қызметке келтіруді қаламайтын. Барақтың аға сұлтандық қызметке тағайындалуы мына бір кездейсоқ шаруаға байланысты болған. 1859-1860 жылдары Семей мен Аягөз арасындағы бекет жолында қазақ барымташылары орыстың үш әскери адамын тонап, өлтіріп, тіпті дене мүшелерін боршалап кеткен. Бұл оқыс оқиғаға Ресей жағы қатты араласып, жергілікті беделді деген адамдарды қыспаққа алып, кісі өлтірушілерді ұстап беруін қатты талап еткен. Бұл үшін талай адамдар тергеуге түсіп, түрмеге қамалған. Мұндай тексіз тергеуге Барақ та тап болып бір айдай түрмеде отырады. Толассыз тергеуден мезі болған, ел сөзін ұстайтын кейбір адамдар ұрыларды бір тапса, Барақ табуы мүмкін деп тергеу тетігін соған қарай бағыттата береді. Мұндағы ойлары Бараққа әйтеуір бір кесел келтіру болса керек. Осыны аңғарған Омбыдағы генерал-губернатор Барақты арнайы шақыртумен қабылдап, көңілін аулап, егер жерлестеріңнің арасынан кісі өлтірушілерді ұстап әкелсең, аға сұлтандық қызметке сайлаусыз-ақ тағайындау арқылы қолыңды жеткіземіз деп уәде береді. Ақыры, Барақ батыр бұл істі тікелей өз мойнына алып, барымташылықпен кісі өлтірушілерді іздестіру қамына кіріседі. Кісі өлтірушілердің қалай ұсталғандығы С. Ғаббасов мақаласында былайша баяндалады. «Сонан соң, Барақ батыр барымташылардың Қытайға қараған керей елінде екенін естіп, найманның үлкен-кішілерінен таңдап екі мың шамасы қол жинап, елу казак-орыс алып, Ертіс өзенінен өтіп,, осы күнде Темірсу дуаны салынған жерде Керей елімен сөйлесіпті. Барымташы кісі өлтіруші Қалдан, Қиял деген екі мырзалардың осы елде екеніне анық көздері жетіп, сұраса да Керей төрелері құныкерлерді қорғаштай береді. Бірақ Батырдан сескеніп, ақыры құныкерлерді ұстап береді. Құныкерлерді Барақ қолға түсірген соң, Найманның сол жақтағы Керей елінде ала алмай жүрген құндарын, саудагерлердің ақыларын қайтарып, жол-жөнекей жұрттың шаруасын да ыңғайлап, үлкен абыроймен оралады. Барымташы кісі өлтірушілер өлім жазасына үкім етіліп атылады. Барақ осы үшін құмар болып жүрген қызметі – аға сұлтандық қызметке мінгізіледі. Бірақ ғұмыры опа бермей, аға сұлтандығының екінші жылында 1862 жылы қайтыс болады. Алла иманын салауат қылсын! Дүниеден өткенде жасы елуге де жетпесе керек. Қабыры Семей жолында Ащысу бойында үлкен күмбез тұрғызылып қойылған. Осы күнде «Батыр сүйегі» деп аталады. Асына бір дуан ел жиылып, ақ тұғылық, қызыл тұғылық төрелер үлкен ас беріп, ат шаптырған. Ошағы Айғыржал тауы етегінде. Марқұм Барақ батыр намазхан, софы, хақ сөзді, әділ, жомарт, ғақыл әкім иесі, сабырлы, дүниеден хабардар еді.» Осы мақаламыздағы деректерді және жоғарыдағы А. Янушкевич жазбасындағы Барақ жасын сарапқа салып, оның 19 ғасырдың дәл қай жылында туғанын екшеп есептеп шығаруға болатындай. Айталық, С. Ғаббасов дерегі бойынша Барақтың елуге жетпей қайтыс болды дегенін адам өміріне аса қауіпті мүшел жасы 49-ында (толық төрт мүшел) өлген болар деп жорамалдасақ, онда оның туған жылы (1862-49) 1813 жыл болмақ. Янушкевич жазғандай, 1846 жылы Барақ тура 35 жаста болса, оның туған жылы (1846-35) 1811 жыл болып шығады. Бұлардан көрініп отырғандай, екеуіндегі алшақтық екі-ақ жас. Айтпақшы, С. Ғаббасов мақаласында келтірілген ақын Жанақ өлеңінде «Жасың бар жиырмада, жылың сиыр» осы екі жолдың біріне дөп келсе, Барақтың нақты туған жылы сол жыл болатынын мүшелдік жыл қайырушылар анықтауы мүмкін. Әрине, бұл келешектің шаруасы. Қазақ елінің әр кезеңінде Барақ атауының жиі кездесу себептеріне тоқтала кеткен жөн болар. «Барақ» Махмұт Қашқари сөздігінде екі мағынада қолданылады. Біріншісі – сабалақ жүнді ит. Екіншісі – бүркіт қартайғанда екі жұмыртқа салады. Бірінен құмай құс, екіншісінен тазы шығады. Осы тазыны «Барақ» дейді екен. Демек ит – Барақ этнонимдегі «Барақ» – «сабалақ жүнді ит» мағнасында қолданылатын тотемдік тұлға (жануарлардың бір-біріне ұқсастығын уағыздайтын көне діни ұғым) болып шығады. Барақ атауының тағы бір ұшы араб тілімен де орайлас. «Барақ» – жеңіс, мереке, береке мағынасындағы сөз. Тегі өткен кездегі адамдардың Барақ есіміне қызығуының тағы бір себебі осында жатса керек. Мақаламыздың соңында «дала Геркулесі» Барақ Солтыбайұлының Аягөз жеріндегі бейіті жөнделіп, оның басына аты-жөнін, туған және дүниеден өткен жылдарынан толық танымдық дерек беретін белгі тас қойса деген ұсынысты жұртшылық назарына сала кеткіміз келеді. Өйткені Барақ Солтыбайұлы жөнінде бүгінгі ұрпақтың білері жоққа тән. Бұл мақаланың жазылуына да осы себепкер болды.
Ғабит ЗҰЛХАРОВ,
бұрынғы мұрағат қызметкерi