ӨЗГЕГЕ ҚИҚУ ҚОСҚАН ҚАЙРАН ҚАЗАҚ!
ӨЗГЕГЕ ҚИҚУ ҚОСҚАН ҚАЙРАН ҚАЗАҚ!
Әлемдік доп додасы мен ертеңгі өтетін Польша мен Украина еліндегі Еуропа чемпионаттарын ойға алып, қазақтың ұлттық құрамасы қашан осындай дүбірлі додаға қатысады екен деп, тәтті қиялға берілесің. Жасыл алаңда жасындай жарқылдап, қазақтың қара домалақ балалары жанкүйерді тамсандырып жатса, қандай қуанар едік. Қашанғы Бразилия, Аргентина, Италия, Голландия, Франция, Испания т.б. елдердің құрама сапында ойнаған Пеле, Марадонна, Беккенбауер, Мюллер, Росси, Зидан және бүгінгі жұлдыздар Кака, Месси, Вилия, Дрогба, Торрес, Руни, Исус Навас, Тевез, Криштиано Роналдо, Рабинье, Хонда, Снейдер сынды ойыншылардың өнеріне тамсанып, аузымыздың суы құрып жүре береміз? Әлемдік доп додасында әр қазақ әр елдің құрамасына жанкүйер болып, жүйкесін жұқартып, бір-бірімен бәстесіп жүр…
Әншейінде жерімізге «тоғыз Франция, Германия сыйып кетеді» деп көкірек қаққанда марқайып қаламыз. Сол Франция, Германия доп додасында талай рет әлем чемпионы, Еуропа чемпионы атанды. Үш-төрт миллионға жуық халқы бар Уругвай екі рет әлем Кубогын ұтып алған. Шағын ғана Голландия, Словения, Гана, Италия, Испания футболшылары айды аспанға шығарып жүр. Мәселе халықтың санында емес, теңбіл допты ұршықша үйіретін аяқдоп шеберлерінің сапасында. ТМД елдерінің бірде-бір құрамасы өткен Әлем чемпионатына қатыса алмады. Алып Ресейдің футболшылары шешуші ойында сыр беріп, абыройдан жұрдай болған. Қазақстан құрамасы іріктеу ойындарға қатысқанына мәз болып жүр. 6:0, 4:0, 3:0 есептерімен ойсырай ұтылып жатса да, «әлі тәжірибе жинақтап жатырмыз» деп өз-өзімізді жұбатып қоямыз. Экономикасы артта қалған, әлеуметтік жағдайы мәз емес Африканың қара сирақ балалары ала допты қалай теуіп жүр деңіз. Олардың техникалық шеберліктеріне, жасыл алаңдағы жеңіске деген құштарлықтарына тәнті боласың. «Менмін» деген құрамалармен терезесі тең ойнап, кейбірін тас-талқан етіп ұтып кетеді. Гана, Нигерия, Камерун, Кот-д’Ивуар құрамаларындағы футбол жұлдыздары баршаны тәнті етеді. Олар Еуропаның ең атақты клубтарында өнер көрсетеді. Бұл жұлдыздарды “Барселона”, “Интер”, “Чэлси”, “Реал”, “Бавария”, “Милан”, “Арсенал”, “МЮ” клубтарының сапында көруге болады. Біздің қазақтың қай баласы қай елде өнер көрсетуде? Атын атап, түсін түстей алмаймыз. Кеңестер Одағы кезінде «СССР» деген құрамада Сейділлә Байшақов сынды теңбіл доп шебері ойнады. Кезінде «Қайраттың» қақпашысы Құралбек Ордабаев қазақтың атақ-даңқын Кеңестер Одағына танытты. Бірақ әлемдік аренаға шыға алмай кетті.
Өткен әлемдік доп додасын өткізген Оңтүстік Африка Республикасында таңдай қағарлық керемет жасыл алаңдарды көрдік. Төрт стадион Әлем чемпионаты қарсаңында салынды. Алтауы мүлдем жаңартылып жабдықталды. Стадиондарды салу және қайта жарақтандыру шығындары 1 миллиард АҚШ долларынан асты. Бір Йоханнесбург қаласындағы Соккер Сити стадионына 94 700 жанкүйер сияды. Ең аз жанкүйер болады деген стадионның сыйымдылығы 46 000. Қазақстанда мұндай стадиондар жоқтың қасы.
Қазақстан біріншілігінде ойнап жүрген футбошылардың көбісі басқа ұлт өкілдері. Қазақтың қара домалақ аяқдоп шеберлері тым аз. Әлем біріншілігіндегі құрамалардағы ойыншылардың тізіміне қарасаң тек қана өз ұлтының өкілдері. Оңтүстік Корея, Жапония, Бразилия, Италия, Голландия, Испания, Аргентина, Гана сапына қарап-ақ білуге болады. Жаттықтырушылары да өзінен. Егер де Қазақстан футбол құрамасы әлемдік доп додасына қатысатын болса, құрама сапында әр ұлттың өкілдері болатыны даусыз. Жасыл алаңда қазақтың намысын қазақ жыртпаса, ақша мен бас пайда үшін ойнап жатқандардан үміт аз. Қазақстанда футбол өнерін дамытуға мүлдем көңіл бөлмей жатыр деп айта алмаймыз. Кішігірім турнирлер өтіп жатыр. Футболдан даңқы шыққан Бразилия футбол мектебінен сабақ алуға барған жасөспірімдерден үміт күтеміз. Дегенмен тап қазір айды аспанға шығаратындай жағдай жоқ. Жүрегіміз қалаған құрамаға жанкүйер болып, өзгеге қиқу қосып жүрген жайымыз бар.
Оңтүстік Қазақстан облысы