САРАЙДАН ШУАҚ ҚАШҚАНДА...

САРАЙДАН ШУАҚ ҚАШҚАНДА...

САРАЙДАН ШУАҚ ҚАШҚАНДА...
ашық дереккөзі
304

Көрермен ретро айтысты сағынбаған ба?

Республика сарайында дүркiреген айтыс өттi. Бұл айтыстың дүркiрейтiн де жөнi бар. Кезiнде есiмдерi әр қазақтың жүрегiнен орын алған айтыскер ақындар елдiң түкпiр-түкпiрiнен жиналып, аламан дода жасайды екен деген сыбыс шыққалы берi, айтысты сүйетiн көрерменнiң бiр елеңдеп қалғаны рас. Бiрақ, өкiнiшке қарай, бiз ретро айтысты тамашалау үшiн Республика сарайына келгенiмiзде, айтысқа жиналған қауым сарайдың жартысын да толтыра алмаған екен.

Жарнамасы кемшін түсті ме, әлде ретро айтысты тамашалағысы келген көрермен азайды ма, әйтеуір атшаптырым залдың тең жартысы бос тұрды. Айтыс басталардан бұрын сахнаға шыққан Жүрсін Ерман «бұл айтыстың үлкен қиындықпен өткізіліп жатқанын» тілге тиек еткен еді. Қалай десек те, бұл ерекше айтыстың насихаты кем болғаны қынжылтады. Қазақтың айтыс өнеріне деген құрметтің азайғаны ма, әлде айтысты қазақтан ажыратып алу саясаты жүргізілуде ме, әйтеуір, соңғы кездері айтысқа жасалатын кедергілер көбейіп тұрған секілді. Өйткені әрбір айтыстың үлкен шумен өтіп жатқаны өтірік емес.

Айтыс – қазақпен бірге жасап келе жатқан рухани қымбат қазынамыз. Оны бір сәтте, бір демде халық санасынан жоғалту мүмкін емес. Өнерді киелі санайтын болсақ, ұлтымызға тән қайталанбас өнердің киесі бар екендігін де ұмытпаған жөн шығар. Аузы дуалы ақындар қай заманда да билікке қарсы оппозиция болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті ерте-ерте замандарда ханға да қарсы қасқая пікір айтқан ақындар аз болмаған. Есте жоқ ескі заманның өзінде ақынның ойлы сөзіне, орынды уәжіне билік құлақ асқан екен. Сондықтан айтысты халықтан, халықты айтыстан ажыратуға болмайтыны бізден бұрын-ақ дәлелденген.

Ал ретро айтыстың көрермен үшін маңызы бөлек. Бір кездері бұл ақындар сахнаға шыққан кезде, ел-елден, жер-жерден көрермен ағылып келіп, айтысты тамашалайтын болған. Айтыс арқылы аты елге мәшһүр болған ақындардың әрбір айтысы туралы көпті көрген кісілер аңызға бергісіз әңгімелер айтады. Сол рухани көштің басында Тәушен Әбуова, Манап Көкенов сынды асылдарымыз бар. Одан бергі айтыстың киелі сахнасында таңды-таңға ұрып айтысса да, тайсалмайтын Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, Шорабек Айдаров, Есенқұл Жақыпбек, Қуаныш Мақсұтов, Абаш Кәкенов, Серік Құсанбаев, Мэлс Қосымбаев сынды тарландарымыз тұр.

Әзімбек Жанқұлиев, Шынболат Шілдебаев, Ерік Асқаров сияқты өмірден ерте кеткен дарындардың да сахнадағы суырып салма жырлары әлі күнге көпшіліктің есінде. Топты жарып, «Құлманбеттің құлынымын» деп құлдыраңдаған Оразәлі Досбосыновтың та айтыскерлік дарыны ұмытылған жоқ.

Өткен күндер келмеске кеткенімен, есімдері айтыс өнерінің тарихында жазылып қалған дарынды айтыскер ақындарымызды сағынған еді көпшілік. Бір кездері айтыста Әсия Беркеноваға дүлдүл ақын Бекарыс Шойбеков: «Базардан келе жатып жолықтың-ау, базарға бара жатқан ұлыңменен» деп жырлаған еді. Базары тарқамаған дарындардың әлі де болса, айтары көп екен. Оған ретро айтысты тамашалау кезінде көз жеткіздік. Әселхан Қалыбекова мен Есенқұл Жақыпбектің айтысы елді елең еткізген аламанның бірі болды. Әселхан ақын:

«Тұратын өлі ұйқыдан шақ келіп тұр,

Отанға жан-жағынан от төніп тұр.

Жиып ап дастарханнан құрт-майымды,

Алпауыттар апарып өткеріп тұр.

Сорып ап сары алтынды, қара алтынды,

Жылтырақ жуындысын жеткеріп тұр.

Тілімді, ділімді біл дегендерді

Жау шығып ішімізден жек көріп тұр», – деп, залдағы көпшілікті бір сілкінтіп өтті.

Айтпақшы, ретро ақындардың қатарынан Бекарыс Шойбековті де көріп қалдық. Айтыстың жанашыры Жүрсін Ерман Әсияға қарсылас болар ақын болмаған соң, Бекарысты қолқалап, осы айтысқа арнайы шақырғандығымен түсіндірді.

Ретро айтыста әттеген-ай деген сәттер де болып қалды. Біріншіден, залдың жартысы ойсырап бос тұрғаны да көңілге кірбің ұялатты. Екіншіден, ретро ақындардың арасында біразы көрінген жоқ. Көпшілік Мэлс Қосымбаевты, Серік Құсанбековті іздеп жатты. Жүрсін Ерман оларға хабарласып, шақырту жіберген екен, бірақ белгілі бір себептер болды ма, әйтеуір ақындар айтысқа келе алмапты. Үшіншіден, сарайға қызмет ететін қызметкерлердің дөрекілік танытуы да көңілімізді жабырқатып тастады. Пікір алғымыз келіп, айтыскер ақындардың соңынан жүгіріп едік, бізді тоқтатқан сарай қызметкерлерінің бірі бізге: «Это вам не сельский клуб имени Николаева», – деп қатаң ескертті. Ескертіп қана қойған жоқ, газеттің тілшісі екенімізге қарамастан, бізді қызметкерлер есігінен күшпен шығарып жіберді. Жалпы, жақында жөндеуден өткізілген сарайдың төңірегінде талай әңгіме өріп жүр. Ал жаңа қызметкерлерді қайдан тапқандарын кім білсін, көбі дүлей, қазақша тіл сындырмаған ашулы жандар. «Өлдім» десең жаны ашымайды.

Тағы бір қызығы, Жүрсін Ерман айтысты өткізу үшін сарайды 3 млн. теңгеге жалға алғанын айтады. 3 миллион теңге қарапайым қазақтың қалтасы көтере бермейтін қомақты ақша. Айтыскер ақындардың келіп-кетуі бар, жатын орны бар, оның бәрін қоспағанда, бір ғана сарайды жалға алудың өзі Жүрсін Ерманға оңайға түспеген сияқты. Исламбек Салжанов сияқты қазақтың атымтай жомартының арқасында ретро айтысты өткізуге мүмкіндік алыпты. Егер осындай өнер жанашырлары болмаса, бұдан былай қазақтың басты мәдениет үйін жалға алу да мұң сияқты. Республика сарайында жылу, шуақ қалмай, ызбарлы күйге түсіпті.

Ретро ақындардың арасында жастар да айтысты. Жандарбек Бұлғақов пен Төреғали Төреәлінің айтысында жөндеу жұмыстарынан өткен ақ сарайдың мәселесі де тыс қалған жоқ. Тілі өткір, жас перілердің бірі Жандарбек Бұлғақов: «Атасының басына ақ сарай ма, Айтақынның аяғын көтермесе», – деп бір түйреп өтті.

Қалай десек те, ретро айтыс өтті. Бірін-бірі сағынған, он шақты жыл бойы хабарсыз кеткен ақындар бір-бірімен қауышып, мәре-сәре болып қалды. Ең бастысы, көрермен сүйікті ақындарынан хабардар болды. Тағы бір айта кетер жайт, ақындар ішіндегі мұңын, зарын сахнаға алып шыға білді. Ұзақ жылдар бойы шерменде болып келе жатқан шерін шығаруға, әрі көрерменімен тағы бір рет қауышуға мүмкіндік туды.

Айтыстың ардагерлері өздерінің әлі де бабында екенін тағы бір көрсеткен. Әзіл-қалжыңмен болса да, елдің, ауылдың жағдайын сөз етті. Кемшіліктерді тізіп қана қоймай, жақсы дүниелердің де шетін шығарды. Елдегі ағайынның да жайынан хабардар етті. Арқа мен шығыстағы, батыс пен солтүстіктегі, оңтүстіктегі елдің халін білді сарайға жиналған қауым.

Он-он бес жылдай сахна жүзін көрмеген ақынның айтыстағы көңіл күйін білгіміз келіп, ақындардың өзіне сөз салдық. Солардың бірі – Әселхан Қалыбекова. Әселхан апайды көпшілік сағынып қалыпты. Әселхан Қалыбекова сахнаға араға он жыл салып, қайта оралып отыр. Әселхан апаның түйдек-түйдек айтқан ойлары көптің көңіліне дөп тиіп жатты. Әселхан апа сахнаны сағынып оралғанын айтады.

«Сахнаны мен ғана сағынбаппын. Мені сағынған адамдар да көп екен. «Әселханды көрейік деп, ат арытып алыстан келдік» деген адамдардың пікірін естіп, көңілім жылып қалды, – дейді Әселхан апа.

– Айтысыңыз көңіліңізден шықты ма, апа, – деген сауалымызға, апа: «Бұл айтыс – айтыстан қарайып қалған ақындардың айтысы болды ғой. Залдың толмағаны көңіл-күйге біраз әсер етті. Оған қарамастан, бізді сағынған көрермендердің көңілін байқап, жанымыз жадырап қалды. Соларға қуандым, өзімді іздейтін адамдар бар екен деп, жүрегім жылыды.

– Ұзақ уақыттан кейін сахнаға қайта оралу оңай болмаған шығар.

– Әрине, аздап жүрексіну болды. Кейіннен өзімізді өзіміз жеңдік. Алла тағала да жәрдем берген шығар. Айтыс туралы көрерменнің пікірі жақсы. Соған қарағанда, жаман айтыс болмаған сияқты.

– Ұзақ уақыт сахнаға шықпау, қолға ұзақ уақыт домбыра алмау, мұның бәрі ақынға өз әсерін тигізбей ме?

– Әсері болады. Бірақ сахнаға шыққаннан кейін ақында жауапкершілік басым болады.

Әсия Беркенова Қостанайдан ат арытып, ретро айтысқа қатысуға арнайы келіпті. Әсия апаймен сахнаның сыртында жолығып, аз-кем тілдесудің сәті түсті.

– Әсия апай, сахнаға неше жылдан кейін қайта оралып отырсыз?

– Бір мүшел, яғни он үш жыл болыпты сахнадан қол үзгенімізге.

– Сахнаны сағындыңыз ба?

– Сағынбағанда ше? Әрине, сағындым. Көлін сағынбайтын құс болмайды. Шөлді сағынатын да өзінің жан-жануарлары бар. Жастық шағымыз, нағыз қызу кезіміз осы айтыстың сахнасында өтті. Тіпті балаларымыздың өзі осы сахнамен бірге ержетті, қыздарымыз бойжетті. Отыздағы қылшылдаған кезімізден айтыстың сахнасында жүрдік. Мен үшін сахна киелі орын деп ойлаймын. Сахна бізді елге танытты. Сахна арқылы өзіміздің өнерімізді, өремізді көрсеттік. Сондықтан сахнаны сағынбауың мүмкін емес.

– Бір мүшел уақыт, яғни он үш жыл бойы іштегі буырқанған, бусанған өлеңдеріңізді не істедіңіз? Мұңыңызды, шеріңізді сыртқа шығара алдыңыз ба?

– Мен ішімдегі мұң-шерімді, сахнаға шыға алмаған сәттерімде ақ қағазға түсіруге тырыстым. Сол жылдары ақ қағаз бен қалам менің серігіме айналды.

– Осы уақыт ішінде сізді іздеген жандар болды ма?

– Баспасөз беттерінен, көрермендердің сұрақтарынан естіп қаламыз. Баспасөзге, телеарналарға да басқадай жайттармен, тіл-діл мәселелермен жиі шығып жүреміз. Кейбір журналистер хабарласып, пікір сұрап жатады. Соларға жауап беріп отырам. Өмірде біздің бар екендігімізден, тірлігіміздің басқа арнаға түскенінен көпшілік хабардар ғой деп ойлаймын. Қазір ақпарат көздері көп. Сол ақпарат арқылы біздің қайда екенімізді ел-жұрт білетін болар.

– Айтыскер ақын сахнадан сырт қалған кезде немен айналысады?

– Айтыс ақынының да, жазба ақынның да негізгі түп-төркіні – ақындық. Ол адамның бойында буырқанған, бусанған ақындық сезім болса, оны сыртқа шығармай тұра алмайды. Жазба поэзиямен жеткізеді. Өзіңнен кейінгі ізбасарларыңды көргің келеді. Шәкірт тәрбиелейсің. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде Өнер деген студия ашып, сонда жас балаларды өнерге тәрбиелеп жүрмін. Осында поэзия класын аштық. Өзімнің бойымдағы өнерімді соларға үйретсем, соларды өнерге тәрбиелесем деген мақсатым бар.

– Бүгінгі айтыс туралы кейбіреулер «табыс табудың көзіне, кәсіпке айналып барады» деген пікірлер айтады. Бұған сіз қалай қарайсыз?

– Бүгінгі заманның еншісіне тиген нәрсе шығар. Он-жиырмалап көлік мініп жүргендер соңғы кездері шыға бастады ғой. Біз кезінде Жүрсін Ерманның алақандай дипломы үшін айтысқан жандармыз. Кейінірек жылқы мінгізетін болды. Оның ар жағында айтысқа ешқандай жүлде берілген жоқ. Шәйнек қойса да айтыса беретін едік. Бізде табыс табайық деген ой болған жоқ. Біздің мақсатымыз – сахнада сүрінбей, қарсыласыңды жеңу ғана болды. Елді рахатқа бөлеп, содан өзіміз ләззат алатын ұрпақ болдық. Өзгеден ақылды емес те шығармыз, өзгеден керемет те емес шығармыз. Бірақ біз өзіміздің тәрбиемізге сай, ешқашан материалдық байлыққа ұмтылған емеспіз. Беріп жатса, ешкім тастамайды ғой. Бірақ біздің заманымыз солай болды. Қазір айтыстық өнерге ғана емес, демеушілікке де бәсекелестік пайда болды ғой. Өзінің қойған жүлдесін өзге демеушілерден асыру әдетке айналды. Көлік ұтып алған ақындардың да ол өз несібелері шығар. Олар біреуден тартып алған жоқ. Еңбектері бағаланған соң, көлік иеленді емес пе?

– Бүгінгі айтысты тамашалайсыз ба?

– Жиі көрем деп айта алмаймын. Кейде көріп, көңілім қалатын сәттер болады. Пенделікпен «қойшы осыларды» дейтін кездер де жоқ емес. Бұл өзіміз керемет едік деген сөз емес. Табиғатым сондай. Өзімнің айтысымды да қарамайтын адаммын. Бұл менің кемшілігім шығар.

Алматы облысы, Ұзынағаш ауылынан келген Есенқұл Жақыпбектің де сахнадан көрінбей жүргеніне біршама жылдардың жүзі болды. Сахна Есенқұл ағаны, Есенқұл сахнаны жатсынып қалғандай көрінді бізге. Есенқұл ағаны есік алдында көріп, біз: «Сахнаны сағындыңыз ба?» – деген сауал тастадық.

– Сахнаны сағынбадым деп айта алмаймын. Шыны керек, қажып қалыппыз. Жас келді, жүйке тозды. Баяғыда халық ақындарының бәрі таңды таңға атырып жырлаған ғой. Біз қазір басқа атмосфера, басқа тіршіліктің ортасына тап болыппыз. Әрине, бізді сыйлап, құрметтеп шақырғанына рахмет!

– Мүмкін, сіздерді бүгінгі буын өкілдерімен кездестіру керек пе еді. Қалай ойлайсыз?

– Жоқ. Бүгінгі ұрпақты ардагер ақындармен де айтыстырып жүр ғой. Жастар мен аға буын өкілдері де сахнада жиі кездесіп жатады. Талай жерде айтыстар да болды. Мұның бәрі үлкен айтыскер ақындарға деген құрметі шығар. Бір ұққаным, біз өз миссиямызды атқарып болыппыз. Өз басым енді айтысқа қайта келмейтін сияқтымын. Өзімнің шама-шарқымды көрдім бүгін. Жазба поэзиямен, жазба өлеңмен жеткізуге де болады.

Ал Арқадан келген арынды ақын Қуаныш Мақсұтовтың бүгінгі айтысқа көңілі қалған сияқты. «Қазір дайындалып келген, әзіл айтыстардың күні туып тұр, – дейді Қуаныш Мақсұтов. – Ақындар өздерінің деңгейін КВН-ге түсіру арқылы көрерменнің де көңілін өлтіріп тастаған. Аталы сөзге құлақ асатын көрермен жоқ».

– Бұрынғы айтыстарды, бұрынғы айтыскер ақындарды көрермен сағынбады деп ойлайсыз ба?

– Бұрынғы айтыскерлерді сағынғандар өте аз. Қазір өнер бизнес көзіне айналғандықтан, билеттің де құны көтерілген сияқты. Сөз танитын үлкендер бүгінгі айтысқа келе алған жоқ.

– Бүгінгі айтысты тамашалайсыз ба?

– Жалпы, бүгінгі айтыстың бір ғана қателігі бар. Елді араламайды, халықтың арасында жүрмейді. Ақпараттан жұрдай. Үйінде отырып алып, дайындаған өлеңдерін айтады. Тіпті халық қазір күлетін болды. Оның да себебі бар. Айтысып отырған ақындардың дайын өлеңдерін айтып беретіндіктен, маңдайлары терлемейді.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары