ОРДАНЫҢ ОЙРАНЫ ШЫҚҚАН КҮН

ОРДАНЫҢ ОЙРАНЫ ШЫҚҚАН КҮН

ОРДАНЫҢ ОЙРАНЫ ШЫҚҚАН КҮН
ашық дереккөзі
410

1952 жылы 12 маусымда Кеңес өкiметi Батыс Қазақстан облысының құрамындағы Орда ауданын тарату туралы арнайы қаулы шығарды. Бұл – аталмыш аудан тұрғындарының төбесiнен жай түсiргендей әсер еттi. Отаршыл өктем Орталық ешкiммен санаспастан және мүлдем ескертпестан түгелдей бiр аумақтың тағдырын бiр сәтте тәлкекке салды.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталар-аяқталмастан АҚШ пен Кеңес Одағы арасында жаппай қарулану бәйгесі басталып кеткен. Иосиф Сталин сенімді серігі – Л.Берияға алысқа атылатын зымырандар мен атом бомбасын өндіруді жолға қоюды тапсырды. Әуелі зымыран сынағы үшін қасиетті құм Нарынның бір бүйіріндегі Ресейдің Астрахань облысына қарасты Капустин Яр аймағы таңдап алынды. Атом бомбасын сынау айлағы қазақ жерінің тағы бір киелі пұшпағы, ұлы Абайдың Отаны – Абыралыға таңылды. Берия жан-тәнімен жұмысқа кірісті. Нәтижесінде 1949 жылы тамыз айында атом бомбасының алғашқы сынағы Семей өңірінде өтті.

…1947 жылы ашылған Капустин Яр сынақ айлағы арада жылдар өткен соң «ажал ойнағы» үшін ауқымды жерді талап етті. Сол өңірдің өзінен ала қоюға халқы тығыз, демек биліктің назары сонымен жапсарлас Орда ауданына түскен. Тұрақты нысан ретінде Орда ауданының Хаки соры белгіленіп, әскери картаға түсірілді. Енді малға шұрайлы жайылым, халыққа қолайлы қоныс-өлкені адамнан «тазарту» қажет. Айтылды – болды, жоспарланды – іске асырылды…

Ұлы Отан соғысы кезінде зардап шеккен Қазақстандағы екі ауданның бірі болса да, Орда бірегейі еді. Ауданның қажырлы да қайсар тұрғындары соғыс зардаптарынан бірте-бірте арылып, бейбіт еңбектің құшағына енген. Көп ұзамай Нарын көгін қара бұлт қайта торлай бастады. Облыстық мұрағат және құжаттамалар басқармасынан алған дерекке сілтеме жасайық. «Батыс Қазақстан облыстық еңбекшілер депутаты атқару комитетінің және КП(б) облыстық комитеті бюросының 1952 жылғы 26 мамырдағы №334 қаулысына сәйкес, Орда ауданы бойынша Теректі, Талап, Қасымтау, Ноғайбай және Шұңғай ауылдық кеңестері қысқартылған. 9 ұжымшардың тұрғындары көшірілген. Соның ішінде «Күсем», «Энгельс», Чапаев атындағы, «Бастауыш», Куйбышев, Каганович атындағы, «Интернационал», К.Маркс атындағы ұжымшарлар бар. Оларда 2181 шаруашылық, 7808 адам есепте тұрды. Шаруашылықта 9839 ірі қара, 25814 қой, 10358 жылқы және 1140 түйе болған». Мұның өзі 12 маусымда қабылданатын үкімет қаулысына алдын ала әзірлік еді. Ордалықтардың басым көпшілігі мұның бәрінен хабарсыз, тек дүрбелең басталғанда ғана отаршыл өктемдіктің сойқанына қанықты…

«… – Әлі есімде, – дейді сол сұрапылдың тікелей куәгері, қазақтың көрнекті ақыны Қайрат Жұмағалиев, – маусым айының ортасында бірнеше күн бойы ит ұлып, түйе боздап, мысық мияулап, астан-кестен болғанымыз. Ол кезде 13 жастамын. Орда ауданы, «Интернационал» ауылында өмір сүрген едік. Отбасында анам екеуміз. Көп ұзамай ауылға орыс сарбаздары қаз-қатар отырған он шақты «Студебеккер» көлігі келді. Келді де, «әй-шай» жоқ, жұртты жолға асықтыра бастады. Ауыл ақсақалдары көздеріне жас алды: «Осы жерден бізден бұрын жеті жұрт көшіп еді. Біз – сегізіншіміз. Енді қайтып елге ораламыз ба, жоқ па?» деп. Малды алып қалды да, әр көлікке 4-5 отбасынан отырғызып, Сайхын жаққа ала жөнелді. Артта ойраны шыққан қайран ауыл қала барды…»

Қайрат ағаның анасы Жаңылғаным Өкенова ақынжанды адам болса керек.

Бұл – Орда Бөкейліктің бас қаласы,

Басқарған бес жүз мың жан астанасы.

Ел аман, жұрт тынышта қаңғып кеттік,

Сұмдықтың болды-ау мынау масқарасы, – деп, дереу өлең шығарған екен. Қайрат ағаның пайымдауынша, сол жылдары Орда ауданында 100 мыңға жуық адам өмір сүрген сыңайлы. Оған дәлелі – әр ауылда кей отбасында 10-15 баладан болыпты. Ең кемі – бес-алты ұл-қыз. Ырымшыл қазақ сол заманда баланың санын дәл айтудан тайсалған. 10-15 бала болса, «Жеті-сегіз «жаман» бар» десе, бес-алтауын «екі-үш» деп, қолдан «азайтып» қояды. Өкініштісі, көп ұзамай бала санына безбүйрек тағдыр «өзгерісін» енгізді…

Сайхын стансасынан зорлықпен көшірілгендерді пойызға отырғызған. Бір шетінен екінші шеті көрінбейтін пойыздың әр жүк вагонына кемінде жүзге жуық адам отырғызылыпты. Азап көрген қарттар, әйелдер, балалар. Арасында ерлер де, жігіттер де бар. Пойыз тек разьезге тоқтайды. Соның өзінде жерге түсіп, самаурын қойып, кішкене бой жазғысы келген адамдарға қарамастан, кейде жүріп кетеді. Ешқандай ескерту не түсіндіру жоқ. Амал жоқ, жұрт асыға-үсігіс, пойызға жүгіре жөнеледі. Соның салдарынан Шәрипа деген кейуана дөңгелек астына түсіп, қаза тапқан.

17 күн бойы күні-түні жүрген пойыз Шымкент облысына жетіп, бейбақтарды бейтаныс орынға түсіріп кетті. Бір жақсысы, жергілікті қандастар шаршап-шалдығып барғандарды құшақ жая қарсы алып, ауылдарына орналастырған. Соғыстан кейінгі жылдар. Қай жерде де тұрмыс мәз емес. Соған қарамастан, шымкенттік ағайындар жылдам бауыр басып кетуіне мейлінше көмектесті. Алабұртқан көңілдерін басып, жаңа жағдайға бейімделе бастағандардың алдынан келесі бір кесір шықты. Ол – бала-шағаның жаппай іш ауруына шалдығуы. Оңтүстікте терең құдық бола бермейді. Жұрт суды арықтан ішеді. Орданың тереңнен тұнатын, таза да мөлдір суына үйренген адамдар індетке ұшырады. Дәрі-дәрмектің қат, медицинаның әлсіз шағы. Нәтижесінде талай бала қырылып қалды. Он бес баласы бар бір шаңырақтың ұл-қызының түгелімен көз жұмғанын да Қайрат аға көзімен көріпті. Өзі де үш ай ауырып, жалғыз анасының қамқорлығы мен жебеуінен шығар, әйтеуір, ажалдан қалды. Ол аз десеңіз, жаңа мекенде ордалықтардың күніне 10-12 адамы шетінеп, ажалдың кеңінен жайлағаны соншалық, келгендер біріне бірі көңіл айтып үлгермей жатты. Сол ауыл жанында ордалықтардың үлкен зираты пайда болды. Келгендердің кейбіреуі шыдай алмай, кері қашып кетті. Олар қайтып оралған жоқ. Кейін естілгені – көпке дейін елдегі тума-туыстарын сағалап өмір сүріпті. Кері қайтуға қатаң тыйым салынса да, ордалықтар елін аңсап, осындай қадамға барды да…

– Күні бүгінге дейін өзекті өртейтіні – артымыздан не аупартком, не ауатком өкілдерінің келіп, жағдайды білмеуі, халықтың көңілін жұбатпауы. Мал екеш, малдың да сұрауы бар ғой, – дейді Қайрат аға қазір өкінішті үнмен. Қ.Жұмағалиевтің басынан кешіргені – ол тек күшпен көшірілген ордалық бір ғана ауылдың тағдыры. Ал онан басқа қанша ауылдың ел-жұрты далаға қаңғып кетуге мәжбүр болды десеңізші?! Екінші куәгеріміз не дейді? Ол – Әбухан Кәрин, облыстық мұрағат және құжаттамалар басқармасының қызметкері, зейнеткер.

– 1952 жылы тоғыз жастамын. Орда ауданы болсақ та, бізге дүрбелең келген жоқ. Біздің отбасы Ленин ұжымшарында, Сайхын стансасына таяу жерде өмір сүрді. Сынақ айлағына айналған жердегі күштеп көшіруді көрмесек те, үлкендердің айтқаны еміс-еміс есімізде. Тіпті Қадеш деген бір жерлесіміздің оңтүстіктен қашып келіп, біздің ауылда болғанын ұмытқаным жоқ. Кейін сол зорлық-зомбылыққа себепші зымырандардың талайының Хаки сорында жатқанын байқадым. Өз басым, 1952 жылғы дүрбелеңді Мәскеудің тек ордалықтар ғана емес, түгел қазақ халқына жасаған қиянаты деп түсінемін. Орда ажырағанда, Балқұдық пен Сүйіндік сынды ауылдар, Азғыр көршілес Атырау облысының аумағына еніп кетті. Жер даулаудан аулақпыз, көршілер де бөтен емес. Алайда Орданың ту-талақай болғаны сол кезде көп адамның жүрегіне жара салды. Жақсы, шешен мен қырым татарын Кеңес өкіметі «неміске жақ болдың» деп жер аударған екен, ордалықтардың жазығы неде? – деді ол ағынан жарылып.

…Иә, ордалықтар не үшін жазықты? Еселі еңбек етіп, еліне адал болғаны үшін бе? Соғыс жылдарында жау шабуылына тойтарыс беріп, арасынан Мәншүк Мәметова мен Темір Масин сынды батырлар шығарған Орда керісінше, үлкен құрмет пен серпінді сенімге лайық еді ғой. Басқасы басқа, әскери қажеттілік болды екен, неге оларды ит арқасы қиянға күштеп көшірген? Кейбір ауылдарды Жайық өңірінің бұрынғы Чапаев, Тасқала аудандарына да көшірді. Ал ондағылар алысқа кеткен бауырларындай жаппай азап пен ажалға ұшыраған жоқ. Демек, жер аударылғандардың бәрін де өзімізге қалдыруға мүмкіндік болған. Кезінде көрген азабы мен ажалы үшін ордалықтар мемлекет тарапынан тиесілі өтемақыдан да қалыс. Бола қалса да, оны алуға құқылы жандар да некен саяқ. Өйткені арада алпыс жыл өтті. Құныкер – бұрынғы Кеңес Одағы келмеске кетті. Тәуелсіз Отанымыздан оны талап ету заңсыз сияқты. Сонда бүгінгі ұрпақтың еншісінде қалғаны – сол отаршылдық өктемдіктің кесірінен мыңдаған ажал құшқандар мен азап шеккендерді құрметпен еске алып, салауат ету ғана…

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары