«ТАҒЫЛЫМ ТАМШЫСЫНЫҢ» ТӘЛІМІ
«ТАҒЫЛЫМ ТАМШЫСЫНЫҢ» ТӘЛІМІ
Жүрсінбек Сейілов Ұлытауда 1915 жылы дүниеге келген, қадымша хат таныған, араб, парсы, шағатай тілін меңгерген. 1947 жылдан бастап үздіксіз ел аузынан, көне кітаптардан, түрлі қолжазбалардан дастандар мен өлең-жырларды, шешендік сөздерді, айтыстарды, баталарды, мақал-мәтелдерді терген, әдебиет саласында деректік маңызы зор дүниелерді жинаған. Оның отбасылық мұрағатында 48 жеке қолжазба дәптер сақталған екен.
Қолжазбалар ішіндегі мол асыл мұраның бірқатары таңдап алынып, барынша тың, бұрын жарық көрмеген, жарық көрсе де аз танылған туындылар жеке жинақ ретінде жұрт игілігіне ұсынылып отыр.
Кешке жиналған қауым ең әуелі кітапқа енген материалдардың тәуелсіз елдің ұрпағына, оның тәрбиесіне қажетті тәлімдік, тәрбиелік ой-тұжырымдардың молдығына, мәдениет үшін де, ғылым үшін де маңыздылығына тоқталды. Ислам діні мен ұлттық руханиятымыздың бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарының тәлімі, оның халық арасындағы ойып алған орны туралы ой қозғады.
Өз кезегінде сөз алған Жүрсінбек Сейіловтің ұлы, экономика ғылымдарының докторы Шахмаран Жүрсінбекұлы қазақ халқының бірталай шежіресі, тарих кітаптары, басқа да сан ғасырлық құнды жазба мұралары негізінен қадимше жазылғандығын айта келіп: – Бүгінде қадимді танитындар кемде-кем, тіпті жоқтың қасы десе де болады. Әйтсе де, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Сондықтан әкейдің өзі көзі тірісінде қолына түскенде қал-қадірінше жазып алған дүниелерін жинақтап, түгендеп, кітап етіп бастыруды жөн көрдік, – дейді. Сондай-ақ кітаптың шығуына үлес қосқан, бес жыл бойы көз майын тауысып, қолжазбаны қазақ тіліне тәржімалаған ағасы Серікбай Сейілов пен қолжазбаны өңдеген, жатпай-тұрмай оның библиографиялық сілтемелерін түзген Өмір Тұяқбайға және Серік Қалиевке алғысын арнады. Әсіресе, көп жылдар бойы отбасылық мұрағатты көзінің қарашығындай аялап, әкесінің құнды қолжазбаларын осы күнге дейін сақтап келген асыл анасы Садықова Алтынға зор құрметпен басын иіп, ризашылығын білдірді. «Әкей сәл жүре тұрғанда еліміздің егемендік алғанын, жанын шүберекке түйіп жүріп жазған «қауіпті» сөздерінің ел игілігіне жарағанын көрер ме еді?» – деп тебіренді.
Кешті Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры директорыны шығармашылық жөніндегі орынбасары, әнші Махмұт Тойкенов жүргізсе, Гүлмира Сарина, Анар Мұздаханова секілді өнер майталмандары әуелете ән шырқады. «Тағылым тамшылары» тұсаукесер кешінің тағы бір тәлімі: жиырма жасар дарын иесі Өзгеріс Серікбайдың ән өнеріндегі тұсауы кесілді.
Астана