ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ ҮМІТ СЫЙЛА!
ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ ҮМІТ СЫЙЛА!
«Бауыржан» қайырымдылық қоры «Beeline» және «Кар-Тел» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған ерекше акция өз мәресіне жетті. 10 мамырдан бастау алған бұл акция бойынша бір ай бойы қалалық және республикалық қан тапсыру орталықтарында қанның қатерлі ісігімен ауыратын балалар үшін қан жиналды.
«Сенің күнің, донор!» акциясының басты мақсаты донорлардың санын арттыру, қан құю әрі тапсыру қауіпсіздігін халық санасына жеткізу, сондай-ақ донорлықты қайырымдылықтың бір түрі ретінде жариялау болатын. Ұйымдастырушылар мен қан тапсыру орталықтарының қызметкерлері акция қорытындысы оң нәтиже бергендігін айтады.
Өткен жылдары акция шеңберінде 1000 литрден астам қан жиналып, жүздеген бүлдіршіндердің өмірі сақталды. Биылғы жылы да, қан тапсыру орталықтары қызметкерлерінің пікірінше, акция былтырғыдан да жоғары көрсеткішке жеткен. Донорлардың саны да артқан. Бұл жылы қан тапсырушылардың ең жасы – 18, ал ең егдесі – 67 жаста болған екен. Барлық жиналған қан көлемі 3142,536 литрді құрайды. Акцияның қорытындысына сүйенсек, қанның ең жоғары мөлшері Алматы қаласында жиналыпты. Қорытынды бойынша Алматы қаласында 1096,2 литр қан тапсырылған көрінеді. Мамандар жасаған сараптама қорытындысына сәйкес биылғы жылғы акцияда донорлар арасынан белсенділік танытқан ер адамдар екен. 18-30 жас арасындағы ер азаматтарымыздың 71% донор атанса, осы жас шамасындағы әйел адамдардың үлесі 57%-ды құрайды. 41-50 жастағы донор болған әйелдер үлесі 25%, ал ерлер құрамы 21% көрсеткіш көрсеткен. 51-60 жас аралығындағы донор ер азаматтарымыз 7% көрсеткіш көрсетсе, әйелдер үлесі 18%-ды құрапты. 60 жастан асқан әйелдер арасынан ешқандай донор тіркелмеген. Ал осы жастағы ерлердің көрсеткіші 1%-ды құрайды.
Аталған акцияның қорытындысы 14 маусым күні Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтті. Қордың ұйымдастыруымен қазақ эстрада жұлдыздары гала-концерт қойды. Кешке Сұлушаш Нұрмағамбетова, Медеу Арынбаев, Алтынай Жорабаева, Жазира Байырбекова, Кентал сынды өнер жұлдыздары қатысты. Концертте өнер көрсеткен әншілер қауымы «Бауыржан» қайырымдылық қорының алғыс хатына ие болды. Қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертте сөз сөйлеген «Бауыржан» қайырымдылық қорының директоры Жұлдыз Омарбекова барлық донорларға алғысын білдірді. Қазақ даласында қайырымды жандардың көптігіне қуанышты екендігін жеткізді. Қатерлі қан ауруына шалдыққан бүлдіршіндердің ата-аналары барлық қан тапсырушыларға шынайы алғыстарын жеткізіп, қайырымды жандар донор болуды дәстүрге айналдырса деген өтініш-тілектерін білдірді. Сонымен қатар, кештің құрметті қонақтары болған ең көп қан тапсырған донорлар Бақыт, Еркін Сыздықов пен Александр Скаковскийге түрлі сыйлықтар тапсырылды.
Қатерлі қан ауруына шалдыққан жас бүлдіршіндердің сөнген үмітін қайта жаққан акцияның негізгі ұйымдастырушылары – «Бауыржан» қайырымдылық қоры 2004 жылдың 1 қазанында тіркелген. Қор үкіметтік емес ұйым. “Бауыржан” қайырымдылық қоры Қазақстандағы қайырымдылықты дамытуда көптеген игі істер атқарып үлгерді. Қайырымдылық саласында жүрген азаматтардың істерін бағалауға арналған «Алтын жүрек» сыйлығы, «Жақыныңа жәрдемдес» бағдарламасы, «Қайырымдылық фотограф көзімен», «Сенің күнің, Донор!», «Оң қадам», «Арманға барар жол», «Үміт сыйла!» акциялары жыл сайын ұйымдастырылады. Осындай игі істер атқарып жүрген «Бауыржан» қайырымдылық қорының негізгі мақсаты – қайырымдылық шараларын әлеуметтік институт ретінде қалыптастыру.
Қайырымдылық жасау, өмірден үмітін үзген жас бүлдіршіндердің жанарына жалын, көкірегіне қуаныш ұялата білген «Бауыржан» қайырымдылық қоры үлкен іс атқарды. Жүрегі жылы, мейірім мен қайырымдылықты жандарына серік еткен жандар көп болғай. Еліміздің ертеңі болар жас ұрпақтардың жарық дүниеге деген үміт сәулесі ешқашан сөнбесін!
ҚазҰУ-дің студенті