ПУТИННІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

ПУТИННІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

ПУТИННІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?
ашық дереккөзі
250

Ресей президентінің Астанаға сапары түрлі болжам туғызуда

Маусымның 7-сiнде Астанаға ат басын тiреген Ресей президентi В. Путиннiң бұл жолғы сапары талай әңгiме өзегiне айналып үлгердi. Төрт жыл үзiлiстен кейiн президент тағына қайта отырған Путиннiң бұл жолғы интеграциялық амбициясына әркiм әртүрлi баға беруде. Әсiресе, Путиннiң таққа отырғаннан кейiнгi ресми сапарын әдеттегiдей Қазақстаннан емес, Өзбекстан мен Қытайдан бастап, одан кейiн ғана бiзге ат басын бұруының өзiн оның Қазақстанға көрсеткен қыры деп бағалаушылар табылуда.

АҚТАУҒА АЭС САЛЫНА МА?

Путиннің көздегені: Орта Азия мен посткеңестік кеңістікте ықпалын арттыра түсу. Әлемнің қожасы атанған АҚШ-пен терезе теңестіру, жыл өткен сайын Орталық Азияда экономикалық және стратегиялық ықпалын арттырып келе жатқан Қытайға төтеп беру. Бұл жолы Астана төрінде бір күн аялдаған Ресей басшысы мен Қазақ Президентінің ресми мәлімдемесі бойынша, бұл жолғы келіссөздер энергетика мәселелеріне орай өрбіген. Соның ішінде Ақтауда Атом энергия станциясын және ядролық отынның халықаралық банкін салу көзделген. Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің 2013 жылы Қазақстан аумағында атом электр станциясын (АЭС) сала бас­тауы мүмкін екенін айтты журналистерге. Ресейлік «Росатом» агенттігінің басшысы Сергей Кириенко Қазақстанның биыл жыл соңына дейін АЭС салатын орынды межелейтін болғандығын жеткізді.

Қазақстан саясаткерлері екі ел президенттерінің осы бір толғақты мәселені халықпен ақылдаспай, елдің пікірін сұрамай өздерінің шеше салғанына көңілдері толмайды. Өйткені Қазақстан атом энергиясына онша зар болып отырған жоқ. Онда басқа балама энергетика көздері жетеді, су, жел, күн және жылу энергияларын пайдалану бас­ты орынға шықпақ. Әлем бүгінде АЭС-тен бас тартуда. Германия, Швейцария, Бельгия, Швеция, Италия, Жапония және жақында Болгария жаңа атом станциясын салуға тыйым салды. Ол мемлекеттердегі АЭС-тердің пайдалану уақыты аяқталғаннан кейін, жаңа АЭС салуды тоқтатады. Ал Ресей 2030 жылға дейін 30 АЭС салмақ. Соның бір-екеуін Қазақстанда салуды көздейді.

ҚАЗАҚСТАНДА ТАҒЫ ДА «ПРОТОН» ҰШЫРЫЛА МА?

Бұған дейінгі айтылған әңгімелерге қарағанда, Путиннің тағы бір көздегені Қазақстанның солтүстігінен – Қостанай мен Ақтөбеден жалға жер сұрау болған. Бұл аумақ «Роскосмосқа» зымыран-тасығыштардың жекелеген бөлшектерінің құлауы үшін қажет болған. Бұл мақсатта аталған аймақ бұған дейін де бірнеше рет пайдаланылған болатын. 2007 жылы Қазақстан тарапы үкіметаралық жекелеген келісім жасалмайынша, аталған облыс жерлеріне зымыран сынықтарының құлауына тыйым салған болатын. «Роскосмостың» биылғы жоспарында 5 зымыран ұшыру көзделген. Соның алдыңғысы Путиннің Қазақстанға келген сәтімен орайласты. Алайда бұл екі ел үкіметаралық келісімінсіз ұшырылған «Протонның» астарында қандай саясат жатқанын ешкім түсіндіріп бере алмады. Бұл туралы ресми ақпаратты ресейлік «Интерфакс» агенттігі таратты. Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі «Зымыран Сарышағандағы шартты нысанаға дәл тиді» деп мәлімдеген онда. Маусымның 7-сі күні Ресейдің Астрахань облысындағы Капустин Яр полигонынан «Тополь» құрлықаралық баллистикалық сынақ зымыраны атылып, Қазақстандағы Сарышаған полигонындағы нысанаға тиген.

«Роскосмостың» мәлімдеуінше, аталған облыстың аумағынан жалға алынатын жерлерге жылына төленетін қаржы – 460 мың долларға тоқталып отыр. Қазақстанның 2 миллион долларды талап еткенін жазады «Известия» газеті. Келіссөздер нәтижесі жарияланғанына екі аптадан астам уақыт өтсе де, екі ел президенттері арасында мұндай әңгіме болғаны туралы ешқандай ақпарат кездестірмедік.

Тек білеріміз, Ресейден ұшырылған зымыранның Қазақстандағы нысанаға дөп тиюі. Бұл – қазақ билігіне деген Ресейдің көрсеткен қыры секілді. Өйткені бұл ақпаратты Ресей ақпарат құралдары таратқанымен, Қазақстанның ресми ақпараты жұмған аузын ашқан жоқ. Екіншіден, Қазақстан арнайы келісімсіз зымыран ұшырауға батылы жетіп отырған көршісіне қарсылық нотасын жібере алмады. Қандай жағдайда да, біз еліміздің ұлттық, мемлекеттік мүддесін өзгелердің алдында жиі жығып берумен келеміз. Бұл – өкінішті.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕСЕЙДІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ НЫСАНДАРЫ

Қазір Қазақстанның біршама стратегия­лық обьектісі Ресейдің иелігінде. Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде Петропавл вокзалы соның бірі екендігін айтқанбыз. Петропавл вокзалы үшін Қазақстан тарапы ешқандай қаржы алмайды. Ол басыбайлы Ресейдікі. Қазақстан аумағында болса да, ол Ресей теміржолына тиесілі болғандықтан, ондағы жұмыс тілі орыс тілінде, заңның бәрі Ресей Федерациясының заңдары, ақша рубльмен төленеді.

Екіншіден, 50 жылға жалға берілген Байқоңыр ғарыш айлағы. Қазір Байқоңырда Ресей заңы үстемдік етеді. 8 орыс, 6 қазақ мектебі бар. Барлығы да Ресейдің білім стандарттарына бағынады. Айтарымыз, стратегиялық обьект жалға берілсе де, ондағы билік қазақтыкі болуы тиіс. Бірақ екі ел арасындағы келісімдер негізінде білімді Ресей тарапы қаржыландыратын болғандықтан, ғарыш айлағында адамдар Ресейдің айтқанына көніп, айдағанына жүруге мәжбүр. 1994 жылғы келісім бойынша, Байқоңыр үшін Ресей Федерациясы жылына 115 миллион АҚШ долларын төлейді.

Мемлекеттік орталық аралық 4-ші полигон обьектілері мен 929-ші мемлекеттік жаздық-сынау полигондары үшін Ресей Қазақстанға жылына 27,5 миллион АҚШ долларын төлейді. Олар «Сары-Шаған», «Ембі» полигондары және жаздық сынау полигонының өзі үшеу. Ал, ресейлік «КоммерсантЪ» газетінің жазуына қарағанда «Балқаш-9» радиотехникалық желісі үшін Ресейдің Қазақстанға қанша төлейтіні жайында ақпарат құпия ұсталатын көрінеді.

Ең өкініштісі, Ресей жалға алған өңірлерде Ресей заңының үстемдік ететіні. Онсыз да солқылдақ ұлттық рухымыз бен төрге оза алмай отырған қазақ тілінің мүшкіл халі одан қиындай түспек. Қазақстанның қазақтануына түбегейлі қарсы орыс ұлтшылдарының көкейінде Қазақстан бәрібір Ресейдікі деген кеудемсоқ пиғылдың одан әрі асқына түсуі байқалады бұл өңірлерде. Оны Петропавлда болған сапарымызда өз көзімізбен көріп қайттық. Қазір Қазақстан ақпарат құралдары Байқоңырдағы ресейлік идеологияның салдарын жарыса жазуда. Өйткені ондағы алты қазақ мектебінде сабақ қазақ тілінде болса да, білім Ресей бағдарламасымен оқытылады екен. Соның салдарынан олар өз Отанын Қазақстан емес, Ресей деп таниды.

Біздің білуімізше, мұндай стратегиялық обьектілерді жалға алу қай мемлекеттің де тәжірибесінде де бар. Алайда онда жалға алған мемлекеттің емес, жалға берген мемлекеттің заңдары үстемдік етуі тиіс. Бізде бәрі керісінше болып тұрғаны қынжылтады.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары