ЕСІМІН ЕЛ АРДАҚТАҒАН...

ЕСІМІН ЕЛ АРДАҚТАҒАН...

ЕСІМІН ЕЛ АРДАҚТАҒАН...
ашық дереккөзі
620

«Таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген сөздің мағынасын дүниеден озған ата-аналарыңды, бауырларыңды, жаныңа жақын қимастарыңды сағынған сайын сезінеді екенсің.

Мақсұт Әбдіразақұлының өмірден озға­нына 12 жыл өтті. Күні кеше ғана тай-құлындай тебісіп бірге жүрген шуақты күндер біз үшін бұлдыр тартқандай. Қатал тағдырға не шара. Жалын атқан жас та емес, жанары суалған кәрі де емес, халқына да, қоғамға да керек, көргенінен көрері көп, берері мол, алға қойған мақсаттарына да жете алмай кетті.

Мақсұт Әбдіразақов 1937 жылы 17 маусымда Қызылорда қаласында дүниеге келді. Жасынан зерек, бір айтқанды ұғып алатын. Ертегілерді жатқа айтатын. Үйге келген қонақтардың әңгімелерін тыңдаудан жалықпайтын. Сондықтан болар, көпшіл, әңгімешіл, парасатты, ақылды өнегелі болып өсті. «Тектіден текті туады, ата жолын қуады» деген сөз бар. Әкелеріміз көп жылдар ел бірлігін сақтауға ұйықты болған Нұрке бидің ұрпағы еді.

Қызылорда облысының Жалағаш ауда­нының киелі топырағынан небір ірі тұлғалар, тарих көшін бастаған билер, ақындар, тәуіптер шыққан. Солардың бірі Нұрке би елдің арқа сүйері, ағайын арасының ауыз бірлігін, ел тыныштығын сақтап, келелі ақыл кеңесімен елге сыйлы болған кісі. Шоңбай жыраудың өлең шежіресінде: «Қуаңбай, Доспамбет пен Нұрке, Досжан кем болмай қатарынан өткен адам» – дейді. Сол бабалардың кескін-келбетін Мақсұттан көруге болатын еді.

1954 жылы онжылдықты бітіргеннен кейін, Мақсұт Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтына түсті. Мақсұт институтта қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, драма үйірмесінің белді мүшесі болып, «Қыз Жібекте» – Төлеген, «Еңлік-Кебекте» – Кебектің рөлін шын шабытпен орындайтын. Мақсұттың қабілеттілігіне риза болған үйірме жетекшісі драма театрларда бағын санауға кеңес береді. Мақсұт оған келіспей туған жерге оралды.

Келіскен күнде қазақ өнерінің жарық жұлдыздарының бірі болар ма еді, кім білсін. Көркіне көңілі сай, біліктілігі мен білімділігі, сезімталдығы мен сергектігі нағыз қазақтың сегіз қырлы азаматы дегізгендей еді. Тартымды қалжың мен әсерлі әзілдің бұлағы, күннің нұрындай сәуле шашып, жаныңды рахатқа бөлейтін, өзі жүрген ортаның ұйытқысы, отырыстың гүлі еді.

Мақсұтты біздің бауырымыз деп меншік­теу де, Мақсұт табиғатына қиянат. Ол шын мәнінде халықтың адамы, елдің ардақтысы, қоғам қайраткері болатын.

Ата-бабасынан бері жалғасын келе жатқан адамгершіліктің бар қасиетін бойына дарытқан Мақсұттың ерекше қасиеттері көп болатын. Көреген әкелердің тәрбиесінен нәр алған ол үлкенге ізетті, кішіге қамқор, кішіпейіл, қанағатшыл еді. Қандай жұмыста болса да шын жауапкершілікпен атқарды.

Ол адамдар жүрегін тазалықпен, іскер­лікпен баурап алатын. Еңбек жолын Жалағаш ауданындағы «Коммунизм» совхозында бас зоотехник болып бастады, одан кейін аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 20 жылдай Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш аудандық атқару комитеттерін басқарды. Осы аудандардың әулеметтік-экономикалық дамуына, кадрлардың өсуіне қатысты күрделі мәселелердің нәтижелі шешілуіне белсене араласты, ең соңғысы – облыстық аграрлық-өндірістің бірлестіктің төрағасы болды. 20 жылдан астам облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық советтің депутаты болды. Бірнеше рет Қазақстан коммунистік партиясының сьездердің де­легаттығына сайланады. Республикалық делегациялардың құрамында Англия, Түр­кия, Қытай, мемлекеттерінде болып қайтты.

Үлкен жүректі, әділ де шыншыл азамат­тың ел алдындағы еңбегі бағаланып, үш рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет Белгісі» орденімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және көптеген медальдармен марапатталды.

Ең жоғары баға – халықтың құрметіне, елдің ықыласына бөленді. Мақсұт Әбдіразақовтың атын мәңгілік сақтау үшін Қызылордада көше аты берілді.

Бүгінде тірі болғанда 75 жасқа толуын тойлар едік, оның орнына ас беріп, Құран бағыштап отырмыз. Оқылған дұға қабірін нұрландырып, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын дей отырып, оның жасаған қызметінің ізі қалғанын, артында есімін ардақтаған елі барына шүкірлік етеміз.

Ғалия НҰРКЕНОВА,

еңбек ардагерi

Серіктес жаңалықтары