ОҚУШЫ ТАҒДЫРЫ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

ОҚУШЫ ТАҒДЫРЫ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

ОҚУШЫ ТАҒДЫРЫ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?
ашық дереккөзі
252

Бүгiндерi мұғалiм десе, көз алдымызға «Менiң атым Қожа» фильмiндегi Кенекең (Кененбай Қожабеков) сомдаған Рахманов мұғалiм мен Майқанова апай елестемейтiн болды. Сол бiр жүзi жадыраған, қаталдығының өзiнен мейiрiм шашырап тұратын ұстаздардың бейнесi кеңес заманымен бiрге мәңгiлiкке жадымыздан өшкендей. Тиiсiнше бүгiнгiнiң ұстазы, ауыл мұғалiмi көпке үлгi болудан қалып барады. Нарықтық заманның қатал қыспағына ұшырағаннан ба, әлде заман ағымының тасқыны қатты болды ма, әйтеуiр кейбiр мұғалiмнiң бойынан неше түрлi «мiнез» табасың. Бiлiмi мен бiлiгiн сараламай-ақ қоялық, қарапайым ғана әдептiлiк пен мейiрiмiдiлiк жетiспей жатады кейде.

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Қазығұрт ауданында жан түршігерлік оқиға болды. Қарапайым мұғалім әйел тапа-тал түсте қарызын сұрай барған әріптесін соққыға жығып, балғамен басынан төмпештеп ұрып өлтірген. Өз бақытына «балта шапқан» Бақыткүл есімді әлгі қаныпезер ұстаздың айтуынша, жыл басында қызметтес құрбысынан он мың теңге қарыз алған. Әріптесі сол қарызын даулап үйіне келіпті. Бастауыш сынып оқытушысы қарызды үстеме пайызбен, он мыңды елу мың теңге етіп қайтарасың деп айғайдың астына алса керек. Табан астында ондай ақшаны қайдан таба қойсын?! Оның үстіне, банктен алған несиесін уақтылы төлемегені үшін жалақы алатын карточкасы да жабылып қалған. Жан құрбы деп қарыз алғандағы жағдайын айтқанымен әріптесі түсінбепті. Түсінгісі келмепті. Ақшасын қайтаруды талап етіп, жер текпілеп тұрғанда онсыз да тұтанудың аз-ақ алдында тұрған дау бұрқ етіп, арты қып-қызыл төбелеске айналған. Төбелестің соңы жаңағыдай. Болмашы пұлдың кесірінен біреуі жер жастанып, енді бірі кешірілмес күнәға батты.

Қолы қанға боялып, есін жиғанда не істерін білмей бойын шарасыздық билеген Бақыткүл әріптесінің мәйітін кілемге орап, үй артындағы сарайға жасырып тастаған. Арада екі күн өткен соң бір бәленің болғанын іші сезген күйеуі Бақыткүлді сұрақтың астына алыпты. Бар жәйтті естіген соң бұрынғы полиция қызметкері әйелін полицияға өз еркімен барып берілуге зорға деп көндірген. Жасы 42-ге аяқ басқан Бақыткүлдің артында көздері жәутеңдеген екі бірдей баласы бар. Қылмысын өз еркімен мойындағаны ескеріліп, қылмыскер әйелдің жазасы қаншалықты жеңілдерін енді тек сот шешпек. Қан қызуымен қызметтесінің өмірін қиған мұғалім жасаған қылмысына қатты өкініп отырса керек. «Шайтанның арбауына түсіп қалған ғой. Әйтпесе бұрын мұндай қылығы болмаған пақыр кісі өлтіруші ме еді» деп ауыл тұрғындары оқиғаға не сенерін, не сенбесін білмей дал болуда. Қайткенде де қолмен істегенді мойын көтеретіні хақ. Тек осындай жағдай басқа жерлерде де қайталанбаса екен деп тілейміз Құдайдан.

Дегенмен мұғалімдердің қатысуымен жыл басынан бері тіркелген қылмыс тек бұл емес. Наурыз мейрамының қарсаңында дәл осы Қазығұртта шулы бір оқиға болған-ды. 36 жастағы әйел күндесінің көзін құрту үшін киллер жалдайды. Таң қаларлығы – жалдамалы жаналғыш та әйел адам боп шыққан. Ал күйеуінің екінші әйелін өлтіртпек болған келіншек аудандағы мектептердің бірінде мұғалім екен. Тапсырыс беруші әйел 218 мың теңгеге қоса киллерге жас тоқалдың мекен-жайы мен ол туралы толық мәліметті де беріпті. Алайда соңғысы уәдесін орындауға асықпаған. «Қазығұртта қанды қылмыс орын алғалы жатыр» дегенді естіген, мұндайға құлағы қашан да түрулі тәртіп сақшылары алдымен жалдамалы жаналғышты қолға түсіреді. Күндесінің көзін құртпақ болып киллер жалдаған әйелдің мұғалім екені және бұл тапсырысты орындауды мойнына алған да әйел болғаны полицейлерді таң қалдырыпты. Бұл «педагогикалық тәсілге жатпайды» деп түйген тәртіп сақшылары күдіктіні қылмыс үстінде қолға түсірмек болады. Ол үшін ұсталған жалдамалы жаналғыштың қатысуымен арнайы операция ұйымдастырылған. Ақыры ???????? ????????? ?????? ???????? ???????? ???? ?? ??????? ?????? ????? ?????? ??????? ????????.күндесін өлтіртпек болған келіншек киллерге тағы да қосымша ақшаны беріп жатқан жерінде ұсталған. Ұстаз әйел отбасын сақтап қалу үшін осындай қадамға барғанын айтып ақталғысы келген. Айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуі екінші әйел алыпты. Одан екі перзенті де бар екен. Бірақ бәйбіше мен тоқалдың ара қатынасы тығырыққа тірелген. Ақыр соңы жаңағыдай. Тоқалдың соңына жетем деп, ендігі қалған өмірі абақтыда өтеді.

Ұстаздар қауымының қадірін түсіретін осындай оқиғалардың тым жиілеп кеткені көңілге қорқыныш ұялтады. Сананы сабан ақша билеген мына қатал заман барлығының есін алып бітті әйтеуір. Қылмыстың ауырын еркектер жасайды, соның ішінде кісі өлтіруге еркектер ғана барады деген түсінік келмеске кеткен. Ең сорақысы сол, осындай қаныпезер мұғалімдердің қолынан дәріс алып шыққан балаларымыз ертең қандықол қарақшы, кісі өлтіруші болмасына ешкім кепіл бола алмайды.

Ұстаз біткеннің бәріне күйе жағуға болмайды, әрине. Дегенмен білім беру жүйесінде, жалпы мектептерде жүйкесі сыр берген, мінезінде агрессия белгілері бар ұстаздар аз емес. Оқушыларды соққыға жықты, балалар үйіндегі жасөспірімдерді зорламақ болды, атпақ болды, өлтірмек болды деген сияқты жер-жерлерден естіліп жататын оқиғалар осыған дәлел. Реформалаудан көз ашпайтын білім саласының басы-қасында жүргендер осы мәселені де ой електерінен өткізіп, ұстаздардың психологиялық жағдайын тексеру жағын ойластыруы керек болар. Қалай десек те елдегі 2.5 миллионнан астам оқушылардың тағдырын кімнің қолына ұстатқанымызды қоғамның білуге хақы бар. Бұл жағдайға ата-аналар да алаңдаулы екенін ұмытпайық.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары