ХАКАСИЯНЫҢ ҰЛЫ, ҚАЗАҚИЯНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

ХАКАСИЯНЫҢ ҰЛЫ, ҚАЗАҚИЯНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

ХАКАСИЯНЫҢ ҰЛЫ, ҚАЗАҚИЯНЫҢ ЖАНАШЫРЫ
ашық дереккөзі
537

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы тарапынан 2012 жыл түркiтанушы ғалым Николай Федорович Катанов жылы болып белгiленуiне орай таяуда Орал шаһарында «Профессор Катанов және түркi мәселелерi» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өттi. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының бiрлесiп ұйымдастыруымен өткiзiлген бұл шараға түбi бiр түркi елдерiнiң түркiтанушы ғалымдары бас қосты.

Орал қаласына келген түркітанушы ғалым­дар мен Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының оқытушы-профессорлар құрамы Н.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінің (РФ, Абакан қ.) Гуманитарлық зерттеулер және саян-алтай түркологиясы институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Андрей Каксин әкелген «Бұратананың тағдыры» («Судьба инородца») атты Н.Катановтың өмірі мен бүкіл ізденіс жұмыстары және оның артына қалдырған мол ғылыми мұралары жөнінде мұрағаттық құжаттар негізінде түсірілген тарихи — танымдық фильмді көріп, бүкіл ғұмырын түркі жұртының мәдени құндылықтарын зерттеуге арнаған шығыстанушы этнограф ғалымның ауыр да азапты өмірімен танысты. ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен халық­аралық жиынның біздің өлкемізде өткізілуінің өзіндік себебі бар. Н.Ф. Катанов Еділ-Жайық бойындағы түркі тектес халықтардың, оның ішінде Қазақстанның батыс өңіріндегі Бөкей Ордасы қазақтарының этнографиялық мәліметтерін жинап, фольклорын, тілін зерттеумен бірге ғылыми еңбектерінің басым бөлігінде башқұрт, татар тілдерін осы Батыс Қазақстандық қазақтардың тіліне сүйене отырып зерттеген. Түркі елдері ғалымдарының басын қосып отырған халықаралық дәрежедегі мәжілістің мақсатын ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Бас хатшысының орынбасары, Қазақстан республикасының өкілі Асқар Тұрғанбаев: «Биыл Катановтың 150 жылдығы. Осыған байланысты жалғыз Қазақстан мен Хакасияда емес, бүкіл түркі халықтары тұратын республикалардың бәрінде әртүрлі шаралар өткізіліп жатыр. Хакас деген түркітілдес халық. Қазаққа тілі, дәстүрі, әдебиеті, мәдениеті жақын. Бірақ географиялық алшақтыққа байланысты біздің халықтарымыз бірін-бірі терең білмеуі мүмкін. Негізгі мақсат – кейінгі ұрпақ мәдениет арқылы тегіміз бір екенін, бір атаның баласы екенімізді, түбіміз түрік, қазір жеке халық болып отырғанымызбен, кезіндегі Ғұн империясының, Көк түріктер империясының, Шыңғыс хан империясының мұрагерлері екенімізді білуі керек», – деп түсіндірді. Николай Катанов – шығыстың жұлдызы атанған Шоқан Уәлихановтан кейінгі бүкіл түркі халықтарының ішінде түркітану саласында қызмет еткен екінші ғалым. Оның ғылыми зерттеу мен ізденіс жұмыстарының басты бөлігі нақты түркі халықтарының тіліне, әдебиетіне және мәдениетіне қатысты. Патшалық Ресейдің бұғауында бұратана атанған хакас халқының өкілі Н.Ф.Катанов – ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бас кезінде өзінің терең түркітанымдық зерттеулері арқылы бүкіл түркі дүниесінің білгірі ретінде танылып, Ресей елінің ғылымы мен білімін жоғары биікке көтерген шығыстанушы этнограф ғалым. Н.Ф. Катанов 1862 жылы Енисейдің бір саласы Абакан өзенінің бойында хакас жанұясында (әкесі – сагай, анасы – качин тайпасынан) дүниеге келген. Ол Аскиз училищесінен бастауыш білім алып, кейін Краснояр классикалық гимназиясын бітіріп, 1884-1888 жылдары аралығында Санкт-Петербург университетінің араб-парсы-түрік-татар тілдері мамандығы бойынша шығыстану факультетінде оқиды. Университетте шығыстанушы белгілі ғалымдар И.Н.Березин, Н.И. Веселовский және В.В. Радловтың шәкірті болды. Н.Ф.Катановтың түркітанушы ғалым ретінде қалыптасуының басты кезеңі оның 1889-1892 жылдары Орыс географиялық қоғамы және Петербург Ғылым Академиясы ұйымдастырған Шығыс және Батыс Сібір, Солтүстік Моңғолия, Жоңғария және Шығыс Түркістан жерлеріне жүргізілген ғылыми экспедиция жұмысына қатысуымен тығыз байланысты. Ресей империясындағы жергілікті халықтардың тілі мен этнографиясын, фольклорын және географиялық орналасу жағдайын ғылыми зерттеу мақсатында ұйымдастырылған мұндай сапарларға кезінде Ш.Уәлиханов, Г.Н.Потанин, Н.М.Пржевальский сынды ғалымдардың қатынасқаны белгілі. Ғылыми экспедиция жұмысына қатынаса отырып, Н.Катанов кең байтақ Орта Азия мен Алтай – Саян таулы өлкесіндегі хакас, тува, Шығыс Түркістандағы ұйғыр, қазақ, қырғыз халықтары туралы этнографиялық мәліметтер жинақтап, 1893 жылы «Среди тюркских племен» атты еңбегін жазды. Ғалымның бұл еңбегінде урянхай (тува), қарагас (тофа), казак-киргиз (қазақ), сарт (өзбек), қытай татарлары (ұйғыр), минусин татарларының (хакас) тұрмыс-тіршілігі, ауыз әдебиеті, дүние танымы т.б. туралы деректер келтірілген. Ол этнограф әрі фольклортанушы ғалым ретінде түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетіне қатысты материалдар жинақтап, олардың өзара бір-бірімен мәдени байланысы туралы өзіндік ой-тұжырым жасайды. Н.Ф. Катанов: «Инородцами мало кто интересуется, что весьма прискорбно, так как многие инородцы вымрут прежде, чем их как следует изучат или опишут» – дей отырып, Ресей империясы құрамындағы орыс емес халықтардың тілін, әдет-ғұрпын, ауыз әдебиетін олардың өзіндік ерекшелігін зерттеуге баса назар аударып отырған. Сонымен бірге зерттеуші Ресей империясының құрамындағы түркі халықтарының ішінде саны жағынан ең көп қазақ халқына ерекше көңіл аударып, Жетісу, Орынбор өлкесіндегі қазақтардың тілін, тұрмыс-тіршілігі мен ауыл мектептеріндегі ағарту мәселелерін басқа туыс­тас халықтардың тілдерімен жан-жақты салыстыра, байланыстыра зерттеп, өзінің тұжырымды ойларын ұсынып отырған. 1903 жылы 12 ақпанда жазылған қазақ халқының тарихы мен этнографиясына қатысты жазылған «Киргизы (казахи), их прошлое и настоящее» атты зерттеу еңбегінде ғалым: «Обширные степные пространства, которые тянутся от устья Волги на западе до хребта Тарбагатая на востоке и от Сыр-Дарьи и Аму-Дарьи на юге до Иртыша и Оби на Севере, занимает многочисленный кочевой народ, известный у нас более всего с ХVІІІ столетия, но упоминаемый еще начале ХVІІ века, именно в книге «Большого Чертежа», составленной в 1626 году по указу Михаила Федоровича. В этой книге кочевой народ назван «Казацкой кочевой ордой», – деп қазақ халқының байырғы территориялық мекенін айқындап көрсетеді. Сондай-ақ Н.Ф.Катанов: «…сколько богат киргиз (казах) в отношении природных даров – пытливого ума, зоркого зрения и отличной памяти, столько же богат он и в отношении тонкостей языка». Сонымен қатар: «Язык киргизов (казахов) составляет одно из наречий тюркского языка, но отличается от них, кроме звуков и форм, также богатством слов и оборотов речи», – деп өзін қазақ мәдениетінің терең білгірі ретінде көрсетіп, қазақ тіліне жоғары баға береді. ХХ ғасыр басында тұрмыстық қиын­дықтарға тап болған Н.Ф. Катанов, өзінің ғылыми кітапханасын сатуға мәжбүр болады. 1914 жылы бұл хабарды естіген Түркия елінің премьер министрі Хильмипаше ғалымның 7000-нан астам кітап жиналған, 22 тілде жазылған бай кітапханасын 3000 алтын лирға сатып алады. Бүгінгі күні Түрік елі мемлекеттік қазына есебінде бұл кітапхананы көздің қарашығындай сақтап келеді. Өйткені ғасырлар өтіп, уақыт озған сайын ғалымның жиған мұрасының маңызы арта берері хақ. Міне, түркі әлемінде ғана емес, шығыстану ғылымында айрықша орын алатын тұлғаны ұлықтау тұрғысында өткізілген халықаралық конференцияның пленарлық мәжілісінде филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА жанындағы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі Жамал Манкеева (ҚР, Алматы), Стамбұлдағы Мәрмәр университеті, Түркологиялық ғылыми-зерттеу институтының доценті, доктор Гөксәл Өзтүрік, Н.Катанов атындағы Хакасия мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Виктор Бутанаев, (РФ, Абакан қ.) «Манас» қырғыз-түрік университетінің профессоры Қадыралы Конкобаев (Бішкек, Қырғызстан), Татарстан ҒА Татар энциклопедиясы институтының директоры, профессор Рамиль Валеев, (РФ, Қазан қ.) М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті башқұрт филологиясы факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Луиза Самситова (РФ, Уфа қ.), ҚР ҰҒА жанындағы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Көбей Хұсайын (Алматы, ҚР), филология ғылымдарының докторы, Н.Катанов атындағы Хакасия мемлекеттік университетінің Гуманитарлық зерттеулер және саян-алтай түркологиясы институтының жетекші ғылыми қызметкері Андрей Каксин (РФ Абакан қ.), филология ғылымдарының докторы, Астана қаласындағы Түрік академиясының профессоры Гүлғайша Сағидола түркітану мәселелері аясында баяндама жасап, ғылыми түйінді ойлар айтылды. Бұдан соң конференция жұмысына қаты­сушылар ІІІ секция жұмысына негізделген «Профессор Катанов және Еуразия кеңістігіндегі түркі өркениеті» тақы­рыбында өткізілген дөңгелек үстел басына жиналып, Н.Катановтың мұралары, Еуразия кеңістігіндегі түркі өркениеті, түркі тілдері мен әдебиетінің зерттелуі, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен рухани мәдениеті жөніндегі тұжырымдық ойларымен бөлісіп, пікірлер алмасты. Батыс Қазақстан гуманитарлық академия­сында екі күнге созылған алқалы жиынның жұмысы қорытындыланып, ұсыныстар қабылданды. Қорытынды мәжілісте қонақ­тармен бірге сөз алған Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті жанындағы Түркология және Алтай орталығының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы мен конференцияны ұйымдастырушылардың бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр түркі әлемінің тұтастығы мен дамуы жөніндегі өз ойларын ортаға салды. «Профессор Катанов және түркі мәселе­лері» атты халықаралық ғылыми-теория­лық конференцияға қатынасқан түркітанушы ғалымдар, мәдениеттің батыстық және шы­ғыстық моделінің өзара жақындасуы үрдіс алып отырған жаһандану дәуірінде, әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашылған түркі тектес халықтарының өзіндік болмысын сақтап қалу үшін интеграциялануды қажет етеді деген ғылыми ортақ ұйғарым жасады.
Бақтылы Боранбаева, тарих ғылымдарының кандидаты
Орал қаласы  

Серіктес жаңалықтары