ҚАЗАҚ КӨШІ-ҚОНЫ ТУРАЛЫ ТҰҢҒЫШ САРАПТАМА ЖАСАЛДЫ

ҚАЗАҚ КӨШІ-ҚОНЫ ТУРАЛЫ ТҰҢҒЫШ САРАПТАМА ЖАСАЛДЫ

ҚАЗАҚ КӨШІ-ҚОНЫ ТУРАЛЫ ТҰҢҒЫШ САРАПТАМА ЖАСАЛДЫ
ашық дереккөзі
375

Маусымның 21-iнде Қазақстан Президентi жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия Қазақстандағы оралмандар, босқындар мен азаматтығы жоқ тұлғалар жөнiнде алғашқы сараптамалық есебiн жариялады.

Қазақ көші басталғалы 21 жылда алғаш жасалып отырған сараптамада Қазақстанға оралған этникалық қазақтардың саны, олардың интеллектуалдық деңгейі, қоныстану аумағы көбірек қамтылған. Мәселен «1991 жылдан 2011 жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша тарихи Отанына 221,3 отбасы немесе 860,4 мың­ этникалық қазақ оралған» делінген баяндамада. Олардың 127,7 мыңы көші-қон квотасы бойынша, 94,2 мыңы өз бетімен, квотадан тыс қоныстанған. Келушілердің басым бөлігі, 439 мың 430 адам, яғни 51 пайызы 2004-2008 жылдардың еншісінде. Егер жылдарға шағатын болсақ:

Қазақстанға қоныс аударған қазақтардың басым көпшілігі Өзбекстаннан оралған екен. Олардың үлес салмағы – 60,5 па-йыз, Қытайдан – 12,4 пайыз, 10,4 пайызы – Моңғолиядан, 7,8 пайызы – Түркіменстаннан, 5,3 пайызы – Ресейден және 4 пайызы – басқа мемлекеттерден.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде ондағы ереуілдерге оралмандарды кінәлаған жоғары билік өкілдерін және басқа да көпшілікті алаңдатып отырған негізгі оралмандардың бір өңірде шоғырлана орналасуы, екінші бір өңірге бармауы. Тағы да цифрларға жүгінетін болсақ, оралмандар Алматы, Маңғыстау, Жамбыл облыстарына көбірек орналасқан. Әсіресе, Жаңаөзендегі оралмандардың басым көпшілігі Өзбекстан мен Түркіменстаннан қоныс аударғандар.

Келушілердің 9,2 пайызы жоғары білімді, 1,4 пайызы – аяқталмаған жоғары, 20,5 пайызы – арнайы орта, 65 пайызы – жалпы орта білімді, 3,9 пайызының арнайы білімі жоқ. Барлық қоныс аударушылардың еңбек жасындағы адамдардың пайыздық үлесі – 54,1 пайыз, 18 жасқа дейінгі балалар – 41,2 пайыз, зейнет жасындағылары – 4,7 пайыз. Демек, Қазақстанға оралып жатқандардың басым бөлігі жастар және еңбек жасындағы азаматтар. Олардың ішінде білімділері де жетіп артылады. Сол білімі барларының өзі бүгінде қара базар сағалап күнін көріп жүр.

ҚАЗАҚСТАНҒА САПАЛЫ

МАМАН КЕРЕК

Жоғарыдағы сан-цифрларды көлденең тартқан комиссия мүшелері көші-қон саясатының бұдан былай қалай сипат алуы қажеттігіне байланысты өз ұсыныстарын алға тартады. Ең бастысы Қазақстанға сапалы маман қажет, сол үшін шеттегі қазақтарды Отанға жаппай оралту емес, сапалы азаматтарды таңдау қажет делінеді құжатта.

«Оралмандардың біліктілігінің төменді­гі, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуына мүмкіндік бермей отыр. Соның салдарынан «Нұрлы көш» бағдарламасы бо-йынша тұрғызылған үйлердің ипотекалық несиесін төлеуге мүмкіндіктері жоқ, себебі оларды жақсы жұмысқа орналастыра алмадық. Нәтижесінде 2010 жылы қолға алынған «Нұрлы көш» бағдарламасы бо-йынша салынған үйлердің көбі бос қалды. Мәселен Ақтөбеде 300 пәтер салынса, соның 271-і бос тұр, Шығыс Қазақстандағы 363 үйдің 170-сі бос. Бұл ресми мәлімет» делінген құжатта.

Бұған тек статистикалық тұрғыдан ғана емес, басқа да қырынан қарау қажеттігі құжат дайындаушылардың естерінен шығып кеткен болуы керек. Осы «Нұрлы көш» бағдарламасы соңғы жиырма жылда ең көп дау тудырған бағдарлама болып отыр. Тұрғызылған үйлердің сапасыздығы, олардың 40 градус аязға шыдамай қабырғаларының қақырап кетуі, құрылыс материалдарының сапасыздығы бұған дейін талай әңгіме өзегіне айналған еді. Алайда құжатта бұл мәселе туралы сөз болмайды.

Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның сарапшысы, «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымының президенті Айна Шорманбаева Қазақстан көші-қон мәселесінде саннан сапаға көшетін кез жетті деген ойда:

– Енді мемлекет репатрианттарды таңдауда аса сақтық танытатын болады. Бұл біршама дұрыс болады, – дейді ол.

Оралмандардың интеллектуалдық дең­гейін пайдалану туралы мәселенің сөз болғанына біршама уақыт. 2011 жылы мамыр айындағы Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелдегі қазақтардың білімді жастарын Қазақстанға тарту жайында ұсыныс айтқан болатын. Ал аталмыш құжатта «Жоғары білікті маманды оралмандарды шақыру үшін оларға тек ақшалай ғана көмек көрсетпеу керек, сонымен Қазақстанға қоныс аударысымен баспанамен қамтамасыз ету қажет. Бұл шеттегі біршама жақсы мамандардың Қазақстанға оралуына жағдай жасайтын болады» делінген.

ТҰРАҚТЫ ТІРКЕЛУДІҢ

ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Комиссия мүшелері оралмандары­ шо­ғыр­ландырып, жеке ауыл ретінде орналас­ты­рудың дұрыс қадам емес екендігін айтады. Комиссия мүшесі, профессор Еңлік Нұрғалиева Маңғыстау облысында оралмандарға арналған ауылдар бар екенін білгенде қатты таңғалғандығын айтады.

– Мен Жаңаөзен оқиғасынан кейін Ақтауға бірінші рет ат басын тіредім. Бұл ауылдар тым жұпыны, бір типті үйлер, резервация секілді. Ешкім бұлай боларын ойламады ғой, олар жергілікті қазақтармен етене араласып кетеді деп ойлаған едік, – дейді Еңлік Нұрғалиева.

Сол себепті де құжатта «Нұрлы көш» бағдарламасынан бас тарту қажеттігі айтылады. Оларды Қазақстан аумағына теңдей қоныстандыру қажет.

Сонымен қатар, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға өзгерістер енгізу ұсынылған. Мәселен Қазақстан аумағына қоныс аударған этникалық қазақтар үшін олардың мүлкінің қанша болғанына қарамастан кедендік алым-салымдардан босату, зейнет жасына жеткен жандар үшін Қазақстан Рес­публикасымен зейнетақы жөнінде келісім-шартқа отырмаған мемлекеттен оралған зейнеткерлерге де ең төменгі зейнетақы төлеу, оралмандардың баспана құқығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында оралмандарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету механизмін тәжірибеге енгізу секілді ұсыныстар айтылған.

Әсіресе, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін талап етілетін тұрақты тіркеуді алып тастау туралы ұсыныс көңілге қонымды. «Оралмандардың Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуын қамтамасыз ету мақ­са­тын­да және барлық кедергілерді, көші-қон полициясының қызметкерлерінің және басқа да сала қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батпауы үшін қажетті құжаттар қатарынан мекен-жай анықтамасын алып тастау қажет. Бұл оралмандарды тарихи Ота­нына оралысымен тұрақты тіркеуге тұруға мәжбүрлейді. Алайда олар Қазақстанға орала салысымен тұрақты тұратын мекен жайды таба алмай қиналады ғой» делінген құжатта.

Сарапшылар оралмандар мәселесі жө­нін­де кеңестік-ақылдасу органын құруды сұрап отыр. Бұл отандастармен жұмыс істеуді жеңілдетеді деген ойда олар.

Естеріңізде болса, осы көктемде Қазақ­стан Үкіметі қазақ көші-қонына бөлінген қаржыны тоқтатқан болатын. Олар Ішкі істер министрлігі тарапынан жаңа құжат дайындалып жатқандығын ескерткен еді. Әзірге қазақ көші-қонының бет алысы қалай болатындығы беймәлім. Егер де аталған құжаттағы ұсыныстар қаперге алынатын болса, көші-қон біршама жүйеге түсер еді.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары