ӘРIПТЕСТIҢ ҚУАНЫШЫ

ӘРIПТЕСТIҢ ҚУАНЫШЫ

ӘРIПТЕСТIҢ ҚУАНЫШЫ
ашық дереккөзі
320

Жыл сайын жаздың алғашқы айының соңында айналып келiп отыратын төртiншi билiк өкiлдерi – журналистердiң төл мерекесi де келiп жеттi. Бұқаралық ақпарат құралдарының бұл мерекесi қарсаңында «өлермен« еңбектерi әншейiнде көзге көрiне бермейтiн журналистер лауазымды сыйлықтар алып, жетiсiп-ақ қалады. Атақ-абыройдан, құрмет пен даңқтан гөрi өзiнiң жазу-сызуынан ләззат алатын қауымға, әрине, бұл да қажеттiлiк екенiн өмiрдiң өзi дәлелдеп отыр.

«Бөрiктiнiң намысы бiр» деген қазақи қасиеттi сөздi еске түсiре отырып, төл мерекемiз күнi журналистиканы жазушылықпен жалғастырып жүрген осынау әрiптес жайлы жылы пiкiр бiлдiргенiмiздi жөн көрдiк.

Заряны студент кезiнен жақсы бiлiп, сыйлаушы едiм. «Болар бала… демекшi, сол студенттiк жылдардың өзiнде арагiдiк республикалық газеттерде басылып жататын мақалаларынан кесек-кесек ой-пiкiрiн пайымдап, кейбiр сәттерде журналистерден гөрi қаламы жүйрiк жазушылыққа бейiмдiлiгiн сезiп, iштей қуанып та қалатынмын.

Бүгiн бас алмай оқып шыққан әрiптес келiншектiң «Түнгi оттар» кiтабы бей-жай қалдыра алмады. Әңгiмелер мен хикаяттардан құралған бұл дүние «Жазушы» баспасынан (2011 ж.) жарыққа шыққан екен. Ойлы да сыршыл сезiмге толы әңгiмелерi әлдеқашан өз оқырмандарын жиып үлгерген Заря Жұманованың алғашқы прозалық шығармалары әдебиет сыншыларынан өз бағасын алып та қойған.

Өзi сүйiп қосылған жарының жан жарасы – артынан ерген ұрпағы екенiн, есiл ер арманда болса да қосағының кiрбiң шалмаған аппақ жүзiн аялап өтуi – кез келген перзент зарын тартып жүрген қазақ әйелiнiң емi жоқ сырқаты. Емi жоқ аурудың асқынғанын да, жанының жаралы тұстарын да атадан жалғыз кiндiк – Құмарының қысқа ғұмыры тiптi күл-талқанын шығарады. Онсыз да тағдырдың қатал сынына ұшыраған жас келiншек азаматының артында еңiреп қалған кәрi анасын, яғни енесiнiң қас-қабағын бағу арқылы өмiрiнiң жалғасын табу кiтапта өте шебер, өте күйзеле отырып, күйiне отырып оқитын жағдаят дер едiк.

Ене мен келiн арасындағы сыйластық оқиғаның соңын ала туған ана рөлiне көшiп кетуi де өмiр шындығы, заңдылығы деп қабылдайсың. Тiптi, «… Қарағым, сен болмағанда жалғызымның баласы түгiлi, моласына да зар болып қала жаздап ем… Мен саған ризамын. «Өлi риза болмай, тiрi байы­майды», Құмарым да о дүниеде сенi желеп-жебеп жатар. Тiрi адам тiрлiгiн жасайды. Бақытың ашылсын? – дедi тебiренiп. Келiнiне аналық ақ батасын бердi. Қанша жылдан соң…»

Мiне, осыдан соң-ақ күйеуiнiң белгiсiз өлiмi, үлкен қалада табанынан тозып iздеген азапты күндерi әлгiндей ене батасынан кейiн бойын жеңiлдетiп, ұзақ жылдар әулеттiң жесiрi атанған жас әйелдiң жаңа өмiрi басталады. Қып-қысқа осы бiр эпизодтың өзiнен-ақ, бүтiн шығарманың болмысын аңғару аса қиындық тудырмаса керек.

Кiтаптағы кез келген әйел образдарынан бүгiнгi ала дорба көтерген бейшара әйелдердi көрiп, өмiр бойы ерiнiң қабағына қарап, соның босағасының берiктiгiн, әулетiнiң өсiп-өнуiне мүмкiндiк жасайтын қазақ әйелдерiнiң тағдырын оқып, көз алдыңызға «қайран, қазақ әйелi арды ойлаған» деген үлкен iзеттiлiк пен құрметтен тұратын сыйластықты көремiз. Автордың Гүлзиясы, Ақ Гүлi, Құралайы, Толқыны болсын, бәрi де бүгiнгi қазақ әйелiнiң тағдырын көз алдыңызға елестететiнi анық.

Заряның журналистикада, әдебиеттiң ауыр да үлкен көшi – жазушылықта да сүйреп жүрген көшi өте ауыр, қомақты. Қазақ прозасындағы саусақпен санарлық прозаик қыздардың алып көшiне iлескен әрiптестiң әрбiр қадамына сәттiлiк тiлеп, шығармашылықтың шыңына жете берсiн деп тiлейiк.

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары