ЖАҢА ПАРЛАМЕНТ АЛҒАШҚЫ СЕССИЯСЫН АЯҚТАДЫ
ЖАҢА ПАРЛАМЕНТ АЛҒАШҚЫ СЕССИЯСЫН АЯҚТАДЫ
Қазақстан тарихында тұңғыш рет көп партиялы болып есептелiнген Мәжiлiстiң алғашқы сессиясы аяқталды. 2012 жылдың 15 қаңтарында мерзiмiнен бұрын өткiзiлген сайлау нәтижесiнде Парламент Мәжiлiсi үш партиядан жасақталды. «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Халықтық коммунистiк» партиясы.
Сарапшылар Мәжіліс үш партиядан жасақталғанымен, комитет басшыларының, спикерлердің барлығының тек «Нұр Отаннан» тағайындалғанын сынап жатты. Алғашқы сессияның бес айында «Ақ жол» партиясы атынан мемлекеттік тілге қатысты бір заң жобасы ұсынылса, Коммунистер партиясы атынан сайланған, Президенттікке үміткер болған Жамбыл Ахметбеков орыс тілінің сойылын соғуы арқылы айды аспанға бір-ақ шығарды. Ал депутаттардың кейбірі мемлекеттік бюджеттің олқылығын сынап, игерілмеген қаржылардың орасандығын тілге тиек ете отырып, Үкіметке сенімсіздік жарияламаққа ниетті екендіктерін жария етті. Бұл жайында Халықтық коммунистік партияның жетекшісі Владислав Косарев ұсыныс жасаған болатын.
– Министрлер кабинеті қазақстандықтардың сенімі үдесінен шыға алмағанына біраз уақыт болды. Сол себепті де оны таратып, жаңа команда жасақтау керек. Біз жылдық қаржы есебін тыңдадық. Есеп бойынша, Үкіметтің жұмысына қанағаттана алмай отырмыз. Халық мүддесіне орай қаржыны дұрыс жұмсай алмаған министрлердің біразын отставкаға жіберу керек. Біз осыны талап ететін боламыз, — деген болатын ол Парламенттегі Үкімет сағатында. Алайда 22 маусымда өткен Үкімет сағатында Үкіметтің отставкасы туралы әңгіме ауызға алынбады. Косаревтен бұның себебін сұрағанда, ол Үкіметке жек көрінішті болғысы келмейтіндігін жеткізген. Дегенмен Үкіметтің бюджетінің орындалмағаны жайында Халықтық коммунистік партия атынан сайланған 7 депутат та бюджеттің бюджетті игеру жөніндегі есебін қабылдамауға дауыс берді. Алайда басқа парламентарийлер оларды қолдай қоймады. Сөйтіп, «Парламент Үкіметті таратып жібермек» деген сыбыс та саябырсыды.
Жалпы, Қазақстан Парламентаризмінің тарихында ұлттық, елдік мүдде үшін қызыл кеңірдек болып, бет жыртысатын қалаулылардың аз да болса, болғаны рас. Тіпті олар саусақпен санарлық еді. Ал биылғы құрамда қазақ ұлты үшін жан алып, жан берісуге дайын жандарды мүлдем байқай қою қиын. Украина Радасында депутаттар украин тілінің болашағы үшін жақ-жақ боп айтысып, соңы дау-дамайға ұласып, төбелеспен, жанжалмен аяқталып, нәтижесінде орыс тілін Украинаның төрт облысында мемлекеттік тіл жасау туралы ұсыныс өтпей қалса, Қазақстан Парламентінде мемлекеттік келіссөздер мен заңнамалық актілердің қазақшасы әлі күнге дейін қате жазылып келеді. Тіпті еліміздің парламентаризм тарихында мемлекеттік тілде қабылданған заң жоқтың қасы.
29 маусымда сессияларын аяқтаған Мәжілісмендердің жасаған қорытындысы бойынша, Мәжіліс 70-тен астам заң жобасын қарап, оның 39-ын мақұлдаған. Сенаттың қарауынан өткен 22 заң жобасы заң күшіне енген. Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин: «Елдің жоғары заңнамалық органы көп партиялық деңгейде жұмыс істей отырып, өнімді пікірталастардың мекеніне айналды. Бірінші сессияда депутаттар тарапынан 3 заң жобасы ұсынылды» деп атап өтті.
Қазақстан Парламенті биылғы маусымда 19 халықаралық келісімдер мен келіссөздерді ратификациялады. 12 рет Үкімет сағаты өтті. 302 депутаттық сауал жолданды. Алдағы сессияда мемлекеттік шекара және ішкі істер органдары туралы заңдарды жаңадан қабылдамақ.
Парламент пікірталас алаңына айналған жоқ
– Негізі Парламенттің міндеті – халықтың көкейіндегі ойды, тілекті, талапты жүзеге асыру. Осы тұрғыдан келгенде, жарты жылдай жұмыс істеген бұл Мәжіліс түгел халықтың көңілінен шықты деп айту қиын. Біз үш партиялы Мәжіліс жасақтадық дедік. Бірақ шын мәнісінде бір партияның үстемдігі сезіліп тұр. Қазақстан Республикасының Парламенті – пікірталас алаңына айнала алмады. Ең өкініштісі осы. Парламенттің құндылығы – оның қабылданатын заңдарының електен өткізіліп, түрлі көзқарас тоғысынан сұрыпталып, қабылдануы. Ал Парламент қабырғасында қабылданған заңдар бір партияның мүддесі тұрғысынан қабылданды.
Екіншіден, сондағы депутаттардың өз сөздеріне қарағанда, партиялық фракциялардың арасында да демократиялық пікірталастар аз көрінеді. Егер депутаттар арасынан өзге пікірлерге келіспей, өз ойларын ашық айтуға талпынатын болса, оның мандатына қауіп төнетін көрінеді. Сол себепті де, өз ойларын ашық білдіруге жасқанатын депутаттар көбейіп кеткен.
Үшіншіден, біз ұлттық мемлекетпіз ғой. Біз – қазақ ұлтының мемлекетіміз. Мәжілісте заңдарды қабылдағанда, оның ұлттық сипатына үңіліп, астарына жіті назар аудару қажет еді. Өкінішке қарай, заңдар қазақ халқының экономикасы мен мәдениетіне қандай ықпал ететіндігіне назар аударылмайды. Шын мәнісінде, кез келген заң мемлекет құраушы ұлттың мүддесінен қарастырылмайынша, ұлтқа қызмет ете алмайды. «Ақ жол» партиясы тарапынан ұсынылған, мемлекеттік тілдің аясын шамалы ғана кеңейту жайлы ұсынысы Үкімет тарапынан бірден қарсылыққа ұшырады. Неге бұл заң жобасы Парламентте пікірталасқа түспеді? Билік неге мемлекеттік тілдің ертеңіне алаңдамайды? Осындай өкінішті жағдайлар көп болды.
Сондықтан менің ойымша, Мәжілістің қазіргі құрамы, бағытына қарағанда бір сарынды, билік партиясының ойынан шығуға ұмтылатын, көнбіс екендігін танытты, Мәжілісті басқарып отырғандар бұрынғы облыс әкімдері – Қарағанды, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарының бұрынғы әкімдері қазір Парламент спикерлері және спикердің орынбасары болып отыр. Бұл – авторитарлық жүйе Парламентке де толық енді деген сөз. Басқа мемлекеттерде Парламенттің спикері ең бірінші сайланған партия құрамынан шығады. Ал біздің Парламентке өзге партия атынан сайланғандар арасынан төрағаның орынбасары былай тұрсын, комитет төрағасы да бола алмады.
Есенгүл Кәпқызы