460
«ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҒАДЫ АҢҒА»
«ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҒАДЫ АҢҒА»
Тау түлегiн баптап, қыранын қиқулатқан ата-баба мирасын бұл күнде жалғастырып әкеткен ұрпақ аз. Соңғы жылдары елiмiзде құсбегiлiк өнердiң қадiр-қасиетiн арттыру үшiн түрлi шара ұйымдастырылып келедi.
1998 жылдан бастап құсбегілердің басын қосып, баптаған қырандарын сынға салатын жыл сайынғы «Салбурын» мерекесі, Қарағанды мемлекеттік университетінің жанынан арнайы ашылған құсбегілер мектебі саятшылыққа жаны құмар қазақ үшін баба мирасын бұл күнде қаншалықты насихаттай алды?.. Бұдан басқа Алматы облысына қарасты Нұра ауылындағы Жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебі жанынан ашылған Республикалық құсбегілер мұражайы, әрине, рухани жанымыздың азығы. Қазақ қанына сіңген құсбегілік өнердің өрінде әйгілі саятшы Жалайыр Шора тұрғанын «аспанға ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады» –деген аңыз өлең жолдарынан анық аңғарамыз. Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес. Туған елден жырақта жатса да, қаймағы бұзылмаған Байөлке қазақтарының құсбегілік өнерге деген құштарлығы, ұлттық өнерді көз қарашығындай қорғап, әлі күнге дейін салт-дәстүрді ұлықтап отырғаны жанға жақты. БҮРКІТ БАПТАҒАН ЕЛ Бүгінде Баян-Өлгеиде 400-ден астам құсбегі бар екен. «Ежелден бүркітке әуес қазақ халқы, ел мирасы қашаннан ата салты», – демекші бұл елдегі екі-үш қазақтың басы қосылса, әңгіме өзегі құсбегілік өнерге тіреледі. Ата салтын ұлағат тұтқан жасқа да, жасамысқа да қолдау көрсету үшін аймақ басшылары мен жеке кәсіпкерлер бүркітшілер тойын жиі ұйымдастырып отырады екен. Мәселен, Сахсай сумынында соңғы он жылдан бері дәстүрлі өткізілетін құсбегілер сайысына Байөлкедегі «Көкжал» компаниясының директоры Қанат Шерияздан қолдау көрсетіп отыр. Елдік іс жолында ет жүрегі елжіреп тұратын азаматпен жүздескенімізде ол: «Біздің мақсат той өткізу ғана емес. Ең бастысы, ата мирасын ұрпақтың санасына сіңіру. Қазаққа еншілес ғажайып өнерді өзгенің құрығына іліктіріп алмау», – деп ағынан жарылды. Қанат жиырма жылдан астам уақыт туристік салада қызмет еткен жан. Кезінде жапон-моңғол елдерінің бірлескен атақты қолбасшы Шыңғысхан зиратын іздестірудегі көп жылдық экспедициясына да қатысқан. Мамандығы – ғарыш инженері. Моңғол мемлекетінің тұңғыш ғарышкері Гуракчаның орынбасары Ганзарктың қол астында 6 жыл қызмет еткен. Экспедиция барысында Қанат ағылшын тілінде жазылған орта ғасырдағы итальян саяхатшысы Марко Полоның жазбаларынан құсбегілік өнер туралы көп оқиды. Онда Құбылай ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен 500 ақ сұңқары және басқа да қыран құстары болғандығы, оларды баптап, күтуге арнайы 10 мың құсбегі ұстағаны туралы жазылады. Сондай-ақ, кей деректерде Шыңғысханның ұлы Жошының 3 мың бүркітші ұстағаны туралы мәліметтермен танысып, құсбегілік өнердің қасиетіне қанығады. Осының бәрі Қанаттың ұлттық өнерге деген қызығушылығын оятады. 1992 жылы ең алғаш Баян-Өлгеиге құсбегілік өнерді зерттеп Кевин Клин есімді француз басылымының фототілшісі келгенде Қанат тілмаш болып, құсбегілік өнердің қыр-сырын айтып беріп, шетелдік журналисті Байнұр сумынының атақты құсбегі Сүлейман шалға ертіп барыпты. Ал Сахсайдағы дәстүрлі бүркітшілер тойын соңғы жылдары шетелдік фототілші Джергер Ленсин зерттеп жүр екен. Осы уақытқа дейін «Көкжал» компаниясы бұл өңірге туристерді тартуымен қатар, қазақтың ұлттық болмысын әлемге әйгілеп отырғаны көңілімізге қонды. Қазыналы қазақ өнерін шетелдіктерге паш етуде Қанаттың азаматтық болмысы бөлек. Сонымен қатар Токио мемлекеттік университетінің профессоры Мичимура Микисома да 2001 жылдан бастап Қанатпен бірлесіп моңғол-қазақ халықтарының тарихын, қолөнер бұйымдарын, ұлттық мұрасын зерттеп жүр екен. Бүгінде атылмыш университет қабырғасында моңғол-қазақ халықтарының ұлттық болмысын әйгілеген шағын мұражай ашылыпты. Сондай-ақ, бұл елдегі қазақ диаспорасына арнап «Шағай» (асық) атты журнал жарыққа шыққан екен. Қанат Шериязданмен бірлесіп саят құрып, құсбегілікті жандандыруға, қыранды баптаудың қырын үйренуге құмартқан өзге ел азаматтары көп екенін біз осында аңғардық. Бірақ қандасымыз болашағын атажұртымен байланыстырады. Қазақстанда ол қазақы болмысымызды айшықтайтын демалыс орындарын ашуды, ұлттық туризмді дамытуды армандайды. «Мен жиырма жылдан астам уақыт осы өңірде туристік қызметті жандандырдым. Мұнда шетелдіктер алтайдың ақиық бүркіті мен сұңқарын көруге, таулы өлкедегі ескерткіш тастарды зерттеуге құмартады. Меніңше, ұлттық туризмді дамытуға Қазақстанда мүмкіндік мол. Ел боламыз десек, әр іс ата-баба салтымен ұштасып жатқаны абзал», – деді Қанат Шериязданұлы. Әрине, тек енді «елім» деген ерге, «ұлым» дейтін елі болса болғаны… ҚҰСБЕГІЛІК – ҚАЗАҚҚА ЕНШІЛЕС ӨНЕР Құсбегілік өнерге соңғы жылдары, әсіресе, арабтар қатты қызығушылық танытып отыр. Бұл елдің дәулеттілері бүркіт, сұңқар баптап, құс ұстағанды ұнататындарын жиі айтып, Байөлкедегі құсбегілермен үнемі жүздесіп қайтатын көрінеді. Итарқасы қиядағы қазаққа келіп, қыран баптаудың қыр-сырын үйренгісі келгендердің қандай ой, нендей мақсат ұстанғанын, әрине, білу қиын… Дей тұрғанмен Байөлке аймағында 400-ден астам, ал Қытай мен Қазақстанда 40-тан астам құсбегі бар деп қанша қомписақ та, әлемнің кей елдері бүркітшілер одағын құрып жатқаны бізді алаңдатуға тиіс. Мәселен, Байөлкедегі тау қырандарының томағасын талай сыпырған саятшылар Шайзада Жақай мен Ардабек Қиянат жуырда Араб әмірлігіне барып, бұл елдің бақуаттыларына құсбегілік өнерді үйретіп қайтқан екен. Ендеше қазақтың құтты өнеріне құмартып, саятшылықтың сырын ұғуға асыққандардың қатары артқанын ескерсек, ата-баба мирасын қазаққа құжат жүзінде еншілеудің уақыты жеткен сыңайлы ма деп қаласың?.
Серікгүл СҰЛТАНҚАЖЫ
Астана