АСТАНА – АЗИЯНЫҢ ЖАС ҚАЛАСЫ

АСТАНА – АЗИЯНЫҢ ЖАС ҚАЛАСЫ

АСТАНА – АЗИЯНЫҢ ЖАС ҚАЛАСЫ
ашық дереккөзі
839

Астана туралы ән де, жыр да көп. Қазақтың Елордасы биыл он төртке аяқ басты. Аз да, көп те уақыт емес. Он төрт жылдың iшiнде қазақтың астанасы гүлдендi, нұрланды, шуақ шашты. Қарасаң көз тойғысыз өзгерген Астананың әсем келбетiн шайырларымыз өз жырына арқау еттi. Композиторларымыз әнге бөледi. Қаламгерлерiмiз өз шығармаларын арнады. Астана туралы тамаша көркем фильмдер де дүниеге келдi. Мұның бәрi он төртке толған Астанамызға деген қалың жұртшылықтың ыстық ықыласы, шынайы сүйiспеншiлiгi деп бiлемiз. Қазақстанның Астанасы туралы жазылған өлеңдердiң бiр парасын газетiмiздiң бетiнде жариялауды жөн көрдiкАСТАНА – АЗИЯНЫҢ АРУ ҚЫЗЫ

Ай қабақ, жайма шуақ жүзi қандай,

Ақ гүлдей сүйгiң келер үзiп алмай.

Астана – Азияның жас қаласы,

Ажарын көрген адам қызығардай.

«Бәйтерек» құшақ жайған көшем жаңа,

Астана қарқын алды өсер дара.

Есiлдiң жағалауын жарқыратқан,

Аққудың ұясындай әсем қала.

Аңсатқан шырын, шарбат бал-уызы,

Тамсантқан таңғажайып дәру жүзi.

Бой жазған Сарыарқаның самалында,

Астана – Азияның ару қызы.

Құлшынған күншығыста жас қалаға,

Батасын бердi Алатау бастап алға.

Ақжарқын Азияға нұрын шашқан,

Тiлеймiз құт, береке Астанаға.

Кәкiмбек САЛЫҚОВ

АСТАНА ТУРАЛЫ ӘН

Ақша бұлттар аспанында

Ақ ботадай ойнақтаған, жас қала.

Жүз түрленiп қас-қағымда,

Жан сырына бойлатпаған, Астана.

Көшелерi күнге ғашық,

Әрбiр тасы ән салатын, Астана.

Жырын толғап, биге басып,

Жер-жаһанды қарсы алатын, жас қала,

Аппақ түнде арайыңды

Аңсап тұрып жұтып бағам, Астана.

Жусан иiсi танауыңды

Жұпарымен қытықтаған, жас қала.

Еркелеген Есiл ару,

Бұрымдары жарқылдаған, жас қала.

Таңы – сұлу, кешi – дәру,

Ақ самалы аңқылдаған, Астана.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

??I? ?????…

ЕСIЛ АҒАДЫ…

Есiл ағады, Есiл ағады,

Ақ бұйра толқын жарды ұрып.

Есiл аққанда есiп ағады,

Жағада жартас жаңғырып.

Есiл ағады, Есiл ағады,

Мағжанның жүйрiк жырындай.

Менi де бiр қыз есiне алады,

Тарқатып өрген бұрымды-ай.

Сырбазым, сыңғыр-сыңғыр етедi,

Сұлулар таққан сырғадай.

Түрiлген сонау түннiң етегi,

Ұйқымды қайтсін, ұрламай.

Есiл ағады, Есiл ағады,

Есiл ағады – ерке өзен.

Көңiлге мәңгi көшiп алады,

Аққудай арлы сол кезең.

Есiмнiң толқын несiн алады,

Аймалап ай-күн, жарып құз.

Есiл ағады, Есiл ағады,

Есiл ағады, жарықты.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

АСТАНА

Сарыарқада сән түзедi Астана,

Мақтаныш боп кәрiге де, жасқа да.

Қуана бер кең пейiлдi қазағым,

Мұның бәрi бiзге әлi бастама.

Бiр-бiрiмен тапқан көркем жарастық,

Жаңа үйлердiң арасында адастық.

Өзiн-өзi басқарған жас елiме

Өз қолымен салған әсем қала ыстық.

Өрмеледiк Бәйтеректiң басына,

Самұрықтың жетiп жұмыртқасына,

Ертектегi кейiпкерлер секiлдi,

Көз тастадық Астана айналасына.

Алақанда тұрғандай бар шақырым,

Мәртебелi таныдық Ханшатырын.

Көз тартады Пирамида, Ақорда,

Ескерткiштер ғасырлардан қатып үн.

Батыс-шығыс үлгiсiнен таңдалып

Салған үйге қараса ел таңданып,

— Бiткенiнен басталғаны ғажап – деп,

Құрылыстар жатыр әлi жалғанып.

***

БӘЙТЕРЕК

Көз тартып тұр Бәйтерек,

Емес бұл зәулiм жәй терек.

Ертеден жеткен ертегi

Атына заты сай терек.

Ақша бұлтты жамылып,

Ұя салған самұрық.

Балапан жылда басады

Саулығын тiлеп қамығып.

Самұрық кетсе жем iздеп,

Бiр айдаһар жылда кеп,

Балапанын қылғуды,

Жалмауыз жауыз қылды әдет.

Алыстан батыр Дербестiк

Бұл сұмдықты келдi естiп.

Айдаһардың басын шапты да

Балапанға өмiр бердi өстiп.

Балапандар аман ұшады,

Бәйтерек соның нышаны.

Бейбiтшiлiк құрды салтанат,

Елге ашық мәңгi құшағы.

Оразақын АСҚАР

ЕСКЕРТКIШ

Әр дәуiр көктемi жанында бүр атып,

Мұратын көтерiп барады ел.

…Сақтардың сүйегiн мүжуде уақыт,

Ғұндардың қорымын кемiрiп қара жел,

Ал рухы айналып ақынның сөзiне!

Сол сөздi жаныммен, қаныммен сезiнем!

Бабалар қарайды мұражайға қойылған,

Мыңжылдық бас сүйек көзiмен!

Қарайды бабалар, қарайды мыңжылдар,

Бiр сөнiп, бiр жанып жатқан шақ

жұлдыздар,

Қарайды ең ұлы ескерткiштерге олар,

Бозоқтың аспаны астында тұрғызған!

Соларға қойылған ескерткiш – жас қала,

Төгiлген қанға да, төгiлген жасқа да,

О, мәңгi өлмейдi Түркiнiң Үмiтi,

Үмiтке қойылған ескерткiш – Астана!

Ғасырлық шаттыққа, ғасырлық мұңға

да,

Ұлт үшiн құрбандық етiлген ұлға да,

О, мәңгi өлмейдi Алаштың Арманы,

Арманға қойылған ескерткiш – бұл қала!

Өткенiм – өзекте, Бүгiннiң меңi – Арда,

Ұятта, Намыста, Жүректе, Жанарда,

О, мәңгi өлмейдi Қазақтың Ертеңi,

Ертеңге қойылған ескерткiш – Елорда!

????? ???I?

Ерлан ЖҮНIС

??, ??????!

ЕЙ, АСТАНА!

Сен деген туған елдiң жүрегiсiң,

Өзiнен бастау алар өрелi iсiм.

Шаһарлар толып жатыр,

бiрақ та сен,

Бәрiнен бiрегейi, бөлегiсiң.

Астанам – асқарымдай көрiнесiң,

Өлең боп көкiрегiмнен өрiлесiң,

Бойыма рух берiп тұрғаннан соң,

Анық-ау ұтылмасым, жеңiлмесiм

Домалап қазағымның өрге тасы,

Думанмен дүрiлдесiн аспан асты.

Биiктеп Бәйтеректей, зәулiмденiп,

Асқақтай бер, елiмнiң Астанасы!

Нұрперзент ДОМБАЙ

АСТАНА – АЛТЫН БЕСIГIМ

Ежелгi ескi қала Ақмолада,

Сылаңдап бой түзедi жас Астана.

Бұл күнде Астананы орап жатыр,

Сән берiп жасыл орман бақ-қалаға.

Аз жылда бой көтерген жаңа Астана,

Жетi жүз елу мыңға боп баспана.

Жиналып, төрткүл дүние төрiне кеп,

Талайды тамсандырған жыр – Астана.

Есiлдiң жағалауы жасыл желек,

Арнасы әсемделген елден ерек.

Аққулар айдынында маңғаз жүзген,

Желкендер сап түзеген жағаға кеп.

Гүлзарлар, сансыз фонтан нұрын

шашқан,

Көшелер мен алаңдар әдемi асқан.

Сап түзеген ежелгi батырлардай,

Зәулiм үйлер аспанменен таласқан.

Бәйтерегiм елiмнiң дiңгегiндей,

Пирамида-келiсiм мiнберiндей,

Хан шатыр, Конгресс холл, стадион…

50 елдiң сапына кiргенiндей.

Ақорда – ел жүрегi Астанада,

Халқымның мақтанышы бас қалада.

Есiгiн айқара ашқан таңғалдырып,

Бұл күнде қасына да, досына да.

Қырандай қалықтаған жалауы бар,

Жастардың жүрегiнде алауы бар.

Елiмдi өрге сүйрер асыл тұлға,

Халқымның Нұрсұлтандай қалауы бар.

Форумдар, сенде өткен – пәтуалар,

Шаруа емес әлдекiмнен сатып алар.

Астанамның беделi биiк болса,

Елiмнiң мәртебесi биiк болар.

Жасай бер, жаңа Астана, дара астана,

Мерейiң құтты болсын жап-жас қала!

Осы жылда Он орадың талайларды,

Жұлдызың жана берсiн, Нұр-Астана.

Қазақтың Түркiстандай киесi бол,

Бақыт пен болашақтың жүйесi бол.

Бiрлiк пен берекенiң тiрегi бол,

Қазақтың астанасы – жүрегi бол.

Астана – алтын бесiгi туған жердiң,

Астана – айбыны да байтақ елдiң.

Астана – абыройы, атақ, даңқы,

Қазақ деген қонақжай ұлы елдiң.

Қабижан ҚАПИЗ

??????? ???I

МАҢЫЗДЫ ЕЛШI

Иә, сiздер елшiсiздер маңызды,

Жоғары мәртебелi, жаны iзгi,

Сiздер туралы айтады түрлi аңызды.

Маң-маң басып жайбарақат теңселiп,

Ғимаратқа енесiздер еңселi,

Кезек күтпей сөз бередi ел сенiп.

Даяшыдай иiледi жолсерiк,

әкетердей күллi әлемдi еңсерiп,

күлкiңiзбен жымиясыз кеңселiк.

Саяси баспана бересiз,

Жат елге бұйрықтың соңынан

Көлеңке секiлдi ересiз.

Көргiңiз келмейтiндердi көресiз,

Келiссөз жүргiзiп, маңызды пендемен

өресiз.

Есiк ашады сiздерге жол берiп,

Сол өмiр, сол жолдар, сол көлiк.

Ауруға – аурудың тiлiнде сөйлейсiз,

Шығарып саласыз қол берiп.

Ал бiз деген елшiсiмiз ғасырдың –

Жүректерге жiберген,

Маң-маң басып кеуделерге кiремiз,

Бiз – елшiмiз күлкiмiзге күн ерген.

Өмiр сүремiз жұлдыздардың

дiрiлiнде самсаған,

Жапырақтардың шуылында бiр тамшы

су аңсаған,

Тек мәрттiкке, жомарттыққа, хас

шындыққа

Қол соғам,

Көңiлiмнiң хошы келген сұлулыққа

тамсанам.

Таулар бiзге жол бередi жарылып,

Таң самалы күтер бiздi сарылып.

Бiз келемiз есiк қақпай бiр күнi,

Жер бетiнiң озбырлығынан арылып.

Бiз – елшiмiз жүректерге аттанған,

Бiз – өлеңбiз өлмейтұғын бақ қонған.

Жанартау боп жарылуға шақ қалған,

Бiз – өмiрмiз архивтерде хатталған.

Мұңнан қашқандарға саяси баспанамыз,

Жығылған тағдырды ысырып

??????????,

тастамаңыз,

Жылы жаңбырға шайынып, жұмсақ

бұлттарды жастанамыз.

Бiз – арман әлемiне аттанамыз.

Сiздер – елшiсiздер түбiнде өз елiн

табатын,

Бiздер – елшiмiз енген жүректе қалатын.

Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ

ОРМАН

Суретшi емес, бәрiңдi орманшы боп,

сұлулықты сақтауға шақырамын.

Автор

Жасылға, жапыраққа шын ғашықпын.

Жасымнан сұлулықпен сырласыппын.

Теруге бәйшешектi құштар болып,

Көруге қызғалдақты қырға шықтым.

Елiме наз бiлдiрiп, еркеледiм,

Ол менiң жалғыз жарқын өлкем едi!

Нулары, суларымен, тауларымен

Теңдессiз дархан едi, көркем едi!

Ұлт болып, жаңа ғана алған ерiк,

Жер таңдап, Елорданы салған едiк.

Ұшпаққа айналдырып нұр-шаһарды,

Көркейттiк төңiрегiне орман егiп!

Бұл жерде тал, қарағай… гүл де өсуде.

Бүкiлi тiршiлiкпен тiлдесуде.

Бұтақтар бүршiк атып бұлқынады

Жас қала — Астананың iргесiнде.

Жеңгендей желегiмен жел, боранды,

Астана көгорай бау, гүлге оранды.

Есiлдiң жағасынан ескен лептей

Лебiз сөз легiмен кеп тiлге оралды.

Жауынмен жазғытұры дала көктер,

Ғажайып жыр жазылған дала-дәптер.

Ғазалын Жаратқанның оқу үшiн

Жап-жасыл жас орманды аралап көр!

Басарсың былпылдатып гүл-кiлемдi.

Табарсың таңғажайып түрлi реңдi.

Бұл жерге бұғы менен бұлғын келiп,

Сайрасын сандуғаш пен бұлбұл ендi.

Бұл орман адам үшiн егiлгендей,

Ауасы мөлдiр, таза, жеңiл нендей!

Буланып, жаңбырдан соң жаздыгүнi,

Болады әтiр, жұпар себiлгендей!

Орманға барған қандай шiлде айында!

Әлi ерте жапырақтар сарғаюға.

Тымықта тылсым әуен төгер мүлгiп,

Қарағай, шырша, шетен, тал, қайың да!

Тамыры топырақтан ылғал алып,

Сабағын Күнге созып, нұрға малып,

Тамылжып тұрған нудың ортасынан

Қайтасың тән тынығып, ми демалып!

Үмiтi Елбасының ақталғандай,

Иманды белестердi бетке алғандай.

Қадасаң бiр тал шыбық, сауап дейдi,

Жайқалтып жасыл орман еккен қандай!!!

Жол салған, мешiт салған, қала салған,

Орнатқан оған қоса ағаш — орман.

Осынша жүрегi үлкен басшы тұрса,

Жүзеге асар талай тамаша арман!

Халықтың жанын ұғып қасиетпен,

Қызмет етулерiн нәсiп еткен,

Патшалар бақытты ғой қай кезде де,

Гүл бiтсе, қадамына басып өткен.

Қар, желден қорғау үшiн борап тұрған

Жас орман жас қаланы орап тұрған.

Алланың нұры жаусын Нұрсұлтанға,

Аңызақ, айтақырды абат қылған.

Қарасаң, келбетiне бүгiнгi анық,

Қонғандай Қазақстан тұғырға нық —

Халқымен, қаласымен қуаттанып,

Суымен, орманымен сұлуланып!

Тiзгендей iнжу-маржан түрлендi iргем…

Өрейiн пәк пейiлiмдi жырмен, гүлмен.

Өмiрi ұзақ болсын Нұрағаның,

Өз елiн махаббатпен гүлдендiрген!

Күләш АХМЕТОВА

Дайындаған

Гүлзина БЕКТАСОВА,

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары