«АЙ ДА ЖАЛҒЫЗ, АЙША ДА ЖАЛҒЫЗ...»
«АЙ ДА ЖАЛҒЫЗ, АЙША ДА ЖАЛҒЫЗ...»
Жер шарында өзінің төл шығармаларымен бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, махаббатына ие болған туындыгерлер аз емес. Солардың қатарында қазақ ұлтының мақтанышына айналып, риясыз пейілдерінің ризашылығын меншіктегендері де жетерлік. Соның бірі – Шерхан Мұртаза.Ұлттық рух пен ұлттық санаға, ұлттық дәстүрге, қоғамдық дамуға атсалысып, халық қамын ойлап, өзіндік пікірімен шындық үшін шырылдаған бірден бір адам деп айтуға лайық. Шерхан атаның қай шығармасы да тұнып тұрған тарих. Өткенсіз болашақ жоқ. «Ей, адамдар, өткеннен өнеге ал, онсыз болашаққа қалай бармақсың. Сен шыққан халықтың тереңге тамыр тартқан тарихы бар, ұлтын сүйген ұлдары мен қыздары бар, соларды үлгі тұт» деп тұрғандай. Әрбір шығармасында қазаққа, Отанға деген сүйіспеншілік пен отбасына деген сыйластықтың иісі аңқып тұр. Кеңестік қоғамның қылышы қылшылдап тұрған кезеңде қазақ тілі туралы тайсалмай пікір айтып, қазақи хабарлар жасап, мақалалар жазып, ұлт туралы ұлағатты әңгіме қозғау – нағыз ерліктің нышаны. Жуалының өкпек желінің өтінде дүниеге келген, Бауыржандай батырдың тәрбиесін көрген атамыздың мінезі басқадай болуы мүмкін де емес. Тектілік қанмен келетін қасиет екендігін, қазақтың күрескерлік, еркіндік сүйгіш, рухы мықты халық екендігін шығармаларына арқау етті. Сол арқылы жеткізе білді. «Қызыл жебе» романында Рысқұлдың бала кезіндегі және есейген кезіндегі портреті: «Аласа төсектен салбыраған арық қолды қонқақ мұрын тәуіп шал әлі ұстап отыр. Арықтықтан баланың шыңдығы шодырайып, шығып тұр. Топ-толық қарулы бала енді қауқарсыз сүлде сүйек боп қалған қара торы өңі қазір боп-боз. Көзінің айналасында көгірес көлеңкесі түскен. Бұрын тәмпіктеу мұрын енді ерекше сопайып, ебедейсіз көрінеді. Жанарында ұшқын бар екен». Сұрықсыз, әлсіз болса да бұл баланың бойындағы жігер мен күш, болашақта адал ұл болып, ұлттың жоқтаушысына айналатын асыл қасиет осылай суреттелген.
Ал есейген кезіндегі мына портрет: «Бұл өзі Шілменбет руынан шыққан қарапайым қазақ еді. Қара шаруа болса да, рухы күшті, қайраты мол, қажырлы қазақ. Бұл атырапта одан өткен мерген, Іле Алатауын одан артық білетін адам болмаған». Жай қарапайым ауыл баласын суреттей отырып бүкіл ұлттың прототипін беріп отыр. Қарапайым ғана бала мен аңшыны осылай суреттеуі – өз ұлтының ұлдарына деген құрметі, қала берді мақтанышы.
«Қызыл жебені» оқи отырып сол кезеңдегі ұлт бейнесі мен ұлт мәселелеріне үңілеміз. Халықтың психологиясы мен сол заманның шындығына куә боламыз. Шығармаларында қарапайым ғана адамдар арқылы бүкіл қоғам мен халыққа сипат берілген. Сөздері жеңіл, тез санаңда жатталып қалады.
Менің Шерхан атамен алғашқы таныстығым «Тамұқ» кітабын оқудан басталып еді. Кітапты екі қайтара оқып шығып, автордың сөз саптауы мен кейіпкерлерді суреттеуіне тәнті болғаным соншалық өзім сол оқиғалардың ортасында жүргендей әсер алғанмын. Бертін келе «Ай мен Айшаны» оқып, қазақ әйелдерінің сол кезеңдегі жанкештілігі мен жетім бала, жесір әйел өткен өмір өткелдерін көз алдыңа киноның лентасындай тізбектеп қойған шынайы суреткерге шын көңіліммен риза болғаным бар. «Ай да жалғыз, Айша да жалғыз, Ай да жылайды Айша да жылайды» деген сөйлемі мәңгілік жадымда қалыпты. Әсерлілігінен болар.
Алайда өзі өмір сүрген кезеңдегі әйел мәселесін, қоғамдағы әйелдің ролін, Шерхан ата Айшаның бейнесі арқылы сол заманның тыныс-тіршілігін де беруге тырысқан. Қандай қоғамда болмасын бала мен ана бірінші орында тұруы керек. Қазақ әйелдерінің бойындағы шыдамдылық, төзімділік, махаббатқа адалдық, балаға деген мейірім туралы көптеген эпизодтар баршылық. Бәрі де шынайы. Өйткені ол бала Шерханның басынан өткен оқиғалар.
Кейінгі кезеңде «Бір кем дүние» атты шығармасы жарық көрді. Терең философиялық оймен өмір шындығын көріп жазған шығарма адамдар көңілінің бір қылы сыпатты. Жайшылықта ойға келе бермейтін мәселелерді көтеріп, бұл дүниенің жалғандығын есіңе салатындай. Адамды тіршілігінде сыйлап, тіршілігінде бағалап, барды бардай көрсетуге шақыратындай
Заман өзгергенмен қазақ халқының салт-дәстүрі, ырым-тыйымы, ұлттық құндылықтар, ұлттық сана ешуақытта жойылуы мүмкін емес. Халықпен бірге дәстүр де жаңарып жаңа бағытта өмір сүреді. Демек жаңғырып отырады деген сөз.«Ой, заман-ай десеңші. Бұл халық ғасырлар бойы осы жүннен киіз басып, киім тігіп; теріден тон, етік, мәсі киген, табиғаттың өзі берген өнімдер еді ғой. Енді керек болмай қалыпты – мыс. Бекер сөз. Неге керек болмасын?! Қолынан іс келетіндер, өнерлілер, замана талабына сай өнім шығара алатындар, біздің ауылдың тау-тау болып үйіліп жатқан жүн-жұрқасын, тері-терсегін тиын-сиынға сатып алып, өз еліне апарып, баптап, өңдеп, осы заман үлгісіне сайма-сай киім тігіп әкеліп, қымбатқа өткізеді. Ондай киім кигендерге атты адам жерге түсіп, жаяу адам жатып қарайды. Әрине, салақтан олақ жаман. Осындай керемет ойлы сөздер тапқан халық, қолынан іс келмейді деп кім айтады?! Бәрі − бастан ұйымдастыра алмаудан. Бір кем дүние».
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Шерхан атаның шығармалары шындыққа негізделген. Ащы да болса халықтың басынан өткен әрбір оқиға лайық бағаланып, «болашақ ұрпақ үлгі алатындай, сол қателіктерді қайталамайтындай болса екен» деген ниеттен туған шығармалар.
«Ал ХХ ғасырдың 32 жылының сыры мен жыры басқаша. Қазақтардың жартысынан көбі қырылған жыл. Зобалаң зорлық жылы. Азынаған ашаршылық.
Мен туған жыл. Сол жылы менің мыңдаған құрдастарым аштан, қара шешектен өлді.
Біздің елде сондай зұлматтың құрбандарына ескерткіш те жоқ. Бір кем дүние…».
Туған жердің табиғаты да терең ойлы, көпті көрген, халқының болашағын ойлап санасы сан-саққа жүгірген Шерхан атаны ойландырмай қоймады.
«Бірақ қазір сол Бетпақта баяғы мыңғырған, мың-мыңдаған киік қалмай бара жатыр. Бетпақтан Азғырға дейін созылған полигондар… төбеден төнген ракеталар… космодром… Мемлекет ішіндегі мемлекет. Бір түрлі ыңғайсыз. Үйіңнің бір іргесінен ызғырық ұрып тұрғандай.
Бүйректен тиген суық жаман. Бір кем дүние».
«Бір кем дүниеге» қазақ халқының біртуар ұлдары туралы да тебіреніске толы ойлары, ұлтының ұлыларына деген сағынышы арқау болған. «Бір жалдамалы газет мені жәбірлей, әлдеқашан әділетсіздіктен, зорақылықтан атылған Тұрар Рысқұловты қорлап, жала жапты. Бүгін «Егемен Қазақстан» тұтас бір бетін Тұрарға арнап, ақтап, мақтап жазды. Бір кем дүние. Осылай өте берер».
Шерхан ата шығармалары арқылы ғана емес, депутат болған кезінде үлкен мінберден мемлекеттік тіл, ұлттық тәрбие, ұлттық сана туралы «турасын айтып туғанға жақпаған» адам.
Сонау Жәнібек пен Керей ханнан бастау алатын қазақ халқының тарихын туындыларына арқау етіп, ақтаңдақтардың бетін ашып, көркемсөзбен қазақ арыстарына өлмейтін ескерткіш орнатып, санаға сіңіретіндей шығармалар жазған ұлттың ұлағатты перзентінің мерейтойы жақын. Қуанышыңызды халқыңызбен бірге тойлай беріңіз. Өйткені сіз – Халық жазушысысыз, халық перзентісіз.
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу
орталығының ғылыми қызметкері