ТЕҢ ПАЙДАЛАНАТЫН КҮН ЖАҚЫН
ТЕҢ ПАЙДАЛАНАТЫН КҮН ЖАҚЫН
Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, жақында ҚХР астанасы Бейжiң қаласында «Трансшекаралық өзендердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi» Қазақстан-Қытай бiрлескен комиссиясы сарапшыларынан құралған жұмыс тобының 9-шы мәжiлiсi өткен.
Қазақстан Республикасының делегациясын Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Су ресурстары жөнiндегi комитетi төрағасының орынбасары Оңдасын Жиенқұлов, Қытай Халық Республикасының делегациясын ҚХР Су шаруашылығы министрлiгiнiң су шаруашылығы мен гидроэнергетика мәселелерiн жоспарлау мен жобалау бас институтының директоры Лю Вэйпин басқарды. «Мәжiлiс барысында Трансшекаралық өзендер суларын бiрлесiп пайдаланудың көкейкестi мәселелерi талқыланды» делiнген ресми мәлiмдемеде. Бiрақ нақты қандай мәселелер талқыланғандығы туралы ақпарат кездеспейдi.
Қытаймен арадағы су қатынастарын реттеу экономикалық тұрғыдан да, экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды болып саналады. Қазақстанның негізгі міндеті: өзендерге қажетті сулардың балансын сақтау, трансшекаралық су ағыстарының су ресурстарын бірлесе пайдалануда, қорғауда, суды ластамауда ортақ көзқарас қалыптастыру. Қытай тарапынан Қазақстан аумағына 24 трансшекаралық өзен ағады. Олардың алтауы – Ертіс өзендері бассейніне, жетеуі – Іле өзендер бассейніне, үшеуі – Еміл, сегізі – Барлық тауындағы кішкентай өзендер үлесіне тиесілі. Қазақстан-Қытай бірлескен жұмыс тобы 2001 жылы құрылған. Бұл мәселеге орай алғашқы ресми келіссөздер 1998 жылы басталған болатын. 1998-2001 жылдар аралығында Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық өзендерді басқару жөнінде 5 рет кездесу өтті. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасында трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласында бірлескен шараларды өткізу жөнінде келісімге қол қойылды.
Бірлескен комиссия отырысы жылына бір рет тараптар аумағында кезекпен өткізіліп тұрады. Комиссия жұмысы аясында Қазақстан тарапы келісім-құқықтық базасын арттыруды көздейді. Бұған дейінгі Қытай мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық өзендер жөніндегі келісімдердің аса бір өнімді болғаны жайында ақпараттар аз. Дегенмен көптеген ақпараттар 6-шы отырыстан кейін комиссия жұмысы өнім бере бастағанын айтады. 2004 жылдың қазанында екі жақты комиссияның екінші отырысы өтті. Онда Қытай тарапы трансшекаралық өзендерде орын алатын табиғи апаттар жайында бір-бірімен өте жылдам ақпарат алмасу туралы Меморандумға қол қойды.
Аталған комиссияның 6-отырысы 2009 жылдың 4 желтоқсанында Бейжіңде өтті. Қазақстан делегациясын сол кездегі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев басқарса, Қытай комиссиясын Мемлекеттік кеңес премьерінің орынбасары Ван Цишань басқарды.
Қазақстан бұл отырыста трансшекаралық өзендер суын пайдалану проблемасын жалпымемлекеттік деңгейге көтере алды. Бұған дейін Қытай тарапы техникалық мәселелерді шешуге мәжбүрлеп келген болатын. Сол себепті де осы бас қосуда комиссия тарапынан суды бөлу мен қорғау мәселелері тұңғыш рет қаралды. Соның ішінде Қытай тарапы Ертіс пен Іле өзеніндегі суды бөлу Концепциясы мен Трансшекаралық өзендердің су сапасы мен олардың ластануының алдын алуды бақылау жөніндегі Келісім жобасын ұсынды.
2010 жылы 13 қарашада Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының 7-ші отырысы Қарағанды қаласында болып өтті. Ондағы келіссөздер аясында Іле өзенінің тармағы болып саналатын Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен гидроузелінің біріккен құрылысын бастау жөнінде келіссөзге қол қойылды. Осы гидроузель арқылы су ресурстарын екі жақтың да теңдей дәрежеде пайдаланылуы қарастырылуда. Екіжақты комиссияның ең жемісті келіссөзі ретінде сарапшылар осы құжатты атайды. 2011 жылдың сәуір айынан бұл жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Келісім бойынша, трансшекаралық Қорғас өзенінің суын 50/50 үлесімен теңдей дәрежеде бөлу қарастырылған. Сондай-ақ, жобаны қаржыландыру да теңдей дәрежеде болмақ. Жоба құны 9 миллион 560 мың АҚШ доллары.
2011 жылдың шілдесінде Семей қаласында Ертіс өзеніндегі гидробекеттерді өзара бақылау нәтижелері қарастырылды. Қазақстан тарапы осы отырыста Сүмбе өзеніндегі гидроузельді қайта салу мәселесін ұсынды. Бұл обьект 2008 жылы салынған. Алайда ол Қазақстан тарапының мүддесіне қайшы.
2011 жылы Қазақстан мен Қытай арасында Іле және Ертіс трансшекаралық өзендерінің ресурстарын 2014 жылға қарай ортақ пайдалану жөнінде келісімге қол қойылды. Демек, 2014 жылы екі ел траншекаралық өзендердің суын бірлесе пайдалану жайындағы келісімге қол қоюы ықтимал. «Суды бөлісу туралы келісімге қол қою мәселесі ең маңызды мәселе. Екі елдің басшылары бұған орай тапсырма берді. Бүгінгі таңда ғылыми-зерттеу тобы жұмысқа кірісіп кетті, барлық зерттеу жұмыстарын електен өткізуде, 2014 жылға қарай ҚХР суды бөлісу туралы келісімге қол қояды деген үміттеміз», – деп мәлімдеген бұл жайында Қазақстан Ауылшаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің төрағасы Анарбек Орман.
Сөйтіп 14 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан келісімдердің нәтижесін көрер күн де алыс емес секілді.
Есенгүл Кәпқызы