«ТҮЙЕ» СҰРАП, «БИЕ» АЛДЫ...

«ТҮЙЕ» СҰРАП, «БИЕ» АЛДЫ...

«ТҮЙЕ» СҰРАП, «БИЕ» АЛДЫ...
ашық дереккөзі
233

Тепсе, темiр үзетiн жастардың тең жартысы екi қолға бiр күрек таба алмай сенделген Испанияның экономикалық және әлеуметтiк ахуалы нашар. Апта басында еуроаймақтағы елдерден қарыз алған Мадрид елдегi жағдайды борыштың арқасында түзеуге мүдделi.

Еуроаймақ үшін соңғы жағымды жаңа­лық: Брюссельде 9 сағат бойы қы­зыл­кеңірдек болып айтысқан еуроаймақтың қаржы министрлері Испанияға 30 млрд. еуро көлемінде қаржылай көмек беруге келісті. Бұл ақша борыштық дағдарыстың кесірінен қарызға белшеден батқан испандық банктерді құтқаруға жұмсалмақ. Банкротқа ұшыраудың алдында тұрған банктер қаражатты шілде айының соңына дейін алады. Сонымен қатар Мадрид қордаланып қалған мемлекеттік қарызды да реттеу үшін қосымша уақытқа қол жеткізді. Қол ұшын соза отырып, Испанияға қатаң талаптар қойған қаржы министрлері ең жоғарғы деңгейдегі бюджет тапшылығын 2013 жылдан кешіктірмей 3 пайызға дейін қысқартуды міндеттеген болатын. Бұл талап мерзімі әлі де ұзартылуы мүмкін.

Испаниядағы қаржылық құрылым­дар­дың қиындыққа тап болуы салымшылар арасындағы «банктер көп кешікпей күйрейді» немесе «Грецияның еуроаймақ құрамынан шығуы еуроның бағамын құлдыратады» деген қауіптің ықпалынан.

Бұған дейін елдің экономика министрі Луис Де Гуиндос Еуропалық Одақтағы әріптестерінен испандық банктерді банкроттан аман алып қалу үшін әрі қаржы қорын қалыптастыру үшін 100 млрд. еуро көлемінде қарыз сұраған еді. Негізі қаржылық тұрақтылығы шатқаяқтаған банктердің әл жинауы үшін 62 млрд. еуро қажет.

Брюссельдегі кездесудің алдында ис­пан­дық қарыздық міндеттерге қатысты мөл­шерлемелер күрт өскенде әлемдік деңгей­дегі инвесторлардың көпшілігі испандық банк­тердің «жаназасын» шығарып қойған. Өйткені олар еуроаймақтағы қаржы министрлерінің Испанияға борыш беретініне сенбеді. Әрі Еуротоптың басшысы Жан-Клод Юнкердің: «Елдегі банктердің әрқайсысына нақты талаптар қойылып, жалпы қаржы саласына деген бақылау күшейтіледі» деп мәлімдеуі отқа май құя түскендей болған. Бірақ брюссельдік кездесуде көршінің үйінде шығып жатқан өртті сөндіруге өзгелер де мүдделілік танытқандықтан, «түйе» сұраған Мадридке «бие» берілді.

Әріптес елдерден қаржылай көмек алған Ис­пания қаржылық құрылымдарға аудит жүр­гізілгенде, Халықаралық қаржы қоры тарапынан арнайы баяндама дайындалмақ. Бұл олардың ахуалы қандай екенін алдын ала біліп отыруға жағдай жасайды. Өткен аптада ХҚҚ басшысы Кристиан Лагард дағдарысты еңсеру үшін еуроаймақтағы елдерді экономикаларын тығыз интеграциялауға шақырды. Осының нәтижесінде еуроаймақтағы ең ірі мемлекеттер – Италия, Германия, Испания мен Франция экономиканың өсімін демеу туралы­ келісімге қол қойды. Келісімнің басты тармақтары Еуропалық инвестициялық банктегі қаражат қорын 10 млрд. еуроға дейін көтеру; Еуропалық комиссияның аймақтық қорларында игерілмей жатқан ақшаны басқа маңызды мақсаттарға жұмсау; нақты инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталатын еуропалық құнды қағаздарды шығару бар.

Жыл басында мемлекеттік шығындарға бюд­жеттен бөлінетін қаражатты 27 млрд. еуроға дейін қысқартуды қолға алған Испанияда әлеуметтік наразылық жиілеп кетті. Елдің ең ірі қалаларында адамдар дүкендердің терезелерін сындырып, қоқыс жәшіктерін өртеді. Кейбіреулері полицияға қарсы шабуылдауының салдарынан қақтығыстар орын алған. Өйткені мемлекеттік сала қызметкерлерінің жалақысын уақытша тоқтатып, ведом-с­т­волар бюджетін 16 пайызға қыс­қартуға шешім қабылдаған. Есесіне, ірі компанияларға салынатын салық көлемін едәуір арттыра отырып, мемлекет қазынасын 12,3 млрд. еуроға толтыруды көздеді. Ресми деректерге сүйенсек, Испанияның Жалпы ішкі өнімі биыл 1,7 пай­ызға азаймақ. Жыл басында елдегі жұмыссыздық 24 пайызға жеткен. Яғни 25-ке дейінгі тепсе, темір үзетін жастардың тең жартысы екі қолға бір күрек таба алмай, сенделіп жүр. Бұл – еуроаймақтағы ең жоғарғы да жағымсыз көрсеткіш. Бірақ жаңадан бекітілген бюджетте жұмыссыздыққа берілетін жәрдемақыны сақтап, зейнетақыны өсіру қарастырылған. Бүгінде Испаниядағы инфляция мәселесі де мәз емес. 1 қаңтардан бастап газ, жарық, жылудың бағасы көтеріліп, азық-түлік құны артқан. Испандық билік қарызға алатын ақшаны пайдалана отырып, банктерді тұрақтандырудың арқасында ел экономикасын түзеуді көздеп отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары