МАНАП ЕМЕС, АЛ МIНГЕНI «МЕРСЕДЕС»

МАНАП ЕМЕС, АЛ МIНГЕНI «МЕРСЕДЕС»

МАНАП ЕМЕС, АЛ МIНГЕНI «МЕРСЕДЕС»
ашық дереккөзі
391

Қырғыз Республикасының мемлекеттiк кадрлар қызметi жыл сайын мемлекеттiк қызметкерлердiң тапқан табыстарын елге жариялап тұрады. Жақында Жоғарғы Кеңештiң депутаттарының кiрiстерi мен мүлiктерi жөнiнде мәлiметтi жариялаған болатын.

Декларацияға көз жүгіртсек, ел қалаулылары «судан ақ, сүттен таза» өмір сүретінге ұқсайды. Парламенттегі «Рес­публика» партиясының лидері Қанатбек Исаевтың тіпті тұратын өз үйі де жоқ екен. Бірақ декларацияда ауылында туысқандарына тиесілі мал қора және екі автокөлік бар екенін көрсетіпті. Мәліметтерге сенсек, үйі жоқ депутат бірді-екілі ғана емес.

«Ата-Жұрт» және «Ар-Намыс» фрак­ция­ларының лидерлері Қамшыбек Ташиев пен Феликс Құловтың тұратын үйлері бар, табыстары – 520 мың сомнан (бір жылдық айлықтары) басқа дәнеңелері жоқ. «Ата Мекен» фракциясының лидері Өмірбек Текебаев үйі, автокөлігі, үш жер телімі, шағын су электр станциясы, сондай-ақ жақын туысқанының автокөлігі бар екендігін жасырмапты.

Фракция лидерлерінен Қырғызстанның социал-демократтар партиясының жетек­шісі Чыныбай Тұрсынбеков ағынан жарылып, бар дүниесін жайып салғандай. Оның 11 үйі, өндірістік ғимараты және акциялары, туысқанының үйлері, автокөлігі көрсетіліпті. Қырғызстандағы «Ақұн» атты ірі ұн өңдеу зауытының иесі болған Чыныбай Тұрсынбеков ештеңеден сескенбеген сияқты. Ол, сірә, адал кәсібіне сеніп отырғандай.

Бішкектегі үлкендігі жағынан үшінші сауда орны – «Аламүдін» базарының иесі, депутат Мамытбай Салымбеков 2004 жылы құрылысын бастаған үйін әлі бітіре алмапты. Оның бір өндірістік ғимараты, екі жер учаскесі, 2 кәсіпорында үлесі, 9 кәсіпорында құрылтайлық үлесі бар екен. Өткен жылы негізгі қызметінен 1 миллион 33 мың сом, қосымша кіріскөздерден 5 миллион 865 мың сом қаражат тапқан. Декларацияның «туысқандарының табыстары және мүліктері» бағанасына ағайындарын атауды жөн көрмеген, тіпті туған ағасын, Орта Азиядағы ең ірі сауда түйінінің иесі Асқар Салымбековты да көрсетпепті.

Депутат ханымдардан, ауқатты деп есептелініп жүрген Шолпан Сұлтанбекова құжатқа екі жер үйін, үш пәтерін, сенімді адамдарына басқаруға берген 5 өндірістік нысанын тізіпті. Жағдайы одан кем емес делінген Динара Исаева (экс-премьер-министр Данияр Үсеновтiң жұбайы) екі ғимаратын, саяжайын және бір автокөлігін өз атына, қалған мүліктерін, акцияларын туысқандарының атына жазыпты. Шыңғыс Айтматовтың қызы Шірін Айтматованың үйі және автокөлігі ғана бар екен. Туысқандары туралы дерек бермеген.

Бұдан бұрынырақ, мемлекеттік кадр­лар қызметі Президенттің, Премьер-ми­нистрдің және Жоғарғы Кеңештің төра­ға­сының жылдық табыстарын және мүліктерін жария еткен. Төраға Асылбек Жээнбеков тұратын үйін бар болғаны 50 мың сомға бағалапты. Былтыр негізгі жұмыс орнынан 616 мың сом, басқа қосымша кіріскөздерден 2 миллион 200 мың сом табыс тапқан. Құны 10 миллион сомдық жер телімі бар. Жылжымайтын мүліктерін және жер телімдерін жақын туыстарының басқаруына берген.

Республиканың мемлекеттік кадрлар қызметінің директоры Нұрханбек Момыналиев «Біз мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға шенеуніктің декларация жазудағы жауапкершілігін айқындайтын бапты кіргізуді ұсынып отырмыз, шенеунік машинам жоқ деп жазып, «Мерседес» мініп жүрсе, декларациядан қандай пайда? Ең болмағанда, жалған мәлімет берген қызметкерді жұмыстан шығарып жіберу керек», – деп отыр. Азияның, Еуропаның және Американың бірқатар мемлекеттерінде кірісін жасырған адамдар қылмыс жауапкершілігіне тартылады екен. «Республикада жүргізіліп жатқан сыбайластыққа қарсы күрестің аясында, енді декларация алумен ғана шектелмей, оның растығын тексеріп, қорытынды шығаратын боламыз», – дейді кадрлар қызметінің директоры.

Жоғарғы Кеңеш жомарт жандардан құр алақан емес. 26 мамырда Ыстықкөлде бірінші рет асықпай алысқа жүгіруден халықаралық марафон өткен еді. Оны ұйымдастыру үшін Жоғарғы Кеңештің депутаты Қарғанбек Самақов өз жанынан 300 мың доллар шығарып, демеушілік жасады. 10 бәйге белгіленіп, жеңушілердің алды 3 мың, арты 1100 долларды қанжығаларына бөктеріп, риза болып кетісті.

Тағы бір Алтынбек Сулайманов деген депутат жақында қырғыз тарихын зерттеушілерге арнап өз атынан бәйге жариялап, үздік шыққан жобаға 5 миллион сом сыйлық берді.

Соңғы кездері, тіпті депутаттардың өздері Парламенттің шығындарын азайту жөнінде жиі-жиі сөз қозғауда. «Дәл қанша айлық алатынымызды өзіміз де білмейміз», – дейді депутат Өмірбек Абдырахманов. Оның айтуынша, депутаттың негізгі еңбекақысы 25 мың сомның төңірегінде. Ай сайын әрбіріне 360 литр бензин алғанға деп 13 мың сомдай ақша бөлінеді. Қағаз-қаламына – 1000 сом, ұялы телефонына – 2500 сом, сайлаушыларына бару үшін жолақыға – 4500 сом, депутаттың жәрдемшісі мен кеңесшісіне – 10000 сомнан, шопырына – 8 000 сом, не керек, бір депутатты ұстап тұруға айына 75 мың сом жұмсалады екен. Бұл дәрежесі, мемлекеттік шені жоқ қарапайым депутаттың шығыны. 120 депутаттың бір жылдық айлығына биыл бюджеттен 132 миллион сом қаралған. Сонда орта есеппен бір депутаттың жылдық еңбекақысы 1 миллион 100 мың сом болғаны. Депутаттардан тыс, Парламенттің ісін қамтамасыз ету үшін Жоғарғы Кеңештің аппаратында және іс басқармалығында 834 адам жұмыс істейтін көрінеді. Ө. Абдырахманов іс басқармасын жойып, оның міндетін аппаратқа жүктеу, парламенттің гаражын сатып, автокөліктерді келісімдік негізде депутаттарға бекітіп беру қажет деген ұсынысын Жоғарғы Кеңештің төрағасына тапсырыпты.

«Кішкентай республикамызға 120 депутат көп, бюджетті ту-талақай жеп жатыр, бұларды таратып, санын азайтайық деген бастамалар ара-кідік айтылып та жүр.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары